1. Сөздің көп мағыналалығы. Сөздің көп мағыналылығын әр суреткер өз лабораториясынан қырнап, өңдеп, өз орнын тауып қиыстырған болса, тілге жеңіл, ойға қонымды болмақшы. Сөздің көп мағыналығы прозадан гөрі поэзияда жиі кездеседі.
Көп мағыналы сөздің қолданысында контексіне қарай мағыналық реңк көп болады. Өйткені сөздің көп мағыналылығы жалпы халықтық ауыспалы мағынаның негізінде жасалып, олар тілдің стилистикалық арнасын кеңейтеді, байытады, тілдің экспрессивті-эмоционалдық бояуын қоюландырып, аша түседі.
Ақ көңілім анық қарайды, Қызыл гүлім суалып. Жарқ етпес қара көңілім. Кейде есер көңіл құрғұрың. Махаббат іздеп талпынар Екі көңіл арасы жылшылық жер, Оны қайтіп қосады ол ант атқан. Күңгірт көңілім сырласар Сұрғылт тартқан бейуаққа Жаралы көңіл жазылар Дүниеде рахат бар шығар.
Көрмеген көп дүние көл көрінеді, Кірлемеген көңілдің ашығында (Абай).
Көңіл сезімен тыңнан тіркес жасап шебер стильдік үлгі танытқан – Абай. Әрине, көп мағыналы сөз өзінің эстетикалық қызметі жағынан әр ақын-жазушыда әр түрлі стильдік өң алады.
Әдебиеттегі көп мағыналы сөздің кейбірі ауызекі сөйлеу стиліне ауысып, жалпыхалықтық болып кетеді. Айталық, аяз, үскірік аяз, өкіріп тұрған аяз, ақырған аяз, қолқаңды қауып тұрған аяз деп, халық аузында қолданыла береді. О баста фольклордан ауысқан.
2. Сөздің контекстік мағынасы. Сөздің контекстік мағынасы да көркем әдебиет стилінен туады. Әр ақын-жазушы тіркесуде келетін сөздің мағыналық қыр-сырын өзінің сөз саптауына қарай аша түседі.
Мысалы: Осындай қоңыр кештің қоңыр күйі бейуағына жеткен әженің өмірлік гөй-гөйі. Сөз контексте жазушының шеберлігіне байланысты әр түрлі стильдік нәр алып отырады.
Мал емшегі, жер емшегін емізу, Іргемді ешкімге шұқытпай, – тәрізді сөз оралымдарының қолданысына назар аударалық:
І.Есенберлин «Көшпенділерде» Абылайдың Бұқармен диалогінде: Өкінішім – үш жүздің басып қоса алмадым: аз елге хан болдым, қазаққа мал емшегін емізгенмен, жер емшегін емізе алмадым. Өзге жаудан қазақтың жерін қорғаймын деп жүргенімде, дүние құрғыр өтіпті ғой. Қазіргі тілде жалпы ұғына алатын «мал бақтырғанмен, егін салдыра алмадым» деп жай баяндай айтудан гөрі, автор суреттеп отырған дәуірге тән сөздерді, сөз тіркестерін пайдаланбаса да, «мал емшегін емізу, жер емшегін емізу» тәрізді фразеологизмдер арқылы да контексте Абылай дәуіріне тән әлеуметтік мәселенің (егіншілікке отырғызу) мәні ашылып тұр. Бұл – көне заманның мазмұнын берудегі автордың өзіндік контекстік мағына тудырудағы тәсілі. Немесе «Үркерде» (Ә.Кекілбаев) Әбілқайыр ойы былайша беріледі: Кім көрінгенге көз түрткі болып жүрген көшпенді жұрт пен ормандағы орыс одақтас боп, жоңғарға қарсы жорыққа қол қосады деп жүргенде қазақ, міне, алғидың ала шөлінде қаңғырып қалды. Ендігі жалғыз амалы «әйтеуір мынау башқұрттар мен қалмақтар құсатып, іргемді ешкімге шұқытпай, бейбіт отырғызсаң болғаны» деу – Әбілқайыр әрі ойланып, бері ойланып, осыған бел буды. Мұнда «малын айдап кету, елін шабу, жерін талау» мәнінде жұмсалған іргемді шұқытпай деген де контекстік мағынада туған сөз орамдары.