12. Риторикалық сөздердегі сұрақ пен жауап.
*Біз өмір сүріп отырған уақыт - ғылым мен техниканың, алуан түрлі технологияның және бұрын естіп-білмеген соны жаңалықтардың шапшаң, қауырт өсіп жатқан уақыты. Қазіргі оқырман да, тыңдарман да интеллектілігі жағынан қай кезгіден де жоғары, шетінен білімді, білгендері бір бастарына жететіндей деңгейде. Немесе, өздері солай ойлайды. Ойлайтын себебі қолдарында, қалталарында, отырған үйлерінде, жүрген-тұрған жерлерінде ақпарат құралдарының керемет жетілдірілген, заман талабына сай түрлері бар. Риторлар, риториктердің қара терге түсіп, аласұрып ізденіп таптым-ау дегендері оларға әлдеқашан мәлім болып қалуы әбден ықтимал. Нақ осыдан келіп, риторларға түсер салмақ ауырлай береді. алысына ілес. Бұған қоса, бүгінгі оратордың сөйлеспейтін, кезікпейтін кереметтері, қатыспайтын алқалы жиыны сирек.
*Сөйлейсің, сөйлеген соң андыздаған жақсы-жаман, әр тарапты сұрақтарға жауап беруге тура келеді. Бір жағымды жағы қандай аудиторияда болмасын, қойылған сұраққа лайықты жауап беру шешеннің беделін көтереді. Орнықты, байыпты жауап әр шешеннің білім дәрежесінен, оқыған-түйгенінен де жан-жақты мәлімет беріп тұрады. Қысқасы, ораторға қойылатын сұрақтар мен оған берілетін жауаптар шын мәнісінде сөйленген сөздің жалғасы іспетті. Тыңдарман тарапынан қойылған сұрақ, берілген жауап шешен мен аудитория арасындағы тәуелсіз белсенді байланысты бейнелейді.
*Ораторға қойылатын сұрақтарды мазмұнына қарай екі топқа бөлуге болады:
Түсіндіруді талап ететін сұрақтар.
Толықтыруды талап ететін сұрақтар.
Түсіндіруді қажет ететін сұрақтар сөйленген сөздің кейбір өздеріне түсініксіз жерлерін қайтадан, айттыру ниетінен туады.
Толықтыруды керек ететін сұрақтар тақырыпқа қатысы бар, бірақ, сөйленген сөзде қозғалмаған мәселелерге назар аударады.
|
13. Оратордың сөз мәдениеті мен кескін-келбеті.
*Сөйлеген сөзіне, бой-басына, айнала ортаға зер сала жүру оратордың әрдайым есте ұстайтын күнделікті әдетіне айналуы тиіс. Оратор өз міндетін жетік білуі керек. Өзі анық білмеген, жан-жақты зерттемеген нәрсеге аудиторияның көзін жеткізу, сендіру мүмкін емес. Әрі оратордың білігі міндетті түрде, шама келгенше, тыңдаушылардың білігінен асық, көп, жоғары болғаны жөн.
Оның сөзі сонда ғана табысты, нәтижелі болады. Білім қорының молдығы, әр нәрседен хабардарлығы, эрудициясының жоғарылығы, жан-жақтылығы шешеннің досы түгілі жауына да ықпал етеді, мойындатады.
*Оратор әр сөзіне тыңғылықты дайындалады. Онысы не айтарын білмегендігін көрсетпейді, қайта жауапкершілігінің жоғарылығын аңғартады. Бір жиыннан шыққанда А.В.Луначарскийге «Қалайша керемет сөйлейсіз, сыры неде», деп сұрағанда ол: «Бұл сөзге мен ай бойы дайындалдым ғой!» депті.
*Оратордың мінез-құлқындағы кешірілмейтін қателік – сөзді бастамас бұрын дайын еместігін ескертіп, кешірім сұрап алуы, уақытының аздығын, бірақ соған қарамастан үлгеретіндігін, үлгеруге тырысатындығын айтуы. Бұлайша алдын ала кешірім сұрап алушылық сыпайылыққа, мәдениеттілікке жатпайды. Мұндай қылық шешеннің беделін түсіреді, ең негізгісі елдің тауын қайтарады. Біреу болмаса біреу : -Ендеше, неге келдің, біздің де уақытымыз жоқ,-деуі әбден мүмкін ғой?! Немесе, сөзді «Сендер түсіне аларсыңдар ма?» деп бастау қате. Шешен ешқашан астам көңіл, менмен, такаппар мінез көрсетпесін, оғаш, оспадарлық ораторға мүлде жат болсын, сонда оны жұрт жылы қабылдайды, онша-мұнша кедір-бұдыр сөзін кешіріп те қалуы ықтимал.
*Ежелгі Рим риторы Марк Фабий Квинтилиан мінезі жұмсақ, биязы адамға тік, кіді, қатал болудың қонбайтындығын айтқан. Тік мінез адам сөзінде де сол қаталдығын сақтауы керек.
*Оратордың киімі қарапайым, қонымды, жарасымды, көзге жайлы көрінсін. Модадан, сән-сәулеттен қалып та кетпесін, анадайдан жарқырап, аттандап та тұрмасын. Ал кір, умаждалған киім жағымсыз, жайсыз, көңілсіз әсер қалдырады. Естілетіндей дауыспен сөйлеу керек. Үнің анық, тұнық шықсын. Бір сөз жиі қайталана бермесін. Шешен қандай жағдайда да көңіл толқытатын сөздерді салқын қандылықпен айтуы ләзім.
|
|
Достарыңызбен бөлісу: |