14. Қазақ халқының шешендік өнері:
*«Өнер алды – қызыл тіл» дейді қазақ халқы. Десе дегендей, заманалар бойы көшпелі халде өмір сүрген қазақ халқы әдебиеті мен мәдениетін ауызша жасады. Өлең-жыр, хикая-дастандары, ертегілері, үлгі-өсиет сөздері бәрі-бәрі атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауызша беріліп, халық жадында ауызша сақталды. Бір замандарда тапқыр, алғыр ойлы адамдар айтқан қанатты сөздер бертін келе әуелгі шығарушысын жоғалтып, халықтық шешендік сөзге айналып, біреуден біреу қағып алып өзінше түрлендіре айтып жүрген. Сондықтан, қазақ халқындағы ораторлық сөздер көп нұсқалы болап келеді. Ондай сөздерге әр дәуір өз лебін, жаңаша жаңғыртуларын қосқан. Әр қауым өз ыңғайына қарай икемдеп, өз көзқарасын қорғауға ұмтылған.
*Дүниежүзілік шешендік өнер тарихына көз салсақ, риторикалық сөздің, әдетте, айтыс-тартыста пайда болып дамитындығын аңғарамыз. Ал, қазақ халқының өмір-тарихында жер дауы, жесір дауы, ер құны, ел тағдыры секілді қоғамдық-әлеуметтік мәселелер жиі кедесіп тұрған. Сол секілді дау-таласта ділмарлығымен, іскерлігімен тарихта аты қалған қазақ шешендік өнерінің айтулы тұлғалары аз емес. Арыны қойғанда, берідегі бізге белгілілері: Асанқайғы, Сыпыра жырау, Бұқар жырау, Қабан жырау(Қаблиса), Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Балпық би, Ескелді би, Бала би, Сырым Датұлы, Бөлтірік Әлменұлы, Бөлен, Малайсары, т.б. тізе берсек кете береді.
*Тіпті, өткен дәуірлердегі қазақ ақын-жырауарын тұтастай ақпа-төкпе шешендер қатарына жатқызсақ, онша қателесе қоймаймыз. Аталған адамдар бірде шешендік сөздердің айтушы-авторлары болса, енді бір нұсқада кейіпкерлер ретінде көрінеді.
*Қазақ шешендік сөздерін алғаш қағазға түсіріп жинаушы, жариялаушылар орыстың А.Васильев, В.Радлов, Г.Потанин, М.Вяткин, т.б. болды. Ертелі-кеш ұлы далаға сапар шеккен жат жұрттықтардың барлығы қазақтардың ораторлық-риторикалық шеберлігіне таңғалысқан, пікірлерін білдіріскен, өте жоғары баға берген.
*Қазақ шешендік сөздерін ХІХ-ХХ ғасырларда жинап, топтап(классификациялап), зерттегендер Ш.Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ахмет Байтұрсынов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев, С.Мұқанов, Е.Ысмаиылов, Б.Кенжебаев, Б.Адамбаев, Ә. Мәметова, Нысанбек Төреқұлов сынды зиялыларымыз болды. Қазірде зерттеушілер қатары толығып, өсіп келеді.
|
Достарыңызбен бөлісу: |