Сақтарда негізінен, әскери қоғам болды


Ғұндар Ежелгі ғұндар мен юэчжилер туралы қытай деректері



бет10/12
Дата14.08.2023
өлшемі57,04 Kb.
#105237
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Ғұндар
Ежелгі ғұндар мен юэчжилер туралы қытай деректері
Б.з.д. 1-мыңжылдықтың басында Орталық Азияны мекендеген тайпалар жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, скифтік мәдениетке ұқсас мәдениетті игеріп, арбалы көлікпен көшіп-қонып жүрді. Ежелгі Қытай жазбаларында Қытайдың солтүстік шығыс жағын мекендеген жундер (цяндар) туралы айтылады. Қытай тарихнамашысы Сыма Цянь (Б.з.д.145-86 жылдары) Орталық Азияны б.з.д. VII-ғасырларда мекендеген Солтүстіктегі көршілерін жундер деп атайды.
Б.з.д. V ғасырдың соңында бұрынғы жундердің орнына Орталық Азияда көшпенділердің күшті бірлестігі – ғұндар (қытайша "сюнну") мен юэчжилер пайда болды. Юэчжилер — шығыс скиф (сақ) тайпаларына жатады. Олардың құрамында үйсіндер де болған. Аумағы Тянь-Шаньнан бастап, Орталық және Батыс Монғолия, Жоңғария, Алтай өңірі, Шығыс Түркістанды қамтыды. Орталық Азия көшпенділері құдіретті тайпа бірлестігіне жатады. Бань Гу юэчжилердің ғұндардан да күшті болғандығын айта келіп: «Ұлы иузу елі (үлкен юэчжи) – түтін саны 400 мың; әскері 100 мың, олар көшпенді мемлекет, мал жайылымы жағдайына қарай көшіп-қонып жүреді, әдет-ғұрпы ғұндарға ұқсас», - деп көрсетеді. Б.з.д. III ғасырдың соңында олар Ганьсу провинциясының оңтүстік-батысын иемденген.
Ғұндардың соққысынан б.з.д. 174 жылдан кейін батысқа кеткен юэчжилер Бактрияны бағындырды, кейіннен Бактрия жерінде Кушан патшалығы пайда болды. Б.з.д. IV ғасырда қытайлықтар өздерінің қарсыластарының арасында ғұндарды алғаш рет атайды. Ғұндар б.з.д. III ғасырдың соңы мен II ғасырдың басында 24 тайпалар одағынан тұрған Еуразия кұрлығындагы бірден-бір ірі мемлекетке айналады. Шығысында Тынық мұхитынан бастап, батысында Тарбағатай тауларына дейін кең құлаш жайып жатты. Кейбір зерттеушілер: «Бұл мемлекеттің батыс шекарасы Арал теңізі, кейде Каспий теңізіне дейін жеткен» деген пікірлер айтады. Б.з.д. IV-III ғасырларда ғұндардың жауынгерлік күш-қуатынан сескенген қытайлықтар олардан қорғану үшін Ұлы Қытай қорғанын салдырған.
Ғұндар мемлекетінің гүлденуі
Біздің заманымызға дейін І мыңжылдықтың ІІ-жартысынан бастап Еуразияның этникалық-саяси тарихында Орталық Азияның көшпелі тайпалары ролі артты. Біздің заманымызға дейін ІV-ІІІ ғасырларда Қытайдың солтүстігі мен Орталық Азияда ғұндар деген тайпалар бірлестігі (сюнну, дунху) пайда болды. Нақты айтқанда, біздің заманымызға дейін 209 жылы бой көтеріп, біздің заманымыздың 216 жылына дейін өмір сүрді. Б.з.д. III ғасырдың соңғы онжылдығында Ғұндар мемлекетін әскери басшы тәңірқұты (шаньюй) басқарды. Сыма Цянь ғұндардың күшті тайпа бірлестігі құрылғандығы туралы былай дейді: «Ол кезде дунхулар (Маньчжурияда мекендеген монғолдардың арғы атасы, "дун" – шығыс, "ху" – тағы, жабайы деген мағына береді) әлі де күшті, ал юэчжилер гүлдену дәуірін басынан өткізуде еді. Ғұндарда Тоуман тәңірқұты болатын".» Оның екі әйелінен туған екі тақ мұрагері болған еді. Тоуман екі баласының біреуі Мөдеден құтылу үшін юэчжилерге аманат ретінде жұмсайды. Мұны сезген Мөденің юэчжилер арасында жүріп қалай билікті қайтарып алуға дайындалғандығын дерек көзі былайша қызықты баяндайды. Деректен ғұндардың басында юәчжилерге тәуелді болғандығын, юэчжилерге аманат ретінде тәңірқұты ұлдарын жіберіп тұрғандығы байқалады.
Осындай аманатта жүріп, Мөде юэчжилерден қашып шығады. Әскер жинап, қатаң тәртіп енгізіп, билікті басып алады. "Маодунь (Мөде) өз жауынгерлерін үйрете отырып, оларға өзінің "ыскыратын жебесін" (ғұндардың тесігі бар сүйектен жасалған жебелері) қайда жетсе, сол жаққа атуға бұйырды. Жүздеген ысқырған жебелер жаудың зәресін ұшырып, олардың аттарын үркітті... Ол өз қосынындағы оқ атпағандардың басын шабуға бұйырды. Сонда ғана барлық жауынгерлер онымен бірге оқ атуды үйренді. Маодунь уақыттың таянғанын түсінді".
Осылайша төңкеріс жолымен б.з.д. 209 жылы Мөде тәңірқұты билік басына келеді. Ғұндардың жаулап алу соғыстары дунхулардан басталды. Мөде батыстағы юәчжи тайпаларын бағындыру үшін әскери жорықтар жасады. Ол 203-201 жылдары Саян Алтайы мен Жоғары Енисей өзеніндегі ежелгі қырғыз тайпаларын бағындырып, солтүстік шекарасын кеңейтті. Ендігі негізгі карсыластары – Қытай мен юэчжилер еді.
Ғұндардың ұзак уақыт бойғы басты қарсыласы — Хань империясы (Қытай) болды. Сол кезде б.з.д. 202 жылы Қытайда азамат соғысы аяқталып, бір орталыққа біріккен Хань әулеті билікке келді. Бұл тарихи дерек Ғұндар мемлекетінің күшеюімен тұстас келді. Өзінің шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен б.з.д. 200 жылы Қытай империясы ғұндарға қарсы соғысты өзі бастады. Алғашқы қақтығыстан кейін Мөде өз әскерлеріне кейін шегінуге бұйрык береді. Ал Хань әскері жауды қудалай, ізіне түсіп, негізгі күштерінен алыстап қол үзіп қалады. Алдыңғы шепте императордың өзі де бар еді. Ғұндар шегінуін тоқтатып, төртке бөлінген атты әскер бөлімімен тау аңғарында қытай әскерлерін жан-жақтан қоршауға алады. Жеті күн қоршауда қалған император ғұндармен келісімшарт жасауға мәжбүр болады. Ол шарт бойынша, император қытай ханшасын Мөдеге әйелдікке беріп, жыл сайын бағалы сыйлықтар (жібек мата, шарап, күріш) жіберіп тұруға уәде етеді. Хань императоры Гаоцзудың осы "тыныштық пен туыстық" туралы шартқа қол қоюы, оның ғұндардың күштілігін мойындағандығын көрсетеді. Сөйтіп, 40 жылға ғұн мен Хань әулеті арасында тыныштық орнайды.
Мөде билік жүргізген кезде ғұндар гүлдену дәуірін басынан өткізіп, кемеліне жетті. Халық саны 300 мыңға жетіп жығылды. Байқал көлінен Тибет тауына дейін Шығыс Түркістаннан Хуанхэ өзенінің орта ағысына дейінгі аралықты алып жатты. Мөденің мұрагері Лаушан (Лаошань) тәңірқұты тұсында Ғұн мемлекетінің құдіреті күшейе түсті. Бұдан кейінгі ғұндардың тарихы Шығыс Түркістандағы аса бай қалалар үшін Хань империясымен күреске толы болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет