Р. А. Авакова филология ғылымдарының докторы, профессор


Қос сөз түріндегі және таутоним аттар



бет64/111
Дата22.09.2022
өлшемі0,6 Mb.
#39921
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   111
2.5 Қос сөз түріндегі және таутоним аттар
«Сөзді қайталаудан не қосарланудан сөздің мағыналары түрленіп, юморлық кейіпкер атын жасауда ерекше тәсіл болып саналады да, стилистикалық қызметі өзгереді, яки ұлғайту, яки солғындату реңкі жамалады. Сөздің шұрайын жақсы білетін сатирик-юморист қаламгерлер тілімізде қалыптасқан қос сөздерді ажыратып, не біріктіріп кейіпкердің аты-жөнін жасаған. Мұндай кейіпкерді көптеп келтіруге болады: Ардыңгүрдіңова < ардың-гүрдің, Бөлек Салақович < бөлек-салақ, Бұрқан Талқанович < бұрқан - тарқан, Жігжаппаров < жік жаппар, Пәленше Түгеншиев < пәлен - түген, Шымшытырықов < шым - шытырық, Аузыбасы Сүйреңдегенова <аузы - басы, Қазы Қартабаев < қазы - қарта, Таныскүл Тамыровна < таныс - тамыр, Өсекаяңов < өсек - аяң, Тәптіш Түкпішев < тәптіш - түкпіш, Айқайұлы Ұйқай < айқай - ұйқай, Тиын Тебенұлы < тиын - тебен, Қиқым Сиқымов < қиқым - сиқым, Пәштуан Пәленбаев < пәлен -пәштуан, Былқылдақ Сылқылдақович < былқ - сылқ, Сақалбай Мұртов < сақал - мұрт, Ішекқарынұлы < ішек - қарын, Кемпіршалов < кемпір-шал, Апай Топаевич < апай-топай, Опадалап < опа-далап.
Зымзия ісі де, сөзі де жылдам өсекшіл әйел кейіпкерге берілген ат. Зым-зия < зым-зия болу жоқ болып кету, іссіз жоғалу дегенді білдіреді, қос сөз ретінде ғана қолданылады, жеке-жеке зым және зия болып қолданылмайды.
Бұдан басқа қосарланып айтылатын сөздерден жасалған СЮП-тер бар: Қымқиғаш ~ қым-қиғаш, Бүкшік ~ бүк-шік, Зымзия ~ зым-зия, Ыңқыл Тыңқылович ~ ыңқыл-тыңқыл, Шалашарпы ~ шала-шарпы, Ым, Жым ~ ым-жым, Ымыра, Жымыра, Ебіл, Себіл~ ебіл-себіл, Әлду, Бәлду ~ әлду-бәлду (С.Кенжеахметұлы), Кедір, Бұдыр ~ кедір-бұдыр, Пәлен, Пәштуан ~ пәлен-пәштуан, Көди, Сөди ~көди-сөди (О.Әубәкіров), Ақи Тақи ~ ақи-тақи, (Ғ.Қабышұлы), кәкір-шүкір ~ Кәкір, Шүкір, ырду-дырду ~ Ырду, Дырду (Т.Әлімбекұлы), тамыр-таныс ~ Тамыр Танысович, мыж-тыж ~ Мыжбан, Тыжбан (М.Шерім), ләм-мим ~ Ләммим (Т.Әлімбекұлы), бұрқан-талқан ~ Бұрқан Талқанович, дік-дік ~ Дікдік (Ғ.Ахметчин).
«Ықшамдалып жасалған қайталама қос сөздер ойды әсерлі, тыңдаушыға түсінікті де тартымды жеткізу үшін қолданылатын стильдік ерекшелік деуге болады» [Шүленбаев Н.Қ., 2004,71б] деген пікір осы сатиралық бейнелерге де қатысы бар.
Сөзбе-сөз қайталаудан туындаған аттар таутоним (гр. tautos – «дәл сондай») деп аталады. Бұған Асаған Жасағанұлы, Бақа Бақыш, Бөден Бөденович, Жаңабай Жаңабаевич, Емле Емлеевич, Нүктебай Нүктебаев, Пышпыл Пышпылович, Тәукебай Тәукебаевич, Тойған Тойғаныч, Іштеңкей Іштенкеевич, яғни сөзді дәл сондай етіп қайталау арқылы жасалған кейіпкерлер мысал бола алады. Кейіпкердің іс-әрекетін, характерін әсерлі көрсету үшін алуан сөз мәнерін қолдана отырып, есімі ерекше, сөйлеп тұрған, айқайлап тұрған ат болса ғана жарасымды.
Кейбір кейіпкерлер сөзді қайталаудан туғанмен, екінші сыңарлары дыбыстық өзгеріске түскен. Мысалы: Әрдеңбай Мәрдеңбайұлы ~ әрдең мәрдең, Боташ Тоташевич ~ боташ тоташ, Тибай Шибаевич ~ тибай шибай, Есқали Месқалиевич ~ есқали месқали, Азғанбай Тозғанбай ~ азған тозған, Омпай Томпаев ~ омпай томпай, Елпек Телпекович ~ елпек телпек, Елпекбай Желпекбаев ~ елпек желпек, Шытырлақ Қытырлақұлы ~ шытырлақ қытырлақ, Шөрешөреұлы ~ шөре - шөре, Ыңқыл Тыңқылович ~ ыңқыл тыңқыл, Сыдырбай Қыдырбаев ~ сыдыр қыдыр, Тәйтік Мәйтік ~ тәйтік-мәйтік, Әңкі, Тәңкі ~ әңкі-тәңкі, Былқ, Сылқ ~ былқ-сылқ, Быж, Тыж ~ тыж-быж, Қылтың, Сылтың ~ қылтың-сылтың, Абыр, Сабыр ~ абыр-сабыр т.б.Кайталанушы компоненттердің түбірі бірдей емес, дыбыстық алмасуынан жаңғырық баламасы іспетті СЮП-тер кездеседі. Ғ.Қабышевтың кейіпкерлері осындай жолмен жасалған.
Омпай Томпаев – іс-әрекеті омпай-томпай, кеудемсоқ, өзінен басқаны кем тұтатын әйтеуір жазушы-сымақ. «Жазатындардың бәрін өзінен төмен сырғытып отырады. Ә, анау кім бе? Сол да жазушылар одағына мүше болып алды, ә? Не болмаса: Әй, ол кім өзі? Мен танымайтынды несін жазушы дейсіңдер? дейді. Прозаның басын да, жамбасын да, төсін де өзі мұжып, бар пұшпағын өзі илеп жүрген боп шығады сөйтіп» [Ғ.Қабышев,73б].
Сатирик қаламгер образ жасауда жеке адамға тән мінез, нанымын, ой - пікірін, өмірге көзқарасын, күйініш – сүйінішін беруде омпай-томпай деген қос сөзді кейіпкер атына берген.
Ғалым Г.Әзімжанованың «Қайталама оқырман мен тыңдаушыға эмоционалды әсер етіп, оның назары сол қайталанған элементтерге ауады, әр түрлі деңгейде олардың мағыналары түсіндіріледі, айтылар ой өрбиді, қайталанған сөздің экспрессиясы күшейеді, текстің мәнерлілігі айқындалады, ерекше ритм туғызылады. Сөз зергерлері бұл әдісті психологиялық суретті тереңдету үшін де қолданады» [Әзімжанова Г.М., 1995,10 б] деген пікірді осы Омпай Томпаев тәрізді жасалған кейіпкер аттары дәлелдейді. Сырттай қарағанда қарапайым ғана сипатқа ие болатын дыбыстардың қайталануы шын мәнінде күрделі құбылыс болып саналады. Өйткені ол тілдегі белгілі бір ішкі және сыртқы факторлар негізінде қалыптасқан.
Комиканың тілдік табиғатын зерттеуші А.З.Салихова «Сатирик, юмористердің эмоционалды-экспессивті элементтерге жүгінуінің негізгі себептері айқындылық, мағыналық кеңдік әрі дәлдік, қысқалық болып табылады» [А.З.Салихова, 2001] ,– деп түсіндіреді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   111




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет