ЗЕРДЕ НЕМЕСЕ АКАДЕМИК
ТЕМІР ДАРХАНБАЕВ ТУРАЛЫ ЖЫР
Саздыәйет туған жері Тобыл бойы,
Тобылдың томарындай шағын бойы.
Шаппа-шап шапашоттай алып түсер
Айтысса – айтқаны дәл, шалымды ойы.
Бірақ та шапшаң мінез, шыж-быж емес,
Тез шешім – болмысының тізгіні емес.
Ғылыми советтерде бір-ақ сөйлер
Болса да жүз күн айтыс, жүз күн егес.
Мұнысы – бей-жайлығы емес бірақ,
Жүрмейді талас, тартыс, егес құрап.
Кей-кейде академик басыменен
Қалады хатшы қыздан кеңес сұрап.
Мұнысы –
«көп білемі» жоқтығынан,
(Кішірмес академик аты бұған).
Қорғаған кандидаттық,
соғыс жылы
Сабын ап сексеуілдің тотығынан.
Мұнысы –
табиғатты танығаны,
Тылсымын тез аңғару дарығаны.
Тыңайтқыш іздеп кейде тың далаға
Қотанның сары қиын сағынады.
Мұнысы –
бала кезден қой баққаннан,
Мал күтіп, құрт-ірімшік қайнатқаннан.
Тепе-тең табиғаттың заңдылығы
Тағдырын даласының ойлантқаннан.
Омбыда он бесінде хат таныған,
Сонда да озып кеткен қатарынан.
Жинаған тәлімі көп,
санай қалсаң,
Жетпісте маңдайдағы қатпарынан.
Тұрғанда талай-талай бағы аспандап,
Болған жоқ жұртты алалап, санасқан гәп!
Андыздап Академия алдында әлі
Тұрады кеңескелі сан аспирант.
Қумаған ешбір мансап, ешбір атақ,
Еңбегін еш еткен жоқ ешкім отап.
Болатын студенттер мекен-жайы
Ректор кезінде де кешкі жатақ.
Сол аға жетпісіңді кетті көктеп,
Жүректің қақалғанмен оттығы ептеп.
Қазақта атауы жоқ бір ғылымға
О, шүкір, осы кісі – текті мектеп.
Қазақтың даласының табиғатын
Сан ұрпақ өзді-өзінше таныр бәлкім.
Сол кезде еңбектері салар еске
Тобылдың томарындай шағын қарттың.
ҚАРЛЫҒАШ ДӘУРЕН
Қарағым, біздің баста да,
Қарлығаш дәурен көп тұрмас.
Қанатсыз қалсақ,
масқара,
Қанаты барлар жақтырмас.
Көнбей-ақ желдің иіне,
Қонбай-ақ жапан түздерге.
Ұшайық,
байтақ дүние,
Жеткізер болса біздерге.
Бар шығар біздің жолда да,
Ылдилар менен ылайлар.
Қиын ғой ұшу,
сонда да,
Жете алмаймын деп кім ойлар.
Бар шығар шөлде бізге бір,
Жалтақтап жүрген жүргінші.
Терілмей қалған
түзде бір,
Мұрныңды жарар гүл иісі.
Жапан далада жаз болар,
Жалғыз үйлерге жетейік.
Шаңыраққа қону аз болар,
Ұя да салып кетейік.
Қол бұлғап бізге,
әр жақта,
Сағынтып қалған екенбіз.
Бұрылмай қалай кетерміз,
Бір қонбай қалай өтерміз.
Манадан ұшқан жеріміз,
Қозы көш қана секілді.
Мезгіл ме,
мезгілдеріміз
Еңкейіп кеткен екінді.
Қонбай-ақ желдің иіне,
Қонбай-ақ жапан түздерге.
Ұша берейік, дүние
Жеткізер болса біздерге.
Қарағым, бізді баста да,
Қарлығаш дәурен көп тұрмас.
Құласақ жер ғой – баспана,
Жер бізді көкке лақтырмас.
КЕЛДІ ШЕШЕМ АЛПЫСҚА
Келді шешем алпысқа
Мен қырыққа тақаумын.
Шешем елде – алыста
Мен қалада.
Отаумын.
Қара шаңырақ орнында
Отыр шешем қалқайып.
Үлкені елде, мен мұнда
“Қос қараға” марқайып.
“Қос қарасы” – екі отау,
Бір-бірінен тұр бөлек.
“Тағдыр бөледі екен-ау,
Өсірсең де бір бөлеп...”
“Ауылдағы ұл уайым –
Ылғи алыс сапарда.”
Қаладағы ұл уайым –
Қосылды ма қатарға?
Ауылдағы ұл уайым –
Ел басқарар қалпы жоқ.
Қаладағы ұл уайым –
Дақпырты бар, даңқы жоқ.”
Деп ойлайтын күн артта
Қалды кәзір, “о, тәуба!”
Немере көп – бірақ та
Екі бөлек отауда.
Екі уайым, екі үміт
Түсіп талай шарпысқа.
Кетті ұлдары жетіліп
Келді шешем алпысқа.
Келді шешем алпысқа
Бара жатыр жүдеп тым.
... Немерелер әр тұста
Тамырындай жүректің.
03.01.1982 ж.
КЕЛЕДІ БІР КҮН МАХАББАТ
Ерте ме, кеш пе, келеді бір күн Махаббат,
Болмысыңды да жеңеді бір күн Махаббат!
Көктемгі нөсер, мүмкін ол – күзгі ақ жауын,
Сездірсе болды қалғаныңды әбден қаталап.
Сезінсең болды – әжім жүзіңе өң кіріп,
Сезінсең болды – сезімдеріңе сең жүріп.
Сезінсең болды – жүрегіңе алмай сәл күдік,
Махаббат сол ғой,
қас қағым сәттік – мәңгілік.
Келер ол мүмкін – түсі аппақ қырау қар болар,
Ериді қар да, несі бар одан қорғанар.
Табиғатыңның тілеуіменен туса егер
Табиғатыңа табиғат өзі жар болар.
Ерте ме, кеш пе,
ертең бе, әлде бүгін бе,
Басыңа келмей кетпейді ол түптің түбінде.
Боз өкпе бала, әй,
Махаббат іздеп жүгірме,
Боз шулан ағай,
Махаббат жоқ деп түңілме!
КЕЛЕДІ ӨСІП БІР БАЛА
Алыста - алыс,
алыс бір түкпір ауылда,
Қырық-отыз түтін қарға тамырлы қауымда.
Әдеті-салты қазақтың қалпы кәдімгі,
Қысы да, жазы ниеті шаруа қамында.
Ауданнан алыс, облыстан да одағай,
Бір жағы құмайт, бір жағы шөлейт жадағай.
Бір жағы қорым, бір жағы құрдым үрейлі,
Қысы да қапыл, жазы да жазым жағалай.
Қонысы оңды, малдары қоңды сонда да.
Жетеді бәрі, жетпейтін еркек қол ғана.
Ересек еркек шетінен тегіс жарымжан,
Ал біздер болсақ…
ал біздер әзір - ерқара.
Мектепке бардық.
Елу бірінші жыл биыл,
Бітік боп өскен егін бірінші жыл биыл.
«Келмей ме көкем?!.»
Есімде сұрақ қойғаным
Жеңгеме қарап менің бірінші - бір бүйір.
Келмей ме көкем?!
Келетін болса, келмей ме,
Намыстан жанып кете жаздаймын мен кейде.
Шолақ басқарма байлайды атын белдеуге,
Шіптадан сусын құя бастайды жеңгем де…
Алыста - алыс,
алыс бір сондай түкпірде,
Соғыстан соңғы тірілікпенен жұп бірге.
Келеді өсіп, келеді өсіп бір бала,
-
Түбінде, - дейді, - түбінде,- дейді ол, - түптің бе?!.
МАМА ҚАЗ НЕМЕСЕ
МАРИЯМ ХАКІМЖАНОВА ТУРАЛЫ ЖЫР
Мама қаздай Мариям апай –
мамамыздай Біздердің,
Ақын жыры – ана сүті.
Әлдилеген санамыздай Біздердің.
Айналайын тегіңізден,
түзде өскен түбіріндей дүзгеннің
Айналайын есіңізден, адаспаған арасында
қиыр-шиыр іздердің.
Айналайын апатайым, тағдырыңды түсінем,
Ақындықтың аруағы үшін алаң болмай
пенделіктің ісімен.
Кішілерден кіші болған кездеріңді түсінем,
Алыптардан именбей-ақ қатар тұрып, қатар айтқан
сөздеріңді түсінем.
Мама қаздай керуен бастап – ұшқан ұзақ сапарың,
Ақын – құс қой, ақын апа!
Біледі жұрт ұшу заңы қаталын.
Ұшпаған соң ойлайды жұрт: «Ұшу деген рахат!»
Ұшып көрсін,
Құлап көрсін.
Аямайық!
Алсын сосын дүрілдеген атағын.
Ақын – құс қой, айтшы апатай,
басына бақ қона салған кенеттен,
Жылы жақта жүре ме екен жанын күтіп қыста ол.
Алтын құс па, айтшы апатай,
басына бақ қона салған кенеттен,
Астына тақ сала салған әлдекімдер
көпшік етіп себеппен.
Жоқ, әрине!
Олай емес, олай емес, емес екен, о, тоба!
Баққа, таққа әуелден-ақ жоламапсыз,
жолама!
Табиғатың талант берсе, тағдыр берер Заманың,
Келсе өзі, қонса өзі қарсы алмасқа бола ма?!
Әдетіңіз бізді кейде еркелете қамшылау,
Сәл лепірту, сәл тұқырту, сәл мадақтап, сәл сынау.
Әттең, апа-ай, ақынсың ғой, әкім болсаң егерде,
Қара қылды қақ бөлетін әділ қазы жансың-ау.
Мама қаздай Мариям апай – мамамыздай Біздердің,
Біз, ақындар, сәл лепірсек –
түсетұғын сабамыздай Біздердің.
Ардақты апа, аман-сау бол, жүзін көрші жүздердің.
Біреулермен салыстырсам... бір күні,
Басып кеткен ізіңді де іздермін.
МӘҢГІ ТОЛҒАҚ
Адам қызық.
Пенде ғой адам деген,
Күресесің өзіңнің санаңменен.
Күрмелесің өзіңнің мінезіңмен,
Құрмет тұтар - қоғамың бағаңменен.
Баға деген - бағыңның алғышарты,
Бағалады-ау дей көрме,
жалқы-жарты.
Жалқы-жарты бағалау жарым ырыс
Азаматқа болсын да халқы тәнті.
Халқың сүйсе,
халқыңды сен сүйгенің,
Еңбегіңе береді еншіңді елің.
Қоғамыңмен санасып, кешірерсің
Халқыңның сен кешпеген кей сүрлеуін.
Ол кінә емес.
Қоғамның дамуында,
Өткен-кеткен … орнымен жаңғыруда.
Өкініш жоқ өткенге,
тек өкініш
Болмасын де болашақ тағдырында.
Жатпай-тұрмай соны ойла,
сонда ғана,
Бізге де аға боласың, елге де аға.
Халқы бір күн төбеге көтергенде
Басы айналған «бақытты» пенде ғана.
Пенде болма,
ел қамын ойлағанда,
Және айналып кетпеңіз пайғамбарға.
Адам - пенде,
Халқының сүйіктісі
Көктен түсті дейсіз-ау қай жалғанда.
Сүйіктісі халықтың өз ұлы ғой,
Сүйгізетін санасы, сезімі ғой.
Азамат та ана ғой,
халқын сүю -
Мәңгі толғақ, толғаққа төзуі ғой.
МАХАББАТ МҰҢЫ
Қайрат Байбосыновқа
«Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде»,
Дегенде,
ән бүлкілдеп кең көмейде.
Баяғы бір махаббат мұңыменен
Пай… пай… пай,
періштедей пенде кейде.
Бұл әннің шыққан кезі, заманы ескі,
Ал кәзір қоғам басқа, сана да өсті.
Ескі әннің ескірмеген мұңы бірақ,
Ескіру махаббаттың заңы емес-ті.
Ә, бәсе!
сол екен ғой баяғы мұң -
Жүргені бойымызда бояуының.
Ә, бәсе!
«Қайрат қайдан қағып алған»,
Деуші едім, «баяғының қаяу үнін…»
Қайрат-ау,
«Қарғам-ау»-ға салғанда сен,
Мәңгілік мұңы өзгермес жалған кешем.
Кетердей махаббаттың мұңы өзгеріп,
Егерде «Қарғам-ау»-дай ән бар десем.
«Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде»,
Деп алып,
деміңді бір демдегенде.
Махаббат мұңын көрген Адам болса,
Қарайды төбесінен пенделерге.
10.05.81 ж.
МАХАББАТ ТЕЗІ
Әуелде сені ойлаған жоқпын сүйем деп,
Игеріп мені әкетеді-ау деп иемдеп.
Жүйкемді бұлай алар-ау,- демей жүгендеп,
Жігіттік шаққа болар-ау,- дегем бір ермек.
Ойымның тегіс ойранын сәтте шығардың,
Құрдымына әкеп сүңгіттің мені құмардың.
Азабыңды да, ғазалыңды да құп алдым,
Мұхитын кештім Махаббат деген мұнардың.
Есімнен танған еске алсам кейбір шағымды,
Уысыма ұстап тұрғандай құйттай лағылды.
Және де содан айрылып қалар адамдай
Және де соған салатын едім жанымды.
Жанымды салып,
жанымда болған кезіңде,
Теңемес едім жұмақтың оған өзін де.
Еш адам сенбес - тәттілік бар ед тәніңде,
Еш адам көрмес - пәк қылық бар ед көзіңде.
Еш адам сезбес еркіндігіңе кез келдім,
Еш адам төзбес тентектігіме тез болдың.
«Сүйемін» дедің, сен дағы маған сөз бердің,
Сүйетінімді мен сонда ғана сезгенмін.
Тең тартып едік тасындай - Тағдыр безбеннің
Тауқыметтерге тәтті еді-ау бірге төзген күн.
Салмағың, жаным, жеңілдеп неге өзгердің?!.
Махаббат - күрес,
Әрекеті емес ездердің.
Жеңілдегенің - жеңілгенің бе, жарығым,
Уәдеңнен тайып - шегінгенің бе, жарығым,
Тегеурініне төзе алмай темір тездердің.
* * *
Мертіге жаздап, мерт бола жаздап кенеттен,
Қаламын аман қалтылдап құйттай себеппен.
Соққанда дауыл солқылдап басын жерге ұрып,
Айрылмай қалған айыр бұтақтай теректен.
Қаламын аман.
Қорқамын жаман соңынан,
Бір күні бірде «шарт сынам-ау» - деп, торығам.
Сақ болып біраз, сақтанып біраз жүрем де,
Сап етіп тағы кездейсоқ кепке жолығам.
Қаламын аман.
Қорқамын жаман тағы да,
Кездесер себеп, кезігер салдар бағыма.
Тірлігім менің сан жеткен күні таусылар
Тіршіліктегі себеп пен салдар санына.
* * *
«Мынау - бақытты, мынау - бақытсыз»
Деуге болмайды,
пайым-парықсыз.
Дүмеп жатпайды тойың дамылсыз,
Думан болмайды уайым-налусыз.
Тойдың барлығы бақыт тойы емес,
Бір сәт көрген мұң мәңгі сор емес.
Бақыт - мәңгілік емес татулық,
Қайғы - мәңгілік емес төбелес.
Біреу - бақытты жылап тынса да,
Біреу - бақытсыз күліп тұрса да.
Бақыт біреуге өткен бір күні,
Бүгін басына жұмақ туса да.
Түсі қайғының түндей қара ма,
Түсі бақыттың таңдай бола ма?
Солай сіңгенмен шартты санаға,
Бұлай деуіміз - нақты баға ма?
…
Жоқ, жоқ әрине,
нақты баға емес,
Бақыт кей-кейде тәтті бал емес.
Қайғы дегенің қара тұз емес
Нақты теңеулер сәтті, дәл емес.
Бірақ екеуі - егіз,
бары рас,
Бірі-бірімен бақталас, жаны қас.
Жалқы жүрекке жұп боп ұялап,
Бірі-біріне тәкаппар, танымас.
Жұмыр баспенен көріп екеуін,
Кезіп келеміз -
дүние мекенін.
Адам адамға тіріде айта алмас
Кімнің бақытты,
Кімнің бақытсыз екенін…
02.05.1981 ж.
* * *
Өмір – түйткіл.
Жаңа-жаңа аңғардым,
Көбі-көбі алдамшы екен арманның.
Көбі-көбі көбік екен сезімнің,
Көбі-көбі рас екен жалғанның.
Олай деген дүниең кейде былайлау,
Тұнық деген дүниең кейде ылайлау.
Ұлағат па деп қалғаның ұрандау,
О, ғажайып,
сонда да бұл Ұлы өмір,
Таразысын тең таратады, біле-біл.
Таразының тастарымыз, орныңды
Біле білу, нағыз өнер, міне, бұл.
* * *
Өтеді де кетеді екен уақыт,
Жылағанды алдарқатып, жұбатып.
Мейманасы тасқандарды жылатып,
Тауды тас қып, тозаңға оны уатып,
Өтеді де кетеді екен уақыт.
Бәрі - өткінші,
Балдай бақыт, удай мұң,
Мен сондықтан сағым-бақыт қумаймын,
Мен сондықтан сұм-қайғыңа
қыңбаймын.
Сыбағама тартса өмір қайсысын,
Сыйдай көрем, сыртқа теуіп
тұрмаймын.
Алаламан,
адамға тән еншіні
Емес олар ешкім жекеменшігі.
Балдай уақыт, удай мұңның уызы -
Көздің жасы - бір дүние туысы,
Біл жүректің перзенттері - дұрысы.
13.09.81 ж.
САРЫ АЛА ЖАПЫРАҚ
Күз келді тағы…
саудырап сары жапырақ,
Сары ала сәуле сарғайды күллі атырап.
Кешегі анау - желегі жалау көк терек
Сып-сида болды,
қаққанша қасты қапыда-ақ.
Мезгілдің лебі демімен кеше үрлеген,
Көктерек еді -
көзімді қарып гүлдеген.
Мезгілдің көркін - мезгілдің желі «тонауын»
Түйсігім жетіп түсіне алмаушы ем мүлде мен…
Күз келген сайын келуші ем терек түбіне,
Теректің жүдеу қараушы ем аяп түріне.
Табиғаттың бұл қаталдығының «тіліне»,
Таба алмай жауап өтем бе деуші ем тіріде…
О, таптым, таптым!
Жалғыз-ақ екен жауабы;
Топыраққа - жапырақ тыңайтқыш екен дауалы.
Сары ала күзде саудырап жатқан жапырақ
Жүрегің сазып сағынтқан көктем хабары.
1981 ж.
СЕБЕП
(баллада)
Ашхабадта жерді сілкіп зардап жұт,
Қас-қағымда қалды сол жыл зарлап жұрт.
Көрші үйлерге тұтас келген апаттан
Тұтам өмір қалғанына таң қалдық.
Екі көрші үй –
ортасында ортақ бақ,
Қалың баққа өте алмайтын өрт аптап.
Мәулетті әулет –
екеуі де өскен үй,
Демалатын бақ ішінде жер баптап.
Екі әулеттің ең үлкені – қарт ана,
Жетпісте еді.
Екі үйге ортақ ортада.
Ең кішісі – екінші үйде жеті айлық,
Іңгәлайтын дауысынан бал тама.
Қақпасы бір, бақшасы бір есікте,
Ортақ ана алдын бірі кесіп пе?..
Таласатын екі әулеттің баласы
Тербетуге ортадағы бесікке.
Бір кіндіктен тумаса да, екі әулет,
Бір босаға, кеткендей бір отау боп.
Жұрт айтатын: “шын татулық осы-ау” – деп,
“Бір шаңырақ қой, екеу деген аты-ау” – деп.
Түркменнің бір әшмүңке көк шайын,
Ал немесе бір кездеме батсайы.
Бірі әкелсе: “сен іш, сен ки” десетін,
Есептемей тиын-тебен, ақшаны.
Бір-біріне көздің іңкәр нұрымен,
Ымыраласқан, ынтымақпен жібіген.
Баянды бұл татулық ед не деген,
Байланғандай жүректің қыл жібімен.
Таңғажайып –
таңғы түстей тәтті өмір,
Кім ойлаған сап болар деп сәтте бір.
Сол күні апат – алай-түлей Ашхабад
Алай-түлей от оранып жатты өңір.
Екі көрші үй солқ еткенде сол алап,
Қақ жарылды,
жапырылып, домалап.
Оның несін... оның несін айтамыз,
Қос шаңырақты жұтты көзсіз жаманат.
Жо... жоқ, тоқта!
Табиғатқа таң қалма,
Кездейсоқтық себебіндей заң бар ма?!
Жетпістегі ана – баққа кетті ұшып,
Бала жатты мәуелі бақ – албарда.
Аруақтай ана жеңіл болғаны-ау,
Періштедей бала жеңіл болғаны-ау.
Алапат күш лақтырғанда екеуін
Бір алақан аман алып қалған-ау.
Қағып қалған бәлкім бақта жапырақ,
Қағып қалған бәлкім туған топырақ.
Сыртқа екеуін терезеден лақтырса,
Баласы мен әкесі деу мақұл-ақ.
... Қатал тағдыр кәріне ана қасарған,
Жетпісінде белді буып жасарған.
Тамырына қан жүгірген...
ал сәби
Уызына тойып қайта шашалған.
Аңыз емес, ертек емес – бұл шындық,
Мұндай шындық болмасын деп күрсіндік.
Ашхабадта – алты ұлдың әкесі
Сол “сәбиге” кездесіп қол ұмсындық.
1981 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |