Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
Сабырлық.Бұл – адамның өзін-өзі билеуі, байсалды ерік-жігер күшінің көрсеткіші, орынсыз асып-саспауы. С-лы адам қызбалық пен ұрдажық, ұшқалақтыққа салынбайды. Әр істің ақырына көз жібереді, ісін ойланып, орындайды, ашуды ақылға жеңдіреді. Өмірде реніш те, қуаныш та, бейнет пен рахат та алма-кезек келіп отырады. Сондықтан осындай жағдайларды ескеріп, сабырлы болып, істің артын күту қажет. С-лы кісі басқа түскен ауыртпалықты көтере біледі. Өйтпеген жағдайда оның тез сағы сынып, мойырылып қалуы мүмкін. Адам ізгі тілек, үмітпен ғұмыр кешеді, оның кеудесінен үміт оты өшпейді. Қанағат пен ынсап С-дан қолдау табады. С. адамды жауапкершілік сезімге тәрбиелейді. Жеңілтек, ұшқалақ адам сабырсыз келеді, ол орынсыз күйіп-піседі, өзін демде отқа да, суға да тастайды, қайғы-қасіретке салынады, ұнжырғасы түсіп кетеді, тез сағы сынады, кейде бостан-босқа абыржып, арамтер болады, өз ерік-жігерін билей алмай әуре-сарсаңға салынып, орынсыз ашуланып, қызба, жеңілтек мінез көрсетеді. Әдебиет: Мәдени-философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.
СӘЙКЕСТІК ҰСТЫНЫ –
САЛТ – тұрақтылық қасиетіне ие болған мәдени іс-әрекеттер жинағы. Олар адамдардың іс-әрекет стереотиптеріне айналады, жалпылық қасиетке ие болады. С. ғасырлар бойы тарихи негізде қалыптасып, ұрпақтан – ұрпаққа беріліп отыратын әдет-ғұрып, жалпыға бірдей тәртіп. С-тың шектеушілік қызметі (мыс., жыныстық бейберекеттілікті), жақындастыру қызметі (ауыз бірлікті қалыптастыру), ақпараттық қызметі бар. С. әлеуметтік ақпараттың жиналуының, сақталуының және келер ұрпаққа жеткізілуінің өзіндік құралы. С. – халық даналығының, жалпыға ортақ игіліктердің квинтэссенциясы.
Әдебиет: С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова. Қазақ халқының салт – дәстүрлері. А., 1994; К. Оразбекова. Иман және инабат. А.,1993.
САНА-СЕЗІМ (лат. cum scіentіa – санамен бірге) – әрбір адамның өзінің тіршілігін және әрекеттерін сезінуі. Тіршілік ету аз, сол тіршілік етуіңді сезсең ғана саналы болғаның. Міне, осы қосарлану арқылы адам табиғат заттарынан бөлінеді. Бұл туралы Гегельдің тамаша анықтамасы бар: «Табиғаттың заттары тура және жалқы түрде тірлік етеді, ал адам болса, ол рух болғандықтан, қос тірлікке иелік етеді. Бір жағынан, ол табиғат заттары сияқты тірлік етеді, бірақ, екінші жағынан, ол өзі үшін де тірлік, өзін өзі зерделеп, өзі туралы ұғым қалыптастырады, өзі туралы ойланады және осы қызметінің арқасында рухқа айналады (Гегель. Эстетика. 1835). Психология тұрғысынан сана бір жағынан жарық сияқты көрінсе (сезінілу дәрежесіне байланысты біздің ойлармыз анық, немесе, анық емес), ал екінші жағынан, ниеттену һәм назар аудару қуатына байланысты. Іс жүзінде сезіну барысы назар аудару күш-қуатын да, ұшқыр қиялды да қажет етеді. С.-с. еске сақтау қабілеті және өз-өзіңді қайта тексеру арқылы жүзеге асады. Бұл тұрғыда рефелективтік сана-сезімнің жандануы үшін, әрекет тоқтатылуға тиіс (Гамлет ситуациясы). Егер адамзат тірлігінің ерекшелігі сол тірлікті сезінуге тәуелді десек, сана-сезім үшін де алдымен тірлік керек. С.-с. екі нұсқада тірлік етеді: тұлғалық және қоғамдық. С-с. мазмұны адамның қызметі арқылы жүзеге асады. Сондықтан ол ниет пен идея ретінде көрінеді. Идея тек қана білім емес, болашақты жоспарлау, практикалық әрекетке бағытталған ұғым. Идеяны жүзеге асыру үшін қайрат керек. Мұқтаждық пен қайрат С.-с. маңызды қосындысы. Әлеммен өзара байланысу арқылы адам оған қарым-қатынасын қалыптастырады. Ол үшін тек ой емес, сезім де қажет.Таным адам ішкі әлемінің қосындылары: мұқтаждық, қызығу, сезім, қайрат, еске сақтау қабілеті – бәріне де кірігеді. Осының бәрі адамды өз-өзін сезінуге, өзіндік С.-с. әкеледі. С.-с. зердеден тыс (бессознательное) нәрселерге де байланысты. Фрейдизмде зердеден тыс нәрселер табанды түрде санаға қарсы қойылып, адам ғұмырындағы ең маңызды нәрсе деп тұжырымдалады. Бірақ С.-с. басты санайтын өзге де көзқарас бар. Зердеден тыс нәрсені санадан бөліп тастауға болмайды. Ол сана қызметінің жемісі. Бұрын санада бар нәрсе зердеден тыс нәрсеге көшеді. Сонымен бірге, адам психикасының тереңіндегі зердеден тыс нәрселер қайтадан С.-с. айналуы мүмкін.
Әдебиет: Мәдени-философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.