Əдебиеттер:
1.
Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з. 275 – 840 жылдары). – Екінші кітап. –
Алматы: Өнер, 2003.
2.
Кюнер Н.В. Китайские известия о народах Южной Сибири, Центральной Азии и Дальнего Востока. – М.,
1961.
Б.Б. Кəрібаев
əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры,
т.ғ.д., ҚР ҰҒА корр.-мүшесі (Алматы қ.)
«КӨШПЕЛІ ӨЗБЕКТЕР» ЭТНОҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЫДЫРАУЫ ЖƏНЕ ҚАЗАҚ
ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ АЯҚТАЛУЫ МƏСЕЛЕСІ
Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы бір тарихи кезеңде
жүзеге асқан тарихи үрдістер болды. Хандықтың құрылуына XV ғасырдың бірінші жартысындағы
Шығыс Дешті Қыпшақ, Моғолстан жəне Мауереннахрдағы Темір əулеті мемлекеттерінің ішкі-
сыртқы саяси дамулары алғышарттар даярлап, тарихи үрдістің сол ғасырдың 50-70-шы жылдары
жүзеге асқаны белгілі. Ал халықтың қалыптасуы бірнеше мыңжылдар бойы жүретін этникалық
үдеріске жатады. Қазақ этногенезінің басталуына зерттеушілер қола дəуірінің орта кезеңін жатқызса,
ал оның аяқталуы XV ғасырдың орта тұсында болған деп есептейді. Этносаяси үдерістер бір-бірімен
тығыз байланыста жəне бір-біріне ықпал ете отырып, осы кезеңде өз мəрелеріне жетіп, халықтық
сипаттағы этнос пен ұлттық сипаттағы мемлекетті Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында тарихтың
төріне шығарады.
Қола дəуірінен бері Қазақстан аумағында үздіксіз жүрген этникалық үрдістер бірнеше кезеңдерге
бөлінеді. Оның соңғы кезеңіне – XIV ғасырдың екінші жартысы мен XV ғасырдың бірінші жартысы
аралығындағы этноүдерістердің жататыны белгілі. Осы аралықтағы этноүдерістердің ең бастына –
«көшпелі өзбектер» этноқауымдастығының ыдырауы жəне соның негізінде қазақ халқының
қалыптасуының аяқталуы үдерістері жатады.
Соған байланысты біз бұл мақаламызда XV ғасырдың орта тұсы мен екінші жартысында
Қазақстан аумағында өткен этникалық үрдістерге, яғни «көшпелі өзбектер» этноқауымдастығының
ыдырауына жəне қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы мəселелеріне тоқталып өтпекпіз.
XV ғасырдың 20-шы жылдарының соңында Шығыс Дешті Қыпшақ аумағының батыс бөлігінде
билікке келген шибанилық Əбілқайыр хан 3-4 жыл ішінде бүкіл Шибан ұлысын біріктіре алды. Ал
1446 жылы Сырдың орта ағысы бойындағы қалалар мен өңірлерді бағындыру арқылы бұрынғы Ақ
57
Орданың аумағына толық билік жүргізді. Саяси тарихта бұл құрылым – Əбілқайыр хандығы деп
аталынды да, оның тұрғындары жалпы атаумен «көшпелі өзбектер» деген атауға ие болды. Қазақ
хандығының осы мемлекеттің ыдырауы нəтижесінде құрылғаны баршаға мəлім. Ал этникалық
тұрғыдан алғанда қазақ этносына ұйытқы болған тайпалар бірлестігі Қазақ хандығы құрылғанша
дейін осы «көшпелі өзбектер» этноқауымдастығының құрамында болады. Бұл этноқауымдастықтың
ыдырауы бір жағынан Əбілқайыр хандығының күйреуіне əкеліп соқса, екінші жағынан жаңа этнос
пен оның мемлекетінің құрылуына алып келеді.
ХVІ ғасырдың басында парсы тарихшысы Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани Шығыс Дешті
Қыпшақ аумағында өмір сүретін тұрғындардың бəрін өзбектер дей келе, «Өзбектерге үш тайпа
жатқан, олардың бəрі Шыңғыс ханның иеліктеріндегі ең мықтылары болып саналады. Қазіргі кезде
[олардың] бірі – шибаниттер, бірнеше аталарынан кейін оларды мəртебелі хан (Мұхаммед Шайбани
ханды айтып отыр – Б.К.) басқарып отыр. Екінші тайпа – қазақтар, олар бүкіл əлемге күштерімен
жəне ержүректіліктерімен даңқы шыққан, үшінші тайпа – маңғыттар, олардан астрахандық хандар
шығады», - деп «көшпелі өзбектер» қауымдастығын жіктеп береді [1, 62-б.]. Рузбиханның осы
мəліметіне қатысты алдын ала мынадай ескертпе мен түсініктеме беруді жөн деп есептейміз. Оның
тайпа деп айтып отырғаны, қазіргі біздің түсінігіміздегі тайпа емес, одан жоғары жəне кең
мағынадағы ұғым. Қазіргі түсініктер бойынша Рузбихан жазып отырған өзбектерді этноқауымдастық
деп санасақ, онда оның тайпа деп отырғанына тайпалық одақтар немесе тайпалық бірлестіктер сай
келеді. Сонда біз автордың жоғарыдағы мəліметін өзбектер үш үлкен тайпалар тобынан немесе
бірлестігінен тұрады деп қабылдауымыз керек. Келесі бір түсіндірмеге мынау жатады. Автор өз
шығармасын 1509 жылы жазып, ХV ғасырдың оқиғаларын өткен шақ тұрғысынан баяндап тұр. Қазақ
хандығы құрылып, қазақ атауы халықтың атауына берілгенге дейін, яғни ХV ғасырдың 50-70 -
жылдарына дейін қазақ сөзінің этникалық мəні болған жоқ. Сол себепті де «өзбектердің екінші
тайпасы – қазақтар» деген мəліметті дұрыс түсінген жөн.
Ибн Рузбихан айтқан өзбектер этноқауымдастығындағы үш тайпалар тобының əрқайсысына
талдау жасайық. Алдымен, өзбектер құрамындағы бірінші тайпалық одақ – шибанилерге тоқталалық.
Шибанилер атауының Жошының бесінші ұлы – Шибан есімімен байланысты екендігін ешбір
зерттеуші жоққа шығармайды. Рашид ад-дин, Плано Карпини, «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме»
еңбегінің белгісіз авторы, Əбілғазы, Қадырғали Жалайри, Махмұд бен Уəли секілді өте сенімді
деректердің авторлары Шыңғыс ханның жəне Жошы ұрпақтарының шежіресін таратқан
мəліметтерінде Жошы ханның бесінші ұлын – Шейбан, Сейбан, Шайбан, Шабан, Шибан деп атайды
[2, 74-б.; 3, 39-40-бб.; 4, 34-б.; 5, 93-б.; 6, 34-б.]. Осы дерек мəліметтеріндегі бір тұлғаның əртүрлі
формада берілуіне байланысты зерттеушілер де оның есімін жəне одан тараған ұрпақтарды кейде
шибандықтар, ал кейде шайбандықтар деп жазып жүр. Жиі кездесетін терминдердің қолданылуында
бірізділік болғанын дұрыс деп санап, біз осы терминге қатысты академиялық басылымдар мен іргелі
еңбектер қолданған Шибан нұсқасын қабылдап, осы терминді одан ары қолданамыз.
Жошы ұлысы өз ішінде ұлыстарға бөлінгенде Шибан да ағалары Орда Ежен, Батый секілді жеке
ұлысты иеленеді. Өтеміс қажының «Шыңғыс-намасында» Жошы хан қайтыс болғаннан кейін
Шыңғыс ханның оның үш ұлы Орда Еженге, Батыйға жəне Шибанға үш киіз тіккізіп, Алтын
босағалы Ақ Орданы Батыйға, Күміс босағалы Көк Орданы Орда Еженге, Болат босағалы Боз Орданы
Шайбанға бергендігі баяндалады» [7, 92-б.]. Дерек авторы шибанилық бағыттағы авторлардың бірі
болып, Шибанды жəне оның ұрпақтарын жоғары көтермелеп мадақтағаны деректе қатты байқалады.
Дегенменде, Шибанның ұлы атасы Шыңғыс ханнан иелік алып, онда ұлыс басқарғандығын тəуелсіз
басқа деректер де мақұлдайды. Шибанның алғашқы кездегі алған Ұлысының қай жерде екендігін
деректер нақты көрсетпесе де, Батыйдың 7 жылдық жорығынан кейін, оған бөлінген территорияны
Əбілғазы нақтылай көрсетіп береді. Онда «Батый ханның жорықта жеңіске жетуге көп күш салған
ағасы Орда Ежен мен інісі Шибанға жер бөліп бергендігі айтыла келе, Шибанға Корел өңірі мен
Құсшы, Найман, Қарлық жəне Бұйрық атты төрт халықты бөліп бергендігін жəне Батыйдың
Шибанға: «Сенің жұртың менің жұртым мен үлкен ағам Иченнің жұрты арасында болсын. Жазда сен
Жайықтың шығыс жағында Ырғыз, Ор, Елек өзендері мен Орал тауы аралығында бол, қыста
Аралқұм, Қарақұм мен Сырдың, Шу, Сарысу өзендерінің бойы аралығында бол», - деп айтқандығын
баяндайды» [8, 104-б.]. Бұл аймақтың аумағын басқаша айтсақ, Шибан ұлысына батыста Жайықтан,
шығыста Сарысуға дейінгі, оңтүстікте Арал теңізі мен Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойынан,
солтүстікте башқұрттардың жеріне дейінгі территорияның енгендігін білеміз.
Шибан ұлысының орналасуы жөніндегі Əбілғазының дерегін Плано Карпини мəліметі қуаттайды.
1246 жылы осы өңір арқылы өткен ол: «... Бұл жерде бір үлкен өзен бар, оның аты бізге белгісіз; онда
Янкинт деген бір қала бар, тағы бірі Бархин, үшіншісі Орнас деп аталады жəне аттары белгісіз тағы
көп қалалар бар. Бұл жерде Алтисолданус (Ала ад-дин Мұхаммед Хорезмшах – Б.К.) деген билеуші
болған, оны татарлар бүкіл үрім-бұтағымен жойып жіберді. Оңтүстікте ол жерде Иерусалиммен
Балдахпен (Бағдад) жəне Саррацин жерлерімен (бұл жерде Плано Карпини Саррацин деп Иранды
58
айтып отыр – Б.К.) шектеседі; солтүстікте бұл жерге қарақытайлар жері мен Мұхит түйіседі. Онда
Батудың інісі Сыбан өмір сүреді»,-деп жазады [3, 64-б.]. Бұл жерде итальяндық монах Сырдың
төменгі ағысы бойынан солтүстікке дейінгі жерлердің бəрі Сыбанға немесе Шибанға қарайтындығын
айтып отыр. Орта ғасырлық тарихшы Махмұд бен Уəли де Батый ханның Шибанға төрт омақ
бергендігін, ал оның ұлы Бахадүр жазғы, қысқы жайылымға Ақ Орданы алғандығын хабарлайды [6,
347-б.]. Махмұд бен Уəли Шибан ұлысында биліктің Шибан ханнан бастап Əбілхайыр ханның əкесі
Дəулет-шайх оғланға дейін үзілмей келгендігін жəне Шибан əулетіне бағынышты территорияны
«ел», «ұлыс» деп аталатындығын баяндап береді [6, 347-349-бб.]. Жошының 1227 жылы қайтыс
болып, сол жылы Шибан осы өңірді иеленсе, ал Əбілхайыр ханның осы аймаққа 1428 жылы күреспен
билікке келгенін есептесек, онда Шибан ұрпақтары Əбілхайырға дейін 200 жыл бойы осы ұлыста
тыныш билік құрады. Осыншама ұзақ уақыт бойы Шибан ұлысында өмір сүріп, бір-біріне жақын
болған ру-тайпаларды Шибан ұлысының тайпалары немесе қысқаша атаумен шибанилар деп атап
кеткен. Шибан ұлысының аумағы Шығыс Дешті Қыпшақтың құрамдас бір бөлігі болғандықтан, ал
Шығыс Дешті Қыпшақтың тұрғындары ХІV ғасырдың екінші жартысынан бастап жалпылама
атаумен өзбектер деп аталғандығын, шайбанилар, яғни Шибан ұлысының тайпалары өзбек
этноқауымдастығының заңды түрдегі құрамдас бір бөлігі болып есептеледі.
Енді жазба деректерге сүйеніп, шибанилықтардың ру-тайпалық құрамын анықтап көрелік. Сол
арқылы бұл топтың шығу тегін де анықтауға болады.
Алғаш рет жазба дерек мəліметтеріне сүйеніп, өзбектер құрамындағы шибанилардың ру-тайпалық
құрамын анықтауға А.А. Семенов күш салады [9, 24-37-бб.]. Бұл мəселеге Б.А. Ахмедов, Т.И.
Сұлтанов өз зерттеулерінде арнайы тоқталған [10, 16-18-бб.; 11, 7-28-бб.]. Бұл үш зерттеуші Масуд
ибн Осман Кухистанидың дерегіндегі мəліметтерге сүйеніп, 1428 жылы жап-жас шибанилық сұлтан
Əбілхайырды хан тағына отырғызған жəне де оны кейінгі жылдары қолдаған тайпаларды шибанилық
тайпалар деп атайды да, оған: «қият, маңғыт, қаанбайлы (байлы), чинбай, қоңырат, тангут, иджан,
дурман, кушчи, утарчи, найман, украш-найман, тубай, таймас, джат, китай, барак, уйгур, карлук,
кенегес, уйшун, курлаут, имчи (ички), туман, минг, буркут, нукуз, шадбаклы, шункарлы, ойрат,
мажар жəне кипчак» тайпаларды жатқызады [9, 24-б.; 10, 16-б.; 11, 8-11-бб.]. Бұл тайпалардың жалпы
саны – 32. Мүмкін, «отыз екі баулы өзбек» деп аталатын тайпалар тобы – осы шибанилық тайпалар
шығар. Мұны əлі де болса терең қарастыру қажет. А. Вамбери еңбегінде берілген 32 баулы өзбек
тайпаларын жоғарыдағы 32 тайпа атауларымен салыстырғанымызда, қият, маңғыт, қоңырат, дурман,
найман, қытай, ұйғыр, кенегес, уйшун, ички, минг, нукуз, кипчак секілді тайпа атауларына екі нұсқа
да сəйкес келетінін аңғардық [12, 171-б.].
Бұл тайпалардың шығу тегі мəселесіне келсек, біз олардың көбісінің моңғол жаулап
алушылығына байланысты ХІІІ ғасыр басында Моңғолия аумағынан келгендігіне көз жеткіземіз.
Рашид ад-диннің дерегіндегі тайпалар негізінен үш топқа бөлініп, олардың біріншісіне – түрік
тайпалары, екіншісіне – түрік, бірақ қазіргі кезде моңғол деп аталатын тайпалар, ал үшіншісіне – тегі
түрік, бірақ бұрыннан моңғол деп аталған тайпалар жатты [13, 80-197-бб.]. Осы тұрғыдан алып
қарағанда, шибанилық тайпалардың бəрінің арғы тегі түркілік, моңғол деген атауға ие болып,
Қазақстан аумағына ХІІІ ғасырдың басында келген. Осы жерде қыпшақ, найман, қоңырат,
үйсін(уйшун) тайпаларына қатысты мынадай түсіндірме бере кетуді жөн көріп отырмыз. Бұл
тайпалар сан жағынан өте көп болып, олардың жекелеген бөлімдері мен бөлімшелері, тармақтары
əртүрлі ұлыстардың құрамында болғандықтан, олардың ортақ атаулары тек жекелеген ұлыстардағы
тайпалар тобында ғана емес, сондай-ақ түгелге жуық түрік тілдес халықтардың құрамында кездеседі.
Қыпшақ, найман, қоңырат, уйшун атауларының шибанилық топтан кездесуін біз, осы аталған
тайпалардың жекелеген рулары сол топта болған деп түсінуіміз керек.
Осылайша, өзбек этноқауымдастығының құрамындағы шибанилық топтың құрамын анықтай
келе, біз, олардың басым бөлігінің ХІІІ ғасыр басында моңғол жаулап алушылығына байланысты
Моңғолия аумағынан келген арғы тегі түріктік, жалпылама моңғол атауымен аталған тайпалар деген
қорытындыға келеміз.
Ибн Рузбихан атап көрсеткеніндей, өзбектер құрамындағы келесі бір тайпалар тобына – маңғыт
тайпалар тобы жатады. ХІV ғасырдың соңында Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында, кейіннен
Ембіге дейінгі жерлерде мекендеген үлкенді-кішілі тайпалар маңғыт деген ортақ атаумен аталғаны
белгілі. Бұл тайпалар Ноғай Ордасының этникалық негізі болып табылады. ХІV ғасырдың екінші
жартысынан бастап бұл аймақтағы тайпалар да өзбек этноқауымдастығының құрамында болып,
Ноғай ұлысының өзіне тəн ерекшелігіне, тарихи-географиялық жағдайларына байланысты бұл
өңірдегі тайпалар да өз бетінше топтасады. Бұларға маңғыт деген ортақ атау бірнеше себепке сай
берілген. Біріншісі, ол атау осы топтағы жетекші тайпаның атауы болса, екіншісіне – ұлыстың
билеушілері маңғыт тайпасынан шыққан билер болған. В.В. Трепавлов құрастырған «Ноғай ру-
тайпалары» деген кестедегі 70 ірі ру-тайпа атауларын 92 баулы «көшпелі өзбектер» тайпаларымен
салыстырғанымызда, біз бұл топтағы тайпалардың да түбі түріктік екендігіне көзімізді жеткіздік [14,
59
499-504-бб.]. Мұндағы тайпалардың ішінде де шибанилықтар секілді Моңғолия аумағынан келгендер
де бар. Бірақта шибанилықтардан бір ерекшелігі мұнда аз, аксюрют( деректе осылай жазылған -
авт.), алшын, байұлы, қаңлы, қыпшақ, киргиз, құла-аян, тама, тоғай, түркмен, уйшун, шөмішті, телеу
секілді жергілікті тайпалардың саны басымдау келеді.
Ал енді өзбек этноқауымдастығындағы үшінші тайпалар тобына тереңірек тоқталалық. Рузбихан
бұл топтағы тайпаларды қазақтар деп атағанын жоғарыда айттық. Қазақ атауы ол тайпаларға Қазақ
хандығы құрылғаннан кейін, яғни ХV ғасырдың 60-шы жылдарынан кейін берілгені белгілі. Қазақ
атауы этникалық мəнге ие болмай тұрып-ақ «көшпелі өзбектер» құрамында бұл тайпалар бірлестігі
болған. Төменде осы тайпалар бірлестігіне қатысты мəселелерді рет-ретімен шешуге тырысып
көрелік.
Алдымен, 92 тайпа ішінде қандай тайпалар үшінші тайпалар тобын құраған екен, соны
анықталық. Біз алдыңғы беттердің бірінде 92 тайпаның тізімін беріп, алғашқы ондықтағы алты
тайпаны бөліп көрсеткенбіз. Т.И. Сұлтанов анықтаған тізімдегі тайпалардың берілу принциптерінің
алғашқы екеуі осы алты тайпаның бір-бірімен қатар тұру себептерін көрсетеді. Бірінші принцип
бойынша тізімде бір-біріне жақын тұрған тайпалар – белгілі бір мемлекетте, саяси жүйеде ұзақ уақыт
бойы бірге болған тайпалар болып келеді. Олай болса, алғашқы ондықтағы алты тайпа –
Жалайыр,
Қоңырат, Алшын, Арғын, Найман жəне Қыпшақ тайпаларын біз бір аймақтан, бір ұлыстан, бір
мемлекеттен іздестіруіміз қажет. Жазба дерек мəліметтерін талдау, саралау барысында біз бұл
тайпалардың ХІІІ ғасырдың басынан бері Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен ұлысында өмір
сүргендігіне көзімізді жеткіздік. Алшын, Арғын, Қыпшақ тайпалары моңғол жаулап алушылығына
дейінгі кезеңде осы аймақтарда мекендеген жергілікті тайпалар болса, ХІІІ ғасырдың басында оларға
Моңғолия аумағынан түрік тілдес Жалайыр, Қоңырат, Найман тайпалары келіп қосылады. Бұл
тайпалардың Жошы ұлысы аумағында, оның ішінде Жошының үлкен ұлы Орда Ежен ұлысында
болғандығын жазба деректер тікелей айтпаса да, біз, ол туралы жанама деректер арқылы біле аламыз.
Орда Ежен ұлысындағы билеуші əулет өкілдерінің ХІІІ ғасырдың ІІ жартысында алған əйелдері
жергілікті ру-тайпалардың өкілдері екендігін Рашид ад-дин жазады. Оның мəліметінде Орда Еженнің
ең кіші ұлы Хұлағудың алған екі əйелінің бірі – Турбарчин-хатун қыпшақ тайпасының қызы болса,
осы Хұлағудың Темір-Бұқа атты ұлының əйелдері Қоңырат, Арғын тайпасынан, Орда Еженге немере
болып келетін Куинджи (Қоныша), Тумакан, Мұсылман секілді ұлдарының əйелдері Қоңырат,
Меркіт, Жаджират, Татар, Найман тайпаларының, ал ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың І
жартысында өмір сүрген Куйнджидың (Қонышаның) ұлдарының əйелдері – Керайт (Керей), Қоңырат
жəне Огунан (Уақ) тайпасынан болған [2, 67-б., 69-б., 71-б.]. Деректе көптеген ру-тайпалар атауының
берілмей қалуына қарамастан, бұл мəліметтер Орда Ежен ұлысында қандай тайпалардың
болғандығын хабардар етеді. Бұл тайпалар Орда Ежен ұлысының басты этникалық негізін құрап, ХV
ғасырдың ортасына дейін біртұтас этникалық жүйеде болады. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін де
Орда Ежен ұлысындағы Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ тайпаларын қазақ халқының
құрамындағы Орта жүзден кездестіреміз. Бұл тайпалардың Орта жүз құрамында болуының негізі,
осылайша Орда Ежен ұлысы кезінен бастау алады. Ұзақ уақыт бойы бір саяси-əкімшілік құрылымда
болған, бір-біріне өте жақын тайпаларды кейін келе қазақ шежіресінің кең тараған бір нұсқасында
Болат қожа атты кісіден тараған деп баяндайды [15, 56-б., 61-б., 63-б.]. Ал Жалайыр тайпасы
