М. Ж. КӨпеевтің 155 жылдығына арналады


М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ



Pdf көрінісі
бет7/31
Дата12.03.2017
өлшемі1,82 Mb.
#8949
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   31

М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
Жібермей жүр шығуға биік өрге,
Қорғалатар қайдағы тау мен жерге.
Ұйтқып соққан борандай ұйлықтырып,
Күнде-күнде түсіріп қара терге (52 б.).
Міне, мұндағы «он бес» сөзі он жердегі бес, 
яғни елу дегені, «біреуі-ақ кем» түсіндірмесі осы 
жолдарды  жазып  отырғанда,  жасының  қырық 
тоғызда  (яғни  1907  жылы)  екенін  ескерткендігі 
анық.  Лирикалық  қаһарманның  бір  түгіл  он 
«беске»,  яғни  49-50-ге  келіп  отырып,  алғашқы 
бес жасындағыдан көп ұзамағанына назалануын 
ақын әсерлі жеткізген. Алғашқы бес жастан кейін 
уақыттың көп өткенін айнаға қарағанда зәрені алған 
сақал-шаш өзгерісі бұлтартпай дәлелдесе, келер 
шумақтағы «өмір бойы аң қуып алмай жүрген» 
жағдай, яғни ақынның діттеген мақсатына жетпеуі, 
соған қынжылуы көңіл бөлерлік. Бұл нәтижесіздік 
себебі ақынның өзінде емес, заманында екені соңғы 
шумақта  ишаратпен  берілген.  Яғни  біреулердің 
лирикалық  қаһарманды  биік  өрге,  демек  ақын 
арманын  жинақтап  заттандырып  кескіндеген 
өрге (шынында табиғаттағы өрге шыға алмауды 
әйгілеп тұрмағаны мәлім ғой) жібермей жүргені, 
ол аз болса, «қайдағы тау мен жерге» қорғалатып, 
соған қоса, «ұйтқып соққан борандай ұйлықтырып» 
«күнде-күнде... қара терге» түсіруі бейнеленген. 
Мұның  бәрі-  лирикалық  қаһарманның  мақсат, 
арманын да, оған қарсы тұрушылар әрекетін де 
жинақтап,  деректі:  өр,  тау,  жер,  боранға  балап, 
ұтымды жеткізу үлгілері.
Төрт шумақтан тұратын мұндай туынды ғана 
емес, не бары төрт, не сегіз тармақтан құралған 
дербес өлең түрлері де Мәшһүр-Жүсіпте аз емес. 
Шалқар  ойды  шағын  өлеңге,  оның  ішінде  төрт 
жолды  шумаққа  сыйғызу  жалпы  шығыс,  оның 
ішінде  X-XIV  ғасырлардағы  араб,  парсы,  түркі 
поэзиясына  тән  құбылыс  екенін  біз  Әбу-Насыр 
Әль-Фараби (Х ғ.), Жүсіп Баласағұни (ХІ ғ.), Омар 
Һаям (ХІІ ғ.), Қожа Хафиз (XIV ғ.) т.т. өлеңдерінен 
білеміз.  Мәселен,  Жүсіп  Баласағұнидің:  «Тіл-
арыстан:  есік  баққан  ашулы,  //  Сақ  болмасаң, 
жұтар, ерім, басыңды»,- тәрізді екі жолдық өлеңін 
жеке алсақ та, біткен, аяқталған ойды да, идеяны да 
ұшырастырамыз. Осы дәстүрді Мәшһүр-Жүсіптің 
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында 
өзінше өрбіткенін мына үлгілерден көреміз:
 Әр істі ойлау керек әуел бастан,
 Не пайда өнері жоқ жігіт жастан.
Мәз болма мұнарланып көрінгенге,
Кісі жер жемісі жоқ тау мен тастан (28 б.).
Дос қой деп ішкі сырын түгел айтып,
Опық жеп жүрген жан көп аңдамастан.
Бір өрттен қалмайтұғын қалың қаудай, 
Баянсыз бақ-дәулетке болма мастан (29 б.).
Үрген қуық- бүгінгі жұрттың басы,
Бас болса, болар еді көздің жасы.
Таққа мініп, басына тәж қойғанмен,
Иттің кетпес ойынан жерік асы (79 б.).
Қаңтар мен ақпан болды күз орнына,
Сылдырлап сырнай шықты сөз орнына.
Жылтыраған екі тас орнатылды,
Бұрынғы қайран сәуле көз орнына (79 б.).
Көріп  отырғанымыздай,  мұндағы  әр  төрт 
жолдық  туындыда  шығарманың  тақырыбы  да 
ашылып, идеясы да тамамдалып бітіп тұр. Бірінші 
туындыда алдымен әр істі басынан ойлау керектігі 
діттелсе, ондағы екінші тармақта «өнері жоқ жігіт 
жастан»  пайда  жоқтығы  мәлімделіп,  үшінші, 
төртіншіде құр мұнарланып көрінгенімен, тау мен 
тастың «кісі жер жемісі жоқ» екенін шегелеумен 
шығарма  аяқталып  тұр.  Екіншіде  «дос  қой  деп 
ішкі  сырын  түгел  айтып»  жүргендердің  опық 
жеуі  берілсімен,  соның  жалғасы  ретінде  «бір 
өрттен  қалмайтұғын  қалың  қаудай»  «баянсыз 
бақ-дәулетке» мастанбау идеясы алға тартылады. 
Үшіншіде сол кезеңдегі адамдар басының үрген 
қуыққа ұқсайтыны, себебі онда көз жасы жоқтығы, 
таққа отырса да, иттің жерік асын ұмытпайтыны 
сөз болады. Бұл «парасаты жоқтарға, тексіздерге 
билік беруге болмайды»,- деген идеяға жетелеп 
тұр. Төртіншіде алдымен болуға тиіс күз, демек 
сәл  салқындай  бастау  емес,  барынша  суық  қыс 
орнағаны паш етіледі. Соңынан бұрынғы сәулелі 
нағыз шынайы көз орнына адамдарға жылтыраған 
екі тас орнатылғанына, демек, көрмеушілік белең 
алғанына назар аударылған. Тағы бір топ мысал 
келтірейік:
1. Көрінгеннің бәрі жау, ел жоқ болды,
Айнала сор, мал қонар көл жоқ болды.
Үңгіріндей аюдың ауыз біткен
Ауыз баста болғанмен, тіл жоқ болды (79-80 б.).

41
М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
2. Түзелер қисық ағаш құрған тезбен,
Жара оңалар, тастаса орап бөзбен.
Ақымақты түзету қиын болар,
Насиқат, көркем айтқан жақсы сөзбен (91 б.).
 
3. Үлгі үйрен жолдас болып нұсқалыға,
Көзің сал сөзді сөзге қосқанына.
Наданның өз басына қылған ісін
Қылмайды ақылды адам дұшпанына (91-92 б.).
4. Күн сайын өзіңе-өзің жас баласың,
Жаспын ғой деп әр істен жасқанасың.
Піскен астан ішпейсің мезгілінде
Мезгілі өтіп кеткен соң аш қаласың (96 б.).
5. Көңілім дария болғанда, қолым-қайық,
Өз-өзімнен боламын Еділ-Жайық.
Айдын шалқар көл қайда қылар шабыт,
Құла түзде қу ілген,- мен бидайық (99 б.).
6. Тұқым салмай алар ма егін орып?!
Кім балалы болыпты бойдақ жүріп?!
«Еккен орар,- деген сөз,- берген алар»,
Бәйге алғанды көрдің бе қарап тұрып?! (100 б.).
