2. САҚТАР ДӘУІРІ
Түркі тілдес халықтардың, соның ішінде Қазақ ұлысының да, Ата тегі болып саналатын Сақтар дәулеті - біздің жыл санауымызға дейінгі VII ғасырда шаңырақ көтеріп, біздің заманымыздың II ғасырына дейін өмір сүрді. Сақтар мемлекетінің негізін қалаушы - Алып Ер Тұңға (Афрасияб). Оның дана да биік тұлғасы жайында сыр ұққыңыз келсе, Ұлы Фердаусидің "Шахнамасына" көңіл аударуларыңызды сұрамақ-пыз. Танымы - әуел бастан Тәңірлік дін. Олардың өз уақыттарында жасап, ұрпағына қалдырған рухани байлықтары, бүгінгі заман адамдарын да қатты таңырқата тамсандырып отыр. Әсіресе, Сақтардың әлемге әйгілі даналық өрнектері (звериный стиль) мен р у н а немесе т ү р к і жазулары болғанын айтсақ та жетіп жатыр. Ал кешегі Алматы түбіндегі Есік қорғанынан табылған, Алтын киімді адамның бойындағы мың-сан түрлі зергерлік бұйымдар. Ұлы дала мәдениетінің үздік нұсқалары болып табылады. Осынау өнер өрнектерінің іздері бүгінде жалғасын тауып жетілуде.
3. ҒҰНДАР ДӘУІРІ
Біздің заманымызға дейінгі 204 жылдан осы эрамыздың 216 жылына дейін дәурен сүріп, аты аңызға айналған әйгілі Мөде батырдың басқаруымен тастары өрге домалаған Ғұндарға қытайлықтар салық төлеп, тіпті амалсыздықтан үш мың шақырымға созылған атақты Қытай қорғанын тұрғызуға мәжбүр болған. Бұл жайында қазір кең көлемде жариялана бастаған тарихи жылнамалар мен зерттеулерден қарауды ұсынамыз. Қазір "Қытай қорғанын" жер жүзінің халықтары арнайы туристік сапарлармен барып қызықтап тұрады. Ғұндар да тәңірлік дінді тұтынып, түркі жазуларын пайдаланған. Өз заманында Евразия құрлығында Ғұндармен иық теңестіретін бірде-бір ел болған емес. Тұрмыс тіршіліктеріндегі т ә р т і п т і ң түрлері мен т а ғ ы л ы м д а р ы н ы ң сипаттары Сақтардың мұрагерлері екенін дәлелдейді.
4. ТҮРКІ ҚАҒАНАТЫ
Ғұн Ордасы құлағаннан кейін оның негізін құраған туыстас тайпалар босқындыққа ұшырап, торғайдай тозып - бүкіл Орталық Азияға, Еділ сыртына, тіпті Қиыр Шығысқа дейін тарыдай шашылып тарап кетеді. Тек аз ғана бір шағын бөлегі ғана Алтай тауында қалып, Жужандардың билігімен 400 жылдай елеусіз өмір кешеді. Өздеріне жайлы мекен еткен Алтайдың осынау аңғарлы алқабын «Ергене Қон» деп атаған екен. Жужан ханына «салық орнына темір өндіріп беретін»1.., «темір балқытқыш ұстасына»2 айналады.
Қол өнері мен егіншілікті кәсіп етіп, етек-жеңін жинаған Ғұн ұрпақтары айналасына елеулі бола бастайды. Әсіресе, 535 пен 552-ші жылдар аралығы - олар үшін қайта ояну кезеңіне айналады. Бумын атты қолбасшыларының ересен тапқыр қимыл-әрекеттерінің арқасында, олар өз тәуелсіздіктері үшін азаттық күресіне шығып, қайыра көтерген Ордасын - ТҮРІК ‑ деп атандырып, билеушісі Бумынға - ЕЛ ХАН ‑ деген атақ береді. Осылайша ТҮРІК ҚАҒАНАТЫ дүниеге келеді. Ертедегі Түркілер де өзі мекендеп отырған Ұлы даланың ыңғайына орай, жылдың төрт мезгілін тамыршыдай танып тіршілік ететін ата кәсібімен көшпелі өмір салттарын жалғастырады. Сонау Орхоннан Еділге дейінгі ұланғайыр аймақты иемденумен қоса, Түркілер де өзінің ежелгі ата-бабалары Сақтар мен Ғұндар тәрізді, Ұлы даланың бұлжымайтын табиғат заңдылықтарына қылдай қиянат жасамай үндестік табуға тырысады. Олар кең даланың айдынын тек төрт түлік мал үшін ғана пайдаланып қоймай, айналасындағы Қытай мен Тағбач сияқты қуатты көршілерінен қорғану тәсілдерін де шебер қолдана білген. Соғыста темірден жасалатын неше алуан қарудың түрлерін ойлап шығару арқылы, Түркілер сол кездегі отырықшы халықтардан да асып түседі. Осындай ең негізгі екі қажеттілік - мал өсіру мен Отанын қорғау - кең даланы тұтастай меңгеруге мәжбүр етті. Егер де ертедегі Түркілердің мекендері шағын болса, тіпті жер бетінен құрып кетуі де мүмкін болатын.
Ертедегі Түркілердің ұрпағына қалдырған мәдениеті хақында сөз етсек тұрмыс салтымыздағы қолданылып келе жатқан мың-сан заттық бұйымдарымызды айтпағанда, тек орхон-енесей жазба ескерткішінің өзі неге тұрады?! Келешек ұрпақтарына тарихын, өнерін, даналық ойларын, ел болудың ережелері мен тәртібін тасқа қашап жаздырған халық та, осы бір ғана Түркілер екені белгілі. Түркілер бұл ескерткіш жазуларды «бітік таш» деп атаған. Қазір дүние жүзіне белгілі «Үлкен және Кіші Күлтегін» мен «Тоныкөк» атты жазбалардың мәні мен мағынасын білмейтін мәдениетті адамдарды кездестіру қиын. Иә, алғашқы сәттерде оқылуы аса қиынға түскен бұл көне ескерткіштің сырын ашып кілтін табу мәртебесі - көптеген тілдерді білетін лингвистикадан мол дайындығы бар Дания ғалымы - Копенгаген университетінің салыстырмалы тіл білімі кафедрасының профессоры - Вильгельм Людвиг Петер Томсен (1842 - 1927) ғұламаның игілігіне тиеді. Қазіргі жер жүзіндегі отыздан аса түркі тілді халықтардың ұрпақтары В.Томсен ғүламаға өздерінің шексіз алғыстарын айтып мәңгі құрмет тұтады.
Достарыңызбен бөлісу: |