ТЕЛЕФОНДА
Төлеу аға, телефонмен сөйлестік,
Сөйлестік те, екі түрлі ой кештік...
Жүрегіңнің естіп тұрмын дүрсілін,
Кей сөзіңді кейде естімей, кейде естіп.
Бір сөз жетіп, бір сөз кетіп ауаға,
Тар будкада жан ұшырдым, беу, аға!
Сен үздігіп, мен үзіліп айтқан сөз
Сағынышқа, жарайтындай дауаға.
-
Ел аман ба, әжем қалай, қыс қалай?
Дегенімде ойым зулап ұшқаны-ай…
Ойым зулап,
Ақшығанақ адырдың
Жүрді үстінде,
Жүрекке ыстық тұстары-ай.
Жүрекке ыстық, жыңғыл төбе, арша бел,
Тобылғы сай қиып әкеп, қамшы өрер.
Ағажан-ай, аязында ақпанның
Ай жарықта шөп тасуға барса егер…
Деп ойладым, сен ойладың мүмкін мен
Оның бәрін ұмытты ма деп, кім білген.
…Интернаттың сары шанасы есімде,
Шөпке, отынға барар кезек бір-бірден.
Көз алдымнан соның бәрі бір минут
Зымырады-ай, бір қуаныш, бір мұң боп.
…Тарс еткіздім телефонның тұтқасын,
Ей, Сағыныш!
Сиқырыңды білдім деп.
ТОБЫҚ
Құдаша қыз маған бір тобық берген,
Сұраған соң тобығын тауып бергем.
-
Не қалайсыз, - деген ол, меселімді
Қайтара алмай тұрса да қауіптенген.
Сақтасам да қаншама үміт қылып,
Тыншыққанмын,
ішімнен тынып тұрып,
-
Іңкәріңіз сіздікі, - деген маған,
Базары өтіп кеткенін біліп тұрып.
Жанбаған соң көзінің әр шоғына,
Қанбаған соң сөзінің кәусарына,
Сақинасын сұрап ем,
сақинасы
Симай қалды тар болып саусағыма.
Құдашаға мен де бір тобық бергем,
Сұраған соң ол дағы тауып берген.
-
Не қайлайсыз, - дегем мен үміттеніп,
Қалағанын айтуға қауіпенген.
Ән қалаған,
алдарқап алаңдауға,
«Құдашаны» қайырып тәмәмдағам.
Тәмәмдамай қайтейін – іңкәр дүние,
Оған да арман, айта алмай маған да арман.
ТҮС
Ұйқым сергек,
Мен қазір көп түс көрем,
Өң сияқты түстер бар сараласа.
Торғайдан суыт шығып,
Тосынға кеп түстенем,
Ұясына асыққан бал араша.
...Төбешігі Тосынның тау екен деймін,
Таудан өтіп кетейін, тәуекел деймін.
Тау артына тығылып қоныпты ауыл,
Таудан асу, әрине, көлікке ауыр...
«Шөміштөбе» басына жұртты үйіріп,
Нұрқан ақын сөйлеп тұр мұрт шиырып.
Арқам кеңіп жөнейді, содан ба әлде,
Кеудемді ашам саябыр сараң желге,
«Жауса,- деймін, - жарықтық, бұлт бұйырып».
Күн жаумайды, шаң құрғақ, ауа құрғақ,
Шәйі сағым шайқайды даланы ырғап.
Өртеңге өскен Қаракөл қамысына
Қараймын да, жазамын қаламымды ап.
Жыр тумайды, зіл дене құрысады,
Жырау ақын «жырла» деп ұрысады.
«Қарағайдың әуелі шанағын қақ,
Арқаң бар ма ед, жөнелсей, ал ағындап...»
Дейді маған Нұрекең, қиналамын,
(Қиын екен қинаған сыйлы адамың).
Құдіретіңе, ақындық, өңім түгіл,
Түсімде де сенемін, иланамын!
ҮМІТ
Сенерім жалғыз сен ғана
Кеудемнің қоңыр күмбірі.