Алғашқыда бірінші тармақ «көрінгеннің бәрі 
жау» ел жоқ болуына арналса, екіншісі «айнала 
сор, мал қонар көл жоқ» екеніне, демек шаруаға 
жайсыздық өрістеуіне құрылған. Ал, сол ел, көл 
жоқ болуына жалғаса, үндесе берілген «тілі жоқ» 
ауыздар  арқылы  мүшкіл  халді  тұлғалантумен 
шығарма  аяқталған.  Екінші  үлгіде  алдымен 
қисық ағаштың «құрған тезбен» түзелетіні, ізінше 
бөзбен  ораса,  жараның  оңалатыны  діттелсімен, 
ақымақты «көркем айтқан жақсы сөзбен» икемдеу 
нәтижесіздігіне,  яғни  қисық  ағаш,  жарадан  да 
ақымақты  оң  жолға  түсіру  қиындығына  ден 
қойғызумен шығарма тамамдалған. Үшінші нұсқа 
да бас- аяғы жұмыр, композициялық құрылымы 
жөнінен  мінсіз  келіп,  төрт-ақ  жолмен  белгілі 
бір  ой  сарапталуымен  ерекшеленеді.  Әсіресе 
«наданның  өз  басына  қылған  ісін»  ақылды 
адамның дұшпанына жасамайтынымен шығарма 
тынуы жетекші идеяға ерекше мән бергізіп тұр. 
Төртінші  үлгі  «піскен  астан»  мезгілінде  ішпей, 
өмірде көп сыбағадан қалып жүргендерді шенеуге 
арналған. Бесінші өлеңде лирикалық қаһарман өз 
көңілін біресе дария ретінде санап, біресе өзін бір 
кемелділік үлгісі Еділ-Жайыққа балап, ақырында 
соның бәріне қарама-қарсы шабыт қылар «айдын 
шалқар  көл»  таппай,  «құла  түзде  қу  ілген» 
бидайықтың мүшкіл халін мысқылдаумен шығарма 
аяқталған. Ал, соңғы туынды тұқым салмай егін 
ору, бойдақ жүріп балалы болу мүмкін еместігі 
тәрізді қарап тұрып бәйге алушы да жоқтығын, 
демек әрекет керектігін әспеттеуге негізделген. 
Мәшһүр-Жүсіп  қазақ  лирикасы  дамуына 
не үлес қосты дегенде, оның айтыс өлеңдерінің 
өзіндік түрін тудырғанына назар аударған жөн. Бұл 
туындылардың ерекшелігі- онда сөз таластырушы 
екі адам, екі ақын емес, бірі лирикалық қаһарман 
да,  екіншісі  не  дерексіз  шартты  ұғым,  немесе 
адамша сөйлеуге тиісті емес жануар, құс түрінде 
алынады.  Демек  бұл  айтыстар  өмірде  орын 
аларлық сөз таластырудан гөрі шартты қақтығыс 
ретінде туып, ақынның лирика жанрында өмірді 
бейнелеу  аясын  кеңейтуімен  көңіл  бөлгізеді. 
Мәселен, «Мәшһүрдің ақындығымен қоштасқаны» 
өлеңінде алдымен арыстан орнына қасқыр қалғаны, 
«қарғалар  көгершіннің  зікірін»  салғаны,  «бас-
аяқ, аяқ барып бас болғаны», демек озықтық пен 
қалыстық,  жақсылық  пен  жамандық  араласып, 
соған лирикалық қаһарман торыққаны баяндалады. 
Ақын  қоғамда  орын  алған  әділетсіздіктің  түр-
түрін қадап айтып, қазбалау емес, оны жинақтап, 
ишаратпен бейнелеу үлгісін қолданады: 
Құс біткен қонағына кетті қайтып,
Осындай қыс боларын біздерге айтып.
Таусылып қызыл гүлдер, қалды тікен,
Сайрайды гүлстансыз бұлбұл қайтіп?
Осы  бір  шалқар  шындық  сыйып  кеткен 
төрт  тармақтан  аз  сөзбен  көп  ойды  қамтуды  ту 
еткен шығыс поэзиясы дәстүрін ақынның шебер 
өрістетуін  көреміз.  Құс  қайтуы,  жылы  жаздың, 
яғни  адамдар  үшін  жайлы  кезеңнің,  өткенін 
бұлтартпай дәлелдесе, жаздан кейін келген қыстың 
табиғаттағы қыс емес, заман қысы, қыспақ белгісі 
екенін  де  аңғарамыз.  Ал  үшінші  тармақтағы 
«қызыл»  гүлдердің  таусылып,  тікен  қалуы  да 
бақыт символы гүлдің сап болуын, демек адамдар 
арасында бақытсыздық үстемдік етуін әйгілейді. 
Соңғы тармақтағы сауал:«Сайрайды гүлстансыз 
бұлбұл қайтіп?»- бостандық, бақыт үшін күрескен 
лирикалық  қаһарман  әрекет  етерлік  жағдай 
өшкенін  астарлауға  арналған.  Міне,  осындай 
жағдайда  Мәшһүр-Жүсіптің  ақындығы  қаша 
жөнелуі сөз болады да, лирикалық қаһарманның 

ӨЛКЕТАНУ № 2, 2013
42
М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
оны қимауы, қайта оралуға шақыруы беріледі: «Тіл 
қаттым ақындыққа мен сөз бастап, // Шынымен 
кеткенің  бе  мені  тастап?!»  Сөзбе-сөз  ұғынсақ, 
«ақындық»  -  жан  иесі  емес,  оның  лирикалық 
қаһарманнан жырақтап кетерлік аяғы, тіл қатарлық 
ауызы жоқ. Әйтсе де шартты ұғым «ақындықтың» 
лирикалық «меннен» бөлініп сын айтуы әсерлі:
Замана жылдан-жылға болды өзге,
Бір жан жоқ құлақ қояр жақсы сөзге.
Сүйсініп сұхбаттасар жан қалмады,
Менің бар не керегім,- деді- сізге?
Соқырлар қайдан білсін көз қадірін,
Танитын жан қайда бар сөз қадірін?
Танысын қарға, бұлбұл қайсысы оңды,
Жамандар білмей жүрген өз қадірін.
- Сақтамас, қадіріме ешкім жетіп,-дейді.
Таусылды бастас кісім бітіп,- дейді.
Тікенге қонақтауға арланғаннан ,
Барамын мен бұл жерден кетіп –дейді (160 б.).
 «Мәшһүр-Жүсіптің шабдар атпен айтысқаны» 
өлеңіне  лирикалық  қаһарман  мен  шабдар  ат 
деректесуі  өзек  болған.  Шығарма  фабуласымен 
таныстырсақ, ақын бір өлген адамның қырқына 
барып  қайтарда,  оған  басқа  жақтан  ұрланып 
әкелінген  бір  жауыр  шабдар  ат  байланады. 
Лирикалық  «мен»  былай  шыға  бере  әлгі  аттан 
қайдан келгенін сұрап біледі. Сөз жоқ, бұл арада да 
тілсіз жануар сөйлеуі, адамдар арасында орын алған 
пайдакүнемдік, ұрлық, өтірікті ат аузымен қағыту 
өте әсерлі. Мәселен, ақынның: «Ысқатқа сендей 
малды байлағаны // Малы жоқ, қара қасқа кедей 
ме еді?»- сауалына ат былай үн қатады:
Жоқ, жоқ, бай-ақ еді таптан озған,
Анау-мынау кісі емес, Қақсал-Қозған.
Өз өлігін осынша өзі қорлап,
Уасуасы бар жұмысты шайтан салған.
Ақынның  лирикалық  қаһарманы  одан  әрі 
көз  жұмушының  туысы  жоқ  шығар  дегенді 
білдірсе,  ат  оның  ұрпақтарының  да,  туысының 
да  жетерлік  екенін,  тек  осы  іске  араласушылар 
пайдакүнемдігінен келеңсіздіктер туып отырғанын 
тарата дәлелдеп береді. Шабдар берген жағымсыз 
мағлұматтарды естіп қаныққан соң, жауырынына 
өлең жазылған қағазды жапсырып, атты лирикалық 
қаһарман бұрынғы иесіне қайтарып, босатып қоя 
береді. Міне, адамдар арасындағы жосықсыздықты 
шартты  бейне,  ат  дабыралауымен  ашу  арқылы 
әжуа  күшейе  түссе,  бұл  да  Мәшһүр-Жүсіптің 
суреттеу  амал-тәсілдерінің  түрлішелігінен  деп 
дәйектеген жөн.
