МАРСЕЛЬ Габриель Оноре (1889 – 1973) – франц. философы, драматург, театр және музыка сыншысы. Франциядағы католиктік экзистенциализмнің пайда болуы М. есімімен байланысты. Өзінің алғашқы «Метафизикалық күнделік» (1927) шығармасында ол адам, жеке адамның статусы экзистенция деген байламға келеді. «Адамдар адамдыққа қарсы» (1951) және «Мәселеге айналған адам» (1955) жұмыстарында философиялық сын пәні «адамсыздану технологиясы» бар ХХ ғ-ға сынмен қарайды. Оның пікірінше, философияның міндетін бүгінгі таңда өнер атқарады. Кьеркегордан бастап көптеген экзистенциалистерге тән театрға қызығушылық осы қажеттіліктен туған, өйткені драма стихиясы – диалог, сөйлеу – интерсубъективтіктің құралы, ол объективтивацияны қажет ететін философияның әдістеріне көнбейді. «Ғылыми» философияда адам өмір кешуінің мәселелеріне байланысты даналықтың ұшқыны да жоқ. Адамдардың өзара қарым-қатынасы мәселесінде өнерге, музыкаға, кескіндеме өнері мен драматургияға басымдық берілуі тиіс. М. өркениет тарихын байланыстырушы буын ретінде рухани мұраға, өткеннің мәдениетіне үлкен назар аударады. М. мәдениет зерттеушінің басты міндеті – өркениеттің рухани мұрасы, мұраны, құндылықтарды анықтау деп біледі. Сондықтан да сол философияда алғашқы қатарға болмыстың пайдасын растайтын: ұғыну-қабылдау, сезіну, дүниенің «заттылығы» мен әмбебап қатынасқа қабілеттілігі мәселелері шығуы тиіс. М. болмыстың нағыз тыныс-тіршілігінде табиғаттың әсем көріністерінің рөлін ерекше атап көрсетті, ландшафдты өзіне қабылдай білудің сарқылмас қатыстылықтың формасы. Табиғат апаты – әлемдік қасірет. М. үшін табиғат пен гуманизм біртұтас, ал олардың синтезі – өнер.
МАСЛОУ Абрахам (1908 – 1970) – американ ойшылы, гуманистік «жағымды психоанализдің» негізін салушылардың бірі. Мәдениетті адамның негізгі қажеттіліктері арқылы талдады. Оның теориясының алғашқы пункті – жан-жақты жетілген, кемелдікке ұмтылған тұлға. Мәдениеттің кемелдік өлшемі – оның қажеттіліктерін қанағаттандыруы және тұлғаның потенциалды мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жағдай жасауы деп біледі. М-ның «жағымды психоанализінің» мақсаты: «Адам кім бола алар болса сол болуы керек». М-дың зерттеу тақырыбы – шығармашылық, махаббат, ойын, болмыстың ең бағалы құндылықтары, сананың ең биік қалып-күйлері және олардың мәдениеттің қызметіндегі маңызы. М. өз концепциясын кез-келген мәдени институттарға (отбасы, білім, дін және т.б.) қолдануға болатын өмірдің жаңа философиясы деп біледі. М. теориясының өзегі – қажеттіліктің иерархияланған бес деңгейі.1) физиологиялық қажеттіліктер, ағза қызметін қамтамасыз ететін қажетті жағдайлар; 2) адам өмірінің жеке адам деңгейінде, этномәдени қоғамдастық, адамзаттық біртұтастық деңгейіндегі маңызды шарттары – өз-өзін сақтауға, қауіпсіздікке, бейбітшілікке деген қажеттілік; 3) сүйіспеншілік пен қарым-қатынастың қажеттілігі; 4) өзін таныту, өз-өзін сыйлау, қадірлеуге деген қажеттілік; 5) қажеттіліктің ең биік түрі – маңыздылығын жоғарылату, өзінің потенциалды мүмкіндіктерін жүзеге асыру және оны жетілдіруге – шығармашылыққа деген қажеттілік. Қазіргі индустриалды мәдениеттің репрессивтігін жете ұғына отырып М. негізгі белгілері қауіпсіздік деңгейінің жоғарылығы мен қабілеттердің мейлінше дамуы мүмкіндігі мен өзін-өзі жүзеге асыру болып табылатын идеалды қоғамның адамдардың әбден үндестік-үйлестікте бірігуінің моделін жасады. Идеалды модельге бастар жол көптеген мәдени институттардың бағытын гуманистік бағытқа ауыстыру және адамдардың санасын өзгерту болып табылады деп білді. М. мәдениетті зерттеп тануда жаңа бағыт – трансперсональды психологияның негізін қалады.
