5. ҚАРАХАН ҚАҒАНАТЫ
Тайпа ретінде сонау Ғұндар заманынан белгілі Қаңлылардың ұйымдастыруымен біздің эрамыздың 840 жылдары кешегі талапай тартыстарға ұшыраған Түркілердің түтінін түзеп, Қарахан Қағанаты дүниеге келді. Олар Сырдария, Талас, Шу, Жетісу мен Шығыс Түркістан өңірлерін құтты мекен етіп қана қоймай, қалалар тұрғызып, жер жыртып егіншілік кәсібін өркендетіп, мәдениеттің сан түрлі салаларынан елеулі жетістіктерге жетеді. Олардың сәулет өнерінің белгісіндей... бүгінге дейін махаббаттың пәк сезімінің ескерткішіндей, Тараз қаласының түбіндегі Айша бибі күмбезі, сол заманның мұралары болып саналатын Қарахан, Аяққамыр, Алаша хан, Сырлытам тәрізді көненің көздері, біздерді ата-бабамыздың аруақтарымен жалғастырып жатыр. Бұл Қағанаттың да түбіне жеткен сол баяғы тақ тартысы, алтыбақан алауыздық пен халықтың ішкі береке-бірліктерінің жоқтығы болып табылады. Неше ықылым замана сырларына үңіле зерттеп қарасақ, Түркі тілдес халықтардың түбіне өздерінің ішкі берекесіздіктері себепкер болып отырған. Оларды ешуақытта да сырттан келіп жау құлатып көрген емес. Осы деректің мәніне қазіргі Түркі мемлекеттері де, ерекше мағына беруге тиісті.
6. АЛТЫН ОРДА
Қазақ халқының тарихында Ұлы Шыңғысханның дәуірі ерекше орын алады. Оның ата-бабасы шыққан қият руы да, қазіргі моңғол тайпаларының ешқайсысының ішінде жоқ екені белгілі. Тек қазақ-қарақалпақ халықтарының құрамындағы Қоңырат тайпасында ғана сақталған. Шыңғыстың нағашы жұрты да, оның бірінші әйелі Бөртенің төркіні немесе қайын жұрты да, сол Қоңырат тайпасы болып табылады. Сондықтан да Шыңғысхан қазақ тілін мүлтіксіз таза білген. Оны ақ киізге отырғызып Хан көтерушілер де, қазақтың ірі-ірі тайпалары – Қият – Найман – Керей – Меркіт ‑ билері болатын.
Біздің заманымыздың ХІІІ ғасырында бір ұрпақтың көз алдында-ақ, Шыңғысхан бүкіл Евразияның Ұлы даласына толық үстемдігін орнатады. Шыңғысхан империясы алғашында Жошы ұлысы делінгенімен әлемге Алтын Орда атанып әйгіленгені белгілі. Ұлы даланың аумағы төрт ұлысқа бөлініп, Алтын Орданың иелігіне - шығысында Балқаш көлі мен Ертіс өңірінен бастап, батысында Қаратеңіз бен Дунай өзенінің аймағын түгелдей қамтиды. Былайша айтқанда Алтын Орданың жері, бүгінгі Қазақстанның алып жатқан аймақтарын түгелге жуық өзінің қарамағында ұстаған. Оның негізгі халқы да бүгінгі Қазақ пен Өзбектің және басқа да түркі тілдес халықтардың құрамындағы тайпалардан құралғанымен әртүрлі діндерді ұстаған алашабырлау еді. Өткен замандарға бүгінгі күннің көзқарасымен зерделесек, Шыңғысханның 300 жылдан артық үстемдік етуі. Орыс империясының тез жетілуіне кедергі болып, оның Орта Азияға және Қазақ даласына жасайтын басқыншылығын көп кідіртті. Егер де тарихи жағдай басқаша қалыптасса, бүгінгі Орта Азия халықтары менен Қазақ халқының тағдыры бұдан да ауыр күйлерді бастарынан кешірулері мүмкін еді. Тіпті, құрып кетуі де ғажап емес болатын.
Алтын Орданың мемлекеттігін күшейткен Ұлы Жошы-Ханның баласы Бату Хан - оның батыс шекарасын Хунғария мен Польшаға дейін, түстігінде Кавказдың біраз бөлігін бағындырып ұстаған еді. Бату Ханннан кейінде Алтын Орданың абыройын аспандатып ұстаған Хандар: Берке (1257-1266), Мөңке-Темір (1266-1280), Туда-Мөңке (1280-1287), Төле-Бұқа (1287-1291), Тоқты (1291-1312 жж.), Өзбек (1312-1342 жж.), Жәнібек (1342-1357 жж.) тәрізді билеушілері де ежелгі дәстүрлерді жалғастырып, айналасындағы елдерді ықтырып ұстады. Алтын Орданың тұсында көптеген қалалар салынып, оның Берке-сарай, Бату-сарай сияқты астаналарында сәулет пен қолөнерлері, әдебиет пен ғылым айтарлықтай дамыды деуге болады. Алтын Орданың халқының құрамы әр текті болғандықтан олардың шаруашылық пен мәдениет мұралары да алуан түрлі болды. Солардың ішінде Дешті-Қыпшақ даласын мекендеген - Қоңырат, Найман, Керей, Уақ, Арғын, Қыпшақ, Алшын, Қаңлы сияқты түркі тілдес тайпалар негізінен мал шаруашылығымен айналысты. Ақыр аяғында Алтын Орданы ішкі алауыздық пен тақ таластары және сыртқы күштердің әсерімен далиып жатқан Дала империясы біртіндеп әлсірей берді. Куликова даласында болған 1380 жылғы Д. Донскойдың әскерімен шайқаста алғаш рет итжығыс түсіп, бұрынғыдай емес өзінің шалдыққандығынан сыр алдырып қалды. Оның үстіне 1391 және 1399 жылдары екі рет келіп тиіскен Ақсақ Темірдің соққысы, қалжырай бастаған Алтын Орданы мүлдем есеңгіретіп тастады. Бұл аз болғандай Тоқтамыс пен Едіге қанкешумен қырқысып, бірін-бірі өлтіріп тынды да, тарихтағы ең соңғы Дала империясының ойраны шықты. Осының нәтижесінде Алтын Орда ыдырап ұсақ хандықтарға Қазан - Қырым - Ноғай (Астрахань) - Қазақ - Өзбек ‑ дейтін ұлыстарға бөлініп кетті. ***
Достарыңызбен бөлісу: |