Демократиялык стиль. Оқушылар қарым-қатынаста тең дәрежелі. Мұғалім шешімді оқушылармен бірлесіп қабылдайды, олардың ойларын, пікірлерін ескереді. Мұғалім тек үлгерімге ғана емес, оқушылардың жеке тұлғалық сапаларына мән береді. Мұндай мұғалімдерге үлкен кәсіби тұрақтылық, сабырлық, өз мамандығымен қанағаттану тән.
Либералды стиль. Мұғалім шешім қабылдаудан бас тартады, бар жауапкершілікті оқушыларға, қызметтестеріне ысыруға дайын тұрады. Оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыру және бақылау жүйесіз жүзеге асады, шешім қабылдамай, толғаныс, іркіліс байкалады. Сыныпта тұрақсыз психологиялық ахуал, жасырын келіспеушіліктер орын алады. Мұнда оқушылардың пікір бостандығының шексіздігінен аузы барғанша сөйлеп, аяғы барғанша жүреді деп айтуға болады.
Ұжымның жалпы ахуалы оның мүшелерінің интеллектуалдық, сезімдік және мінез-құлық, жігерлілік нышандарына тәуелді болып келеді.
Дау-дамай сөзі латын тілінен аударғанда "Conflikts" – қақтығысу мағынасын білдіреді.
Шетелдік педагогикалық-психологиялық әдебиеттерде конфликт деп құндылық үшін күрес және белгілі бір статус, ресурстар үшін таласу барысында қарсыласты бейтараптандыру, зиян келтіру деп көрсетіледі (Л. Козер).
Психологиялық тұрғыда дау-дамай дегеніміз әр түрлі адамдар арасындағы кикілжің, ортақ қажеттіліктердің, ойлар мен сезімдердің болмауы, мәмілеге келе алмау.
Педагогикалық дау-дамай ерекшеліктері: - Проблемалық жағдаяттарда мұғалімнің дұрыс шешім
қабылдауға жауаптылығы;
Дау-дамайға қатысушылардың әр түрлі әлеуметтік статусқа ие болуы мүмкіндігі;
Субъектілердің өмір тәжірибесінің әр түрлі болуы;
Дау-дамайдың әртүрлі тәрбиелік мәнге ие болуы;
Мұғалім мәселені шешуді өз қолына алу мүмкіндігі;
Дау-дамайдың кез-келген қателік немесе, жаңа проблема тудыруы мүмкіндігі.
Дау-дамайдың түрлері:
тұлға ішілік
тұлға аралық
топ аралық
тұлғалық-топтық
Педагогикалық ұжымда орын алатын келіспеушіліктің негізгі үш тобын бөліп көрсетуге болады.
1. Кәсіптік-педагогикалық әрекетті мақсатқа жетуге кедергі келтіретін, іскерлік байланыстардың бұзылуынан туындайтын кәсіби келіспеушіліктер. Мұндай келеңсіздіктер жұмыстағы ынтасыздықтан, мұғалімдердің әрекет мақсатын түсінбеуінен және өз ісін жете білмеуінен туындайды.
2. Педагог мінез-құлқының өзара қатынас нормасына сай келмеуіне, сол сияқты мінез-құлық пен іс-әрекеттің ұжым мүшелерінің бір-бірінен күткен талаптарына сай келмеуінен туындайды. Ол педагогтың өз әріптестеріне және оқушыларға көрсеткен әдепсіздігі, кәсіптік этика нормаларының бұзылуы, ұжым талабын орындамау және т.б. түрінде көрініс береді.
3. Педагогикалық үдерістерге қатысушылардың мінез-құлып пен темперамент ерекшеліктері негізінде тұлғалық сәйкессіздіктен туындайтын келіспеушіліктер. Бұл топты негізінен ұстай алмау, өзіне берген бағасы мен пікірінің шамадан тыс болуы ( төмен немесе жоғары бағалау), эмоционалдық тұрақсыздық, шамадан тыс өкпешілік сияқты сапалар құрайды.
Келіспеушілікті реттеу мынадай қисынды әрекеттердің бірізділігінен тұрады: келіспеушіліктің алдын алу; пайда болған жағдайда дау-дамайды үйлестіру, еңсеру; қауіпті ахуалды шешуде ең оңтайлы шешім қабылдау; кекілжіннің түйінін тарқату, шешу. Келіспеушіліктің алдын алу кезінде сол адамның неге осылай жасағандығын анықтаудың маңызы зор. Мектеп басшысы қалыптасқан жағымсыз ахуалға немқұрайлы қарамауы тиіс, сондықтан екі тарапты да ашық әңгімеге тартып қалыптасқан жағдайда бірге талдап, талқылауы тиіс. Келіспеушілікті басқару кезеңінде басшы жеке әңгімелесіп, келіспеуші жақтарды алдағы кездесуге, сұхбаттасуға психологиялық тұрғыдан дайындау тиіс.
Педагогикалық қарым - қатынастағы толеранттылық Бұл мәселені қарастырмас бұрын біз педагогикалық қарым қатынасты практикалық және теориялық тұрғыда қарастырғанымыз жөн, оның ішінде педагогикалық қарым қатынастың лингвомәдени аспектісін зерделейміз. Толеранттылық тұлғааралық, мемлекет аралық және мәдениет аралық қарым қатынастың жалпы принципі ретінде тікелей үдеріске қатысатын тұлғалардың яғни, педагогтың тіл мәдениетін және оқушылардың білім алу мәдениетінің мәселелерін қарастырады.
Соңғы уақытта толеранттылық сөзі тек жиі қолданыста болып қана қоймай, социум мүшелерінің тұлғааралық және әлеуметтік өзара әрекеттермәселесінің өзектілігін де айқындайды.
С.Г. Тер-Минасова өзінің «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты кітабының қорытнды бөлімінде былай деп жазды: «Ағайындар! Шыдамдылық танытып, «бөтен», өзге мәдениетті құрметтейік, бұл өмірімізді жеңілдетеді, тыныш өмір сүретін боламыз. Мәдениетаралық коммуникацияның формуласы орыс тілінде үш «Т»-ға (Терпение, Терпимость, Толерантность// Төзім, Төзімділік, және Толеранттылық//) негізделеді», деп жазды.
Педагогикалық қарым-қатынастағы толеранттылық – кешенді түсінік болып табылады. Ол бір жағынан, философиялық, этикалық, эстетикалық мәселелерді қарастырса, екінші жағынан, мұғалімнің негізгі қасиетін қарастырады. Педагогикалық қарым қатынастағы толеранттылық – бұл тек қана шыдамдылық, психикалық тұрақтылық қана емес, сонымен қатар өзін өзі ұстау, әділдік, адамгершілік, оқушылармен тіл табыса білу, сабырлылық, шыдамдылық, ашықтық, оқушылармен қарым қатынастағы адалдық, салмақтылық, әдептілік, адамгершілік, парасаттылық, байқағыштық, мейірімділік, қарапайымдылық, екі жүзділікке жол бермеу, зорлық-зомбылықты жасамау және оған жол бермеу. Осы қасиеттердің болуы және оларды дұрыс қолдана білу педагогикалық қарым-қатынастағы толеранттылық ұғымының негізін құрайды.
Ұсынылатын әдебиеттер:[2],[3],[5],[4],[6],[12],[18],[19],[27]
№4 дәріс тақырыбы. Кәсіптік педагогикалық білім беру жүйесінің когнитивтік компоненті
Когнитивті құрамбөлік (сыңар) – адамның қиындықты түсініп қабылдауы, өзіндік ойларының және әлем бейнесінің күрделілігі, көпқырлылығы, тәуелділігі, қатыстылығы, толық болмауы және субъектілігі – педагог болмысының бір бөлігі болып табылады. Біздің ойымызша, педагогтің кәсіби даярлығында когнитивті компоненттің маңызы зор. Бұл компоненттің құрылуы, болашақ маманның тұлғалық ерекшелігінің қалыптасуына үлес қосатын, кәсіби педагогикалық білім беруге бағытталған когнитивті әдіспен байланысты. Білім беру жүйесінде оқытудың жалпы білім беру мақсатында адамгершілік құндылықтар келесі аспектілерде қарастырылады:
білім алушының әлеуметтік-мәдени құзіреттілігінің қалыптасуы;
тұлғалық қасиеттерінің жетілуі (ой-өрісі, зейіні, есте сақтау қабілеті, тұлғаның когнитивті қаблеттерімен байланысты эмоционалдық және мотивациялық- түрткі қасиеттері);
мәдениетаралық қарым-қатынасқа түсу үшін қажетті қабілеттерінің дамуы (әлеуметік толеранттылық);
тұлғааралық кәсіби байланыс ортасында кәсіби қарым-қатынастың интерактивті аспектісі деңгейінде тұлғаның кәсіби қасиеттерінің қалыптасуы ( педагогикалық толеранттылық).
Бұл когнитивті әдіс адамгершілік құндылықтар негізінде кәсіби білім беруді оңтайландырып, кез-келген деңгейдегі кәсіби ортада емін-еркін қарым-қатынас жасауға қабілетті, тіпті, ең күрделі педагогикалық жағдайда тығырықты жол таба алатын маман тұлғасын қалыптастыруға болады.
Осылайша, біз өзіміздің негізгі мақсатымызды педагогтің кәсіби қабілеттерінің қалыптасуындағы когнитивтік әдістің әрекеттік және процесуалдық негізін жүйелеуден көрініс табады. Жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін белгілі педагогикалық шарттар қажет, олар:
гуманистік білім беру парадигмасын бекіте отырып, жоғары мектепте білім беру мазмұнына жүйелілік және жаңа сапа енгізіп отыратын мемлекеттік білім беру стандарты;
әдістемелік кәсіби білім берудің жаңа жүйесінің талаптарына сай құрылған заманауи оқу-әдістемелік кешендері. Бұл өзгерістер студенттердің өзін-өзі тұлға ретінде тануына негіз болатын етіп алушы үздіксіз білім беру идеяларын жүзеге асыру қажеттілігімен байланысты.
студенттердің білімді ерекше қызығушылықпен, тұлғалық маңыздылықпен және саналы қабылдауына жеткізетін оқу мазмұнына және оқу үдерісіне бағытталған интегративті қатынас.
Когнитивті әдіс негізіндегі кәсіби бағыттылықты оңтайландырумен байланысты құрастырылған білім беру технологиясы, бұрыннан бар әдістерді іс-әрекеттілік, жеке тұлғаға бағытталған, когнитивті, креативті қатынастармен байыта отырып, оқыту тәжірибесіне енгізіледі. Әрекеттілік әдіске когнитивті деңгей (белсенді ойлау) және креативті (шығармашылық, өзгертуші) деңгей кіреді. Оқыту үдерісіне деген осындай қатынаста талқыланатын әдістердің ғылыми базасын анықтау маңызды болып табылады. Когнитивті әдіс, оқыту барысында білім алушының танымдық іс-әрекеті оқыту технологияларында жүзеге асқан жағдайда ғана дамитын, продуктивті, өзгертмелі ойлауды талап ететін қиын жағдайлардан жол табу біліктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Инновациялық парадигмада оқыту курстары тек қана білім жиынтығы ғана емес, сонымен қатар, оның даму логикасы мен меңгерілуіне қажетті құбылым болып табылады. Бұл логика-ойлау қабілеттерінің даму логикасы (когнитивті), кеңірек мағынада тұлғаның шығармашылық қабілеттерін дамыту логикасы. Бірақ, бұл үшін ең алдымен білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін ашу ғана мақсат емес, сонымен қатар, бұл қабілетті тұлғаның негізі болатындай санада қалыптастыру мақсаты қойылуы тиіс.
Соңғы онжылдықта, танымдық іс-әрекет негізінде адам санасын, ойлау қабілетін және басқа да адамның ментальды үдерісін зерттейтін ғылыми пән – когнитивті ғылым құрылуда.
Танымдық-әрекеттілік әдіс дамыта отыра, оқыту және жеке тұлғаға бағыттап оқу жүйесін құру маңызды. Бұл гуманистік білім беру стратегиясы, ол әрекеттілік, тұлғалық және когнитивтілік әдістерді біріктіреді. Бүгінгі күнде, оқытуға осындай көзқарас қалыптастыру үшін когнитивті психологияның негізі қолданылуда. Когнитивті психология - адамның қоршаған орта және адам туралы ақпаратты өңдеумен байланысты, адамның психикалық іс-әрекетін зерттейтін психологияның бір саласы. Зерттеу пәні – ақпаратты қабылдаушы және игеруші адам, сонымен қатар бұл сала ақпараттың берілуі жолдарында қарастырады.
Ақпаратты қабылдау мен қолдануды қалай зерттей аламыз?
Тәжірибе жүргізу арқылы білім алушылардың танымдық үдерісін басқаруға мүмкіндік беретін, болжамдық үлгіні, яғни, лингвистикалық және әдістемелік білім саласындағы кәсіби біліктерінің қалыптасу моделін тексереміз. Бұл модель танымның бірнеше саласын қамтиды: қабылдау, зейін, есте сақтау, білім, тіл. Бұлардың барлығы таным процесіне белгілі бір ретпен енгізіледі: ақпаратты жинау және енгізу; ақпаратты сақтау және ұйымдастыру; ақпаратты қолдану. Мұндай болжалдық үлгілерді түзу, қабылдау, зейін, есте сақтау, ақпаратты жинау және енгізу, танымдық үдеріс кезінде ақпаратты сақтау және қолдану механизмдерін білумен тікелей байланысты.
Сезіну және қабылдау – ақпаратты қабылдау және өңдеу жүргізетін тетіктермен байланысты .
Ақпаратты қабылдау барысында пайда болатын белсендендіруші мотивациялық ынта-ниет педагогика үшін маңызды . Мотив – (ынта-ниет) сөзінің астарында белгілі бір қажеттілікті қанағаттандырумен байланысты тұлғаның бір әрекетке (іс-әрекет, қарым-қатынас, мінез-құлық) деген ішкі құлшынысы.
Мотив тұлғаның жеке бас қызығушылықтары, көзқарастары, әлеуметтік наным-сенімдері, құндылықтары және т.б. тікелей байланысты болады.
Танып білуге және жаңалыққа жаны құштар түсінушілікке құлшыныс адамның когнитивті қажеттілігі болып табылады. Бұл қажеттілік адамның ақиқатқа құлшынысымен, таныс емес дүниеге қызығушылығымен байланысты. Когнитивті қажеттілікті қамтамасыз ету тек жаңа ақпаратты қабылдаумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар, адам қабылдаған ақпаратты түсінуге, жүйелеуге, олардың арасындағы байланысты тауып, фактілерді саралауға, реттелген жүйе құруға талпынады. Жоғарыда аталған жүйелер арасындағы байланыс сатылы болып, яғни, білімге деген құлшыныс түсінуге деген құштарлықтан бір елі алда жүреді.
Когнитивті қажеттілік – негізгі адам қажеттіліктерінің бірі болып табылады. Ынталандыру теориясында кәсіби ынта ерекше орын алады. ЖОО-да жүргізілген тәжірибелер мықты және әлсіз студенттер бір-бірінен интеллектуалдық көрсеткіштерімен емес, кәсіби ынта деңгейімен ерекшеленетінін көрсетті. Бірақ, әрине, бұдан әртұрлі қабілеттер оқу іс-әрекетінің маңызды факторы емес деген жаңсақ пікір тұмау керек. Кәсіби мотив оқудың соңғы мақсатымен тікелей байланысты болғандықтан, кәсіби мотивация саласында мамандыққа деген оң көзқарас маңызды рөл атқарады.
Таңдамалық жекелей зейін модельдері қабылдау, қажетті ақпаратты таңдап алу, жұмыстық жады тетіктерін, осыдан оқу іс-әрекетіндегі белсенді танымдық әрекет үдерісінің тетігін түсінуге көмектеседі. Біздің ойымызша, сұрыптау зейін моделінде сұрыптау теориясы аясында қызығушылық туғызады.
Сұрыптау үдерісінде барлық келіп түскен ақпарат қабылданады, дегенмен, оның аса маңызды емес бөлігі әлсізденеді. Жұмыстық жады сұрыпталған ақпаратты сақтау қызметін атқарса, қысқа мерзімді жады адам санасына келіп түскен кез-келген (маңызды және маңызды емес) ақпаратты сұрыптайды. Білім алушының зейінін тексеру барысында оқытушы сабақ түсіндіргеннен кейін алынған ақпаратты қайта сұраған жағдайда қысқа мерзімді жадтағы маңызды емес ақпараттың әлсізденетінін (көмескілетінін) есте сақтағаны жөн.
Жұмыстық жадының мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан, алынған ақпараттың тек белгілі бір бөлігі ғана сақталады. Сұрыпталған ақпарат әрі қарай талданып, сұрыпталынып, бұрынғыдан тұрақтырақ бейнеге енеді. Жұмыстық жады қабылданған ақпараттың маңыздылығын анықтауға бағытталған.
Тапсырманы орындау барысында қандай өзгерістер болады?
Когнитивистердің пайымдауынша, оңтайлы жағдайда бір уақытта бірнеше тапсырма орындауға болады. Егер, берілген тапсырманың бірі көбірек назар аударуды қажет етсе, мысалы, дәріс тыңдау және бір уақытта оның мазмұнын конспектілеу қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан, тыңдаған дәрістің негізгі ой-пайымдарын ғана мүмкіндік болғанша қағаз бетіне түсіру керек.
Жоғарыда айтылған ой-тұжырымнан мынандай қорытынды шығаруға болады: біріншіден - бір уақытта бірнеше жұмыс жасауға болады, бұл зейіннің бөлінетіндігін білдіреді; екіншіден – жиі орындалатын тапсырмалар зейінге салмақ түсірмейді. Бұл ақпаратты автоматты түрде өңдеу деп аталады. Күрделі тапсырмаларды орындау басында қиын болғанымен, күнделікті тәжірибе және тұрақты алгоритмдық біліктердің қалыптасуы процесуалдық когнитивтік негізде оқытуға тірек болады. Бұдан декларативті және процедуралық білім ұғымдары пайда болады. Процедуралық білім – адамның не білемін деп ойламайтын, бірақ санасында қалыптасқан білімі. Декларативті білім біздің не істейтінімізді көрсетіп, вербальді деңгейде көрінеді; процедуралық білім – қалай істейтінімізді көрсетіп, нағыз іс-әрекет деңгейінде көрінеді.
Оқу үдерісін және жаңа жағдайларға бейімделуді мүмкін ететін, ойлау қабілеттері мен стратегияларын, яғни, адам ой-өрісін дамыту – оқытудың когнитивті әдістерінің негізгі мақсаты болып табылады. Когнитивті оқыту стратегиясының негізі – «жеке ұғымдар мен біліктерге үйрету емес, қалай оқып, білім алуға үйрету қажет». Оқушылардың зейінін, жадын қабылдау қабілетін ерік, жігерін дамыту қажет.
Педагогтың ойлау қабілетін, кәсіби дайындығында, оның төзімділігін тәрбиелеуде когнитивті оқыту теориясының келесі ережелері бағыт ретінде қолданылуы тиіс:
білім алушының таным үдерісінен алыстатпай, оның субъективті тәжірибесін ескере отырып, әр оқушының қабілеттері мен қызығушылықтарын дамыту қажет;
білім алушының белсенділігі (танымдық белсенділік те ескерілуі тиіс) оның жеке мақсаттары, қажеттеліктері және ниетімен байланысты болуы тиіс;
оқыту адам психикасы мен ой-өрісі дамуының жалғыз ғана көзі емес; жеке бас белсенділік негізінде жұмыс жасайтын өзін-өзі кемелдендіру, өзін-өзі тәрбиелеу, өздігінен білімін жетілдіру тұлға дамуының нәтижелі резервтерінің бірі;
білім беру жүйесі білім алушылардың даму деңгейі мен ерекшеліктеріне бейімделуі тиіс;
тұлғаның өзін-өзі дамытуы – жеке тұлғаның ішкі -қарама-қайшылықтарының, факторлардың әсерімен жүретін заңды, бағытталған, әлеуметтік және психологиялық бейнесінің өзгерісі.
Когнитивті оқыту концепциясын жасауда әдістер жүйесін анықтау маңызды болып табылады. Когнитивистикада көптеген когнитивті оқыту әдістері қарастырылған. Бұл әсіресе шетелдік кәсіби оқыту жүйесінде (М.Сорей, К. Деланной, Пассганд және т.б.) жасалған. Отандық когнитивистикада бұл әдістер шетел тілдерін оқыту әдістемесінде, сонымен қатар орыс тілін шетел тілі ретінде (С. Ф. Шаталов, И. Н. Верещагина, Д. И. Изаренков және т.б.) оқытуда көп көлемде құрастырылған. Когнитивті оқыту әдістер авторлардың барлығы дерлік Ж. Пиаженің, Л. С. Выготскийдің, Дж. Брунердің еңбектеріне сүйенеді.
Мазмұндары бөлек когнитивті оқыту әдістерің ортақ маңызды белгілері бар:
когнитивті үдерістеріндегі процедуралық білімнің декларативті білімге қарағанда маңызының артуы;
оқыту үрдісіндегі когнитивті және эмоционалды-ерікті және мотивациялық факторлардың арақатынасы.
Ақыл-ой қызметтерін дамыту, оқып-үйренуге (білім ала білуге) үйрету, сыни ойлауға үйрету – педгогиканың барлық салаларына тән мақсат.
Интеллект – қоршаған ортадағы жағдайларды дұрыс қабылдауға, түсінуге және түсініп беруге мүмкіндік беретін, жеке ойлау тәжірибесін ұйымдастырудың ерекше түрі.
Ақыл-ой дамуының өлшемі ретінде адамның айналада болып жатқан әрекеттерге деген танымдық көзқарастары, оның ішінде, ой-өрісінің кеңдігі, оқиғаларды бағалауының көпнұсқалылығы мен икемділігі, ерекше ақпаратты қабылдауға дайындығы, өткенге және болашаққа сүйене отырып, қазіргі жағдайды бағалай алуы, себеп-салдарды анықтауы, болжалдық негізде ойлау мүмкіндігі қарастырылады. Креативтілік тұлғаның жалпы қабілеті болып табылады және тұлға белсенділігі көрінген саласынан тәуелсіз шығармашылық өнімділігіне әсер етеді. Когнитивистер креативтіліктің 5 параментрін көрсетеді:
проблеманы табу және қоя білу қабілеті;
көптеген ой-идеяларды ұсыну қабілеті;
әр түрлі ойларды жүзеге асыра алу - икемділік қабілеті;
ерекше стимулдарға ерекше жауап бере білу қабілеті;
проблемаларды шеше алу қабілеті, яғни, анализ және синтез түзу қабілеті.
Креативті қабілеттер оқу барысында, арнайы дайындық кезінде пайда болмайды. Шығармашылық жаңашаландыру үдерісінде перспективалар жаңа идеяларды ұсынумен байланысты. Креативті (шығармашылық) үдеріс 4 кезеңнен тұрады:
проблеманы айқындау. Бұл кезең қарастырылып отырған мәселеге қатысты сала туралы жалпы білімді талап ететін проблеманың бар екенін түсіну немесе табудан тұрады. Осылайша, креативті үдеріс қарастырылып жатқан мәселені нақтылау үшін қажет ақпаратқа сүйенуден көрінеді;
проблеманы шешуге арналған ақпаратты талдау;
аналогия тәсіліне сүйене отырып, белгілі ақпаратты пайдаланып, белгісіз ақпаратты табу;
өзін-өзі басқару және жүріп жатқан үрдісті бағалау;
Ақпаратты шынайлыққа жеткізу, болжам жасау, бұрынғы контекст шешімін жаңа контектст шешіміне қолдана білу;
Шығармашылық үдеріс келесі өлшемдермен сипатталады: ұсынылған шешімдердің санымен бағаланатын нәтижелеудің оңайлығы; берілген жауаптардағы өзгерістердің санымен өлшенетін икемділігі; жауаптарда берілген толық мәліметтердің негізінде ұсынылған шешімдердің тосын және шынайы болу ерекшелігі.
Адамның ішкі жан дүниесі, көзқарасы, мінез-құлқы, тәлімі, субъективтік белсенділіктің қайнар көзі. Білім алушының шығармашылық тәжірибесі болмаса, білім, білік, дағдылардың ол үшін маңызды болмауы да мүмкін. Мәселені шешудің шынайы жағдайларында субъект қолында бар арнайы ақпаратты дұрыс қолдана алуы тиіс. Дегенмен бұл ақпаратты қалпына келтіру ол үшін оңай емес. Ол ешқандай нұсқаусыз қай ақпараттың қажет екенін және қайсысын қолдану қажет екенін анықтауы қажет. Қажет ақпаратқа дұрыс жол табу шығармашылықтың бір қасиеті болып табылады. Мұнда тәжірибесі бар адам, тек білімі ғана бар адамнан жоғарырақ нәтижеге жетеді.
Осылайша, когнитивті оқытуды танымның белсенді үдерісі деп түсіну қажет. Мұндай жағдайда алынған білімдер мен мүмкіндіктер ақыл – ойдың жоғары деңгейде дамуына, шығармашылық қабілетінің қалыптасуына, тәжірибе жинауға, жаңа оқыту жағдайларында қажетті әдістемелік ой-пайымның қалыптасуына әсер етеді.