Сәбиім болып жол қара,
Бармақтай бағың бір күні
Жарқ етіп саған жолығар
Тал түсте бір таң туғандай.
Таңдайың сенің толы бал,
Маңдайы оның нұр болғай.
«Бәтір-ау, біздер мұнша уақ
Табыспай қайда жүрдік» деп,
Жанарларыңды бір шылап
Жаңа бір жайсаң тірлік боп,
Уыздай ұйып жөнелер
Бәрі кеп бұрау күйіне.
Дәл айтсам бар ғой мен егер
Бұл үміт дейтін дүние.
ШЕШЕМНІҢ БІР ХАТЫ
...Сен кеткен соң кешкісін суға бардым,
Сол шау өзен жататын қырда қалғып.
-
Суға неге келдің, - деп тулап алды,
Су қараңғы топас бір толқын келіп,
Толқып тұрған кеудемнен тырнап алды.
Жаулығыммен жасырып, жарқабақта
Жалғыз тұрып жанарды сулап алдым.
-
Иініңе иінағаш неге салдың,
Сезілген бе жоқтығы қара шалдың.
Қос ұл қайда, қараға қосып ең ғой
Бөліп беріп текемет, алашаңды.
Қайда дейді келіндер, мың майысып,
Құрақ болып жүретін құрдай ұшып.
Тірі ұлдарың тұрғанда жалғыз жүрген
Қияңқысың немесе қимайысың.
Арықтау деп аяды, сөкті мені,
Парықтау жоқ баяғы көк мінезі.
Жарықтау боп тұрды іңір жалқын қырда,
Солықтап кеп самал жел өтті кезіп.
Мен келемін, сендерді ойлап келем,
Ойларымды сендерге арнап келем.
Екі шелек – екі отау,
екі отауды
Бір ағашпен көтеріп жалғап келем...
СӘРУАР
(1980 ж., «Жалын» баспасы)
АДАМ БІР КЕЙДЕ...
Адам бір кейде сарқылған сынды,
Сезімнен дағы, ойдан да.
Денеңде тұтас салқын қан сынды,
Ақпайтын судай сайларда.
Адам бір кейде суалған сынды
Шуағынан да, нұрдан да.
Денеңді жайлап мұң алған сынды,
Малынып санаң мұнарға.
Адам бір кейде жалыққан сынды
Жақсы үміттен де, қиялдан.
Үміттің көзі қарыққан сынды
Қарай да қарай ұялған.
Адам бір кейде жабыққан сынды
Думанынан да, тойынан.
Ұтылған сынды, әрі ұтқан сынды
Баянсыз шақтан байыған.
Ал кейде,
кенет Аплатон сынды
Аяғы Жерде тұрғанда,
Сезімі – сәуле,
ақылы – таң сынды
Сәулелерімен салады түрен,
Болмыстық тылсым – Тыңдарға.
ӘЖЕМІЗДІҢ АЙТҚАНЫ
Бәріміздің әжеміз бәрімізге бүй деген
-
Күннің нұрын, құлыным, пейіліңе құй, - деген.
Бәріміздің әжеміз бәрімізге бүй деген:
-
Жақсылардың ақылын зейініңе құй, - деген.
Бәріміздің әжеміз бәрімізге бүй деген:
-
Ілім қуу, қарағым, құдық қазу инемен,
Бәріміздің әжеміз бәрімізге бүй деген:
-
Адамшылық, қарағым, адамзатқа сый, - деген.
Бәріміздің әжеміз айтқан бізге ортақ гәп,
Біреумізге кешірек, біреумізге ерте аздап.
Елдің қамын ойлаған, Жердің қамын ойлаған,
Әжемізді сыйласақ,
Қалай ғана ел азбақ,
Қалай ғана жер тозбақ?!
АҚ КӨЙЛЕК
Қаладан маған әкелген көкем ақ көйлек,
Жұп-жұқа сәтен, өзіме ғана шақ көйлек.
Ойлайтын едім, дәл мұндай мата жоқ қой деп,
Киер ем күнде…
Ауылда әттең, көп той жоқ.
Түймесі қандай, тігісі қандай жап-жатық,
Қақпақша жаға қондырған сырма зер қатып.
Айтқа бір кидім, тойға бір кидім… анада,
Мектепке киіп барамын күзде – ең бақыт.
Көйлегім менің көңілімдей аппақ қылаусыз,
Жамауы да жоқ, жасауы да жоқ құраусыз.
Ызадан бірде жарылып кете жаздадым,
Киіп апты інім, қияңқы неме, сұраусыз.
Көйлегім менің өзіме ғана өлшенген,
Киер ем күнде ұяламын тек, жеңешемнен.
Үйде адам жоқта барамын айна алдына
Бозбала болып қалдым-ау деймін, сенсең мен!
Алтыншы біткен,
Жетінші класс баласы
Бозбала болса, бар оған кімнің таласы.
Көршінің қызы көз астыменен қарайды
Көйлегім шығар көз жауын алған шамасы.
…Жазды күн еді.
Жағалай қонған көлді ауыл,
Шаңқай түс еді, аңызақ соққан талма бір.
Қаңырық түтеп, шаңытып келген – шөпшіміз.
Алдыға шай кеп, ала бергенде сәл дамыл.
Шар ете қалды жер ошақ жақтан жеңешем,
Тағы бір әйел,
тағы бір дауыс ересен.
Жамырай шығып «ойбай да ойбай» деп қалды.
Деп қалды-дағы сең соққандай боп тоқталды.
Қайда әлгі құрық?
Қайда әлгі сырық? дегенше,
Қара жер төсін қақ жарып шыққан еменше,
Шуда да шуда, буда да буда түтіні
Қаратпай бетті сатырлап жанған селеуше,
Үйіріліп соғып,
ирелең қаққан айдаһар,
Табаны - жерде, кекілін - көкте ойната,
Жұтарын жұтып, жұтпасын сілкіп демімен,
Бір үйірім құйын жолының бәрін жайрата.
Қап-қара бұлттай қанаты келіп тигенде,
Жүгіріп шықтым жүрегім соғып үйден де.
Жеңешем маған айқайлап қалды бір демде,
-
Белдеуге кірді… көйлегіңді де ілгем де…
-
Көйлегім! - дедім кеудемді жүрек бір тепті,
-
Көйлегім! - дедім маңдайдан терім бұрқ етті.
-
Көйлегім менің, ақ сәтен аппақ көйлегім,
Қап-қара топас құйынмен қалай бір кетті?
Көйлегім менің көңілімдей аппақ қылаусыз,
Көйлегім менің жамаусыз әлі құраусыз.
Көйлегім таза, көңілімдей аппақ мүлкімді,
Жоғалтам қалай, жіберем қалай сұраусыз?!
Қара бет құйын құлдилап төмен жөңкіліп,
Соңынан мен де өшкенше өкпем ентігіп,
Жеткізбей маған көңілімдей аппақ көйлегім
Бозбала болдым.
Балалық көңілім мертігіп…
АЛАТАУ БӨКТЕРІ
Алатау бөктері –
Толған алма ағаш.
Алатау көктемі –
Ылғи қарбалас.
Алатау бұлағы –
Бұйра, бұла су.
Алатау шынары –
Шыңға бір асу.
Алатау нөсері –
Наркескен найзағай.
Шалғын өседі –
Судырлап, ғажап-ай...
Самалы еседі,
Сергек желпініп.
Сау желіп көшеді
Бұлттары жөңкіліп.
Маңғаз шыңдардың
Мақпал шапаны.
Мойыл нулары
Ойға батады.
Ойға батады
Алып тұлғамен.
Тулап жатады
Сулар жылғамен.
Шыңдары мәңгілік
Асқақ ақ отау.
Сұлулық сандығы –
Алатау, Алатау!
АУРУХАНА АУЛАСЫНДА
(Триптих)
1. Бала
Бала жатыр,
аурухана – сары үйде,
Дүние – жұмбақ он үш жасар сәбиге.
Аурухана ес білгелі көргені
Сондықтан да мойымайды ол, әрине.
Бала біткен бала мінез қайталар,
Қорқу, үрку дегеннен ол бейхабар.
Екі-үш күнде, кейде аптада мамасы,
Келе қалса көңілі сонда жай табар.
-
Кеше неге келмей қалдың, жан мама,
Жалғыз жүріп күттім сені аулада.
-
Қалқам кеше қолым тмеді, - дейді ана,
-
Қол тимеді…
Айтар сөзі сол ғана.
Жалғыз сөздің ар жағында сыр жатыр,
Анасынан сыр аңғармай бұл «батыр»,
Түйіншегін ала сала жүгіріп,
Палатаны оятады: «Тұр да, тұр».
-
Міне жүзім, міне үйдің ақ наны,
Жесеңдерші бөліп мынау алманы.
Суырмадан алып құйттай бәкісін,
Қылдай бөлер майысып ап бармағы.
Сырқаттардың сәтте ашылып қабағы,
Бала дәмін жөн ырымға балауы.
Сексендегі шалдан бастап шеттегі,
Хан көтеріп еркелетер баланы.
«Қалқам, ертең жазыларсың, ертең-ақ,
Кең дүниеден кеш қалмайды өр талап.
Құрдастарды қуып жетіп озарсың,
Шипалы емнен тұла бойға нәр тарап.
Кел, кел, қалқам, дәм ішейік, кел бірге,
Тағдыр сені тез жеткізсін сол күнге!» -
Дейді бәрі,
айтылмайды аяныш,
Өзегінде жарасы бар өндірге.
Сосын бәрі ертегі айтып, жыр айтып,
Бала көңілін тәтті ойлармен тыңайтып,
Қабағына қарайды оның еппенен,
Қайтсек қана алмаймыз деп мұңайтып.
Палатада ең бір қиын құбылыс,
Кешкі ем кезі - әркімде іштей ұғыныс.
Әр жан иесі дір етеді инеден,
Сол жан үшін дәрі ішеді бір уыс.
Болғаннан соң жаның басқа, тән басқа,
Әр жан иесі – ем алдында бір басқа.
Ел алдында ересек жан, есті жан,
«Көрер жарық көп пе, аз ба», - деп қалмас па.
…Бүгін бала тұра ұмтылған далаға,
Сиқыр сәуле жүгірді ме санаға.
Бар палата тұра ұмтылды соңынан
«Мына әдеттің жаманы-ай, - деп, - жаман, ә?..»
Жеткенде олар,
бала терек түбінде
Отыр екен, от жанып тұр түрінде.
Ынт-шынтымен ынтық бала құлағын
Тұрды тосып даладағы дүбірге.
2. Ана
Ана жатыр,
аурухана – сары үйде.
Тәулігіне мың тәубе айтып «тәңірге».
Алпыс бес жыл ыңқ етпеген адамға
Аурухана – тірі тозақ, әрине.
Ана біткен ана мінез қайталар,
Қасиетінен қайырымдылық байқалар.
Тоба, тоба!
Алты шаңырақ – артында,
Дүние – думан,
кім «тойдым» деп айта алар.
Үйелмелі-сүйелмелі алты ұлы
Отау тікті, оты маздап шалқыды.
Әкелерін жұтты соғыс, бұларды
Жарылқады бейбіт күннің жарқылы.
Емшек сүтін біреуі көп, біреуі аз
Емген шығар, берген шығар бұл рас.
Апта бойы несібе аулап теңізден,
Тірлік кешіп жүрген кезде тынымы аз.
Бірақ оған кінәлі ме, бұл бірақ,
Сырқат ана соны ойлады күллі уақ,
«Уызында жарымаған ұлың», - деп,
Естімесем дейді жүрек ұрғылап.
Осы ойлармен оятқанда таң мұны,
Осы бір сөз – бар азабы, бар мұңы.
Дәрігер айтқан қос бүйректен түйнейтін
Түйір тастың жеңіл одан ауруы.
«Тоба, - дейді,- тоба, тоба, апыр-ай,
Кешікті ме боталарым, хаты жай».
Бесеуі оның бес тарапта оқыған,
Ал тұңғышы – қалды Аралда оқымай.
Бұл да Аралда,
қалған-ды Ана Аралда,
Басқа жұртқа шақырғанмен барар ма?
Алматыға аттанарда анау күн:
«Бес ботама, - деген, - тегіс хабарла.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» қой, қарағым,
Мен олардың жатырқаман заманын.
Бірге туып жат болмаса, дейтұғын
Уайымы – жер бетіндегі ананың.
Пышақ тиер болса егерде денеме,
Бес тараптан, үлгере ме, келе ме?
Арманым сол, тек ажалдың алдында
Қолым тисе алтауыңның төбеңе».
Деген ана,
деген дағы үнсіз қап,
Арғы жағын айтты жанар тілсіз-ақ.
«Алыс жүрген бауырларың жанына,
Сен кінәлі, түссе құйттай бір сызат.
Түйсік алып қалған әке сөзінен.
Оқы, оқыма, оттың алды - өзің ең.
Жол жүріп те көрген жоқ ең, қайтейін,
Хабар жетсе, жет бірақ та тезінен…»
Деген ана.
Дір еткен-ді тұңғышы,
Мұндай уайым айтпаушы еді бұл кісі.
Дәнекері еріп бара жатқандай,
Өртеніп бір қоя берген күллі іші.
…Қос бүйректен қос түйір тас түйіліп,
Жатыр ана бір уыс боп жиылып.
Ақ халаттар абыр-сабыр бола қап,
Абыржулы,
операцияға үйіліп.
Кетті хабар алты жаққа әр тарап,
Ең ақырғы ана үмітін арқалап.
-
Ең болмаса, үлкен ұлым келгенше,
Жасаңдаршы, - деді ана, - сәл тағат.
Әрбір секунд тұла бойын борша езіп,
Минут сайын мүмкіндігін кем сезіп,
Ана жатыр.
Алты құрлығы – алыста,
Бұл ғарышта.
Алты ұлына қол созып.
Жарқ етті елес.
Ақ дидарлы, ай нұрлы,
Алты ұлы боп, Аралы боп айдынды.
Темір пышақ тиді тәнге қылпылдап,
Темір пышақ, темір пышақ – қайырымды.
3. Әке
Әке жатыр,
аурухана – сары үйде,
Жан-жүйесі жауар бұлттай сәуірде.
Тән жарасын жатыр емдеп…
жан иесі,
Жан-жарасын өзі емдейді, әрине.
Тәннің дерті, жанның дерті бой алған,
Дерттен емес, мерт сезімнен аянған.
Әке жатыр.
Көз алдынан сейіліп,
Дүние – мұнар,
отыз жаста оянған.
Отыз жаста ой жүгіріп санаға,
Отыз жаста салса сол ой сабаға…
Ортасында ойлана алмай өмірдің,
Отыз жаста ойланса ауруханада.
Бұдан артық бар ма, азап, жоқ па азап,
Осы бір ой көкірегін көп қажап,
«…Ақ едім ғой, адасқаным болмаса, -
Дейді ол іштей, - бармысыңдар, аққа – жақ».
… Бұл бала еді қалаға алғаш келгенде,
Желік сезім, жерік көңіл, жел кеуде,
Көк диплом жанқалтаға тез түсіп,
Сейіл-серуен селіне кеп ергенде,
Еліктей бір ерке қызы қаланың,
«Сүйемін» деп сертін бұған бергенде.
Бұйрық солай… ерлі-зайып боп қалды,
Ерке қызға еркі қалмай ермеуге.
Бұл қойшының, ол ғалымның баласы ед,
Қайын жұрты болды бұған пана – сеп.
Пәтер алды, қызмет те қолайлы,
Сән-салтанат, той-думанда жоқ есеп.
Елден бір күн қарт әкеден келді хат
«Қалқам, елге оралатын болды уақ.
Ал немесе алып кет сол қалаңа,
Біздің бойда азайды әбден әл-қуат».
Хатты оқыдың,
оқыдың да ойландың,
Тереңіне жүзіп жүрген қайнардың
Шабаққа ұқсап, тұтқиыл бір секіріп,
Қайырладың жағасына қайраңның.
Қайырладың, қайрыла алмай елге сен,
Ерке қызға болып қалдың пенде сен.
Әкең саған соңғы рет бір хат жазды:
«Қайтем, ұлым, айтқаныма көнбесең…»
Сосын сенің туды қызың, туды ұлың,
От басында – шуақты күн, шулы күн.
Атаң жауып, енең ашар боп алды,
Шаңырағыңның туырлығын, түндігін.
Ал сен болсаң – әл-дәрменсіз ойладың
Елде қалған ата-анаңның тірлігін.
Енең болса – кіжінетін саған кеп,
-
Сорлы неме, сүметілген шылбырың…
Ал сен болсаң - дәрменіңе дәнекер,
Зәру едің дос қолына бір мығым…
Жарың болса, «Жарлымыз», - деп кейитін, -
Көрмейсің бе жұрттың алтын, інжуін».
Ал сен болсаң жарым көңіл боп жүрдің,
Жасай алмай тірлігіңнің бірлігін.
Жан жарыңа түлен болып сыр-мұңың,
Тыңдамады ол.
Ал сен басың шұлғыдың.
Содан кейін сезіміңнің сулығын
Шараппенен шаятұғын туды күн.
Содан кейін… жасыратын несі бар,
Сол шараптың шалқарына сүңгідің..
Жағасына шыға келсең –
жан – тәсіл,
Аурухана ауласында тірлігің…
* * *
Уайымдама, уайымдама, жас жігіт,
Бой алған дерт дертімепті, асқынып.
Тағдырыңның ауыздықта асауын,
Енді, енді, бәлемді енді, басқа ұрып.
Отыз жаста ой жүгіртіп санаңа,
Отыз жаста салса сырқат сабаңа.
Екі балаң, ерке жарың, қарт әкең,
Қайын жұртың –
бәр-бәрінің таланы, ә?!
…Бүгін сенің жолға шықты жан әкең,
Бүгін саған ас даярлап жан еркең.
Аурухана ауласында бүгін кеш,
Туар саған таңғажайып – таңертең.
БАЛА ЕДІК БІЗ
Бала едік біз елде өскен.
Жар жағалап көл кешкен.
Тұлымымызды күн сүйіп,
Тұсауымызды жел кескен.
Соғыстан кейін шыр етіп,
Өркенбіз өртең жерге өскен.
Тың көтерген жыл трактор
Тіркемесіне мінгескен,
Бала едік біз елде өскен.
Бала едік біз елде өскен,
Қой жайып қырат, дөң кешкен.
Жаңбырда жазда қойы ығып,
Заматта жазым сел кешкен.
Ғарышты адам айналған,
Асқанда біздер он бестен.
Қиялымыздың тұсауын –
Ғасырлық ғажап сол кескен,
Бала едік біз елде өскен.
Бала едік біз елде өскен,
Шалғын мен сортаң, сор кешкен.
Тағдырымыздың еншісі
Тыныштық болса сол, - дескен.
Тірліктің басқа талқысы
Тай-құлын, тәйірі, қолда өскен.
Жетпісімен ғасырдың,
Осындай оймен тілдескен,
Бала едік біз елде өскен.
Он жеті жасқа толғанда,
Далаға қарай ынтығып,
Қалаға қарай жол кешкен,
Бала едік біз елде өскен.
Бала едік біз елде өскен,
Тағдырдан тәлкек көрместен
Заманмен еркін тілдескен
Қоғамыменен бірге өскен,
Уақытпен сыры үндескен
Бала едік біз елде өскен.
Достарыңызбен бөлісу: |