3. Жинақтық сан есімдер. Бұлар белгілі бір заттар мен құбылыстардың санын жинақтап көрсету үшін және жинақтық абстракты сан ұғымдарын білдіру үшін қолданылады.
Жинақтық сан есімдер –ау//еу қосымшасы арқылы бірден жетіге дейінгі есептік сан есім түбірлерден жасалады. Бір-еу, ек-еу, үш-еу, төрт-еу, бес-еу, алты-ау, жеті-еу.
Жинақтық сан есімдер әрқашан субстантивтеніп қолданылатындықтан, оларға септік, тәуелдік, жіктік жалғаулары қосыла береді. Екеуінің үйін, беременде бесеусің.
Қазіргі тілімізде жинақтық сан есімдерден үш тәсіл арқылы біраз жаңа сөздер жасалған. Ол сөздер лексика-грамматикалық ерекшеліктеріне қарай әр түрлі сөз таптарына тән болып келе береді.
1. Лексика-сематикалық тәсіл арқылы біреу жинақтық белгісіздік есімдіктер қатарына ауысқан. Мәселен, Әкелген біреу бидай, біреу малын. Біреу ішек-қарын қаймақ, біреу балын (С.С.).
2.Морфологиялық тәсіл –ла//-ле қосымшасы арқылы етістік сөздер жасалады. Кейде олардың –п көсемше формалы (-лап, -леп) болып келетін дағдысы бар. Ініңіз бен екеулеңіз (қаз.ерт.). Біз үшеулеп жазғанбыз (Ш.).
3. Синтаксистік тәсіл. Жинақтың сан есімдердің қосарлануы арқылы жасалады. Ақтылы-көктілі көбелектер екеу-екеу жарысып ойнайды (Ғ.Мүс.). Екеу-екеу әне кетіп барады (Ж.Саин). Ара сөзімен бірігіп айтылуы арқылы жасалады да, үстеу болып келеді (үшеуара).
4. Топтық сан есімдер.
Топтық сан есімдер біркелкі заттар мен құбылыстардың сан мөлшерін топтай көрсетеді. Мысалы: бір түн отырып ел адамдарын төрттен, бестен жиып алып, барлығына бір түрлі іс тапсырған (М.Ә.). дегендегі төрттен, бестен ел адамдарының жинау сандарын өзара теңбе-тең түрде топтап көрсетіп тұр.
Топтық сан есімдер есептік, жинақтық, болжалдық сан есімдерге –дан//ден, -тан//тен, -нан аффикстерін қосу арқылы жасалады. Бұл қосымша шығыс септігінің жалғауы болып танылғанымен, қазіргі кезде септік жалғау мағынасынан алшақтап, морфология- синтаксистік тәсіл арқылы сөз жасаушы қосымшалар қатарына ауысқан. Топтық сан есімдердің –дан//ден қосымшасы арқылы 2 түрлі жолы бар.
1. Бұл қосымша дара және күрделі есептік сан есімдерге жалғанады. Мәселен, оннан, жүзден, қосақтап алмай-ақ қырады (Байғанин). Мал айдап, жан-жақтан жұрт жиырма бестен, көп саба келіп жатыр елдей көшкен...
2. Қосарлана қолданылған сан есімдердің соңғы компоненттеріне жалғанады. Әр партизанда жиырма-отыздан оқ қалыпты (Ә.Ш.). Олар бір байға он бес-жиырмадан келеді (М.Ә.).
Кейде –дан//ден қосымшасы топтық сан есімдердің анықтайтын сөздеріне қосылып айтылатын реттері де кездеседі. Мәселен, екі-екі әйелден, екі-екі еркектен қосылып өлең айтыса бастайды.