113
ықыласымызды жақтырмай қыржың-тыржың етiп отырғандар
да, тiптi, қарсы көзiн ойнатып, қалжаққа шаптырып жатқан
кiсi де жоқ емес. Мұқаштың қусырылған танауымен, қиықша
жанарында әр–әркiмдi нұсқап, мектептiң қас-қағым арасындағы
писихологиялық жiктелiсiн ымдап жанталасқан аласайтан ұдайы
ұшып жүрдi.
Қарсы алу жиынының соңында жатақ салу жұмысы сөз
болды. Мұқатай, Қадиша үшеумiз кiрпiш тасуға бөлiндiк те,
Мұқаштың шошаң еткен иегi қопарғандай далаға шығып арбаға
отырдық.
Саңғырлап тұрған балшық кiрпiштi лақтырып беру де, арбаға
рет–ретiмен басып түсiру де оңай емес. Қолғапты түтелеп,
терiнi көшiрiп, саусақтың басынан шып-шып қан шығарып,
сүйектi сырқырататын михнаты бар. Қадиша физика маманы
болғанымен, еңбекке маман емес - тi. Бiр күн болмай жатып,
саусағының басына жапсырма дәкi орап шұқылана бастады. Оны
арба үстiне шығарып, кiрпiш тiзуге қойғанбыз. Мұқатай кiрпiштi
бiрден, бiрден апарып қолына ұстатады, мен алыстан лақтырып,
түйiп беремiн. Кiрпiш түсiп аяғы ауырған кезде Қадишаның
көзiндегi мұң мөлт етiп көрiнiп қалады да, маған қарамауға,
ауырсынған белгi сездiрмеуге бәрін салады.
- Қандай екен, астам қыз?! - деймiн мен iшiмнен күбiрлеп.
Аудандық ағарту кеңсесiндегi күлкiсi, елемегенi есiме түседi.
- Ғалым, сен байқасаңшы! - дейдi Мұқаш, маған сайтан
жанарымен танауын тiкiрейтiп. Миығында көлкiлдеген бiрдеме,
сонда да ебелек қағып тұрады. Кiрпiш құю, кiрпiш тасу, үй салу
деген сөзбе тәйiрi! Тас шағып, қоқыс өртеп, көмiр құдығының
астына түссе ғой мiне! 58-59 жылы Үрiмжiнiң шығысы мен
батысында не iстемедiк. Күндiк мiндет екi текше метр руда тасын
қазып, машина, арба баралатын жерге үйiп беру. Немесе үш
текше метр малта тас, ақталған тарыдай құмды тоған тағанына
жеткiзу. Күндiз күлкi, түнде ұйқы көрмей дайындаған сол руда
тасы Үш бұзауда, Төртұйықта, Ұланбайда әлi үйулi жатыр.
“Барлық iсте зор секiрiп, iлгерлеймiз!”, “Барлық саладан
жасанды серiк ұшырамыз!”,“Англияны басып озамыз!” деп бiз
созбаған борбай қалды ма?! Ұшырылған сол жасанды серiктен
қазiр жұрт есiнде қаларлық бiр белгi жоқ. Халықтың қан терiнен
сығып алған қорды тау-тасқа, шөл далаға төгiп-төгiп тастадық
та, мемлекеттi қарызға батырып бiр шықтық. “Тым ұшқары
iстедiк” деп бұрыңғы “бейiм” делiнген үстеудiң орнына “шыл”
жұрнағын қосып “оңшыл” атаныппын мен. Қадишаның кiрпiшке
қолын, желге ернiн түтелуi неге тұрады оның жанында!
Там жинаушы шеберлер Ұлтуған, Әмiрбай, Кукен екен.
Рақымжан мен Оразан лай жасап, тамшылардың алдына лайды
күрек-күрегiмен атып берiп тұр.
- Мiне, ұста! - деп Оразиман, бiр шелектей лайды тамның
үстiне салық еткiзiп тастады. Оның ұстасы дөңгелек жүздi,
тiкенек сақалды, сарғыш тiстi қара жiгiт, үстi-басына шашыраған
лайға ренжiгенi сол, шұрқ-шұрқ күлiп:
- Әй, жынды, әй, жынды, түзеп бер! - деп жатыр.
- Әмiрбай деген азаматымыз осы. Әрi кассир, әрi завхоз, әрi
қамбашы, әрi нанбасы. Есеп-хисабы, қазан-ошағы қалтасында
жүредi! - деп таныстырды Мұқаш, бiздiң көзiмiздегi сұрауды
бiлгендей.
Қадишаның кiрпiшке қолын, аңызғаққа ернiн түтелеуi,
әсiресе түпсiз мұңға батуы жақпады маған. Ал осы қаралықсыз,
қалтқысыз орта маған жаға бастады. Әлгi Молдаш, Оразиманы,
анау Кукен, Абайлары, анау Оразан, Рақымжан, Ұлтуған
дегендерi - тiптi, жайсаң жiгiттер. Осындай еңбек iстеп жүрген
күндерiмiздiң бiрiнде:
- Үйге кiрiп, сусын iшiп алыңдаршы, Қадиша! - дедi ат жақты,
дөңгелек қара көздi, биязы әйел жақындап келiп, бiзге сыпайы
ғана амандасып.
- Бәрiмiз бе, София апай? – деп Ұлтуған жұлып алғандай
сұрау қойды.
- Жоға, мына жаңа келген, кеше жайлауға шыға алмаған
балаларға айтамын.
- Оныңызға құлдық, аппай. Десе де жаңа келген, көне
түртiншек дейтiн емес, бәрiмiз де өз қолыңызға қараған
жетiмектермiз ғой! - дедi Рақымжан қуақылана батпақ жұққан
бетiн тыржитып.
- Тек, ондай демеші, Рақымжан. Бәрiңнiң де әке-шешең бар
шығар? - деп от басқандай шыр еттi әлгi әйел.
Қадишаның көзiне қара түнек мұң, мұңмен қоса мөлдiреген
жас тола қалғанын байқап қалдым. Күйзелiстi бiр сыр бар-ау осы
қызда деп түйдiм.
Бiз қымыз iше отырып София мұғалiммен әңгiмелестiк. Оның
зайыбы – Шыңжан институтының тiл-әдебиет факултетiнде
114
жауапты қызметте болған екен. 1959 жылы “стиль дұрыстаудың”
соңында оңға бейiм саналып, партиядан, факультет
комиссарлығынан, қызметiнен қуаланып, айлығы екi дәреже
түсiрiлiп, ауыл қыстаққа айдалыпты. Қазiр осы жерде Шыңжан
университетiнiң мал табындарына бас-көз болады екен. Айыбы
Задақан, Жақсылық, Оразхан деген балаларда керi төңкерiстiк
ұйым болған емес дегенi. Әлгi оқушыларды - айдауда, Ризабек
болса қуғында жүрiптi.
София мұғалiмнiң қалтқысыздығы Қадишаның құпиясын
ашты.
- Әлгiнде “бәрiңнiң де әке-шешең бар шығар!” дедiңiз. Мен -
тiрi жетiммiн! - дедi ол мойнын есiк жаққа жартылай бұрған бойы,
көзiнен жас парлатып: - Әке-шешем, туыс-туғаным Советке өтiп
кеткен. Болмағанда аға-бауыр, алдымда жал, артымда құйрығым
жоқ бiр сорлымын.
Мен сасқалақтап қалдым. Ойламсыздығыма, Қадишаны
жәбiрлегенiме өкiндiм. Бәсе, көзiнен тарамайтын мұң, мұнар
осы екен ғой. Қабырғасы қатпаған, бұғанасы бекiмеген бала, бiр
таңда туыс-туғанынан бiр-ақ айырылса, өзi оқып жүрген кезде
ел жұрты қиянға қотарылып көшiп кетсе оңай ма! Қоқыс өртеу,
тас шағу, кiрпiш тасу да сөз болыпты ма?! Кешiр, Қадиша кешiр
менiң аңғалдығымды, саған ендiгi әрі зәбiр жасамаспын деймiн
iшiмнен.
Мен күнi бүгiнге дейiн осы сертiмнiң үстiндемін, Қадишаға
жәбiр жасаған кiсiмен, тiптi, сүйiп тиген күйеуi Алиханмен де
шайқасып қалған кездерiм болды.
Бес ауызды ұлдар жатағын он бес күнде тiк тұрғызып, iшi-
сыртын сылап, төбесiне үш қабат лай жатқыздық. Еренқабырғаға
қар, жаңбыр қалың жауатындықтан лайға сабан-топан
араластырып, сиырдың жас жапасынан қосып әбден пiсiру шарт
екен. Қолы жеткендер қаңылтыр, тақтай, май қағаз, қарамай
төгiп қапысыз бекiтетiн көрiнедi. Мектептiң қаражаты кем, қолы
қысқа болғандықтан бiз топан қосқан лайдың өзiн алынбас қамал
көрдiк.
Гангуге келгеннен берi бас алмай iстеп жатқанымыз еңбек.
- Әй, әй, Құлмұқаш аттарды бер ендi, бiр-екi күннен соң
пiшенге аттанамыз! - деп тағы бiр еңбектiң шетiн шығарды,
құрылыстың iргесiне дәрет сындырып, әдепсiзiн терiс қарап
сiлкiлеп тұрған бурыл басты, жалпақ бет, тарғыл кiсi.- Ананы
қараңдар, мектеп деген осындай болса ғой, шiркiн! - деп танауын
бүлк еткiзiп, иегiн көтерiп қалды. Мұқатай, Қадиша терiс
айналып жүре бердi.
Мектебiмiздiң қожалық бөлiм меңгерушiсi Ақжарқын
ақсақал осы кiсi. “Құл” дейтiн сөздi қосып айтатындығы үшiн
оған Мұқаш наразы, мектебiмiздегi жалғыз коммунист сол!
-Ақаңа наразы болушыларды бiз партияға наразылық деп
түсiнемiз. Өзге партия мүшесi болмаса қайдам?! - дедi Ұлтуған.
Шам түбi қараңғы деген осы екен-ау деп ойладым мен.
Үрiмжi - автономиялы районның орталығы. Азат болғанына он
бес жылдан асты, осындай саяси маңыз алған орта мектебiнде
партия ұясы, партия беделi жоқ. Сонда коммунизм iсi қалай
дамиды?.. Ақ көңiл, адал оқытушылармен бiзге ұнай
бастаған мектеп тұлғасынан қаралықтың, қараңғылықтың кей
нышаны байқалып, секем алдырайын дедi. Бiр түрлi жасанды,
жалған қоғамдық ыңғыл бығып жатқандай сезiлдi. Молдашты,
Ұлтуғанды, Гүлзия, Софияны партия қатарына неге тартпайды
екен? Бiлiм десе бiлiмi, мораль десе моралы, оқушы тәрбиелеу
қабiлетi десе қабiлетi бар осындай адамдар неге қағылып,
қорғалап қалады?! Мұнда қандай сыр бар?! - деген оймен тағы
да iштей арпалысып жүрдiм.
Мектептiң бiр қора қойы, жетi-сегiз аты, он неше сиыры
үшiн ауыл жыл сайын қыстаулық өрiс, картоп, капуста егетiн жер
берiп қамқорлығына ала жүредi екен. Бұл жылы Жiңiшкесайдың
басын көрсетiп “пiшен шауып алыңдар!” - дептi.
Мұқаш, Оразан, Ұлтуған, Абай Рақымжан және iшнара
ересек оқушыларды қатарға алып Жiңiшкесайдың басанан
барып түсе қалдық. Ертiс бойынан таспа қияқ, майқұрақ, сары
жоңышқа, көк шалғыны секiлдi қаулап шықпаса да, әжептәуiр
балқашты пiшендiгi болады екен. Менiң шалғы ұстағаным осы.
Бiресе талға соғып, бiресе жер томарға тiстетiп, түс болмай-ақ
алақанымды сырып, бұралаңдай бастадым. Мұқаш, Оразан,
Рақымжан, Ұлтуғандар жақсы тартады. Алған солдарының
(шалғының алымы) жалпақтығы екi жарым метрдей, өткiр
ұстарамен бабында жiбiтiлген терi жүнiн сыпырып бара
жатқандай-ақ еркiн сiлтеседi. Оқта-текте шалғы жүзiн бiр-екi
жанып, бармақтарымен сынап көргенi болмаса, байыздамайды.
Көз ұшына барып қайта оралған кезде бiз тыртаңдаған өз
күйбеңiмiзден ұяламыз.
- Қалай, ақыным? - дедi шалғысын көтере, қайқайып келе
жатқан Рақымжан менiң жаныма жете бере темекiсiн бұрай
шоқайып: -Пiшен дегенiмiз пiшен, лирика емес ол! Лирикаға бел,
ауырып қол қабармайды.
Әдемi қастарын ойната күлiмсiреп, келте танауын бiр–екi
дүркiн тартып қойып. Рақымжан менi айналдыра бастаған соң
ол жақ, бұл жақтағы жолдастар да құрала бердi.
- Оқы, «Хушиа» деен өлеңіңді оқып жiберші- дейдi Оразан
қып-қызыл көзiн ежiрейтiп.
Мен Оразан мен Рақымжанды ұнатып дос-жаран, ағайын
болып қалған едiм. Ұнататыным ол екеуiнде, қаралық, қалтқы
жоқ. Қашанда табиғататай сап бейнелерiмен көрiнедi. Өмiрдiң
ауыртпалығына мойымайды, жеңiлiне селқос қарамайды. Әндi,
күйдi, театрды жандарындай жақсы көредi. Жағыну, жалпаюды
бiлмейдi. Балаға да, басқарушыға да бiрдей мәмiле ұстайды. Өз
кәсiбiне маман.
Сол Оразан алдыңғы күнi қойын дәптерiмдi сұрап алып
ақтарып шыққан. Бүгiн «Хушианы» оқы деп бұйырып отыр.
Хушиа мұнда отырған жолдастарға қанық, ол - осы өңiрдегi бiр
шатқал. Мен Хушианы әлi көргенiм жоқ, жұрттың ол жөнiндегi
аңызын естiдiм. Өлең жазған кезiмде көз алдыма тұрғаны
Хушиа емес, өзiм өсiп-өнген жердiң тау-даласы болды. Ендi
оқи жөнелсем бедерi қате шығып6 күлкiге қалмаспын ба деп
ойладым.
- Оқы, естиік!
- Тынығып алуымызға да бiр орай, оқып жiбер! - дедi Абай
мен Ғинаят жарыса жан алқымға алып. Наздану, кергуді жек
көретiн басым, не күйсiн, не тисiн дедiм де оқи жөнелдiм.
Өлең оқып болған соң жолдастар дүрiлдеп мақтап кеттi.
- Ой, бәлекет ай!
- Жасап кет, Ғалым Қанапияұлы, жан бiтiрiпсiң жаман
Хушиаға!
- “Төсектен құлап түскен бұрым сынды” деген жерiң ғой,
жаным-ай! Сол бұрымның жанында мен неге жан үзбедiм екен
дешi! - дейдi Мұқаш, қалжыңқойлығына басып.
Ғинаят саяси идеялык құнын, заман образының сәттi
жасалғанын, Абай ойдағы образдылық пен суреткерлiктi, тiлдiң,
сезiмнiң саптығын мадақтады.
- Тұлғасы тұтас, сом алтын. Осындай лирика туған басыннан
айналайын! - деп, Рақымжан төбемнен иiскеп жатыр.
Ұлтуған ғана үндемей, үлкен сұрғылт жанарын жарқылдатып,
әлде не жайлы ойда отырғанды. Жолдастардың бағалауы
басылған соң, жағын кере шалқалап сөз бастады:
- Саясиын Ғинаят, көркемдігін Абай айтты. Оларға менiң
қосып алар жаңалығым жоқ. Өлең жақсы, жақсы болғанда да
керемет жақсы!.. “Пiшен дегенiмiз пiшен, лирика емес. Лирикаға
бел ауырып, қол қабармайды ” деп әзiлдеген едi Рақымжан.
Менiңше, еңбектiң, жасампаздықтың құны белгісімен өлшенсе
әдiлет болмайды. Хушиа жөнiндегi өлеңде ақыл-ой шалғысының
екi заман аралығындай жалпақ жонды дөңгелектене таратып,
Алтай, Тарбағатай, Ерентауды алдымызға иiрiп тастағанын
көрiп отырмыз. Бұл Мұқаш екеумiздiң белiмiз, Рақымжан мен
Оразанның томардай жұдырығымен өлшенетiн қуат емес. Сонда
қайда жатыр бұл қуат – қайрат?!. Мен әдебиеттi бiлмеймiн. Тiптi,
бұл салаға әуестiгiм де жоқ. Десе де, там- тұмдап естiгенiм бар.
Жаңа өлең, жақсы жыр, бағыз заманнан берi адамзаттың арманын,
жаратылыстың құпиясын ашып, еркiндiк, теңдікке жетелеген
едi дейтiн болсақ “Хушиа” сондай өлең болыпты. Шығармада
айтылғаны - табиғаттың көрінiсi, суретi ғана емес, адам жаны,
заман тынысы. Дәуiрдiң таза қуатты арманы. «Алтында да ақау
бар» дейдi дана халық “Хушиа” өлеңi өте жақсы болғанымен,
мiнсiз емес, бiр жолында “елiктiң кер бұзауы шошынатын”
делiнiптi. Елiктiң төлi, бұзау емес, лақ делiнедi. Кер қызыл
болмастан, сұрша болады. Ақын өмiрдi ұғымды, халықтық атау
115
бойынша бейнелеу керек. Бiр ғана сөз ағаттығы деп, жақсы
шығармаға жабысқан кiнәрәт, ақауды кешiре салуға болмайды.
Әдебиет - жеке адамның меншіктісі емес, халықтiкi.
Ұлтуғанның пiкiрi жолдастарды айрандай ұйытып, десе де
бұл өлеңiм өз көңлiме жақпады. Ата-бабамның әруағын аттап,
мекеннiң түр-тұлғасын бүлдiрiп, қайдағы жасанды, жалған
сезiмге бой ұрған хан ордасының бұлбұл таңдай, жез көмей
жыршысы сияқтанып бара жатқаныма ерекше намыстандым.
Сондықтан:
«Дегендей-ақ қуанышын арбайық,
Дiрiлдейдi ағаш басы сарғайып.
Жаз өткенде көкiрегiң құлазып,
Сағынтады екен, әбес жар ғайып!», - деп “Жаз өткенде”
дейтiн өлеңiмдi оқып бердiм. Бұл өлеңiм де ұзағырақ едi.
Тыңдаушыларымды аттай шұлғытты. Өзiм де желпiнiп қалдым.
Мен осындан кейiн қойын дәптерiмдi тiземе қойып “елiктiң
кер бұзауы” деген жолды “елiктiң сұрша лағы шошынатын”
деп өзгерттiм. Қандай саналы, көреген, еңбеккер ортаға келiп
қалғанмын. Құдайдың мұнысына да шүкiр деп ойладым.
Әдебиеттi бiлмейтiн, жақтырмайтын кiсi Ұлтуған болса, сол
қандай кесек ой тастады. Маған қанат, құйрық әзiрлеп тұр ғой
бұл орын, тек талпына бiлуiм ғана керек екен.
Қазақ - атты жанындай жақсы көретiн халық. Сан ғасырлық
жау-жалам жағдай, көшпендi шаруашылық, барымта, сырымта
соған мәжбүрлеген секiлдi.
Молдаш пен Ақжарқында екi тамаша ат болды. Бiрi - қара
жал, қара құйрық сұлу сары ат, тағы бiрi - есiкпен төрдей ақ көк
ат. Жол жүргенде жазық пен күдірдi бiрдей жердiң апшысын
қуырып басады. Мукен мен Ақаңның меңгерушiлiк салауатын
осы аттардың үстiнде отырған кездерiнде көбiрек сезiнетiн ел.
Қолда ат тұрған соң, жем, шөп жию керек. Сол себептi Ақжарқын
Жiңiшкесайға келiп, бiзбен бiрге шалғы тартуға шыға қалды.
Мұқаш бiр жағынан сөйлеп, бiр жағынан шалғыны көсiле
сiлтеп, қуып келе жатыр. Бiздi әлгiнде ғана шыңап, жанып
алған ақ шалғысы қалтамыздың түбiн сыпырып, зәренi алады.
Мұқатай, Абай үшеумiз тайқап шыға бердiк. Ақжарқын бiздiң
алдымызда тәп-тәуiр тартып бара жатқан. Мұқаштың көздегенi
сол екен:
- Бол, бол! - дейдi ол тостағандай дөңгеленiп, Ақжарқын
өкшесiнiң түбiнен ысқырған шалғыға үрейлене қарайды. Мұқаш
аял, тағат беретiн емес:
- Пiшен күйiп кетсе, екi қолымызды мұрнымызға тығып
қаламыз. Жұмысшы табының авангарды екенiң рас болса, жаз
құлашыңды! - дейдi тақымдап. Ақыры Ақжарқын үйектiң
аяғына жетпей-ақ насыбай ататын кiсi болып шеттеп шықты.
Мұқаш «ой, ахауға» басып, шалғысын сiлтеп барады.
Қыркүйек айының орта шенi болмай шөптi шарбаққа үйiп,
картопия қазуды бастадык. Мектептегі оқудың қатардағыдай
жүрiлiп жатуы - осы азғантай мал мен картоп, капустаның
арқасы. Әйтпесе, жоғарғы орын беретiн қаражат жоқтын қасы.
Бұл жылы оқушылар шақыртусыз, ерте жиналды. 10-шы
сынып отыз бала. 9-шы сынып жиырма жетi бала. 8-ші сынып
жиырма тоғыз бала. Шетiнен өңкиген үлкен–үлкен оқушылар.
7-шы сыныптан төменгiлерi ғана ұсақтап, кәдiмгi ұзақ жылдық
оқыту программасына лайықтасқан.
- Шақай бермейсiздер ме, мұғалiм?
- Оқулық құрал, қағаз, қалам алатын ақшам жоқ, мұғалім!
- Сүт ала келейiн бе, мұғалiм? - деп сұрайтын сабақтастар
да бар. Ендiгi жерде мұғалiм деп атаудан бiз де қымсынбайтын
болдық. Мұқатай 8-ші сыныптың, мен 6-шы сыныптың
жауаптысымыз әуелi.
- Сабақтастар! – дедiм мен класыма алғаш кiрген күнi салқын,
сұсты шырайыма күлкi дағын жаққан болып: - Менiң атым -
Ғалым. Алтай қазағымын. Класс тәрбиешiлерiңiз болуымды
мектеп жүктеген екен. Шама-шарқымша тәрбиелеп көремiн.
Оқушыларда қарсы алу немесе қамығу сыңайы жок. Моп-
момын жүздерiмен аңыра қарайды. Iшнара қырыс, қыңыр
жанарлар да байқалады.
- Жиын ашайық па, әлде ертегi, әңгiме айтып берейiн бе?
- деген кезiмде әлгi момын, аңқау, көп қарашық сәуле шаша
сiлкiнгендей болды.
- Ертегi... Ертегi айтыңыз! - дедi жамырап.
Мен “Керқұла атты Кендебай”, “Жақсылық пен жамандық”,
“Қарттың ұлына өсиетi” қатарлы үш ертегі айтып бердiм. Балалар
әр ненi сұрап, тыңдап жырғап қалды. Сырласуым елеусiз
басталып, адамгершiлiк, арман, халық рухына дейiн өрiстедi.
Кендебайдың қажыр-қайраты мен қарттың өсиетiн балалар мәндi
жағынан ұғынды. Әуелi, талас жүргiзiп, өзектi идеяға өздерi
қауымдалды. Бұған мен разы болдым. Сол күннiң кешiнде:
- Класыңа жиын аштың ба, Ғалым? - дедi Есiмбек деген
мұғалiм, маған күлiмдей жанасып. Бұл кiсiнi күнде көрiп жүрсем
де таныса алмағам. Күлiмсiреген қаракөзiнiң түкпiрiнде әлде
нендей бөтен пыйғыл, шүнет, иірiм жатқандай сескендiретiн.
- Жиын аштым - дедiм мен.
- Қалай аштың?
- Кәдiмгiдей, жөн-жосығымды ұқтырып, үш ертегі айтып
бердiм.
- Мiне, қызық!..
Естiп отырғандар ду күлдi. Мен елемедiм.
- Осы Ғалым сiз, иниститутта сынып бойынша сындалдыңыз
ғой деймiн, ә?! - деп жай-жадыра сұрау қойып, бiрден-ақ кеулеп
кеттi Есiмбек.
- Сынып бойы емес, факультет бойынша сындалдым.
- Не дейдi-ау, жаңсақ естiппiз. Сынып iшi дегенiмiз ағат
болды ғой! Не дейдi сонда?
- Не демейдi сонда! - дедiм мен оның таңданыңқы әуезiн
қайталап.
Абай, Рақымжан, Ұлтуған үшеуi әлденеге мәз болып күлдi.
- Әншейiн, әңгiме болсын дегенiм ғой! – дедi Есiмбек
болымсыз қызарып.
“Әңгiме болсын!”, “Сырласу” 1958 жылдан кейiн-ақ
адамдарды мезі қылған жұтпа қармақ болатын. Қарапайым
тұрмыстан, елеусiз iстерден әңгiме қозғалатын. Онда
айтатынымыз - қазақтың әйелi кимешек-шылауыш тартады.
Көлбетiп көйлек киедi. Кiсi қайтыс болса жиырма, отыз метр
ақыретке оралады. Бұл дуниеден, ол дүниеге алып кететiнi сол
бiр ғана кебiнi дейтiнбiз. Немесе, ағым бағымға түстi, норма
дорбаға түстi, өмiр нөмiрге түстi, сыңғыр дыңғырға түстi
дейтiнбiз. Адамның көптiгiн өндiрiстiң мешеу, көне, феодалдық
қалыпта екенiн, жұмыссыздық себебiнен ұдайы былық туылып
тұратынын сөз ететiнбiз.
Осы “әңгiме” ғой көп кiсiнiң басына қалпақ болған. Есiмбек
не бұйымтаймен жай сырласып, әңгiме iздей қалды екен. Сынып
жиынында ертегi айтып беруiм мен факультетте сындалуымның
не қатысы бар? Зәйiрi көмейiнен сұр жылан ысқырып тұр ма?! -
деп күдiктендiм.
Гангу орта мектебiндегi жалғыз коммунист, қожалық бөлiм
бастығы - Ақжарқынды медеу көрiп, мектептiң саяси жағдайын
ұғу үшiн соған бардым.
Ақжарқын үйде жоқ екен. Домаланған ақ көңiл, қара келiншек
жалбырап қарсы алды.
- Жаңа келген мұғалiм екенсiң ғой. Жоғары шық, әкесi! - деп
сырмақ салып, шайын жөндеп, жылы ықылас бiлдiрдi. Жасы
егде болғанмен, Ақжарқынның кекселiгiне бағып, маған “әкесi”
деген кiшiрейту мағынасын тартынбай қосты. Тұлым шашы
үлпiлдеген, кiшкене қоңырқай қыз есiк алдында секеңдеп ойнап
жүр. Жұмыртқадай киiз үйдiң iшi-сырты реттi, айнала басқұр,
терме бау, шым ши, жүк жапқыш ұсталған, төсек үстiнде төрт
қабат қалы кiлем жатыр. Босағада су жаңа тiгiн машинасы тұр.
Мен шай iшiп бола берген кезде, үй сыртынан:
- Әй, анау бұзауды байласаңшы! - деп кiсiлiктене жақындаған
Ақжарқынның дауысы естiлдi. Үйге кiрмей есiк алдында сырт
айналып: - Уой, уой қайыр, қайыр артаман сиырыңды. Не деген
сiлiмтiк неме бұл. Картопия, капустаға сиыр жайғаны несi!? -
деп дүбiнiп тұр бiреуге.
- Албаты зiкiнбей үйге кiрсеңшi, Ғалым мұғалiм тосып отыр
сенi -дедi, әйелi назды, байыпты үнмен. Қожалық меңгерушiсi
сонда да әлгi адамға зекiп, үй сыртына түкiрiнiп, қақырынған соң
күңгiрлей кiрдi үйге.
- Тапандай тал түсте көкөнiстiң үстiн шиырлап, сиыр жайып
жүр Мұқанның Сұлтаны. Денi сау емес қой деймiн өзiнiң!- дейді.
Ақжарқын ернiне насыбай салатын кiсi. Аузын шайып төрге
116
келiп отырған соң сабасына түскендей болды.
- Шай құйдың ба Ғалымға? - деп айғайлады далаға шығып
кеткен әйелiнiң атын атап.
- Құйды, iштiм - дедiм мен.
- Жайша келдiң бе?
- Жайша емес десем де болады. Сiз мектебiмiздегi жалғыз
партия мүшесi, жаңа заманның уәкiлi екенсiз. Оқытушы
оқушылардың саяси-идеялық жұмысына жауапкерлiгiңiз бар.
Менiң түсiне алмаған бiр iсiм болып тұр. Есiмбек жолдас жуықта
менiң институтта сындалған, сындалмағанымды сұрады, ол
кiсiге мұның не керегi болды екен?
- Е, әлгi не ғой! - дедi Ақжарқын езу тартып. - Партия ұясы
оған мектептiң саяси, идеялық жұмысына көмектесудi жүктедi.
Тәрбиеленiп жүрген кiсiнiң бейне көрсетуiне орай жаратуы
керек қой!
Мен түсiне қалдым. Есiмбек мектептiң саяси, идеялық
жұмысына араласып, партия мүшелiгiне шарт толтырып жүр
екен. Мұндай адам белсендi, қағiлез болуы керек қой, десе де:
- Ол бұрын не iстеген өзi ? - деп сұрадым.
- Кұлжа педагогика мектебiнен оқыпты. Белсендi одақ
мүшесi, жақсы оқушы екен. Сол мектепте құрылған керi
төңкерiстiк “Үмiт - Жетiбай” ұйымын әшкерелеуде майданы
берiк, туы айқын, таптық қырағылығы жоғары болған! - дедi
маған қыржия қарап. Мұнан әрі сөйлесудiң қажеттiлiгi қалмады,
бәрi де түсiнiктi болды.
Қазақ психологиясын қамап, қоршап келе жатқан жасанды,
азғын мiнез үстем заңды орынға шыға бастағаннан сескенемiн.
Қара тасқын астынан әкемнiң көзi, шешемнiң қанаты көрiнiп
қалады. Рақай бебеулеткен күй, Ашау, Сәрінжiп боздатқан хиса
сарыны жаңғырығады. “Қаратаяқ, шоқыншық, абужахил!” - деп
Ақан ақшиып тұрғандай.
Қамыққан кездегi бiр мұңдасым - София мұғалiм болатын.
Мiнезi жайдары, сабыры мол, Озипа жеңгем секiлдi толғамды
жан едi. Соған барып жүрегiмдi орталатқым келдi. Оның үстiне
Үрiмжi қалалық қыздар орта мектебiнiң он жылдығын тауысып,
қызыметке бөлiнгелi жүрген сiңлiсi Гүлсия маған перiштедей
көрiнген.
Баспаған кiм өмiрдiң жас қадамын,
Қалқатай, аңдығаным қас-қабағың.
Сөксең де бiр көргеннен сенi сүйдiм,
Қанжардай кiрпiгiңнен жасқанамын.
Жөн бе екен сүйген жанға жан үзбеген?
Мен үшiн қимылыңның бәрi iзгi өлең.
Ернiңе қызғалдақтай болдым құмар,
Ақ қанат көбелектей бал iздеген!
деп өлең жазып қалтасына салып кеткен болатынмын. Ол
анық жауап бермесе де туламаған. Бiр рет оқулық алу үшiн
Үрiмжiге түссем, қызмет орынын ұғысуға ол да түсiптi. Содан,
тауға қайта шыққанда тағы бiр хат ұстаттым.
Гүлсия маған арманда қалдырған бұрынғы ғашығым
Гүлбанудай көрiнген. Ойлам-толғамы сондай ма, емес пе, оны
бiлмеймiн. Әйтеуiр, мектебiне оқытушылыққа бөлiнген қызмет
орынына аттанардың алдында:
“Еркiңiзге атадым өзiмдi. Сұлу сөзден ғана емес,
адамгершiлiктiң алдағы сынақтарынан уәдеңiздi тосамын!”
деп жауап бердi. Оның өзiнен жазып жiберген хатымды
қарындасымның күйеуi Аймұхамет оқып отырып: “Жеңешем-
ай!” деп бассалғанда, бетi ашыла қоймаған жеңешесi қатты
ұялғанын айтты. «Жасы, жолы үлкен кiсiлердiң “жеңге” деп
атағанынан ұялсаң қайтейiн, маған тиетiнiң рас болса. Сағатай
мен Аймұхаметтiң жеңгесi болмай, сiңлiсi болушы ма едiң! - деп
күлдiм.
Сол жылы октябрьде бiр қойымызды сойып, көрпе-
жастығымызды қосып, той жасадық.
Менiң отауымда мандолин, гитара шертiлiп, скрипка
ойналып, өлең, әңгiме оқылып, ғылыми кеңес гулеп, жәрмеңкенiң
жарты базары болып жататын. Гүлсия осындай дос-жарандары
|