Мәшһүр-Жүсіп  Көпейұлының  әлем 
жаратылысы,  жер  мен  көк  сыры,  ислам  діні 
тарихы, ізгілік, хақ жолын іздеген адамдар өнегесіне 
арналған  аңыздарға  негіздеп  біраз  дастандар 
жазғаны белгілі. Біздің қоса айтарымыз: ақын тек 
хикаялар емес, өлеңдердің біразын да сол тақырыпқа 
арнаған. Соның бірі- «Мәшһүр-Жүсіптің тырнамен 
айтысы», «Мәшһүр-Жүсіптің ала қарғамен айтысы» 
өлеңдері. Мұнда да ақынмен сұхбаттасушы болып 
адам емес, шартты бейнелер: тырна, қарға алынған. 
Шартты дейтініміз: сөзбе-сөз ұғынсақ, тырнаның 
да, қарғаның да тіл қатуы, көне тарихты баяндауы 
мүмкін емес. Әйтсе де сол шарттылық арқасында 
адамдар арасындағы келіссіздік сыры, жер бетіндегі 
тіршілік  тарихы  соншалық  әсерлі  де,  шынайы 
жеткізілген. Мәселен, «Мәшһүр-Жүсіптің тырнамен 
айтысы»  туындысында  алдымен  лирикалық 
қаһарман күзде жылы жаққа қайтып бара жатқан 
тырнаға  көңіл  бөліп,  оның  не  бітіргенін  білгісі 
келіп сауал береді. Тырна өз балапандарын өсіріп 
қайтқанын мәлімдей келе сөз соңында Сүлеймен 
пайғамбар мен тоты құс әңгімесін келтіреді. Бірде 
көп  балалар  тұзақ  құрса  да,  басқа  жаққа  ұшып 
кетпей жүрген тотыны көріп, Сүлеймен таңданса, 
құс бейғам жауабымен ерекшелінеді:
Балар қиналады тартып азап,
Тақсыр-ау, қаш демеңіз мені қажап.
Тор түгіл, оқ атса да ұстатам ба,
Бұларды қылып жүрмін ойын, мазақ (172 б.).
Ақырында  «арада  бірнеше  күн  өткізбей-
ақ»  сол  «тотыны  ұстап  біреу  алып»  келгенде, 
«бадырайып жатқан торға неге түстің?»- сұрағына 
тоты жауап қайтарады:
Мен торға түспейін деп аспанға ұштым,
Сізбен емес, баламен ерегестім.
Жер жүзін өрт алыпты, тегіс күйіп,
Көздей жер сау көрінді, келіп түстім.
Көрінген өрт боп маған сор екен сол,
Сау жер болып көрінген титтей ара,
Балалар құрып қойған тор екен сол! (173 б.).
 
Бұл  мысалдан,  өз  мүмкіндігін  шамаламай, 
алданып, торға түсіп, опық жеуден,- Мәшһүр-Жүсіп 
өз замандастарына, өзіне сабақ боларлық ұқсастық 
байқайды:

43
М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
Мәз болып құр атаққа Мәшһүр-Жүсіп,
Қаңбақтай домалаған желмен ұшып.
Тотыдай торға түскен біз қаламыз,
Бармақтың көлеміндей жерге түсіп (173-174 б.).
Ал, «Мәшһүр-Жүсіптің ала қарғамен айтысы» 
өлеңінде  алдымен  лирикалық  қаһарман  ала 
қарғаның  «қарқылдап»  мазаны  алу  себебін 
сұрайды.  Қарға  жауап  беру  барысында  көне 
заманда  жер  бетін  басқан  топан  суы  қайта 
бастағанда,  Нух  пайғамбар  тапсырмасын  қалай 
ұмытқанын, соның сазайын қазір тартып жүргенін 
дат етеді. Бұл бір жағынан ғылым үшін бағасы зор 
көне аңызды еске салса, екіншіден, оның адамдар 
үшін ғибрат берерлік мәніне үңілту жүзеге асқан.
Түйіп  айтқанда,  Мәшһүр-Жүсіп  Көпейұлы 
ХІХ  ғасырдың  соңғы  ширегінде-ақ  суреттеудің 
бай амалдарын: көркем жинақтау, шартты әрекетті 
қолдану, дерексіз ұғымды заттандыру, т.т. шебер 
пайдалану арқасында шағын жанр лирикаға эпос 
мүмкіндігіндегі жүк артып, шындықты кең қамту 
шеберлігін көрсетті. Мұның бәрі ХІХ ғасырдың аяғы 
мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, артына 
25-30 томдай мол қазына қалдырған Мәшһүр-Жүсіп 
Көпейұлының  ақындық  шеберлігін  кең  ізерлеп 
зерттеу қажеттігін, оның суреттеу амал-тәсілдерінің 
түрлішелігін,  сөз  зергері  ретінде  қазақ  әдебиеті 
кемелденуіне көп үлес қосқанын дәлелдейді.
Мәшһүр-Жүсіптің  1990,  1992  жылдары 
таңдамалы шығармаларының екі томдығы жарық 
көрсе,  қазір  С.Торайғыров  атындағы  Павлодар 
мемлекеттік университеті ғалымдары мен көрші 
жоғарғы оқу орындары зерттеушілерінің бірлескен 
зерттеуі нәтижесінде ақын шығармаларының 20 
томдығын баспаға дайындау жүріп жатыр. Сол көп 
томдықтың 3 томдығы жарық көргенін қуанышпен 
атап өте отырып, бұрынғы бір жазғандарымызды 
жинақтап,  ақынның  суреткерлік  шеберлігіне 
арнайы назар аудартуды жөн деп таптық.
Мәшһүр-Жүсіп  Көпейұлы  өткен  ғасырдың 
өзінде адамдарды тек ақ, қара деп бөліп, не соған 
сырттай  сүйсінумен,  не  одан  мүлде  безінумен 
шектелмейді.  Адамдардың  не  бірыңғай  қап-
қара  жағымсыз  болып  келе  бермейтінін,  қайта 
бір адамда әрі оң, әрі теріс сезімдер қатар өмір 
сүріп, арпалысқа түсу ерекшелігін ашу, әсіресе, 
сол кез үшін кесек жетістік, адам сезімін лирика 
жанры  мүмкіндігіне  сай  ізерлеп  ашуда  елеулі 
қадам еді. Мәселен, оның 1880 жылдары жазылған 
«Жарты  нан  хикаясы»  өлеңінде  басты  назар 
өзіне жақсылық жасаған адамды жұтпақ болған 
айдаһар жауыздығына емес, жапа шеге жаздаған 
адамның өзінде елеулі қайшылық бар екеніне назар 
аударылады. Міне, мұнда оңай олжаға қызығып, 
біреуге  жақсылық  жасап,  жапа  шегушіні  ақын 
не  бірыңғай  аппақ,  не  біржола  ұнамсыз  адам 
етіп  көрсетпейді.  Суреткер  жай  көзге  байқалуы 
қиын, сырт қарағанда біршама жағымды көрінген 
адамның өзінің ішкі түйткілдеріне үңіле, үңілте 
біледі. Кезінде біреуге қамқорлық көрсетіп, жарты 
нан ғана беруі сол адам үшін әрі құптарлық, әрі 
айыптарлық іс болып алынады. Бұл да қарапайым 
адам  санасында  орын  алуы  мүмкін  аздаған 
қалыстыққа да суреткердің шүйіле ден қоюынан 
туған.  Ақын  бұл  шығармасында  сонымен  қатар 
зұлымдық  иесі,  бөтен  күш,  дербес  айдаһар 
болумен бірге, әр пенденің өз «айдаһары» болу 
ықтималдығына  да  көңіл  бөледі.  Сөйтіп  адам 
сезімінің  көп  қырлы  екенін,  ішкі  қайшылықпен 
күресу мәнін көрсету арқылы ақын қаһарман жан 
дүниесіне түкпірлей тереңдеу үлгісін де жасаған.
Мәшһүр-Жүсіп  қай  өлеңінде  болмасын, 
белгілі бір құбылыс, әрекетке көп көзбен қарай 
білуге жетектейді. Соның бір айғағы- «Сәйгелді, 
сона, бөгелек» өлеңі. Шығармада алдымен халықты 
езіп, қанаушы сәйгелді, бөгелек тәрізділерге өріс 
беретін  аңқаулық,  надандық  сыналады.  Сөйтіп 
ақын  жауыздық  пен  адамгершілік  арасындағы 
қайшылықты, кереғарлықты ашумен: жауыздың 
жауыз, ізгінің ізгі екенін бейнелеумен шектелмейді. 
Мәселен, сәйгелді, сона, бөгелекті сол кезде елді 
алдаған  езушілер,  отаршылдар  деп,  соларды 
түйреумен  шектелу  біржақтылық,  үстірттік 
болар  еді.  Өмірде  қас  пен  досты  айырмай, 
жәдігөйлікке ұйып, кеш опық жеп күйзелушілер 
бар да, әдемі сезімнің бірі сенгіштікті пайдаланып, 
тайраңдаушылар  бар  екені  белгілі.  Оны  ана 
халықта  бар,  мынада  жоқ,  ана  заманда  орын 
алған, кейін ұшыраспайды деп айтуға болмайды. 
Ендеше жауыздың жауыз екені онсыз да белгілі. 
Басты қателік, трагедия сол кесапатқа жол беруде, 
иланғыштықта жатыр дегенге саяды ақын.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің 1907 жылы Қазан 
қаласында басылған «Тірлікте көп жасағандықтан, 
көрген  бір  тамашамыз»  кітабындағы  «Соқыр, 
саңырау,  жалаңаш  хикаясы»  да-  қазақ  әдебиеті 
тарихында елеулі орын алатын туынды. Мәшһүр-
Жүсіп  мұнда  адам  сезімін,  көзқарасын  күрделі, 
қайшылығы  мол  қалпында  көрсетуге  көңіл 

ӨЛКЕТАНУ № 2, 2013
44
М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
бөледі.  Бір  адамның  әрі  басқаның  кемшілігін 
байқағыш  екені,  әрі  өзіне  керек  істі  мүлде 
көрмейтіні, қайшылығы нақты ашылған. Шартты 
түрде  «соқыр»  деп  алынған  ол  құмырсқадай 
ұсақ  заттарды  көргіш  те,  одан  ірірек  нәрсе, 
жан-жануар атаулыны мүлдем көрмейтін болып 
алынған.  Бір  адамның  бір  затқа  ересен  қырағы 
бола  тұра,  екіншісін  мүлде  көрмеуі  оқырманға 
көп ой салғандай. Шартты түрде «саңырау» деп 
аталған екінші адам болса, ол қатты шыққан дыбыс 
атаулыны  мүлде  қабылдамайды  да,  өте  бәсең 
үнді, сыбырды, «құлақтыдан» бұрын естіп қояды. 
Ақын өлең аяғында «саңырау» дегені- «бәрін өзім 
білдім»  деп,  ұзақ  ойға  салынған,  «өз  жанының 
пайдасын» естімейтін адам екенін айтады. Ақын 
шартты түрде «жалаңаш» деп аталған үшінші адам 
арқылы өмірінің өткінші, қысқа екенін ұмытып, 
ойға алғанының бәрін тындырдым деп, бос жүрген 
жандарды сынайды.
Өлеңде  айтылатын  өзекті  идея,  негізгі  сын 
тек бұл айтылғандарда емес. Ақын өзіне керек істі 
көрмеушілікті, естімеушілікті, азға тоқмейілсуді 
сынап қана қоймайды. Суреткер басты назарды 
көрмегенді көрдім, естімегенді естідім, бардан емес, 
жоқтан айырыламын деп, адасушыларға аударады. 
Көрмеу, естімеу, ештеңесі болмау- бір кемшілік, 
бір жоқтық болса, одан үлкен қасірет тағы тұр. Ол 
көрмегенді көрдім, естімегенді естідім, «жоқтан» 
айырыламын деушілік, өтірікке алданушылық деген 
ойға саяды автор. Бұл өлеңде де ақынның қайшылық 
сипаттарды  кең  қамтып,  адам  сырын  түкпірлей 
ашу бағытындағы елеулі жетістігі. Бұл Мәшһүр-
Жүсіптің ғана емес, ХХ ғасыр басындағы қазақ 
жазба әдебиетінің қомақты табысы. 
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының «Шайтанның 
саудасы»  өлеңін  ақынның  жиені  Қасенғали 
Жүсіповтен  белгілі  жазушы  Зейтін  Ақышевтің 
1937  жылы  жазып  алып,  оны  мектеп  оқулығын 
құрастырушылар: Қ.Бекхожин, мен Е.Смайыловқа 
ұсынғаны  белгілі.  Содан  бастап  ақынның  осы 
өлеңі алдымен мектеп оқулықтарына (1940-1946), 
кейін жоғарғы оқу орнына арналған хрестоматияға 
(1959,  1983)  енді.  Сонымен  қатар  бұл  туынды 
орысшаға аударылып, 1978 жылы Ленинградтан 
шыққан  «Поэты  Казахстана»  антологиясында 
(құрастырушы- М.Мағауин) жарияланды. 
Әлем  әдебиетінде  қоғамды  жайлаған 
келеңсіздіктерді жинақтап көрсетіп, шенеу үшін 
шартты сюжет үлгісі қолданылып келгені мәлім. 
Мәселен, XVI-XVII ғасырдағы испан жазушысы 
С.Сервантестің  «Дон  Кихот»  романындағы 
орталық қаһарманның «батырлық» жасамақ болған 
оғаш істерін, жел диірменмен айқаспақ болған т.т. 
күлкілі әрекеттерін өмірде болған, не жүзеге асуы 
ықтимал шындық көрінісі дей алмайтынымыз анық. 
Сонымен бірге ХІХ ғасырдағы орыс жазушысы 
Н.В.Гогольдің  «Өлі  жандар»  дастанындағы  бас 
тұлға П.И.Чичиковтың өлі жандар тізімін арзанға 
сатып алып, бай болып көрінгісі келуі де өмірде 
іске  асуы  мүмкін,  шындықтан  көшірілген  іс-
әрекет емес. Біздіңше, бұл шартты сюжет қоғамды 
жайлаған сорақылықтарды барынша түйреу үшін 
қажет  болған.  Атап  айтқанда,  Чичиков  аралауы 
нәтижесінде бейқам, самарқаулардың өкілі болып 
Манилов  көзге  түссе,  қомағайлық-  Собакевич, 
сараңдық- Плюшкин т.т. арқылы шенелген. Демек 
белгілі бір адамдардың жиынтық бейнесін жасау 
үшін  өмірде  іске  асуы  ықтимал  істерден  гөрі 
шартты  әрекеттердің  мүмкіндігі  кеңірек  болса, 
суреткер оны орынды пайдаланып отырған. Соның 
бір көрінісі- қазақ ақыны Мәшһүр-Жүсіптің ХІХ 
ғасырдың соңғы ширегінде жазған «Шайтанның 
саудасы»  өлеңі.  Расында,  шайтанның  базарға 
барып сауда жасауы, дерексіз ұғым: зорлық, алдау, 
күншілдік,  тәкаппарлықты  белгілі  бір  бұйым 
тәрізді  тез  сатуы  т.т.-  бәрі  өмірде  болмайтын 
шартты  әрекеттер  жемісі.Шығарма  басындағы 
Ғайса пайғамбардың: «Жұрт барса, тері, терсек, 
жүн  сатады,  //  Сататын  малғұн  сенің  не  пұлың 
бар?» - деп шайтанға сауал қоюы өмірде іске асуы 
ықтимал, шындыққа сай алынған сөз қолданысын 
танытады. Ал шайтан жауабы- шарттылық айнасы:
Артқаным бір есекке ылғи жалған.
Жалғанда өтірік жоқ мұнан қалған.
Нанбасаң еріп бірге көзіңмен көр,
Базарға қызығымды қалай салған.
Жүгім бар бір есекке мекер-хайла.
Мұнымнан келтіремін үлкен пайда.
Бір тиыннан он тиын пайда аламын,
Көптің басы қосылған жиын жайда.
Күншілдік бір есекке тиеп артқан.
Жібек, кендір арқанмен буып тартқан.
Базарға мұнан бұрын көп барғанмын,
Жерім жоқ бұл саудадан залал тартқан.
Артқаным бір есекке ылғи зорлық.
Есепсіз мал табамын қылмай ұрлық.
Мен алмай оның малын кім алады,
Иттер бар көріп жүрген малдан қорлық.

45

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет