111
Абай мен Кукен Теректi дейтiн жерден жаяу асатын болып,
кетiп қалған. Бiздi алып қайтуға орта мектептiң арбасы келетiн
көрiнедi. Соны тосып жол шетiнде үшеумiз ошақтың үш
бұтындай шошайып отырмыз. Қадишаның қауашақтай ернi
аңызғақтан жарыла кеберсіп маңайға мұңайып қарайды. Мұқатай
екеумiз көңiлсiзде болса өзара әңгiмемiзге оны араластырмаймыз.
Қаладан алып шыққан аз бунан, пiрандiгiмiздi өзiмiз бөлiсiп
жедiк. “Қане кел, пiрандiк ал!” дегемiз де жоқ. Бiр ғажабы ол
бiзден ондай пейiл де дәметпеген-дi. Бiз тамақтанып бола берген
кезде, қол сумкасын ашып таза қағазға оралған бiр жiлiк, піскен
ет алып шықты да, алдымызға қойды.
- Сiздер жеңiздер! - деп күрсiне күлiмсiреп сумкасының аузын
жауып жатыр. Мұнысы несi, «бермегендi берiп ұялт» дегенi ме,
жоқ тағы да бiздi көзге ұрған астамдығы ма!
Ет, неше жылдан берi көзден бұлбұл ұшқан семiз ет, мына
қыздың сумкасын мекенденiп алыпты.
- Көкталдағы атты әскерлер полкындағы әпкем кеше алып
келген екен, сiздерге бұйырыпты! - дедi қыз, зорлана езу тартып.
Оның көзiндегi мұң сонда да айықпады.
Менiң есiме Қадишаны дәмге шақырмаған ұятымнан
бұрын, өткен жылы Шағылбайдың әкесi Қамзаның басы
көлкiлдеп өлгенi, сақа оқытушы Камел арықтың iшiнен шыға
алмай қалғаны, Құсайынбайдың кербез бәйбiшесi Ықыш
көмусiз қала жаздап, Ақбақан сыңар қолымен сүйретiп, жер
ошақтай ор тырналап, бетiн зорға жасырғаны сияқты ауылым
жақтан естiлген суық хабар құлағымның түбiне ызындагандай
болды. Қышыманың басын сыпырып жесек те тiрi қалған бiз
бақыттымыз ғой қалайда! Осыны бiле ме екен Қадиша?! Әлде,
мансап-мәртебенiң мамық төсегiнде туылып, ырғын тұрмыс
iшiнде ержеткен сылқымның бiрi ме бұл деп ойладым да
орнымнан қалай тұрып кеткенiмдi бiлмей қалдым. Жаутаңдаған
қыз көзiнен дат, шағым, айыптау, өкпе сезсем де еттен ауыз
тимедiм. Аштан өлген туысымның аузынан тартып алған атау-
кере емес пе дегендей етке өшiге қалдым.
Күн тас төбемiзден ауған шенде Гангуге бұрылатын шаңдақ
жолдан үш ат жеккен арбаның қарасы көрiндi. Аттары егей ме,
алде арбакеш жындыбас па, жолдың шаңын шүйкедей шалқытып,
ұйтқытып келедi. Жуықтай бере қияқ мұртты, қиықша көздi,
сарғыш жiгiттiң аттардың қабырғасына делбенi сатыр-сұтыр
соғып түрегелiп тұрғандығы байқалды. Бiздiң жүгiмiз үйiлген
жерге жете бере, жалындай жалт бұрылған үш баран Қадишаны
қағып кете жаздады.
- Дыр! – дедi арбакеш танаураған аттарын сабырға
шақырғандай ершiмдi дауыспен: - Дыр… р! Әлгi орта мектеп
мұғалiмi сендер ме? - деген кезiнде танауынан мырыс етiп
дыбыс жарыса шықты. Шаң-тозаң басқан түрiмiздi, уыздай
жастығымызды қомсына ма, қусырылған етсiз танауымен,
қиықша сұрғылт жанарында айықпас бiр күлкi, қытық тұр.
Иен жер болса “мәссаған мұғалiм!” деп iшек сiлесi қатқанша
күлетiн сияқтанады. Үстiмiздегi жай трико сым, шапан. Момын
қара деп аталатын шүберек шақайымыз да оның күлкiсiн
асқындыратындай.
- Гангу орта мектебiне баратын жаңа мұғалiмдердi iздеп келген
болсаңыз, бiз! - дедiм мен, оның комсынғанына намыстанып.
Арбакештiң желбезегi бүлк ете түстi. Аты - Мұқаш екен.
- Кұлмұқаш дейдi менi. Ақсүйектiң ұлы болған соң, менi
солай атайды, - деп арбаның қажалғанындай қиқ етiп күлiп
қойды. - Ал, сенiң атың Мұқатай екен. Тарбағатайлық көрiнесiң.
Бiзде тарбағатайлық шешен, iлелiк көсем дейтiндер иттiң
басына төгiледi. Алтайлық әлкеуде ғана кем болып тұрғаны.
Алтайлықтарың жоқ па мұнда?! - деп Қадишаға көзiнiң қиығымен
жымын еттi де, бишiгiн үйiре ысқырып қалды Мұқаш. Үш баран
ат жегiлген арбаны жұқа қозғалтқанда Мұқатай шалқасынан
құлап, Қадиша екеумiзге келiп соғылды.
- Е-еу! мен
жалғыз баласымын Жанұзактың,
Ойнастан туған деген аңыз аппын.
Шешеме куә өзiң деп көп жабыстым,
“Оттама!” дейдi , өзiм де доңыз ақпын-ай.
Ахау,
боз бала-ай,
Өттi-ау, заман.
Қош бол аман,
Жиырма бес қайта айланып келмес маған! - деп ән шырқап
барады Мұқаш.
Тосыннан көтерiлген әнге елегiзе құлақ тiккен Мұқатай
екеумiз мәз-мейрам болып күлдiк. Қадиша төмен қарап қызара
езу тартты.
Өз тумысы үшiн шешесiн куәға тартқан Мұқаш мiнезi әрi
аңғал, әрi әдiл сезiлдi маған.
- Айғақ – керішiнi бұлтартпастай жерден iздеген екенсiз,-
деймiн күле тұрып.
- Жұрт қысай берген соң, ендi қайтейiн! - дейдi Мұқаш мiз
бақпастан.
Бiз Мұқаш айтқан жаяу қалжақ, дарбаза әңгiмеге елiгiп
Гангуге қалай жеткенiмiздi сезбей қалыппыз.
Гангу (Құрғақсай) аталғанмен жаман жер емес екен. Бел-
белестерден самырсын–шетенi мiнбелеп, жасыл тепсең, сай-
саласы қолтығын созып бұта-бүргенi шалқыған кең аңғардың
аузына мектеп пен ауылдық үкімет қатар орналасыпты. Мектептiң
алдын кесiп ағатын әжептәуiр бұлақ суы аңғарды қуа созылып,
бұзау, лақ, қаз, үйрек, бала-шағаны бойына жиған. Мұқаш бiздi
бұлақ бойына түсiрдi де:
- Жә, мектептерiң анау, бара берiңдер! Бұл маңдағы тiрi жан,
тiстi бақа бүгiн Гүлтекше деген жерде, ет пен қымызға бөгiп
жатыр. “Көсе бала” бағана сендердi алып келуге менi жұмсап,
несiбемнен қаққан болатын. Ендi опырып келейiн мен сол жерді!
- деп өрлей жөнелдi.
«Е, еу! Мен жалғыз баласымын Жанұзақтың…» Ән ауылдық
үкімет кеңселерiнiң тұсына дейiн естiлiп тұрды да, онан әрі
алыстан әлсiреп, ақыры естiлмей кеттi.
- Қызық кiсi екен! - деп күлдi Қадиша.
- Жақсы азамат екен! - дедi Мұқатай. Менiң көңлiмде осыған
жуық бiр сезiм пайда болған - ды.
Бiз бұлақ суына жуынып, шайынып, таудың таза салқын
ауасынан жұтынып рахаттанып калдық. Маңайымызға аңыстап
қарап қоямыз, түсі таныс бiреу, балажан қазақ кемпiр көрiнбес пе
екен деп емекситiн болсақ керек. Бар танығаным Абай, Кукен,
Мұқаш. Олардың ықыласы өздерiмен бiрге кеткен.
Бұлақтың ар жағындағы жүз метрдей жерде ғана мектептiң
оқыту ғимараты көрiнiп тұр. Сырты ізбеспен жаңадан ағартылған,
терезелерi там бойы, он-жиырма кластың төбесi шатыршаланып
бiр-ақ жабылған, таза мектеп танысымыздай жылы ұшырайды.
Бiздiң ендiгi тұрағымыз, қоғамдық тағдырымыздың бесiгi осы.
Кiм боламыз, қандай талқыға түсемiз, не мiндетке жегiлемiз -
оған көз жетпейдi. Мұғалiм деген есiм ғана қасиеттi, ұлы есiм!..
Сол ұлылықтың табалдырығына жетiп тұрмыз бүгiн. Жүрегiм
дүрсiлдеп қоя бердi. Қуаныштан да, қорқыныштан да дүрсiлдей
бередi ғой бейбақ жүрек!
Оқыту ғимаратының шығыс солтүстiк қанатынан көлденең
созылған бiр корпус жатаған үй байқалған-ды. Соның арғы
шетiнен далаға шыққан жастау екi қыз бiзге қарап жүрдi.
Үстiлерiнде қызыл мәліскен көйлек, барқыт желетке, балағының
аузын бүрген шалбарлары бар. Жүк шамаданымызға қарағыштап
бiрiн-бiрi түрткiлей бiзге жақындап келедi.
- Жаңа келген мұғалімсіздер ме? - деп қалды өжеттеу бiреуi.
- Арбадан әзiр түскен едiк, жатар орынның жөн-жосығын
бiлмей тұрмыз! - дедiм мен, әлгi екi оқушыдан бетер қипақтап.
Үлкен инабатты кiсiлерден сескенбейтiн көңiлiм, бұл балалардан
қалай сескенгенiне қайран қалдым. Кейiн ойласам әкемнiң
қарапайым халықшыл қасиетi екені менi сескендiрген.
- Бүгiн мектепте ие боларлықтай кiсi жоқ, мұғалімдер
жатағына кiргiзiп, тамақтандыра тұрайық. Кешке бiр жөнi
болар! - дедi екi оқушының өжеттiрегi серiгiне сөйлеген болып,
бiзге баратын орынды нұсқады. Жас басымен салыстырғанда
байыпты, сұңғыла, кiсiнiң порымын танытады. Аты - Бижамал
екен. Жетiншi сыныпта оқитын көрiнедi.
Бiз асты-үстi тақтайлы жатаққа кiрiп дем алдық. Ретсiз
жиналған көрпе-жастық, киiм – кешектерден - ақ бұл тұрақ ер
мұғалiмдер жатағы екенi бiлiнiп тұр. Қадиша жатақ iшiне қарап
аз отырған соң, миығынан күле жүрiп бәрiн де реттедi. Едендi
сыпырды. Төсек-орындарды қырлап жинады. Қалай болса, солай
тасталған киімдерді iлiп қойды. Қыздың қолы тигеннен кейiн
жатақтың iшi кәдiмгiдей әрленіп, жұтына қалды.
112
Тау табиғатына сай құбылыс бұл жерде де айқын екен. Күн
таудан аса бере-ақ ымырт үйiрiледi. Байғыз, үкi, ит дауысы
күшейiп, күндiзгi ыстық орнын ауыр салқын ауа басты.
Шаршап келген Мұқатай екеумiз тамақтанып бола сала кез
келген төсекке қисая кеткенбiз. Ел жатар уақыт болса керек,
залдың iшi ара түскендей гулеп, ию-қию болғанына ояндық.
- Әй, Құлмұқаш-ай, әй, қояншық неме! - дейдi бiр айғай
өзеленiп: - Қоя бер анау аттарыңды. Аузы араққа тиген соң-ақ
өсти қалады бұл жынды.
- Қақ, қақшы қалтаңды, Рақа! - деп пысуы асып кеткен
iрiмшiктей шұрқылдайды бiреу. Аздан кейiн бiз жатқан жатақтың
есiгi ашылып әлгi топ қотарыла кiргендей болды. Ол кезде Гангуге
электр жарығы бара қоймаған, бiреуi кiрпiш пештiң мойнындағы
майшамды тамызып, жатақ iшiне сәп салғандай болды.
- Мiне қызық, мынау қасқыр қайдан келе қалған адамзат
мекенiне?! - дедi шiңкiлдеген дауысты біреу. Мұқатай жатқан
төсек жақтан.
- Оһо, мынауың кiм? Мынауымның жатысы бөлек екен. Менiң
әкем Мұсабектен бетер баса көктеп терiсiн жайып тастапты
мүлдем. Қасқыр екенi рас болса арланы осы шығар! - дейдi бет-
аузынан бiр қазан ет шығарлық семiз бiреу менiң бетiме фонарик
сәулесiн түсiрiп.
- Есен-сау келдiңiздер ме?! - дедiм мен, жарықтан көзiмдi
қашыра, басымды көтерiп.
- Бiз ғой есен–саумыз, әкетай, ал өздерiң ауырып-сырқағаннан
амансыңдар ма? - деп тарбақ танауын шүйiре тартып маған үңiле
қарап қойды, Мұқатайдың қасына отырған бұйра бас қара жiгiт.
- Ау, Оразан, Рақымжан, хал-жағдайымызды осы жерден
қайырып алайық. Жаңа көрiскен жолдастарға таныстық берудiң
орнына, тасыраңдай жөнелсек әдепсiздiк болмай ма?!. Малшы,
қойшы емес, оқытушы, ұстазбыз ғой бәрiмiз - дедi үлкен шегір
көзді жалпақ бетті қызылсары жiгiт: - Алдымен таныстық
жасайық. Менiң атым - Ұлтуған, геометрия, саясат сабақтарын
берем. Мынау жылым қараның аты - Ғинаят. Ғинаят Абылқақұлы
көрнектi әдебиет сыншысы, жоғары кластарға әдебиет сабағын
өтедi. Анау таңқы танаудың аты - Рақымжан. Рақымжан
Оралханұлы тарих сабағынын маманы, музыкант, қызға
қырындаудың да шеберi. Мынау жуан бас, қызыл көздiң аты -
Оразан. Оразан Мұсабекұлы талантты әртiс, әрi талантты аспаз.
Ет болса қазанға салып қайната беруге, нан болса шикiлi–пiсiлi
шайната беруге жарайтындай. Мынау күлекеш, қыр мұрынды
жұқалтаң жiгiттiң аты - Оразиман. Мектебiмiздiң оқыту бөлiмнiң
меңгерушiсi, сұр бойдақ, ал өздерiң кiм боласыңдар, әлгi
Мұқаштың сiлекейiн шұбыртқан, сұлу мұғалималарың қайда?
Соңғы сұрау өзгелердiң де делебесiн қоздырып жiбердi.
- Иә, сол қайда?!
- Көкетайымды екi қасқыр жаукемдеп қоймады ма екен деп
ойлағанымда қымыз кеңiрдегiмдi қырық түйнемедi ме менiң! –
деп әңгiмеге елеурей араласты Оразанман.
Мен аты жөнiмiздi, оқып келген кәсiбiмiздi қысқа
таныстырып, жатаққа рұқсатсыз жатқан айыбымызға кешiрiм
сұрадым. Қадишаны қайда алып кеткенiне бұлар тұрмақ, өзiмiз
зар болып отырмыз. Бағана тамақтанып болған соң оқушы
балалар оны ертiп шығып кеткен. Содан оралған жоқ. Мүмкiн
қыздар жатағына барып жатқан шығар, мүмкiн семьялардың
бiрiне барып қонған шығар. Алғашқы астамдығы үшiн iшке
бүккен өкпе-сақпамыз болса да, мына мұғалiмдер Қадишаны
бiздiң туысымыз есептеп лақабына табыттарын қағып отыр ғой.
Ойласа ойлай берсiн, солай-ақ. Қадиша ұятқа қалдырарлық қыз
емес сияқты. Оған жақын саналғанымыз үшiн Мұқатай екеумiз
де ренжiмеймiз.
Ертеңiнде мектептiң оқытушы, қызыметкерлерi және сабақ
бастауға алдын ала жиылған оқушылары болып, жүз елудей
адам бiздi қарсы алу жоралғысын өткiздi.
- Жолдастар, сабақтастар! - дедi кең кластың алдындағы
оқытушы мiнбелерiне көтерiлген Оразиман аузын кәрi қыздай
бүрiстiрiп. - Ұлы Жұңго (Ұлы Қытай) комунистiк партиясы
мен ұлы көсемiмiз Мау Зыдұңның дана басшылығында, үш
қызылтудың жебеуiнде, автоном райондық парткомның теңдiк,
береке саясатының арқасында, мектебiмiздiң оқу-ағарту iсi
қарыштап Шынжаң педагогика институтын тауысқан бiр
топ жаңа, жас мұғалiмдер кеше ғана босағамыздан аттады!, -
танауы қусырыла күлiмсiреп, көсiле түсетiндей сыңай байқатты
Оразиман.
-
Сонда қарсы аламыз ба, қуып шығамыз ба? - дедi арт жақта
отырған Оразан, моп-момақан ғана сұрау қойып.
- Е, қарсы аламыз - деп жаңғалақтана шапалақ соқты
Оразиман. Класс iшi желі басына мың жылқы келгендей
дүрлiгiп басылды. Партаның төбесiн, тақтай едендi дүсiрлетiп
отырғандар жоқ емес.
- Жә, жә, тынышталыңдар! -дедi Оразиман әлде не себептi
кiлт ете түскендей, құлағы тебiнгiдей қалқиып, қызарып кеттi.
- Мектеп меңгерушiсi Молдаш жолдасты сөзге ұсыныс етемiз.
Тағы да шапалақ үнi дүрiлдедi. Отырғандарға бiз қандай
жат, жаңа сезiлсек, олар да бiзге сондай жат, жаңа сезiледi. Киiм
үлгiсi, мiнез құлқы, сырғуаң, одағай, жас мөлшерi де әркелкi
өзiмiзге жете қабыл, тiптi өзiмiзден ересек оқушылар да, кенже
туған қозы-лақтай бүлдіршін балалар да бар. Қарсы алуға пейiл
бергенi де,
қарсы алуды ермек, қызық көргенi де аз емес.
Жұрт қатарында ойланып отырған бота көздi, қыр мұрынды,
қызыл кепештi, көсе жiгiт орнынан тұрды да, алдымен кеше
келген үшеумiздiң қолымызды бiрден, бiрден алып:
- Қарсы аламыз, жас мұғалiмдер, ыстық ықыласпен қарсы
аламыз сiздердi! - дедi бауырмал үнмен. Ол сөйлеп жүрiп мiнбеге
көтерiлдi: - Сiздердiң жолға шыққандарыңызды кеше таңертен
ғана аудандық сыртқы сауданың бiр кадрынан естiп, сейiл–
серуенiмiздi кешiктiре алмаған едiк. Иен мектепке келiп, бiр
күн болса да, алаң-ашық сезiнiп қалдыңыздар-ау! Кешiрiңiздер,
жолдастар, кешiрiңiздер!
Мұқаштың кешегi “Көсе бала” дегенi осы кiсi болды. Бет
аузында бiр тал қылтанақ жоқ. Қызыл кепеш, ақ көйлек, қара
желеткесiмен қазақтың кәдiмгi бозбаласындай көрiнгенiмен,
бiлгенi мол, саналы азамат сияқтанды.
Молдаштың сөйлеген кезiндегi салауатты қимыл-
қозғалысындағы, көз қарасындағы мысы басым екен. Сөйлеген
сайын салмақ тартып, iрiлеп, бөгде қимыл, бөстекi сөздi ойлы
қабағымен тиып, баурап алды.
- Гангу мектебi бастауыш, толықсыз кластардан дамып,
орта класс ашқанына биыл үш жыл болды. Мынау Оразан,
Масия, Тұрдығазы алғашқы толық орта класымыздың түлектерi
болатын. 1958 жылы Құлжа педагогика мектебiн тауысып,
Есімбек, Рақымжан, Ұлтуған, Бейсенбайлар келдi. Шынжаң
институтың, Үрімжi дарылфынын тауысып Абай, Ғинаят, Кукен,
Әмiрбай, Гүлзиялар жеттi. Мiне, сiздер келiп қалдыңыздар бұл
ұлттық мәдениетiмiздiң қуанышы, халықтық оқу–ағартумыздың
қуанышы, халықтық оқу-ағартудың мақсаты, жұрт арманы!,-
дейді Молдаш.
Молдаштың мiнезiнде, сөзiнде титтей жасанды, жалған
жарамсақтық жоқ, табиғаттай мерейлi, үстем екен. Сол шаттықты
алақайлағандай шапалақ үнi дауылдай көтерiп, гулеп кеттi.
- Мен гоминдан уағында оқыған адаммын, - дедi ол, әлденеге
күмiлжiгендей болып: - Бар-жоғы жетi жылдық оқуды тауысқан
соң, жаңа өкiметпен бiрге қызметке шықтым. Қабiлетiм
шектi, бiлiмiм саяз, институт, университет таусып келген iнi–
қарындастарыма ғылыми жақтан жетекшiлiк ете алмайтынымды,
заман көксеп отырған жаратылыстық, қоғамдық пән жүйесiн
меңгере алмайтынымды бiлемiн. Оның үстiне, саяси идеялық
жұмысты қалай жүргiзу керектiгiн өзiм де түсiнiп кеткенiм жоқ.
Тек сiздерге сүйенiш болып, қазақ оқу-ағартуын заманға лайық
бiр деңгейге көтере алсам дейтiн арманым ғана бар!
Меңгерушiнiң шын тебiренiсi бүлк-бүлк ете алқынған,
қобалжыған өңiнен бiлiнедi. Кеңiрдегiне келiп кептелiп, аузынан
шықпай тұрған талай мұң, мұқтаж, саяси қамдау, қоршау, шырға,
махаббат, арман жатқан секiлдi. Ендi сөйлесе төгiлiп кетердей,
көз шарасында мөлдiреп шық тұр. Соны сезген Мұқатай, Қадиша
үшеумiз ереуiлдегендей шапалақ ұрдық. Бiзге аз дағдарып,
аңыра қараған өзге оқытушы, оқушылар да шапалақ соқты.
Шын сөздiң, шын ниеттiң құндалуы тұңғыш рет болып отырған
бiр аңтарылу байқалды. Бұрын керексіз, елеп ескерiлмейтiн
iстердiң де маңыз алатынын сезiнгендей бiр күй. Абай, Ұлтуған,
Кукен, Рақымжан төртеуi бiзге тiлектес екендiктерiн бiлдiре
шапалақтарынан, көздерiнен нұр бөлiп берiп жатыр. Бiздiң