МАХАББАТ – адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, таным тұғыры, риясыз, ынтық, нәзік сезімі. Батыстық философия тарихында Эмпедокл өзінің космол. ілімінде М. бүкіл әлемді ұйымдастырып тұрған бастапқы күш деп білді. Платон оны сезімдік және рухани М. деп екіге бөліп қарастырды. Сезімдік М. – сұлулыққа сұқтанатын М-тың төм. сатысы, ал рухани М. – адамның белсенді танымдық қызметінің қайнар бұлағы деп қарады. Христиан діні М-ты Христос Құдайдың негізгі сипаты деп санады. Соның нәтижесінде Құдайдың өзі М. мағынасында ұғынылды. Ортағасырлық христиан этикасында, сезімдік және рухани М. бір-біріне қарама-қарсы қойылды. Табиғаттан тыс тұрған күш – христиандық М. («адамды сүю») ілімі жасалды. Бұл ерекше М. («агапэ») «жақыныңды сүй», «жауыңды сүй» сияқты қағидалар негізінде таралды. Ағартушылар М. адам бойындағы табиғи сезімдер көрінісінің бірі деп есептеді. Мәселен, Шефтсбери М-ты ынтымақ сезімі және қоғамдық тәртіптер мен сұлулықтың ұйтқысы деп көрсетті. Гельвецийдің түсінігінше, М. – адамзат өміріндегі тәрбие құралы және адам дамуының қайнар бұлағы. Сөйтіп, ағартушылар этикасы М. мәселесін әлеум. өмірмен байланыста қарастырды. Марксизм ілімі М-ты өзінің әр алуан формаларында жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғам өмірінің мәнді жақтарын тікелей әрі тереңнен қамтып, рухани берілгендік пен қаһармандықтың қайнар бұлағы болып табылатын әлеум.-таптық және жалпы адамзаттық ынтымақты бейнелейді деп көрсетті. Қазақ халқының рухани бастауларының бірі – шығыс мұсылман әдебиетінде М. жайлы жырлар ғасырлар бойы жалпы жұртшылыққа жол тауып, эстет.-көркемдік, этик.-ғибраттық зор маңызға ие болды. Орта ғасырларда М. ұғымы көркем шығарманың ғана нысаны емес, дүниетаным, дін, философия, эстетика салаларының өзекті мәселелері бастау алатын кәусар бұлақ саналды. Ортағасырлық мұсылман және христиан теологиясында, діни әдебиетте, сондай-ақ шығыс поэзиясында да басты тақырып М. болды, көптеген онтол., аксиол., гносеол. мәселелердің шешуін табар түйіні осы М. категориясы еді. М. ұғымының сырлы әлемін жүрек пен көкейкөздің (интуицияның) үлесіне қалдырып, оның эзотер., тылсым бейсаналық табиғатын мойындағанның өзінде, ғалам жаратылысының мәні, хақты тану мүмкіндігі, адам рухани ізденісінің түп мақсатына қатысты ақыл-ой деңгейіндегі толғаныстарды шешуде де М. филос. категория қызметін атқарды. Бұл бойынша М. – ғаламның, адамзат жаралуының телеол. себебі, оның рухани жетілуінің, эстет. ләззаттануының, этик. ғибраттануының негізі. М. әрбір адамды бейтарап қалдырмайтын, адам өмірінің мәні мен маңызы, сырлы әлемі. Сондықтан М. жайлы әрбір адамның жеке көзқарасы, өзіндік ой-пікірі, түсінігі болуы және оның әр алуан болуы заңдылық. М. әрбір адамның әлемдегі, қоғамдағы, отбасындағы өзінің орнын белгілеуге, өзін-өзі, ақиқат мәнді, жаратылыс сырын тануға мүмкіндік беретін маңызды таным-түйсігі. Сол себептен М-тың сипаты да түрліше. Мыс.: адам мен Құдай, ер мен әйел, ұстаз бен шәкірт, ата-ана мен бала, туыс араларындағы М. Өз кезегінде адам мен Алла арасындағы М. – имандылықтың, ер мен әйел М-ы – отбасының, отанның беріктігінің, ұстаз бен шәкірт М-ы – білімнің, ата-ана мен бала, туысқандар арасындағы М-тар – елдіктің және т.б. қастерлі құндылықтардың кепілі әрі бастауы. Сонымен қатар адамның Отанына, туған жеріне, халқына деген сүйіспеншілік сезімі де М-тың бір көрінісі. Ер-азаматтың қорғауға міндетті басты үш намысы – иман, Отан, отбасы М-қа негіз болар құндылықтар. М-ты осылайша жіктеуге М. иесі сезімінің нысанын, көздеген мақсатын белгілеуі негіз болады. М-тың сезімдік әсер тұрғысынан күйініш пен сүйініш, қорқыныш пен үміт өзара ұласа жүріп, адам бойында күйіп-жанған ынтық сезім, қанат бітірер ұшқыр қиял, риясыз пейіл, мейірім-шапағат түрінде көрініс беруі М-тың бар түріне тән жалпы сипаты болып табылады. Яғни М-тың қай түрі болсын адамды ізгілікке, мейірімділікке, адалдыққа тәрбиелейді. Адамдардың басым көпшілігін толғандыратын да, көптеген көркем шығармаларға өзек болған тақырып та ер мен әйел арасындағы М. Алғашқыда күйіп-жанған ынтық сезіммен басталған М. жұбайлық жұп құру кезінен бастап жаңа сатыға өтеді. Некедегі ер мен әйелдің отбасындағы өзара адалдығы, бір-біріне қамқорлығы, ортақ жауапкершілігі, ізгі мақсат, ортақ мүддеге жұмылуы алдыңғы орынға шығуымен М. жаңа сапалық өзгерісте дамып, тәрбиелік мәні артады. Демек, ер мен әйел арасындағы М. пен осындай басқа да М-тардың барлығы – олардың ешқайсысын жоққа шығармайтын, бірақ бүтіндей қамтып, әрқайсысының мәнін арттыратын адамның хақиқатты мақсат еткен Аллаға деген М-ының алғашқы сатыларының бірі. Хақиқатты сүю – адамды иманының, Отанының, отбасының қадір-қасиетін жете түсінуге баулитын, оларды да қатар сүюге қайшы келмейтін М. Мұндай хақты сүю М-ы жайлы өз М-тарының нысаны етіп жаратушы Алланы қалаған, дәстүрлі қазақ қоғамында әулие ретінде құрметтелген, хақ сүйіспеншілігіне жеткен ғұламалар өз хикметтерінде жырлаған. Сондықтан М. ұғымын ғалам жаралуының сыры, адамның рухани кемелденуінің жебеушісі ретінде қарастырған Иасауи, Абай, Шәкерім сияқты ғұламалар жырларына жүгініп, М. сырын түсінуге болады. Мұсылман діни танымында рухани кемелденудің шыңы болып табылар – «дидар талапқа» жеткізер басты күш-қуат осы М. Сондықтан ислам ғұламалары М-ты құдайдың «Халық» есіміне сай жаратушылық сипатының телеол. қағидасы ретінде қарастырды. Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) хадисінде: «Хазірет Хақ субхана уа тағала: мен кеңістіктің бір бұрышында жасырынулы тұрған кен-қазына едім. Менің Тәңірі екендігімді ешкім білмейтін, өз құдіретімді білдіруге махаббатым ауып барша, ғаламды жараттым», – деді. Осы хадистен Тәңірінің адамға арналған М-ы барша ғалам жаралуының мақсатты себебі екендігі, яғни телеол. қағида туындайды. «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деген қағида Абай, Шәкәрім секілді ислам ілімінен сусындаған қазақ ойшылдары шығарм-ның негізгі мәні мен маңызы болғандығы мәлім. Мұсылмандық шығыста М. тақырыбында жырланған субъект – объектілік қарым-қатынас айқын, ол – ғашық пен мағшұқтың өзіндік орындарымен, қолданылар теңеулерімен анықталады. Мәселен, субъект – ғашықты көбелекке, объект – мағшұқты отқа балап Ясауи былай жырлайды: «Көбелек боп отқа түстім, шоқ боп ұштым, мінеки». Ал Шәкәрім «Сорлы бұлбұл жазға асық боп, нұрлы гүлге айтты зар, Көбелек те отты алам деп, Шамға түсті боп құмар», – деген өлең Шығыс дәстүрінде қалыптасып, М-тың объект – субъектілік ішкі қарым-қатынасының мәнін ашатын от пен көбелек, раушангүл мен бұлбұл, т.б. теңеулерге жиі барады. «Ариф ғашық тариқаттың дүр данасы» – деген Ясауи, «ариф» – хақты танушы ақиқатқа ішкі тәжірибе, өзін-өзі тану арқылы, өз тереңіне үңілу арқылы жетеді деп біледі. ұұлама шығармаларында ғашықтық күйдің бейнеленуі мен адамның даму, жетілу, ақиқатқа жақындау сатысындағы халдері көрініс тапқан, онда ғашық халі ақиқатқа ұмтылушының танымдық сатыларына сай келеді. Осыдан М-тың гносеол. мәселелердің шешіміне қатысы аңғарылады. Ақиқатқа талпынудағы түпкі мақсат – хаққа жету. М. иесінің істеген ісінен, көркем мінез-құлқынан, ғалам, дүние сұлулығына ғажаптанып, одан ләззаттануынан, дидар талап етуінен эстет. ізденістің басты шарты М. екені байқалады. Ал ғашықтың иман және қорқыныш (хауф-рижа) пен үміт жайлы түсініктері мен ойларынан М. аксиол. құндылықтарды түзуші ретінде бағамдалады. Ғашықтық отының нәпсіні жалынымен тазартар күшін жырлауынан М-тың моральдық-этик. категория ретіндегі мәні ашылады. Ал мағшұқтың ғашық ынтызарлығын бейтарап жауапсыз қалдырмайтыны, жандүниесінің қалтарыс сырына дейін білетін достығы мен іліміне қарап, сол М-тың бастау көзі жаратушы ие деп білетіні көрінеді. Сопылық ілім онтол. тұрғыда ғалам жаралысының сырын М-тан іздейді. Абсолютті ақиқат өзінің құдіретін паш ету үшін бұл дүниені пернелеп жаратуының үш негізгі себебін атайды: 1) Құдай – абсолютті, кемел, ол өзінің М-ының нысаны –адамды жаратты. Алланың самадтығы (мұқтажсыздығы) шексіз, ол әуел бастан М. бастауы болғандықтан да сүйіспеншіліктің, мейірім-шапағаттың таусылмас кені. Алланың адам сүйіспеншілігін қалауы шындығында мұқтаждық емес – жомарттық, себебі хақтың достығына жеткен адамды шексіз рахым-шапағатқа бөлейді. 2) Құдай – абсолютті ғажайып, ол өзінің ғажайыбын паш еткісі келді. Сондықтан да ғаламды ол өзінің сипаттары сәулеленетін аса көркем «айна» етіп жаратты. Айнадағы бейне кейпіндегі жаратылыс дүниеге ғажаптану арқылы сол бейнеден Жаратушыны, Ақиқат бастау түп иені танысын деп адамды жаратты. Адамзат бүкіл жаратылыстың ішіндегі жауһары, ең сүйіктісі. Ең сүйіктісі болғандықтан да ол – аса көркем жаратылыс, оны «Алла тағала өз бейнесінде жаратқан» және ол өзінің ең сүйікті досын адамзат қауымы ішінде жаратты. Бүкіл ғаламды, жанды-жансыз дүниені осы екі дүниенің шамшырағы, екі ғаламның тәжі, Алланың сүйікті досы – Мұхаммедтің (ғ.с.) құрметіне, соған деген М-тының себебінен жаратты. Бүкіл жанды-жансыз, ірілі-кішілі, рухани және материалды заттар мен дүниені «Нұри Мұхаммедтің» яғни, хазірет пайғамбардың нұрынан жаратты. 3) Құдай абсолютті даналық – өзінің ұлы есімді даналық сипаты сәулеленетіндей нысан – адамзатты жаратуды қалады, Өз ақиқатын, ғылым құдіретін паш еткісі келді. Ал адам өзінің таным көзін жоғары ақиқатқа бағыттап, жаратушысын тани алатындай мүмкіндікпен ақылдың иесі етіп жаратылды. Адамның өзге жан иелерінен айырмашылығы да оның ақылында. М-тың түп иесі осылайша адамды жоғары ақиқатты танитындай нұрлы ақыл иесі етіп жаратуының өзінде үлкен М. бар. ғұлама Абай өзінің 38-қара сөзінде «…ықыласпен оқып ұғып алыңыздар, оның үшін махаббат төлеуі махаббат. Әуелі адамның адамдығы, ақыл ғылым деген нәрселерменен... Талап, ұғым махаббаттан шығады. ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады... Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» дейді. Яғни адамның ең асыл қасиеті – ақыл, ең асқақ мұраты – танымға құмарлық. «Махаббатсыз, дүние дос, хайуанға оны қосыңдар» деген ақын адам «ғылым-білімді махабатпен көксерлік болғанда», жүрегін дүние достығынан босатып, хаққа арнағанда ғана адам атына лайық боларын айтады. Адам жаратылысының осы негізгі үш себептерін: 1) сүйіспеншілік үшін, 2) сұлулыққа ғажаптану үшін, 3) ақиқатты тану үшін деп ажыратқанмен де, осы талпыныстың бәрі М-тан бастау алады. Пәктікті сүюге, сұлулықты түйсінуге, кемелдікті тануға талаптанудың барлығы М-тан шығады. «Не қылсаң да ғашық қылғын пәруәрдігер» деген Ясауидің ғашықтық дертін М. бастауының өзінен тілеуі сондықтан да түсінікті. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, және хақ жолы осы деп әділетті. Осы үш сүю болады иманигүл, Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл» деген Абай да М-ты иманның негізі деп таниды. Имандылық жаршысы болған осы ғұламалардың М. жайлы пікірлері бір арнада тоғысады. Олар М. бастауы – Алла деп біледі. «Кәпір болса да берме азар» дейтін Ясауи де бүкіл адам баласын сүюге, татулыққа, бауырмалдыққа үндейді. Ал Хақ жолы – әділдікті сүю – ізгілікті сүю, яғни ғаламның, табиғаттың үйлесімділігінен, заңдылығынан ғибрат алып, соған сай өмір сүру, сондай-ақ адамзат қауымындағы, адамның жаны мен тәніндегі бүкіл заңдылықтар мен құбылыстарды ретке келтіретін ақиқат ілімге сай өмір сүру. Абай «Бәлки ғадаләт барша ізгіліктің анасы дүр», «Ынсап ұят бұл ғадаләттен шығады» дейді. Иасауидің адамзатқа деген М-та үлгі тұтар адамы Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.), оның үмбеттерін сүюі мен ғаріп, жетімдер үшін қиыншылық тартуын «Диуани хикметте» жүйелі жырлайды. М. – қозғалыс бастауы, өмір бұлағы, хауф пен рижаның яки, қорқыныш пен үміттің диалектик. бірлігінен қанаттанған құс іспетті. Себебі «Диуани хикметте» әулиелер сұлтанының Хақ алдында өзін күнәһар сезіну қорқынышы бар. Сонымен қатар, Алла рақымынан-фазылынан (кешірімшілдігінен) үміт етуі жарыса келіп М. өрілімін түзеді. Алланың әділі (сынағы) бар, сондай-ақ фазылы бар дейді иман келтірушілер. Әділі яки, сынағы тұрғысынан алсақ – шексіз пәктік иесі сұбхан Алланың сынағына төтеп берер, оның рахымына лайық, күнәдән пәк, Алламен достыққа, оған қауышуға лайықты адам баласы жоқ. Фазылы, яки кешірімділігі тұрғысынан алсақ – Құдай адамның таудай күнәларын оның тәубасына сай таудан да үлкен фазылымен қарсылап, кешіре алады. Сондықтан бұл М-тың қос қанаты қауіп пен үміт (рижаның) адамды тәубе мен тақуалыққа бастап, ынсаптылыққа тәрбиелейді. М. ақыл үлесі емес, жүрек несібесі, ал ақылдың жаяулар жазықтығы мен ділдің самғар кеңістігі тең емес. Ділдің шексіздігі ақыл аясына сыймайды. «Хақ алдында ақылы кәміл түк қыла алмас, ғашық өрті лапылдаса бір дем қоймас. Көбелектей отқа түсіп өзін білмес, Бұл сырлармен дүниеден тойдым мен» (Ясауи). Адам хақты тану үшін жаратылды деген қағида тұрғысынан оның жаратылыс сырының танымдық қыры айқындалады. Сонымен қатар адамның Хақты тану құралы ретінде ақыл мен жүректі атасақ, М. осы жүрек танымының азығы, күш-қуаты, жебеушісі. «Ақыл мен хауас барлығын білмейдүр, Жүрек сезедүр. – Мүтакалимин мантикин бекер босқа езедүр» деген Абай өлеңі осыны нақты мәлімдейді. Осы тұрғыдан М. сопылық ілімдегі хақты танудың басты гносеол. категориясы ретінде көрінеді. Сопылық ілім бойынша, бұл дүниеде М-тың көп түрі бар. Адам жүрегінен жүз мыңдаған талап орын алуы мүмкін, бірақ осы көп талаптың барлығын қосқанда да дидар талабына сай келмейді. Нағыз ғашық құштарлық пен құмарлықтың барлығын жеңеді. Құштарлық пен құмарлықты жеңу жан қинар арпалыспен жетер аса ауыр азап. Басқа талаптардан жүректі босатып, таухид талапты орналастыру – асыл мұрат. Әдебиет: Мейірманов. А. ҚҰЭ – 6-том.
«МАХАБХАРАТА» – санскритпен жазылған көне үнді эпосы. «М»-ның маңызды ерекшелігі оның үстеме эпизодтарында заң, адамгершілік, билік парыз бен адамның діни міндеттері, яғни үнді философиясында «дхарма» ұғымына жинақталған мәселелерді түсіндіретін дидактикалық және философиялық мәні болып табылады. Дхарма туралы түсінік эпостың баяндамалы тарауларында да негізгі орын алады. Поэманың бас кейіпкері – Юдхишхира «дхарманың ұлы», қырғын соғыс өтетін Куру даласы «дхарма даласы», соғыстың өзі – «дхарма үшін шайқас» деп аталады. Басқаша айтқанда, «М»-да ерлік күрестері адамгершілік күрестеріне айналады. «М-да» көптеген өзге эпостарындай жеңіс-жетістіктердің жалғандығы, өмірдің өткіншілігі туралы сентенциялар жетіп артылады. Арджуна Карнуды, Бхима Дуръйодхануны өлтіруі керек, мұны жеңетін және жеңілетін жақ алдын-ала белгілі, соған қарамастан даңқсыз өмірден «даңқты өмірді» артық көреді. «М». ілімі бойынша адам тағдыр жазмышын өзгерте алмайды яғни «жазмыштан озмыш жоқ». Алайда өлім мен өмір, жеңілістер мен жеңістер – өмірдің сыртқы арқауы ғана, ал шынайы құндылық –адамгершілік мән- мазмұнда: адам өзінің «менін» әлемнің рухани үйлесімімен жарастыра бірегейлендіре алған жағдайда ғана өмірінде биік мән мен мақсат болады. «М»-ның этикалық доктринасы үстеме поэма–индуизмнің діни ескерткіші «Бхагавадштарада» баяндалған. Кришна Аружунаға әлемді жеке тану, бөлек-бөлшек қабылдаудан қалай құтылуға боларын түсіндіреді. Ол тек үйреншікті өмірінен бас тартқанда ғана мүмкін. Мұндай безінушілікке бейәрекетсіздік арқылы емес, керісінше риясыз әрекет, жасаған қандай ісінің жақсы-жаман нәтижесіне деген немқұрайдылық арқылы ғана қол жеткізуге болады. Тақуалық мінездің үш жолын – беймүдделі әрекет жолы, білім жолы және құдайға бас ию жолын ерекше бөле-жара көрсете отырып Кришна бірінші жолды ерекше бағалайды, өйткені онсыз одан кейінгі екі жолға түсу мүмкін емес. Үнді дәстүрінде «М». киелі кітап ретінде қадірленеді. Алғашқы көнеүнді эпосының мағынасы мен тереңдігі дидактикалық қабаты мен эпикалық баяндаудың біртұтастығы негізінде ашылады.