атауының 92 тайпаның ішінде жоғарғы қатардан орын алуын – оның Жошы ұлысы аумағында алатын
мəртебелік орнымен байланыстырамыз. Қадырғали Жалайри Жалайыр тайпасының Шығыс Дешті
Қыпшақ аумағында қандай рөл атқарғандығын: «Ұрыс ханның (Ақ Орда ханы Орыс хан) оңы
(маймене) мен солы (майсара) мынадай... Майсара Алаш мыңы болды, ол үш сан еді. Қатаған
қауымының өз араларында осы заманға дейін үлкендері белгілі. Ал Алаш мыңы арасында үлкені
тарақ тамғалы Жалайыр болады. Шыңғыс хан заманынан бері бір мəртебеден (ұлықтық) Тебре бекке
тиді. Одан Шайх Софы бекке тиді, одан Итбаға бекке тиді. Одан Қараш бекке тиді. Алаш мыңының
ағасы болып келген осылар еді. Олар Өзбекия арасында мəлім, мəшһүр», - десе, тағы бір жерде
«Шыңғыс хан заманында Сартақ ноян болған. Оның ұлы Жалайыр Саба еді. Оның ұрпағы Жалайыр
Тебре бек. Оның ұрпағы Айтөле бек еді. Ол белгілі мəлім-мəшһүр болған адам. Ұрыс ханның
ұрпағында ұлы əмір болған», - деп түсіндіреді [5, 126-б.]. Бұл мəлімет Жалайыр тайпасы ХІІІ
ғасырдан Қадырғали Жалайыр заманына дейін Орда Ежен ұлысы мен Ақ Орда мемлекетінде, одан
кейін Қазақ хандығында билеуші əулеттен кейінгі мəртебелі орында болып, тайпа өкілдерінің «ұлы
əмір» немесе «Алаш мыңының ағасы» лауазымы болғандығын дəлелдейді. Автордың «Өзбекия» деп
айтып отырғаны Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Өзбекстаны» парсы авторларының «Өзбектер елі»,
Рузбиханның «өзбектердің жазғы жəне қысқы жайылымдары» - яғни Шығыс Дешті Қыпшақ
территориясы. Ал Алаш мыңын біз, қазақ халқының өзіндік атауы деп түсінеміз. Міне, Жалайыр
тайпасының осындай рөліне байланысты «92 көшпелі өзбек» тайпаларының алғашқы тізімін
құрастырған автор бұл тайпаны жалпы тізімнің жоғарғы жағына қойған. Жалайыр тайпасының Орда
Ежен ұлысындағы, кейіннен Ақ Ордадағы, сосын Қазақ хандығындағы мəртебесі халықтың дəстүрлі
60
санасына терең сіңіп, Ұлы жүзде бұл тайпа ноқта аға болып саналған. Н.И. Гродеков: «Жалайыр –
қазіргі кезде Ұлы жүздің үлкені. Тойларда, табақ тартқанда бірінші болып табақ тарту үшін ноқта
ағасы Жалайыр бар ма деп сұрайды, үйлену тойларында жалайырлар бірінші болып əн бастайды», -
деп жазады [16, 7-б.].
Алшындардың шибанилық тайпалар тобында болмағанын Масуд ибн Осман Кухистанидың
дерегі дəлелдейді [17, 143-144-бб.]. Ноғай ру-тайпаларының құрамында алшындар Байұлынан бөлек
ХVІ ғасырдан бастап кездеседі [14, 499-б.]. Соған қарағанда, Алшындар ХІІІ ғасырда Орда Ежен
ұлысының құрамында болып, ұлыстың Ақ Ордаға айналуына, сондай-ақ Ақ Орда хандарының билігі
бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына таралуына байланысты жауынгер тайпа ретінде хандықтың
аумағындағы Сыр, Арал, Каспий өңірлеріне қоныстандырылған секілді. Санының көп болуы да
оларды мал шаруашылығына қолайлы жайылымдар қарастыруға мəжбүрлеген болуы керек. Тек қана
ХVІ ғасырда Батыс Қазақстан өңірінің Ноғай Ордасы құрамында болуына байланысты ондағы
алшындар ноғайлар құрамында айтылған.
Міне, осындай жағдайларға сай, Алшындардың Орда Ежен ұлысындағы тайпаларға жақын болуы
жəне тайпаның əскери-экономикалық қуатының күштілігі – оларды 92 тайпаның алдыңғы жағына
шығарды деп есептейміз.
Рузбихан бұл алты тайпаны Қазақ хандығы құрылғаннан кейін қазақтар деп жазса, ал оған дейінгі
атауын, біз шартты түрде ордаежендік тайпалар деп атаймыз. Өйткені, оның Шибан ұлысындағы
тайпаларды – шибанилықтар, Маңғыт ұлысындағы тайпаларды маңғыттар деп атағанын жоғарыда
атап өттік. Олай болса, Қазақ хандығы құрылғанға дейін Орда Ежен ұлысының этникалық негізі
болған бұл тайпаларды ордаежендіктер деп атау өте орынды.
1457 жылы Керей мен Жəнібек хандар бастаған осы ордаежендік тайпалар Əбілқайыр
хандығынан бөлініп, Моғолстанның батысындағы Шу өзені мен Қозыбасы тауы аралығындағы өңірге
қоныстанады. Сөйтіп, Қазақ хандығына негіз қаланады.Ал оның халқы алғашында «өзбек-қазақтар»,
ал Қазақ хандығының билігі Шығыс Дешті Қыпшақта толық орнауымен «қазақтар» деп атала
бастайды.
Біріншіден, ХІV ғасырдың ортасынан ХVІ ғасырдың басына дейін Шығыс Дешті Қыпшақ
аумағындағы «көшпелі өзбектер» этноқауымдастығын қалыптастырған 92 көшпелі тайпалар өз
ішінде аумақтағы үш əкімшілік құрылымға байланысты үш топқа бөлінген де, сол əкімшілік
атаулармен: маңғыттар, шибанилар жəне қазақтар (ордаежендіктер) деп аталған.
Екіншіден, əр топтағы тайпалардың құрамын тексеру барысында шибанилық тайпалардың тегі
түріктік, көбісінің ХІІІ ғасыр басында моңғол жаулап алушылығына байланысты Моңғолия
аумағынан көшіп келгендігі анықталды. Маңғыт тобындағы тайпалардың жартысы жергілікті,
жартысы Моңғолия аумағынан келген түрік тілдес тайпалар екендігі дəлелденді. Ал ордаежендік
тайпалардың да басым бөлігі дештіқыпшақтық жəне түріктік екендігі анықталды.
Үшіншіден, ХІІІ-ХV ғасырлардағы əртүрлі саяси жағдайларға байланысты əр топтағы
тайпалардың жекелеген рулары мен тармақтары басқа топтың құрамында кездесіп отырғандығын
анықтап, біз мұндай жағдайдың себебін ХІІІ ғасыр басындағы ұлыстардың құрылуы мен жаңа
əкімшілік-басқару жүйесінде əскери-əкімшілік принциптің негізге алынуымен байланыстырамыз.
Төртіншіден, ордаежендік тайпалар құрамында тек қазақ халқын құраған ру-тайпалар
кездесетіндіктен, біз бұл тайпаларды қазақ этносының негізгі ұйтқысы болған тайпалар деп
есептейміз.
Жалпы қорыта келе айтарымыз, қазақ халқының қалыптасуының аяқталуына «көшпелі өзбектер»
этноқауымдастығының ыдырап, одан ордаежендік тайпалар тобының бөлініп шығуы, сөйтіп олардың
қазақ деген этникалық мəндегі атаумен жеке дербес этнос ретінде танылуы алып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |