экономикалық формацияға» жинақтауға мүмкіндік берді. Ол:
өндіргіш күштер дамуының белгілі бір деңгейі негізінде пайда бола-
тын, олардың саяси және құқықтық құрылымына сай келетін өндіргіш
қатынастармен, қоғамдық сана, отбасы, тұрмыс сияқты формалармен
сипатталады.
Маркс пен Энгельс: «Адамдардың санасы олардың болмы-
сын айқындамайды, керісінше, қоғамдық болмыс олардың санасын
айқындайды», – деген қорытындыға келеді. Әлбетте, қоғамдық өмірде
миллиондаған адам әрекет етеді, онда олардың әрқайсысы саналы түрде
өзінің алдына белгілі бір мақсаттар қояды және соларды іске асыруға
талпынады. Бірақ бұл мақсаттардың барлығы және адамдардың талпы-
нысы бір-бірімен бәсекелесе, бір-бірімен қарама-қайшылықтарға түсе
отырып, тарихи үдерістің параллелограмын құрады.
Екі ғұлама да қоғамның дамуына тарихтың жүйелі сатыларынан
өту үдерісі ретінде қарады. Осы әбден дұрыс көзқарас тұрғысынан
алғанда, Кеңес Одағының ыдырауының терең себептерінің бірі –
большевиктердің «марксизмнің шығармашылық дамуы» дегенді жа-
лаулатып, әлі капитализмнің «қазанында қайнап үлгірмеген» Ресейге
социалистік даму жолын таңғаны болды.
Марксистік философияда оның негізін салушылар жоғарыда
аталған материализмді табиғи түрде диалектикамен – даму тура-
лы іліммен біріктіре алды. Маркс пен Энгельс басты, әрі маңызды
және Гегель қисынды талдау жасаған диалектикалық тәуелділіктер
мен қатынастардың табиғат пен қоғам өмірінің нақты үдерістеріне,
адамдардың тіршілік қарекетіне қатысатынын дәлелді түрде көрсете
білді. Егер, Гегель бойынша, бұл «Ай астындағы әлемде» бар-жоғы
жүріп өткен баспалдақтар ғана бар болса, ал шынайы даму адам рухы
саласында орын алса, онда марксизм тұрақты қозғалыста болатын
және ішкі қарама-қайшылықтарды жеңу арқылы дамитын нақты
материалдық дүниенің өзін көрсеткен. Олай болса, қоғамның негізгі
қозғаушы күші – ол өндіргіш күштер мен адамдардың өндірістік
қатынастары арасындағы қайшылықтар болып табылады.
Материалдық әлемнің диалектикалық сипатын түсінуге ерек-
ше үлкен үлес қосқан Энгельс болды. «Анти-дюринг» және «Табиғат
диалектикасы» деп аталатын еңбектерінде жансыз және жанды
табиғатта, қоғамдық дамуда, адамдардың рухани шығармашылығында
және іс жүзіндегі тіршілік қарекеттерінде диалектика заңдары мен
санаттарының қалай пайда болатынын ол егжей-тегжейлі, соны-
мен қатар жалпыға ұғынықты етіп түсіндіріп берді. Қоғам өмірін
215
талдай келе, Энгельс те, Маркс сияқты, капиталистік қоғамдық
қатынастардың соншалықты қатыгез, қарапайым адамдардың өмір
сүру жағдайларының аянышты екенін, ал оларды қанаудың адам
төзгісіз деңгейін өкінішпен баяндайды. Осының бәрін ол «Англиядағы
жұмысшы таптың жағдайы» деген жұмысында нақты фактілер келтіре
отырып керемет көрсетіп, сол арқылы өз заманындағы қоғамдық
пікірге үлкен ықпал етеді. Ол мұндай жағдай мәңгі болмайтыны-
на, оның осы қоғамның қоғамдық қарама-қайшылықтарын жеңу
нәтижесінде өзгеруге тиіс екеніне сенді.
Егер Гегель диалектикалық өзгерістердің себебін қоғамдағы
ұлттардың іс-әрекетінен көрсе, Маркс оны әлеуметтік таптардың
іс-әрекеттерінен көрді. Өз заманының көпшілік ойшылдары сияқты,
ол да адам қоғамының жарқын болашағына сенді және басқаларға
қарағанда, осы жарқын болашаққа жеткізетін күш – тек жұмысшы
табы ғана болып табылады деп санады.
Маркс пен Энгельс пролетариаттың бұл міндетін қалай негіздеді?
Бәрінен бұрын, пролетариаттың қоғамға қажетті барлық негізгі
материалдық игіліктерді өндіретіні туралы тезис арқылы. Оның
үстіне, пролетариат қоғамның ең үлкен әлеуметтік тобын құрайды
ғой. Сондай-ақ ол меншіктің ешқандай түрімен байланыспаған,
сол себепті әділ қоғамның орнауына мүдделі. Егер мыңжылдықтар
бойы адамзаттың өркениетті дамуы аясында шағын шығармашылық
әлеуметтік топ – зиялы топ, яғни интеллигенцияның рөлі жетекші деп
жорамалданып келсе, енді жұмысшы табын қоғамның жетекші күші
деп тану – сол кездегі қоғам үшін тосын және естен тандыратындай
болды. Жұмысшы табының жетекшілік рөлін мойындаудан оның
диктатурасы идея-сына дейін бір-ақ адым қалған-ды. Бұл тұрғыда
Маркстің замандасы – орыс ойшылы, сенімдері бойынша анархист
М.А.Бакуниннің көрегендігін мойындаған жөн: ол пролетариат
диктатурасының қантөгіс тоталитарлыққа жеткізетінін айтқан.
Бірақ бұл қоғамдық қатынастар дамуының белгілі бір кезеңі іспетті
социализмнің маңызын еш кемсітпесе керек: оған қазіргі заманғы
дамыған қоғамдардағы әлеуметтік бағдарламалардың шешімдері
нақты дәлел бола алады. Сөздің кең мағынасында социализм адамдар
арасындағы айырмашылықтар сақталған кездегі қоғамның әлеуметтігі
болып табылады. коммунизм идеяларына келсек, онда бұл жерде,
дау жоқ, белгілі бір іске аспайтын қиял – утопизм орын алады.
Марксизмнің таным теориясы да әлемді диалектикалық-
материалистік түсінуге негізделген. Маркске дейінгі материалистер
216
адамның қоршаған дүниені танып білуін оның сезімдік пайымда-
уы деп түсіндірді. Қоршаған әлемдегі заттар адамның сезіміне әсер
етеді және сол заттарды тек қабылдайды, ал белсенділік сыртқы
дүние заттарының өздеріне берілген. Маркс бойынша, кез келген та-
ным субъект (адам) пен объектінің (адамның танымдық әрекеттері
бағытталған заттар, құбылыстар) өзара іс-әрекеттерін білдіреді. Адам
назарынан және іс-әрекетінен тыс жатқан заттар мен құбылыстар
тек Табиғаттың шикі материалы болып табылады. Міне, сондықтан
адамның ойлауының негізі – Табиғат қана емес, сонымен қатар
адамның іс-әрекеті арқылы оны өзгерту қажеттігі. Ал осы өзгерту
барысында ойлау дамиды, демек, адамның қоршаған дүниені танып
білуі орын алады. Сөйтіп, адамның белсенділігі нәтижесінде ғана
табиғат заты танылады және адамдардың қажеттіліктерін өтеу үшін
өзгерістерге ұшырайды. Әлемді нақты танып білу – оны адамның
игеруі болып табылады.
Маркстік философия теориялық емес, бәрінен бұрын практикалық,
яғни іс жүзіндегі мәселе болып табылатын шындық мәселесіне де жаңа
идеялар енгізеді. Шындық туралы өмірден, тәжірибеден алшақ жатқан,
таусылмайтын айтыс-тартыстар тек схоластикалық теориялауға әкеліп
соқтырады. Философтар әртүрлі жолдармен дүниені түсінуге ғана
әрекет жасады ғой, ал мәселе оны өзгерту қажеттігінде жатыр. Олар кез
келген философиялық қағидалардың келешекте ғылым мен қоғамдық
өмірдің дамуы барысында сөзсіз өзгеретініне, нақтыланатынына, байи-
тынына сенді.
адам мәселесін қарай келе, Маркс пен Энгельс Фейербахтың
биологияға қатысты көзқарасын қатаң сынға алды. Адамның
биологиялық-әлеуметтік табиғатын мойындай отырып, олар бұл
мәселеге жүйелі көзқарасты іске асырды. Маркс адамның мәні
қоғамдық қатынастардың «ансамблі» болып табылатынын көрсетті.
Ол Гегельді адамды тек Дара Идеяны өздігінен танып білу құралына
айналдырғаны үшін жазғырды. Маркс пен Энгельстің ойынша, адам
тарихты өзінің көпқырлы қызметі, іс-әрекеттері барысында тудырады
және соның нәтижесінде өзі де өзгереді. Болашақтағы коммунистік
қоғамда зорлық-зомбылық, қылмыс, тойымсыздық, көреалмаушылық
және басқа да күнәлар оған жат болатын жаңа адам дүниеге келеді.
Ал бұл құқықтық мекемелерге, тіпті қоғам институты саналатын
мемлекеттің өзіне де қажеттілік жойылатынына жеткізеді.
Маркс пен Энгельс мұрасында дінге көзқарас мәселесі ерекше орын
алады. Маркстің пікірінше, діннің бастаулары аспанда емес, жерде,
217
«... дін – ол әлі өзін таппаған немесе өзін енді қайтадан жоғалтқан
адамның сана-сезімі және өз-өзін сезуі. Бірақ адам – дерексіз, әлемнен
тыс бір жерді паналап жүрген тіршілік иесі емес. Адам – ол адамның
әлемі, мемлекет, қоғам. Бұл мемлекет, бұл қоғам дінді, жалған
дүниетанымды тудырады, өйткені олардың өздері – жалған әлем»
(Маркс К., Энгельс Ф. Шығ. – 1-том. 414-бет).
Ол «социализм қалай дамыса, діннің солай жоғалатынына, ал оның
жоғалуы қоғамдық даму, яғни тәрбиеге үлкен мән берілетін даму
нәтижесінде болуға тиіс екеніне» сенімді болды (Маркс К. Энгельс Ф.
Шығ. 45-том. 474-бет).
Маркстің барлық ой-пікірлерінің ішінде «күресу» деген сөздің жоқ
екенін (қарсыластары оны сол үшін жазғырады) ерекше атап айтқан
жөн. Кейіннен: «Біз дінмен күресуге тиіспіз. Бұл – бүкіл марксизмнің
әліпбиі», – дегенді айтқан Ленин еді (В.И.Ленин. Шығ. толық жин. –
17-т. 418-бет). Біздің ойымызша, «Дін – халықты улайтын апиын» деген
формуласына Маркс біршама басқадай мағына берсе керек. Маркстің
заманында апиын ауруды жазатын дәрі болған және адамды бұзатын,
оны құлдырауға жеткізетін есірткі ретінде қабылданбаған.
Бүгінгі күні марксизм туралы кімде-кім не жазса да, не айтса
да, ол – ерікті немесе еріксіз, ашық немесе жасырын түрде бір ғана:
«Өзін социалистік деп жариялаған біздің қоғамымыздың мүлдем біз
қалағандай болып шықпағанына Маркс кінәлі ме?» – деген сұраққа
жауап беруге тырысады.
Алғашқы жауап төмендегідей сипатта: Маркс те, Энгельс те, Ле-
нин де бұрынғы КСРО мен социалистік бағыт ұстаған басқа да елдер-
де орын алған өзгерістерге кінәлі емес. Аталған өзгерістер – Сталин
мен оның ізбасарларының марксизмді саналы түрде және қасақана
пиғылмен бұзып көрсеткенінің нәтижесі.
Осы дәстүр арнасында маркстік теорияның негізгі құндылықтарын
кейбір ғалымдар мен публицистер ескі, қасаң қағида түрінде көрсетіп
келген. Марксизмді бұзып көрсеткені үшін сталинизмді әділетті
жазғыра отырып, бұл көзқарасты жақтаушылар сонымен бірге Маркс
пен Энгельстің мұрасына, оның теориялық-әдістемелік пікірлеріне
қандай да бір сыни көзқарастың болуы мүмкіндігін шын мәнінде жоққа
шығарады және сол арқылы олардың шығармашылық мұрасындағы
кейбір қарама-қайшы ойлардың тұралап қалуына себеп болады.
Екінші жауап – осы уақытқа қарай басымдық алып келе жатқан
балама үрдіс: марксизмге бастапқыдан-ақ дұрыс емес немесе уақыт
218
өте келе дұрыс болмаған қағидалар негіз болғанына, ал оларды іске
асыру үшін жасалған әрекеттердің кейіннен социализмнің әртүрлі
өзгерістеріне әкеліп соқтырғанына сендіреді.
Марксизмнің осы тектес «тұжырымдамалық» кемшіліктеріне
көбінесе: Маркс пен Энгельстің нарықтық шаруашылықты, капита-
лизмнің өздігінен даму қабілетін жете бағаламағандығы; олардың
таптық көзқарасты даралағаны; жалпыадамдық құндылықтарды, де-
мократияны, гуманизмді, қоғам дамуының эволюциялық жолдарын
жеткіліксіз бағалағандығы және, тиісінше, күрестің революциялық,
әсіресе озбырлық әдістерін асыра бағалағандығы жатқызылады.
Кейбір авторлар олардың қоғамға деген көзқарастарының бос
қиялдығын сөгеді және олардың ойынша, Ленин ғана алғаш рет әскери
коммунизмнен жаңа экономикалық саясатқа (ЖЭС) өту барысында
нарықтық шаруашылыққа, қоғамдық өмірдің демократиялық формала-
рына нигилистік, яғни дәлелсіз жоққа шығаратын көзқараспен қарауға
мәжбүр болған.
Осы, бір қарағанда, мүлдем кереғар үрдістердің негізінде біздің сана-
мызда қалыптасып қалған: «Маркстің теориясында келешек қоғамның
егжей-тегжейлі зерттеліп әзірленген тұтас тұжырымдамасы бар»
болғаны туралы мифке құрылған көзқарас жатқанын дәлелдеуге бола-
ды. Ол кезде үш маңызды нәрсе, әйтеуір, «ұмытылып қалады».
Біріншіден, социализмнің бізде болған тұжырымдамасының негізгі
бөлігін құрған тіпті де марксизмнің негізін салушылар емес, демек,
Маркс те, Энгельс те оның түбегейлі жасалуы үшін жауапкершілік
көтермейді.
Марксистік теорияның мазмұнына деген осындай қасаң қағидалы
көзқарас себептерінің ішінен марксизмнің пайда болуы мен
дамуының тарихи түйінінің жеткілікті дәрежеде есепке алынбағанын
атап көрсетуге болады. Кейбір жұмыстардың авторлары Маркс
пен Энгельстің әртүрлі тарихи кезеңдерге жататын еңбектерінен
алып, ондағы ойлардың қандай жағдайларда туғанын, кімдерге
бағытталғанын, кейіннен әлдебір авторлардың қандай түзетулер
жасағанын ескерместен, жапа-тармағай дәйексөздер қолданып жата-
ды. Бүгінгі таңда біздің өте-мөте қазіргі заманғы шындықтарымыз
бен көзқарастарымыз XIX ғасырдың нақты шындықтарымен астасып
(кескінделіп) жатады, дегенмен ғылымда бұл тәсіл қашанда тыйым
салынған болып саналады.
Маркс пен Энгельсті, мысалы, Пруссия реакциясында немесе бона-
партизмге қарсы күресте демократиялық еркіндіктердің жалпыадамдық
219
маңызын жете бағаламады және қоғамдық өзгерістердің озбырлық
жолдарын ұсынды деп кінәлау мүлдем дұрыс емес. Әйтпесе осылай-
ша оларды XIX ғасырдың ортасындағы ғаламдық экологиялық және ол
уақытта әлі бола қоймаған басқа да мәселелерді жете бағаламады деп
күстаналауға болушы еді.
Екіншіден, қазіргі заманның көптеген авторлары Маркстің ілімін
барлық социалистік ойдың дамуы үдерісінен тыс қараудың жаман
дәстүрімен жүретіні сын көтермейді. Мысалы, онда демократия
мәселесі маңызды орын алған. Бірақ еуропалық тарихтың әр кезеңінде
ол бір немесе басқа елдің нақты жағдайларына, өмір сүрген уақытына,
ұлттық және мемлекеттік дәстүрлеріне байланысты мейлінше нақты
қабылданатын. Маркс пен Энгельстің демократияға қатынасы да соған
сәйкес қалыптасқан.
Үшіншіден, Маркстің де, Энгельстің де ешқашан библиялық апос-
толдар рөліне ынтықпағанын есте ұстаған жөн. Оның үстіне, олардың
өздері әлеуметтік теорияға соған ұқсас көзқарас болғанын қаламаған.
1881 жылы, яғни қайтыс боларынан екі жыл бұрын, Маркс Фердинанд
Ньювенгейске жолдаған хатында: «Болашақ революция әрекеттерінің
бағдарламасына алдын ала теориялау, сөзсіз фантастикалық тұрғыда
масаттану – біздің назарымызды бүгінгі күнгі күрестен басқа жаққа ау-
дару ғана болып шығады», – деп жазды. Ал содан кейін он жыл өткенде,
Энгельс француздардың «Фигаро» газетіне берген сұхбатында: «Біз
тұрақты, үздіксіз даму жағындамыз... және біздің адамзатқа қандай
да бір түпкілікті заңдарды телитін ниетіміз жоқ. Болашақ қоғамды
ұйымдастырудың егжей-тегжейіне қатысты алдын ала дайын
пікірлер дейсіз бе? Сіз біздің тарапымыздан тіпті ешбір ишара да
таппайсыз», – деген-ді.
Ал, ақыр соңында, бүгінгі күні марксизммен күрескісі келетіндерге
арнағандай: «Біз үшін түбегейлі шешімдер мен мәңгі шындықтарды
талап ету – кез келген мағынасын үзілді-кесілді жоғалтқан; біз
білімдеріміздің қажеттілігі бойынша шектеулі және оларға қол
жеткізудің жағдайларына байланысты екенін ешқашанда ұмытпай-
мыз», – дегенді айтқан.
«Марксизмді түсіндірушілер Марксті өзгертіп жіберді» және ал-
дында Аристотель мен оның шәкірттерін құтқарғандай, «оны марк-
систерден құтқаруға тура келді» деп санайтындармен келіспеуге бол-
майды. Алғашқылардың бірі болып бұл туралы ашық жариялаған
Карл Поппер еді. Маркстің өзі де қайтыс боларынан аз уақыт бұрын
220
ізбасарларының көп жағдайда оның ілімін экономикалық детерминизм
рухында өрескел бұрмалайтындарын көріп: «Егер бұл марксизм болса,
онда мен марксист емеспін», – деп қынжылған-ды.
Әлбетте, Маркс пен Энгельс өз заманының аса көрнекті ойшылда-
ры болды. Алайда әлемдік тарих үдерісіне үлкен ықпал еткен терең
көріпкелдіктерімен қатар, олар қателіктерден де ада болған жоқ,
өйткені, Маркстің өзі атап өткендей, «адамға тән нәрсенің барлығы
оларға да жат болмаған». Егер олардың еңбектерін объективтік
көзқарас тұрғысынан қарасақ, оларда терістен гөрі, оң басым.
Маркстік философия – адам табиғаттың дүлей күштерінен үстем
тұр және оларды тұлғаның жан-жақты дамуы, өз жоспарларын іске
асыруы үшін түрлендіруге, өзгертуге болады дейтін қағидалары
бар еуропалық рационализмнің қисынды аяқталуы іспетті. Алайда
кейіннен еуропалық философияда рационалдық дискурстан (пайым-
даудан) түңілу орын алды. Соның нәтижесінде, философиялаудың
жаңа, яғни алдыңғы классикалық философиядан алшақтаған форма-
лары пайда болды.
Бірақ марксизмді ұмытуға әзірше ерте. Бір нәрсе айқын: марксизм –
адамзат тарихында үлкен рөл атқарған ұлы ілім. Алайда бұл ілім әлі
аяқталған жоқ. Платон мен Аристотельдің, Әл-Фараби мен Канттың
және басқаларының ілімі сияқты, Маркс пен Энгельстің іліміне адам-
зат әлі көптеген жүзжылдықтар бойы жүгінетін болады.
221
7-тарау. классикалыҚ емес ФилОсОФиЯ.
иРРаЦиОнализм
7.1. неміс классикалық философиясынан –
қазіргі заманға дейін.
Рационализм қағидаларын басқаша ойлау.
иррационализм
Сонымен, алдыңғы тарауларда көрсетуге әрекет еткеніміздей,
XVIII ғасырдан бастап, батысеуропалық философияда рациона-
лизм шығар шыңына жетіп, Жаңа заман философиясының шынайы
іргетасына айналды. Материализм мен идеализм арасындағы маңызды
айырмашылықтарға қарамастан, бұл бағыттар өздерінің адамның
ақыл-парасатына, адамзаттың сәулелі болашағына сенімі бойынша бір
пікірде болды. Сол ғана барлық білімдерге қолайлы әдісті бере ала-
ды, мораль, саясат, еркіндік негізін құрады деп саналды. Ақыл-парасат
ұстанымдарында жетілген мемлекет құруға болады, тіпті тарихты
да ақылдылық тұрғысынан түсінген абзал. Алайда XIX ғасырдың
ортасындағы буржуазиялық қоғамдық қатынастар бұл жүктелген
сенімдерді ақтамады. Ұлы француз революциясы сол заманғы
қоғамның өмірінде түбегейлі төңкеріс жасап қана қойған жоқ, соны-
мен бірге адам айтқысыз зорлық-зомбылыққа және қантөгіске жеткізді.
1848-49 жж. революциялар да соған ұқсас аяқталды, ал 1871 жылғы
Париж коммунасының жеңілісі марксизмде пролетариат диктатурасын
орнату қажеттігін туғызып, сол кездегі зиялы қауымның айтарлықтай
бөлігінің революциялық ниет-райынан қайтып, ілгерілеуге сенуден
айнып, қоғамдық өмірді ақыл-пайыммен құру мүмкіндігіне бет бұруға
келтірді.
Жоғарыда көрсетілген және басқа да себептер сол кездің зиялы
қауымының белгілі бір топтары арасында рационализмге, классикалық
философияға, дискурсивтік ойлауға (лат. – discursus – пайымды,
қисынды негізделген пікірлер) қарсы көзқарас туғызды. Рациона-
лизмге: танымда, мінез-құлық әрекеттерінде, дүниетанымда, сондай-
ақ тарихи үдерістерде шешуші фактор – ақыл күштері емес, ақылға,
парасатқа, даналыққа кереғар рухани бастаудың қиық-кескіндері (мы-
салы, түйсік, ішкі сезім, соқыр сенім, сүйіспеншілік сезімдері және
т.б.) болып табылатын иррационализм (лат. – irrationalis – пайымсыз)
қарсы қойылды. Философиямен айналысудың жаңа формаларын
қарқынды іздестіру басталды. Бұл қозғалыстың басында неміс филосо-
222
фы а.Шопенгауэр және дат діни ойшылы с.кьёркегор тұрды. Бәрінен
бұрын олар Г.Гегельдің философиясын сынауды бастады.
Гегельдің рационализмін сынауды бірінші бастаған неміс филосо-
фы Артур Шопенгауэр (1788-1860) болды. Өз ойларын ол «ерік және
көрініс іспетті әлем» деген іргелі еңбегінде баян етті.
Бірақ Шопенгауэр философиясының негіздерін түсіну үшін,
Фихтенің: «Адам қандай болса, оның философиясы да сондай», – де-
ген сөздерін еске алып, ойшылдың өмірбаянының кейбір деректеріне
қысқаша болса да тоқталып өткеніміз жөн.
Артурдың ата-анасының терең ішкі қайшылықтар күйіне түсуі
баланың жан дүниесі мен көңіл күйіне ауыр салмақ болды. Әйелімен
ажырасқаннан кейін екі жыл өткенде, 1805 ж. әкесі өз өмірін өзі қиды.
Артурдың анасы Иоганна Шопенгауэр заманында талантты және та-
нымал жазушы болғандықтан, өмірін тапшылықты елең қылмайтын,
алаңсыз (богемдік) ортада өткізді. Гете, Шлегель сияқты даналар
оған қамқорлық көрсеткендіктен, анасы Артурды ең бір талантты
адамдардың қатарына енгізді. Алайда баласы анасын жек көретін,
сөйтіп, ол 1814 жылы одан біржола қол үзді.
Шопенгауэрдің ашуланшақ, кекшіл мінезі, сондай-ақ әйелдерге
деген жеккөрініш сезімі дәл осы отбасында қалыптасты («Әйелдер
туралы» эссе). Ол жалғыздығы үшін барлығына да ызалы еді. Оған
Гегельдің атағы маза бермеді. Қалайда оны бір «тұқыртып» қалу
үшін, Артур Гегель дәріс оқитын Берлин университетінде дәріс оқуға
кірісті. Бірақ студенттер Гегель дәрісханасын тастап шығады деген
үміті ақталмады: Шопенгауэрдің дәрісіне оннан аспайтын адам ғана
қатысты. Бұл оны одан сайын ызаландырды. Кітаптарын ешкім сатып
алмады, ал оған Гегельді кінәлады...
Бірақ Шопенгауэрдің ерік-жігері мен жұмысқа қабілеті ерекше еді.
Ол жаңа еңбектер жаза-жаза, ақырында, даңққа жетті.
Оның пікірінше, әлемдік үдерістің негізінде соқыр, санасыз
күштің – өмірге деген ерік-құштарлықтың күші жатыр. Бұл күш те
өмірдің өзіндей мағынасыз, ал адамның өмірі тіпті мағынасыз. Оның
мағынасыз болатын себебі – әрбір адамды өлім күтіп тұрса, көпшілік
адамдар қорғансыз қарттықты, ауру-сырқаулықты бастан кешеді,
қайғы-қасіретке тап болады. Бірақ өмірге деген құштарлық бізді ал-
дамшы елес тұзағына түсіріп, жат, бөтен әлемге жетелейді. Олардың
алғашқысы – жыныстық құштарлық, ұрпақ жалғастыру түйсігі.
Алайда бәрі үшін ақы төлеу керек қой. Сөйтіп, біз өмір бойы әлдебір
уақытта әкеміз құмарлыққа батып жүріп «қол қойған вексель бойын-
223
ша» ақы төлеп келеміз. «Оптимизм, – деп қорытады ойшыл, – адам-
затты қорлаудың ең бір аяусыз және жексұрын түрі». Бірақ адамның
таңдауы бар. Бұл – өмірге деген құштарлықты өлтіру, яғни ертедегі
индустар көре білген шындықты қабылдау (бұдда дінінің нирвана –
жұмақ туралы ілімі).
Санадан тыс Әлемдік ерік енді көп ұзамай өзінің өмірге деген
шексіз ұмтылысымен әлем негізіне жатады екен, онда алдыңғы фило-
софия ұсынған: материя, сана, рух, атом, монада және басқа санаттар
жарамсыз деп жарияланады, өйткені әлем басынан-ақ ақылға сыймай-
тын, қисынсыз болды емес пе. Сөйтіп, Әлемдік ерік философияның
негізгі санаты деп танылды.
«Ерік» санаты алдыңғы өткен философияда қаралмады деп сендіру,
әрине, қателік болар еді. Ертеде «сана» және «ерік» санаттары әлі бір-
бірінен ажырамаған-ды. Сократ адамның жаман қылықтарын оның
білместігінің нәтижесі деп санайды. Егер ол оның жаман екенін білсе,
олай істемеген болар еді. Алайда Орта ғасырларда Августин ондай
көзқарасты толық жоққа шығарды. «Мен бұның жаман екенін білемін,
бірақ мені соған тартып тұрады, сондықтан мен соны істеймін де,
«күнәға» батамын». «ақыл біледі, бірақ ерік таңдайды» – осы қолдан
жасағандай формулада Августин соңғы сөздің ерікке тиесілі екенін
мойындайды. Діни ойшыл адамның күнәһарлығының негізгі себебін
дәл осы адам еркінің бастапқы Құдай жолынан ауытқығанынан көреді.
Жаңа дәуірде Кант нақты, іс жүзіндегі ақылдың басымдығын
көрсете келе, оның «ерік бостандығын» негіздеді. Бұл идеяны ары
қарай дамытып, Фихте Әлемнің пайда болуының өзін еркін еріктің
үлкен «МЕНінің» әрекетінен көрді. Алайда, қалай болғанда да, Шо-
пенгауэрге дейін бұл санатты ешкім де философияның негізгі түсінігі
деңгейіне көтере алған жоқ.
Шопенгауэр бойынша, біртұтас әлемдік ерік әлемнің негізінде
жатыр және ол өзінің шексіз формаларында көрінеді. Ерік – әлемнің
танылмаған күштеріне теңестірілген, өздігінен жетілген бастау, өйткені
бар нәрсенің бәріне ерік құлшынысы тән. Өзінің мәңгі санадан тыс
қалыптасуында, өмірге мақсатсыз құштарлығында ол күйзелістерді
тудырады. Оған қандай да бір заңдылықтар жат, сондықтан ол үнемі
қанағаттанбаушылық сезініп, заттарды бөледі, қағыстырады, мәңгі
ізденіс, өз-өзімен күресуді жалғастырып, қайтадан сындырады,
күйретеді. Әлемнің алғашқы себебі ретінде Ерік тойымсыз алапат
құштарлықты, қараңғы, соқыр құлшынысты білдіреді. Ол әлсіреген
224
ызақорлықпен өткір тырнақтарымен өз-өзін жарақаттайтын құтырған
аңға ұқсайды.
Жансыз табиғатта Ерік өзін тартылыс және кері тебу күштерінде,
химиялық қоспалар мен іріп-шірулерде т.б. көрсетсе, ал тірі, жанды
табиғатта өмірге ұмтылыста және тіршілік ету үшін өзара күресте,
ұрпақ жалғастыру мақсатындағы жыныстық сезімде көрінеді. Парасат
және адамгершілік тұрғысынан адам неғұрлым жетілген болса, басына
соғұрлым көп қарама-қарсылықтар мен күйзелістер түседі. Әлеуметтік
өмір – ол іштарлық, жалғандық, надандық және екіжүзділіктің сах-
насы. Өмірге келетін жаңа ұрпақ алдыңғы ұрпақтың сол қателіктері
мен адасушылықтарын қайталайды, қоғамды адамгершіліксіз адамдар
басқарады, ал ғылыми жетістіктер жамандықты жүзеге асыру үшін
пайдаланылады.
Моральдық саланы айтсақ, онда соңғы жүзжылдықтарда онда
ешқандай да алға жылжу болмады: бұрынғыша қан төгіліп, алдау,
зорлық-зомбылық, қанау және басқалары болып жатыр, азаюдың орны-
на, олар өршіп барады. Үнемі үрейлену және сенімсіздік жағдайында
өмір сүру – адам өмірінің нормасына айналды.
Сонымен, А.Шопенгауэр бойынша, әлем жамандыққа толы және
оның басты кінәлісі – Әлемдік еріктің өзі. Ол саналы болмауы себепті
жолында басқа жаңа қылмыстарды жасай отырып, өзінің іс-әрекеттері
үшін жауапкершілік көтермейді. Бұл жерде дүниеге адамның келуіне,
оның санасына байланысты жалғыз ғана үміт пайда болады. Адам ғана
осы Әлемдік ерікке қарсы тұрып, тарихтың қасіретті жолына тосқауыл
бола алады. Бірақ ол үшін адам философиялық деңгейде Әлемдік
еріктің терең мәніне жетуге, содан кейін екі кезеңнен: эстетикалық
Достарыңызбен бөлісу: |