Ғұндар көшпелілік мәдениеті Ежелгі заманда Орталық Азия аумағын мекендеген ең ірі ру-тайпалар бірлестігі көшпенді хунну — ғұн тайпасы болды. Ғұндар тарихының басталуы қытай дереккөздері бойынша Шань-Гуй-фан, Чжоу-Хянь-Юнь және Хань-Хун-Ну әулеттері тұсындағы Яо дәуіріне (б.з.д. 2356 — 2256 жж.) қатысты. Ғұндарды шань-жун-таулық жундар деп атаған. Ол замандарда ғұндар Қытайдан солтүстікке және солтүстік-батысқа қарайғы өңірде өмір сүрген. Қытайдың олар туралы ең ежелгі аңыздары Шу-цзин деп аталады. Ғұндар тәңіршілдікдінді ұстанып, түркі жазуын пайдаланған. Сөйлеу тілі де түркі тілі болған. Шығыста Мөде «шығыс қу» тайпаларын бағындырды, ал оның құрамына, шамамен алғанда, Керулен және Онон алқаптарында мекендеген сәнби және ұқуан тайпалары кірген. Мөде батыста юеди (юечжи) тайпаларына қарсы жорықтар жасаған. Бұл кезде қазіргі Кореядан Тибетке және Шығыс Түркістаннан Хуанхэнің орта ағысына дейін созылып жатқан аумақ ғұн шаңюйлерінің қол астына түскен, ал солтүстікте ғұн конфедерациясына біріккен тайпалар Байкөлден арғы оңтүстік аудандарға дейінгі аумақты алып жатты. Қоғамында патриархалды-рулық қарым-қатынастардың белгілері өте күшті болған. Ғұндар 24 руғабөлінген. Олардың басында ағамандар тұрған.Ағамандар кеңесі мен халық жиналысы жұмысістеген. Әскери тұтқындардан құралған құлдар да болған.
Жазба деректер ғұндар қоғамындағы өкімет белгісі туралы мәлімет те қалдырған. Елді шаньюй басқарған. Одан кейін түменбасылар болды. Ғұндар қоғамында мал мен жерге жеке меншіктің пайда болуы, тұрпайы бюрократтық аппараттың құрылуы, алым-салық, жазу-сызудың болуы таптық қоғам мен мемлекеттің пайда болуын туғызды. 24 тайпалық көсемнің әрқайсысының бағыныштылығында мыңбасы, жүзбасы, онбасылар болып, бұлар атқарушы биліктің міндеттерін орындады. Әр тайпа көсемінің қарауын — 10 000 салт атты болды.
Шаруашылық-мәдени типінің негізі - көшпелі мал шаруашылығы. Мал өсіру, әсіресе жылқы өсіру басты рөл атқарды. Сондай-ақ қой өсіру, аң аулау, егіншілік дамыды.
Ғұндардың қол өнер кәсібі күшті дамыған (металдан, сүйек пен мүйізден, тас пен саздан, ағаштан, керамикадан жасалды). Сауда дамығандығын жібек маталар, айналар, нефриттен істелген бұйымдар көрсетеді Ғүндардың ішінде отырықшы тұрмыс кешіп, егіншілікпен шұғылданғандары да болған. Ғұндар дәнді дақылдың ішінде тарыны көп өсірген. Егіншіліктің жақсы дамығанын білдіретін темір орақ, соқа тістері, қол диірмендер, дәнүккіштер сияқты егін салуға және оны жинап алуға қажетті құрал- саймандар табылған. Ғұндардың негізгі баспанасы киіз үйлер болған. Ғұндарда бұйымының бетіне түрлі түсті заттарды жапсыру стилі пайда болды, тарихта ол полихромдық стиль деп аталған. Осы стиль Орталық Қазақстанда дамыған.