Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004.
ВЕРИФИКАЦИЯ (лат. verus – ақиқатты және facio – жасаймын) принципі – логикалық позитивизмнің (неопозитивизмнің) ғылым тілін талдауда, ғылыми ұйғарымдардың ақиқаттығын орнықтылауда қолданатын қағидасы. В.п. бойынша әрбір ғылыми ұйғарымның ақиқаттылығы түптің-түбінде эмпириялық тексеру, таза эмпириялық анықталған фактілермен тәжірибе жүзінде тексерілуі, демек қарапайым фактілерді хаттамалайтын сөйлемдерге келіп телінуі тиіс. Хаттамалық сөйлемдердің ақиқаттылығы сәйкесті оқиғаны тікелей бақылау арқылы орнатылатын болса, теориялық сөйлемдердің ақиқаттылығы олардың логикалық салдарларын хаттамалық сөйлемдермен тікелей салғыластыру жолымен анықталады. В.п. неопозитивизмде ғылыми ұйғарымдарды ғылыми еместерінен ажырату үшін қызмет ететін қағида есебінде де қолданылады. Бұл тұрғыдан метафизикалық ұйғарымдар верификацияланбайтындықтан ғылым санатынан аластатылып, философияның рөлі тек ғылым тілін логикалық талдаумен шектеледі. В.п. гносеологиялық түп негізі адам танымы сезімдік тәжірибе шеңберінен аса алмайды дейтін эмпиристік көзқарасқа саяды. В.п. гносеологиялық және методологиялық қауқарсыздығы анықталғандықтан, оның жақтастары қатаң верификациялаудан бас тартып, бұл принциптің (жартылай не жанама верификациялауға саятын) осалдау вариантын қабылдауға мәжбүр болды. Қазіргі ғылым философиясы мен методологиясында В.п. орнын әлдеқайда басқа қағидалар басып, верификациялау ғылыми білім дамуының өте күрделі үдерісінің бір сәті есебінде қарастырылады (мысалы, постпозитивизм фальсификациялау принципіне жүгінеді).
ВЕСТЕРНИЗАЦИЯ (ағыл. western – батыстық) – Батыс мәдениеті үлгілерін қабылдау, басқа мәдениеттердің батыстандырылуы немесе батыстық донор мәдениеттен реципиент ретінде жеке құндылықтарды қабылдауы. В. деп Америка мен Африка құрлықтарындағыдай батыстық мәдени нормаларды күшпен енгізуді айтпайды. В. негізінен, мәдени қабылдаушы елдің басқарушы элиталық тобының белсенділігімен жүргіргізілген. Мыс., Бірінші Петр жүргізген реформаларды, Түркиядағы Кемал Ататүріктің «жас түрікшілдер» революциясын, Латын Америкасының АҚШ-тық құндылықтарды біртіндеп қабылдауын т.б. атап өтуге болады. В. тек батыс технологиясы мен өндіріс жаңалықтарын қабылдаумен шектелмей, осы өркениеттіліке тән құндылықтарды (демократия, адам құқтарының басымдылғы, толеранттылық, ақпарат еркіндігі, азаматтық қоғам т.б.) енгізумен, айқындалады. Бұл белгілері бойынша В. қамтыған елдер деп Жапония, Оңтүстік Корея, Шығыс Еуропаның кейбір мелекеттерін атап өтуге болады. ТМД кеңістігінде В. әлі қарқын алған жоқ. Жастардың тек батыстық бұқаралық мәдениет үлгілерімен әуестенуі шынайы В-ға жеткізбейді. В. ұшырап отырған елдерде оған қарсы дәстүрі мәдениеттің оппозициялық көңіл-күйі де қалыптасады. В-ға қарсылықты, әдетте, діни топтар мен маргиналдық қауым көрсетеді. Өйткені, олар В. нәтижесінде қоғамда алып отырған орындарынан айырылып қалу қауіпінен қорқады.
ВИНДЕЛЬБАНД, Вильгельм – 1848 жылы 11 мамырда Потсдамда туылып 1915 жылы 22 қазанда Гейдельбергте қайтыс болған неміс философы, жаңакантшылдық Баден мектебінің негізін қалаушы. Цюрих (1876), Фрейбург (1877), Страсбург (1882) және Гейдельберг (1903) университеттерінің профессоры. Ол философия тарихы бойынша мынадай еңбектерімен белгілі: Ежелгі философия тарихы (1888 ж.) және Жаңа философия тарихы (1878-1880 жж.). Бұдан басқа «Еріктің еркіндігі туралы», «XIX ғасырда неміс рухани өміріндегі философия» еңбектерін жариялады. Өз жұмыстарында В. философияны білімнің құрылымын логикалық талдаумен айналысатын ғылыми әдіснама деп қарастырды және тарихи білімнің әдіснамасын қалыптастыруға тырысты. Ең алдымен ол ғылымдардың танымдық мақсаттарының формальдық сипатының негізінде оларды номотетикалық (жалпы заңдарды зерттейтін) және идеографиялық (тарихи айғақтарды, жалқы ерекшеліктерді сипаттайтын) деп бөледі. Зерттеудің номотетикалық әдісінде ойлау жалқыдан жалпыны түсінуге өтуге тырысса, идеографиялық тәсілде ойлау жалқыда тұрақтайды. В. пікірінше, бұл екі әдістің келтіретін пайдасы бірдей. Тұтас таным бұл екі тәсілді де қамтиды. Сонымен бірге жаратылыстану заңдар туралы ғылым болса, тарих – оқиғалар туралы ғылым. Ал философияны В. құндылықтар туралы ғылым ретінде қарастырады. Ол теориялық ұйғарымдар мен эмпириялық мәліметтерге сүйенетін тәжірибелік ғылымдармен салыстырғанда бағалауға негізделеді. Ол логикалық, этикалық, эстетикалық және діни құндылықтарды жіктейді.