Т. Омарбеков — тарих ғылымдарының докторы, профессор Қасымбаев Ж


§ 37. XX ҒАсыРДыҢ БАсыНДАҒы ҚАзАҚсТАННыҢ



Pdf көрінісі
бет15/16
Дата02.01.2017
өлшемі5,79 Mb.
#1030
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
§ 37. XX ҒАсыРДыҢ БАсыНДАҒы ҚАзАҚсТАННыҢ 
ӘлЕУМЕТТIК-ЭКОНОМИКАлыҚ ДАМУы
Өлкедегi жалпы экономикалық ахуал. 1905—1907 
жылдардағы Ресей империясын қамтыған революцияның 
алғышарттары мен басты себептерiн, оның шет аудандар-
дағы ерекшелiктерiн осы отарлық мемлекеттiң саяси эко-
номикалық жағдайымен байланыстырып қараған жөн.
XX ғасырдың басындағы Қазақстанның шаруашылық 
дамуында XIX ғасырдың екiншi жартысымен салыс-
тырғанда түбiрлi өзгерiстер қалыптасты. Өнеркәсiптiң 
жеке салаларының бiраз дамуы, әлеуметтiк-экономикалық 
жағдайға әсер етпей қоймады. Әсiресе темiржол құрылысы 
өлкенiң Сiбiрмен iргелес орналасқан өңiрiн қамтуы, әрине, 
Қазақстанның солтүстiк-шығыс аудандарының жаңа эконо-
микалық қатынастарға тартылуын тездеттi. 
1893 — 1895 жылдары салынған ұзындығы 3 138 шақырым 
Сiбiр темiржолының 178 шақырымы қазiргi Қазақстан 
ше карасын басып өтетiн. 1893—1897 жылдары салынған 
Рязань — Орал темiржолының 194 шақырымы Қазақстанның 
батыс аудандарын басып өттi. Олар Қазақстанның жалпы 
империялық шаруашылық жүйесiне белсене тартылуын 
тездеттi. 
Алайда әлi де болса Қазақстанның бiрқатар аудандары, 
әсiресе оңтүстiк өңiрi шаруашылық жағынан оқшауланып 
қалған едi. Бай өлкенiң шикiзаттарын қарқындап дами 
бастаған метрополияның өнеркәсiп мүддесiне икемдеу 
мақсатында, патша үкiметi жаңа темiржол тораптарын 
iске қосуға күш салды. Екiншi жағынан, осындай шаралар 
арқылы Ресей әкiмшiлiгi Орта Азияны экономикалық ор-
та  лықпен байланыстыруды көздедi. Орынбор — Ташкент 
те мiржолын салу патша үкiметiнiң шығыс аудандардағы 
iрi эко номикалық шарасы болатын. 
Ұзындығы 1656 шақырым Орынбор — Ташкент темiржо-
лының салынуы өте маңызды оқиға болды. Оның Орын бор— 
Кубек, Ташкент — Кубек бөлiмдерi 1906 жылдың қаңтар 
айында пайдалануға берiлдi. Ендi Қазақстанның негiзгi 
эко номикалық аудандары Ресейдiң өндiрiстiк аудандарымен 
байланыстырылды. Бұл жолды салуда патша үкiметiнiң 
бiржақты саяси бағыты анық көрiндi: магистраль өтетiн 

209
өңiрлерде орналасқан қазақ шаруалары ол аудандардан 
ығыс тырылып, жергiлiктi тұрғындар мұқтаждығы еске-
рiлмедi. Жерiнен айырылған қазақ шаруаларына берiлетiн 
ақшалай өтем құны ауызға алуға келмейтiн. 
Темiржол құрылысы өндiрiс жабдықтарын Қазақстан-
ның шалғай түкпiрлерiне жеткiзуге мүмкiндiк бердi, жұ-
мысшылар санының өсуiне жағдай жасады. 1902 жылы 
қазiргi Қазақстанның шекарасында 8 887 өндiрiс орындары 
бар едi, онда 25 392 жұмысшы еңбек еттi. 
1905—1907 жылдардағы буржуазиялық-демократиялық 
революцияның қарсаңында 300—400 жұмысшы шоғырланған 
iрi өнеркәсiп орындары да болды. Мысалы, Успен кенiшi, 
Қарағанды көмiр шахтасы, Риддер түстi металлургия өнер-
кәсiбi, Спасск мыс қорыту зауыты. Тiптi 1902—1904 жыл-
дары Орынбор — Ташкент темiр жолында жұмысқа тартыл-
ғандар саны 30 мыңға дейiн жеткен. Алайда олардың iшiнде 
маусымды немесе уақытша жұмысқа жалданғандар саны 
басым болды.
Аграрлық даму ерекшелiктерi. 1905—1907 жылдардағы 
революцияға алғышарт болған мәселелердiң бiрi — патша 
үкiметiнiң аграрлық саясаты. Орталық губерниялардан Қа-
зақ станға орыс шаруаларын қоныстандыру XX ғасырдың 
басында бұрынғыдан да күшейдi. Бұл жағдай, әрине, бiр 
жағынан, орыс-қазақ шаруалары арасындағы байланыстарды 
шиеленiстiрiп жiберсе, екiншi жағынан, сол келiмсек топ-
тар дың да жағдайын бiршама қиындатты. Жер өңдеу үшiн 
ауылшаруашылық құрал-жабдықтары, азық-түлiк же  тiс-
пеуi — келiмсек шаруалардың бiр бөлiгiнiң патша үкi метiне 
қарсылығын тудырды. Қазақтардың “артық” жер лерiн алу 
деген желеумен патша үкiметi, шын мәнiнде, қазақ рула-
рының ғасырлар бойы көшiп-қонған жерлерiн басып алуды 
әдетке  айналдырды. 1853 және 1905 жылдары көшпендi 
қазақтардан 4 миллион десятина жер тартып алынса, 1906 — 
1907 жылдар арасында 17 миллион десятина жер тартып 
алынып, қоныс аударған шаруаларға бөлiнiп берiлдi.
Келiмсек шаруалардың арасындағы мүлiктiк айырма-
шылық күннен-күнге байқалды. 1 десятина егiстiк жерi 
бар — батырақ, 4 десятинаға дейiн — өте кедей шаруа, 5 — 
8 десятинаға дейiн — кедей, 10 десятинаға дейiн — шамалы 
орта шаруа, 15 десятинаға дейiн — ауқатты орта шаруа, 15 
десятинадан асса — кулакқа жатты.  Сонымен  XX  ғасыр-
дың басындағы Қазақстанның әлеуметтiк жағдайы патша 

210
өкi метiнiң ұлттық езуi мен қанау саясатына қарсылықтың 
бас талуы үшiн алғышарттарды қалыптастырды. 1905 — 1907 
жылдардағы революциялық оқиғалар осының нақты көрiнiсi 
болды.
сұрақтар мен тапсырмалар
1. Шаруашылық саласындағы өзгерiстерге қандай сипаттама беруге 
болады?
2. Жер мәселесi нелiктен қазақ халқының тағдырын айқындайтын 
басты мәселе болды?
3. Әлеуметтiк жiктелудiң тереңдеуiн қандай мәлiметтер дәлелдейдi? 
§ 38. ҚАзАҚсТАН 1905—1907 ЖылДАРДАҒы РЕсЕЙДЕГI 
РЕВОлюЦИЯ КЕзIНДЕ
Ресейдегi оқиғалардың әсерi. Қазақстанмен iргелес 
орналасқан Едiл бойындағы, Оралдағы, оңтүстiк-батыс 
Сi бiрдегi өнеркәсiптiк орталықтардағы жасырын саяси 
ұйым дар өлкемiзде үндеулер,  патша үкiметiне қарсы наси-
хаттық құжаттар таратты. “Искра” газетiнiң және “Сiбiр 
социал-демократиялық одағының” мәлiметтерi қазақ 
өлке сiнде де белгiлi болды. Қазақ ауылы орталықта  болып 
жат қан оқиғалардан тiкелей тысқары тұрса да, қалаларда 
рево люциялық  жасырын ұйымдар қалыптасқанын бiлiп 
отырды. 1902 жылы тұңғыш маркстiк құпия ұйымдардың 
бiрi Орынборда құрылды. 
Отарлық ұлт аудандарының “сiлкiнiп оянуына” әсер еткен 
оқиға Санкт-Петербургте өткен “Қанды жексенбi”  1905 
жылы 9 қаңтарда болды. Әрине, өлкенiң шалғайлығы, патша 
өкiметiнiң болып жатқан оқиғаларды жасыруға тырысуы, 
оның Қазақстанға кешеуiлдеп жетуiне әсер еткенi айқын. 
Солай болса да 1905 жылдың ақпан айында Түркiстанда, 
Перовскiде, Жосалыда, Шалқарда ұйымдасқан қарсылықтар 
жергiлiктi отаршыл билеушiлерге қыр көрсету ретiнде 
өттi.
1905 жылғы Ресей социал-демократиялық партиясы 
III съезiнiң, сәуiр конференциясының қарарлары, оның 
Ташкент, Омбы, Орынбор комитеттерiнiң шешiмдерi өлкенiң 
түпкiрдегi аудандарына да жеттi. Петербург, Мәскеу, Рига 
және Ресейдiң басқа бөлiгiндегi iрi патша жазалаушы күш-
терiмен қақтығыс толқыны қазақ шаруаларының көтерiлуiне 
де себепшi болды. Торғай, Семей, Орал облыстарындағы 
қазақ шаруаларының бой көтеруi — патша үкiметiнiң басқа 

211
өңiрлерден шаруаларды қоныстандыруы мен жергiлiктi 
халықтың жерiн тартып алуға деген қарсылығының көрiнiсi 
болатын.
Семейде, Ақмолада құрылған социал-демократиялық 
ұйымдар, Орал, Торғай және басқа қалалардағы астыртын 
топтар көп тiлдi Қазақстан еңбекшiлерiнiң арасында патша 
өкiметiне қарсы үгiттiң әлеуметтiк құрамын кеңейттi.
1905 жылы мамыр айында еңбекшiлердiң бiрлiгiн қуат-
тайтын саяси ереуiлдер Верныйда, Перовскiде, Қос танайда 
халықаралық ынтымақтың көрiнiсi ретiнде өткi зiлдi. Қар-
қаралыда өткен осындай халықтық жиынға Мiржа қып 
Дулатұлы белсене қатысты.
Еңбекшiлердiң саяси көзқарасына ерекше әсер еткен 
оқиға Бүкiлресейлiк қазан саяси ереуiлi едi. Перовскiде 
(Қызылорда), Қостанайда, Оралда, Успен (Нiлдi) кенiшiнде 
стачкалық комитеттер құрылды.
Қазан айының 17-iнде жарияланған патша манифесiнiң 
жұртты алдау екенiн жаңадан қалыптаса бастаған Алаш 
қозғалысы сияқты ұлттық-демократиялық партиялар да 
әшкереледi. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, 
М.Тынышпайұлы  және басқа да демократиялық жолды 
ұстаған жас қазақ зиялы қауымының өкiлдерi ұлт мерейi үшiн 
табанды күрестi жалғастырды. Екiншi жағынан, Ресейдiң 
орталық аудандарындағы оқиғалардың әсерiмен кадеттер, 
октябристер, қаражүздiктер ұйымдары да құрылды.
Саяси топтар арасындағы тартысқа қарамай, қазан және 
қараша айларында Қазақстан еңбекшiлерi патша үкi ме-
тiне қарсы бiрнеше саяси бой көрсету ұйымдастырды. Қа-
зан айының 18-19-ында Орынбор қаласында өткен шеру 
“Демократиялық республика жасасын!”, “Самодержавие 
жойылсын!” деген айқын саяси ұрандарға ұласты. Қазан 
айының 25-iнде Омбыда ұйымшылдықпен өткен саяси бой 
көрсету Батыс Сiбiр әкiмшiлiгiн қатты сескендiрдi.
Перовскiдегi саяси шеру орыс және қазақ жұмысшы ла-
рының бiрлескен қарсылығының көрiнiсi болды. Жұмыс-
шылар өкiлдерiнен құралған комитет Петербург темiржол 
жұмысшыларымен байланыс орнатты.
1905 жылы қараша айының 16 — 28-i аралығында Семей 
пошта-телеграф қызметкерлерi ереуiл жариялады. Толқуды 
басу үшiн облыс губернаторы Қарқаралыдан әскери күш 
шақыртты.

212
Революциялық дүмпуден, сонымен қатар патша үкiме-
тiнiң тiрегi — Қазақстандағы әскери бөлiмдер де тыс 
қалмады. 1905 жылғы 6—7 қарашада Верныйдағы Батыс 
Сiбiр батальоны, осы айдың 21-iнде Жаркент гарнизоны 
солдаттары патша үкiметiнiң жаншу, жазалау саясатына 
қарсылық бiлдiрдi.
Iрi бас көтерулер. 1905 — 1907 жылдардағы бур - 
жуазиялық-демократиялық революция кезеңiндегi қазақ-
орыс еңбекшiлерiнiң бiрiккен интернационалдық бой 
көрсетуiнiң ең басты оқиғасы — Успен (Нiлдi) кенiшiндегi 
оқиға. Ақмола облысындағы осы кен өндiрiсiнде 300-ден 
астам жұмысшы бар едi. Соның 265-i қазақ болатын. Кенiш 
француз прези ден тiнiң жиенi Карноның меншiгi болып 
саналатын, iс бас қарушы сы — ағылшын Фелль. Ереуiлге 
“Капиталға қарсы орыс-қырғыз одағы” деп аталған, 
құрамына П.Топорнин, Л.Байшағыров, С.Невзоров және 
басқалар кiрген ұйым басшылық еттi.
Жалақының төмендігi, жұмыс iстеу шарттарының аса 
ауырлығы, шетел капиталистерiнiң, әсiресе ағылшын инже-
нерлерi Мессен, Гиббердiң қатыгездiгi, тағы да басқа жайттар 
ереуiлге себеп болды.
Нiлдiдегi ереуiлдiң Орталық Қазақстандағы басқа  өндiрiс 
орындарына тарап кетуiнен сескенген Фелль Ақмола уезiн-
дегi ауылнайлардың бiрi Мұстафаевқа шағынып, қазақ 
жұмыс шыларын ереуiлшiлерден ажыратып алуға күш салды. 
Қарауылшылар кенiштi қоршап алды. Үгiт, қорқыту, жалған 
уәде лерге қарамастан, көптеген жұмысшылар өздерiнiң 
талаптарының орындалуын мейлiнше табандылықпен қор-
ғады. Алайда Фелль жұмысшылардың талабын орын даудан 
бас тартты. 
Желтоқсанның 11-iнде Мұстафаевтың және басқа бай 
ақсүйектердiң Нiлдiге келуiнен мардымды нәтиже шықпады. 
Қарағанды кеншiлерi ереуiлшiлердi барынша қолдады. 
Кенiштiң шетелдiк иелерi жұмысшылардың талаптарын 
iшiнара қанағаттандыруға мәжбүр болды. Ереуiл бәсеңдедi, 
оған дем берушi Невзоров пен Топорнин тұтқындалды.
Сонымен 12 күнге созылған, кен өндiрiсiнiң 360 жұ мыс-
шысы қатысқан, қазақ және орыс жұмысшыларының тiзе 
қосқан ереуiлi басылды. Алайда бұл оқиға XX ға сырдың 
басындағы өлкедегi революциялық оқиғалардың iшiнен 
ерекше көзге түседi. Жұмысшылар патша үкiметiнiң 
отаршыл жүйесiне, шетелдiң өндiрiс иелерiнiң қыспағына 

213
қарсы күресте тәжiрибесiн молайтты, күрес барысында 
шыңдалды.
саяси қозғалыстың өрiстеуi. 1905 жылдың желтоқсан 
айында Қазақстанның бiрнеше iрi қалаларында ереуiлдер 
өттi. 6-желтоқсанда Өскемендегi жұмысшылардың жиы-
нында сөйлеген сөзiнде социал-демократ Крушеев патша 
үкiметiне қарсы күресте ынтымақтасуға шақырды. Жел-
тоқсанның 13-iнде Павлодарда Батыс Сiбiр серiктiгiнiң Ертiс 
бөлiмiнiң жұмысшылары митингi өткiздi. Жергiлiктi өндiрiс 
пен кеме иелерi Вардропер, Плотников, Корниловтардан өзен 
кемелерiнiң жұмысшылары жалақыны көтерудi, зейнет-
керлерге берiлетiн ақшаны көбейтудi, дәрiгерлiк көмек 
көр се тудi талап еттi. Экономика лық сипаттағы талаптар болға-
нымен де осындай 1905 жылғы желтоқсандағы ереуiлдер, бой 
көрсетулер патша өкiметiне қарсы бүкiлресейлiк азаттық 
қозғалыстың құрамдас бөлiгiне айналды.
Осы кезеңдегi оқиғалар жүйесiнде басты орын алатын 
оқиға — 1906 жылғы шiлде айындағы Семей қаласындағы 
жаппай ереуiл. Шiлденiң 3-iнде Ертiс аймағында басталған, 
қаладағы басқа да өндiрiс орындарының жұмысшыларын 
қамтыған осы ереуiл 1906 жылғы Қазақстандағы басты 
саяси оқиға ретiнде саналды. Алғашында 300, кейiннен 
ереуiлге қатысушылар саны 500-ге жеттi. Бұл ереуiлдiң 
бас ты талаптары экономикалық мазмұнда болды: жұмыс 
кү нiн 10 сағатпен шектеу, балалар үшiн 8 сағат, ауырған 
күнге ақы төлету, жалақыны көтеру, жұмыс мерзiмiнен тыс 
күштеп қосымша еңбек еткiзуге тыйым салу, сонымен қатар 
әйелдердiң құқығын қорғау. Жергiлiктi құпия большевиктiк 
топ мүшелерi  — Брудневский, Солодов ников ереуiлшiлердiң 
күшiн топтас ты руға күш салды.
1906 жыл Қазақстан шаруалар қоз ғалысының да өрiсте-
ген кезi. Семей облысының Қарқаралы уезiнде, Же тi су 
облы сының Жаркент уезiнде (әсi ресе ұйғыр еңбекшiлерi), 
Сырдария облысындағы Әулиеата, Шымкент уезде рiнде, 
Орал, Торғай облыстарында қазақ шаруалары отаршыл жер 
саясатына ашық қарсылық көрсеттi. “Орынбор өлкесi”, “Орал 
күнделiгi”, большевиктiк бағыттағы “Орал” және де басқа 
күнделiктi басылымдар қазақ шаруалары қарсылығының 
барысы хақында оқырмандарын уақытында таныстырып 
отырды.
Саяси толқулардың кеңеюiнен сескенген патша өкiметi 
Қазақстандағы қозғалысты тезiрек басу үшiн бiрқатар 

214
шаралар қолданды. 1906 жылдың қаңтар 
айының 10-ын да Ішкi iстер министрi 
Дурнов өлкедегi қарсылықтарды жан-
шуға арнайы тапсырма бердi.
Осындай ауыр жағдайға қарамастан, 
зиялы ұлттық демократиялық қауы-
мының белгiлi өкiлдерi — Әлихан 
Бө кей  ханов  (Семей  облысы),  Ахмет 
Бай тұрсынұлы (Торғай облысы), Б.Қа-
ра  таев (Орал облысы), М.Тыныш-
пай ұлы, Б.Сыртанов (Жетiсу) қазақ 
еңбекшiлерiнiң заңды мүдделерiн қор-
ғауда, талаптарын түсiндiруде аянбай 
күрес  жүр гiздi.
Саяси топтардың, партиялардың 
ара сында өзара талас, патша үкiметiне 
қарсы күрес, әсiресе екiншi Мемлекеттiк Думаға сайлау 
кезiнде ерекше көзге түстi.  Патша үкiметiнiң заңына сәйкес 
түземдiк халық арасынан да депутаттар сайлануға тиiстi 
болды. Олар: Ақмола облысынан молда, мұсылмандық оқу 
жүйесiн сақтап қалуда ерекше еңбек сiңiрген  Ш.Қосшығұлов, 
Жетiсудан — федералист М.Ты нышпайұлы,  Оралдан — 
кадет  А.Бiрiмжанұлы,  Семей ден  ауқатты топтан шыққан 
Х.Д.Нұрекенұлы.
Алайда барлық депутаттар өз мiндеттерiн атқаруда дәйектi 
болмады. Негiзiнде, Семей жұмысшыларының қолдауымен 
Мемлекеттiк Думаға сайланған Н.Я. Коншин солқылдақтық 
көрсеттi. “Семипалатинский листок” газетiнiң редакторы, 
қазақ өлкесiнiң тарихы жөнiндегi тамаша еңбектердiң авторы 
Н.Я.Коншин кейiннен өзiнiң бұрынғы сайлаушыларға бер ген 
уәделерiнен бас тартып, Мемлекеттiк Думада “Сiбiр авто-
номияшылары” деп аталған Сiбiрдiң дербес дамуын жақ таған 
топқа қосылып кеттi.
1905 — 1907 жылдардағы Ресей революциясы жеңiлiс 
тапты. Оның басты себептерi: әлi де жұмысшы табының, әсi-
ресе қазақ жұмысшылар санының аздығы, олардың шағын, 
әртүрлi өндiрiс орындарында шашыраңқы болуы, т.б. Қазақ 
ауылының қалалық орталықтарда болып жатқан оқиғалардан 
тысқары қалуы да, патша өкiметiне қарсы бiрыңғай майдан 
құруға мүмкiндiк бермедi. Әрине, қозғалыстың бәсеңдеуiне 
себепшi мәселелердiң бiрi — революциялық күрестi ұйым-
Мемлекеттiк Дума 
мүшесi Шаймерден 
Қосшығұлов

215
дастырудағы ұлттық демократиялық топтардың тәжi ри-
бесiнiң әлi де жеткiлiксiздiгi едi.
Алайда 1905 — 1907 жылдардағы революцияның Қазақ-
станның кейiнгi саяси қоғамдық дамуына әсерi мейлiнше 
терең болды: болашақтағы патша өкiметiнiң отаршыл сая-
сатына қарсы күрестi ұйымдастыруға тәжiрибе жинақталды, 
ереуiлдердi ұйымдастырудағы кемшiлiктер кейiн ескерiлдi, 
ұлттық баспасөз қалыптаса бастады, т.б.
сұрақтар мен тапсырмалар
1. XX ғасырдың басында Қазақстанда революциялық қозғалыстың 
басталуы үшiн қандай алғышарттар қалыптасты?
2. “Қанды жексенбi” Қазақстандағы саяси ахуалға қалай әсер еттi?
3. 1905 жылдың күзiндегi болған оқиғаларға сипаттама берiңдер.
4. Нiлдi (Успен) кенiшiндегi ереуiлдi талдап, әңгiмелеңдер.
5. Ұлттық-демократиялық күштер патша үкiметiне қарсы қалай 
күрестi?
6. II Мемлекеттiк Думаға қазақ өлкесiнен сайланған қандай саяси 
күштердi бiлесiңдер?
7.  Революцияның жеңiлу себептерiн қалай түсiнесiңдер және оның 
маңызы неде?
Құжаттар
 Қазақтардың император ағзамға талабы
“Омбыда әртүрлi мекемелер өкiлдерiнiң жиналысында қыр-
ғыздардың (қазақтардың. — Ж.Қ.) өкiлдерiн Земствоның жиынына 
жiбермеу жөнiндегi жеккөрiнiштi министр А.Г.Булышовтың 
жобасына жақын шешiм қабылданыпты.
Бұндай жағдай дала өлкесiнiң басты тұрғындары (қазақтардың. — 
Ж.Қ.) жағдайын бiлмеудiң салдары, бiздi қатты қиналтуда. Қандай 
әдiлет бар. Қырғыздарды құқықсыз, заңсыз топқа бөлу қайдан 
шыққан. Иә, бiз мал шаруашылығымен айналысамыз. Бiрақ ол 
қаңғу емес қой. Мал шаруашылығымен айналысу неге бiздiң сайлау 
құқығымызға шек қоюға себепшi болмақ? Қырғыздар қоғамдық 
және мемлекеттiк мақсатты орыс шаруаларынан кем түсiнедi деп 
кiм қорытынды жасай алады, тiптi басқа отырықшы бұратаналармен 
салыстырмай-ақ қояйық. Кiм қырғыздардың мүддесiн қорғамақ, кiм 
бiздiң мұқтаждығымызды дұрыс түсiндiредi?”
Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттiк  
мұрағаты. 64-қор. 1-тiзiм. 322-iс. 116-парақ.

216
§ 39. ҚАзАҚсТАН — сАЯсИ РЕАКЦИЯ ЖӘНЕ БIРIНШI 
ДүНИЕЖүзIлIК сОҒыс ЖылДАРыНДА
Революциялық шегiнiстiң әсерi. Ресейдiң  капитализм нiң 
жоғарғы сатысы империализм сатысына өтуi нәтижесiнде 
ұлт аймағын отарлық езу, кең өлкедегi қазақ және бас қа 
халықтарды экономикалық тонау күшейе түстi. Халық тар 
түрмесi болып қала берген Ресей империясы әлеу меттiк 
қарама-қайшылықтарды тұншықтыруды бәсең детпей, 
қазақ өлкесiнде отаршыл аграрлық саясатын жал ғас тырды. 
Халықтың жайылымдық жерлерiн күшпен экспро приа-
циялап, елдi мекендердiң тез өзгерген этникалық құры-
лымының алғышарттарын кеңейтудi қолға алды. XIX 
ғасырдың аяғында-ақ кейбiр облыстарда сан жағынан қазақ-
тардан басым болған орыс қоныс аударушылары жер гiлiктi 
халықты ығыстырып тастады.
Бұл үшiн патша үкiметi өткен жылдардағы тәжiрибесiн 
ескердi, казак әскерiне сүйенiп, саяси қарсылықтарды және 
қандай да болмасын келiспеушiлiктi қаталдықпен басып 
тастаудың айла-амалдарын қарастырды.
Ұлттық аймақтарды, сонымен қатар Қазақстанды отарлау 
мәселелерi Мемлекеттiк Думада да арнайы талқыланатын. 
Жер мәселесi, шаруаларды шығыс аудандарға қоныс аударту 
социалистердiң (эсер), кадеттердiң, большевиктердiң және 
басқа да Мемлекеттiк Думада өкiлдерi бар партиялар мен 
ұйымдардың көңiлiн мейлiнше аударды.
Революциялық оқиғалардан iркiлiп қалған патша үкiметi, 
әсiресе орталық губерниялардағы халықтың назарын таптық 
қозғалыстан аудару үшiн шаруаларды Қазақстан сияқты 
шалғай аудандарға қоныс аударуға мейлiнше мүдделi бол-
ды. 
1906 жылғы қараша және 1910 жылы Столыпиннiң үкiметi 
қабылдаған аграрлық саясат революцияны тұншықтыруға 
бағытталды. Екiншi жағынан, шығыс аудандарға, әсiресе 
Қазақстанға қоныс аударған шаруалар арасынан өзiнiң жер 
саясатын одан әрi тереңдету үшiн кулак топтары арқылы 
тiрек алуды да ойластырды. Орталық губерниялардан қоныс 
аударған шаруалардың мейлiнше жиi орналасқан аудандары 
Семей, Ақмола, Орал және Жетiсу облыстары болды. 1917 
жыл ғы Қазан революциясының қарсаңында жалпы өлкеде 
жергiлiктi халықтан тартып алынған жер көлемi 45 млн де-
сятинадан асты.

217
Әрине, жылдан-жылға келiмсек шаруалар санының көбеюi, 
Қазақстан халқы құрамының күрт өзгеруiне де әсер етпей 
қоймады. 1870 және 1906 жылдар аралығында тек далалық 
Қазақстанда Ресейден көшiп келгендер саны 521 023 адам 
болса, 1907 және 1914 жылдар арасында, яғни 9 жыл iшiнде 
жаңадан қоныс тепкендер саны 714 395 адамға жеттi. Алайда 
Ресей империясының әр аудандарынан қазақ өлкесiне қоныс 
аударғандар санының көбеюi немесе оның кейбiр жылдары 
кемiп отыруы, орталық губернияларда қалыптасқан саяси-
экономикалық және әлеуметтiк мәселелерге де байланысты 
болған. Айталық 1913 —1915 жылдардағы Едiл өзенi бойын-
дағы аштықтың салдарынан Қазақстанға келiп қоныстанған 
шаруалар саны көбейiп кеткенi түсiнiктi. 1914 жылы Қа зақ-
станда қоныстанған жергілікті емес халықтар санының 21 
есе ге бiрден көтерiлуi, негiзiнен, Ресейден қоныс аударған 
шаруалардың есебiнен болды.
Столыпиннiң аграрлық саясаты қазақтардың  үлесiнiң 
әжептәуiр кемiп кетуiне тiкелей әсер еттi. Қазақтар үлесi 
Ақмола облысында  36,6% (1897 жылы 61,1), Семейде 73% 
(87,9), Сырдарияда 62,3% (64,4), Жетiсуда 60,5% (80,4), 
Торғайда 58,7% (90,6) және Орал облысында 56,9% (71,3) 
болды. Орыс тұрғындары да облыстар бойынша мынадай 
болған: Ақмолада 56,7%, Оралда 40,8%, Торғайда 37,5%, 
Семейде  24%,  Жетiсуда 23,5% және Сырдария облысында 
6,2%-ға теңелдi.
Жергiлiктi халықтың 90%-дан астамы мал шаруашы-
лығымен айналысқан өлке үшiн жайылым және шабындық 
жердi ұтымды пайдаланудың орасан зор маңызы бар. Бүтiн 
жер қорын патша үкiметiнiң қазына иелiгi деп есептеуi және 
осы бағыттан таймай қазақтарды жерiнен бiртiндеп ығыстыру 
саясаты, саяси қайшылықтардың әр кезде шиеленiсiп оты-
руына әсер еттi. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiстiң де 
басты алғышарты патша үкiметiнiң жер мәселесiндегi қысы-
мының салдары болғаны бiрден байқалды.
Революцияның өрлеу кезеңiндегi әлеуметтiк қайшы-
лықтың шиеленiсуi. Ресейдiң орталық аудандары, сол 
сияқты Орал мен Батыс Сiбiрдегi революциялық оқиғалар, 
осы өңiрлермен мейлiнше iргелес орналасқан Қазақстандағы 
әлеуметтiк қатынастардың шиеленiсуiне әсер етпей қой-
мады. 1905—1907 жылдардағы сияқты өлкенiң сол түс-
тiк-батыс және шығыс аудандары — революциялық тол-
қу лардың белсендiлiгi қатты байқалған өңiрлерi болды. 

218
Жұмысшыларды өндiрiстен босатуға қарсылық көрсеткен 
“Атбасар мыс кендерi” акционерлiк қоғамы  жұ мыс-
керлерiнiң 1911 жылғы мамыр айының ортасында ұйым-
дастырған ереуiл серпiнi, отарлық басқару әкiмдерiн шо-
шындырды. Осының алдында ғана Өскемен уезiндегi алтын 
өндiретiн “Николай” және “Основательный” кенiштерiндегi 
жұмысшылар ереуiлiнiң тегеурiндi болғаны соншалық, 
өндiрiс иелерi олардың талаптарын талқылау үшiн арнайы 
комиссия құруға мәжбүр болған.
Орал мен Сiбiр және Едiл бойында құпия жағдайда ба-
сыл ған үгiт-насихат құжаттары, большевиктер үндеулерi 
Қа зақстан қалалық қоныстарында да қолдау тапты.
Лена қырғыны да Қазақстанда ереуiлдердiң кең шарпуына 
әсер етпей қоймады. Тiптi ресми шығатын, үкiметке иек 
артқан “Туркестанский курьер” және “Омский вестник” 
газеттерi Ленадағы оқиғалардың Қазақстандағы саяси 
ахуал  ға әсер еткендiгiн оқырмандарына хабарлаған. 1912 
жыл  ғы қазан айының 2 — 6-сындағы Байқоңыр көмiр 
өндiрi сiндегi, Семейдегi судиiрменi жұмысшыларының, 
Торғай уезiндегi Шоқпаркөл көмiр шахтасындағы ереуiлдер 
жал пы империялық саяси қозғалыстардың құрамдас  бөлiгi 
болды. Омбыда, Орынборда, Петропавл, Өскемен және де 
басқа қалалардағы әртүрлi салалардағы жұмысшылардың 
революциялық бой көтерулерiне жергiлiктi большевиктер, 
социал-демократиялық ұйымдар басшылық еттi.
1914 жылдың көктемi мен жазы Ресейлiк демократия лық 
қозғалыстың өрлеу кезеңi едi. Соның ішінде Доссордағы 
Орал — Каспий мұнай қоғамының және Ембi (Жем) өндiрiсi 
жұ мыс шыларының ереуiлдерi табысты өттi. Әкiмдер жұ-
мысшылардың бiрқатар талаптарын қабылдауға мәжбүр 
болды. Жалақының 26%-ға көбеюi табанды күрестiң нә-
тижесi едi.
Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстың басталуы Қазақстан  
сияқты шикiзат қоры саналатын шалғай өңiрдiң экономи-
калық маңызын арттырды. 1915 жылы маусым айының 25-
iнде үкiмет бекiткен “Бұратаналарды мемлекеттiк қорғаныс 
iсiне пайдалану жөнiндегi” ережелер жұмысшыларды өндiрiс 
иелерiне байлап бердi.
Ұлттық мүдде, ұлттық сананың қалыптасу ерекшелiктерi. 
Қазақстандағы өнеркәсiп орындарындағы жұмысшылардың 
үстiнен полициялық бақылау күшейдi. 1915 жылғы 
мамыр айындағы Екiбастұз көмiршiлерiнiң ереуiлi — 

219
талаптары жағынан саяси ереуiл. 1916 
жылы тамыз айындағы Қар сақбай мыс 
кенiшiндегi ереуiлдер — саяси күрестiң 
өрлеуiнiң көрiнiсi болды. Революцияның 
өрлеу кезеңi — ұлттық-демократиялық 
күштердiң патша үкiметiне қарсы күре-
сiнiң шыңдала бастаған кезеңi. 
Қазақ халқының қоғамдық-саяси, 
мәдени және әдеби өмiрiне белсене ара-
ласқан өкiлдерiнiң бiрi — Ахмет Бай-
тұрсынұлы  (1873—1937 жж.). Қар-
қаралыда оқытушы болып жүргенде 
әдiлетсiздiкке, патша өкiметiнiң қанау 
саясатына қарсылық бiлдiргенi үшiн 
Ахмет Байтұрсынұлы 1909 жылы шiлде 
айында Семей түрмесiне қамалады. Кейiннен  Қазақстаннан 
жер аударуға үкiм қабылданып, ол 1910 және 1917 жылдар 
аралығында Орынборда тұрған. 1913 жылы наурыз айынан 
“Қазақ” атты апталық газет ұйымдастырып, оның редакторы 
ретiнде патшалық Ресейдiң отарлық саясатын әшкерелеуде 
белгiлi рөл атқарды.
Ахмет Байтұрсынұлын қоғамдық жаңашыл бағытқа, көре-
гендiкке, қайраткерлiкке сол дәуiрдiң тарихи жағ дай лары 
дайындады. Ол көрген өмiрдiң ауыртпалықтары, патша 
өкi метiнiң отаршылдық саясаты, ойлы жас демократтың 
бойын дағы халықтық қасиеттердi оятты.
Оқ тиiп он үшiмде ой түсiрiп,
Бiтпеген жүрегiмде бар бiр жарам. 
Алданып тамағыма, оны ұмытсам
Болғандай жегенiмнiң бәрi һарам. 
Адамнан туып, адам iсiн етпей, 
Ұялмай не бетiммен көрге барам, —
деп Байтұрсынұлы күрес жолына қалай түскендiгiн осы 
шумақтарында ашып айтқан.
1905 — 1907 жылдардағы революциялық қозғалысқа 
қатысқан  Мiржақып Дулатұлының (1885 — 1935 жж.) да 
қоғамдық өмiрге белсене араласқан кезеңi — революцияның 
қайтадан өрлеу жылдары. 1910 жылы Қазанда жарық 
көр ген “Бақытсыз Жамал” романы, 1909 жылы Уфада, 
кейiн 1911 жылы Орынборда жарық көрген “Оян, қазақ!“, 
1913 жылы Орынборда жарияланған “Азамат” атты 
Ахмет 
Байтұрсынұлы

220
өлеңдер жи нағы, 1915 жылғы “Тер-
ме” деген әдеби-публицистикалық 
туын дыларының нақты саяси бағыты 
бiр ден сезiлдi. Пат ша үкiметiнiң ба-
қылауына түскен, сан рет түрмеге қа-
мал ған Мiржақып Дулатұлы Ресей 
үкiметiнiң аграрлық саясатын мейлiнше 
сынады. Қуғынға түскен М. Дулатұлы 
Семейде, Омбыда, Қарқаралыда болып, 
қазақ еңбекшiлерiнiң сая си бағытын 
анықтауда ерекше рөл атқарды. Қазақ 
зиялы ларының аса көрнектi өкiлдерiнiң 
бiрi, белгiлi ғалым Ә.Бө кей хановтың 
ұлттың мүддесiн қорғаудағы жан аямай 
күресуi де осы ке зеңде басталды.
Ресейдегi революцияның жаңа өрлеу кезеңi Қазақстанда 
демократиялық қозғалыстың дамуындағы белдi кезең болды. 
Басты өндiрiс орындарындағы ереуiлдердiң саяси бағыт 
алуы патша үкiметiне қарсы езiлгендердiң топтасуына, күш 
жинауына әсер еттi. Демократиялық бағыттағы қызметiн 
ағартушылық жұмыспен ұштастырған ұлттық зиялы қауым 
өкiлдерi қазақ ауылының саяси өмiрге тартылуын тездеттi.
Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс және Қазақстан. Бiрiншi 
дүниежүзiлiк соғыс екi әскери-саяси топтарға жiктелген 
елдердiң экономикалық және қоғамдық жағдайын шие-
ленiстiрiп қана қойған жоқ, сонымен қатар шалғай жатқан 
Қазақстанның да дамуына зардабын тигiздi. Ең алдымен, 
өзiнiң шаруашылық ерекшелiктерiне қарай, өлкенiң май-
данды және елдi шикiзат, азық-түлiкпен қамтамасыз етудегi 
рөлi мейлiнше күшейдi. 1914 — 1916 жылдардың арасында 
тек Түркiстан өлкесiнен 2 089 мың тонна мақта, үш жүз мың 
пұт ет, жетпiс мың жылқы, он үш мыңға жуық түйе және 
он төрт мыңға жуық киiз үй алынған. Соғыстың бiрiншi 
жылында тек Жетiсу облысынан майдан мұқтаждығына 
жiберiлген мал мен мал шаруашылығы өнiмдерiнiң құны 
отыз төрт млн сомға жеттi.
Соғыстың ауыр зардаптарының бiр көрiнiсi —  шаңырақ 
салығының көбеюi. 1914 жылы қазақтардан жиналатын осы 
әлеуметтiк ауыртпалықтың мөлшерi 600 мың болса, 1917 
жылға қарай 1 млн 200 сомға ұлғайды.
Орыс шаруаларының қыстақтары да соғыстың зардап-
тарын бiрден сездi. Әсiресе Ақмола, Семей, Торғай және Орал 
Мiржақып Дулатұлы

221
облыстарындағы отырықшы аудандарда майданға әскер 
қа тарына ша қы рудың жаппай сипат алуынан, жүздеген 
қоныстар  ер азаматтарынан айырылды. Егер де Ресейдiң 
бiрқатар аудан дарында ер адамдарды әскерге шақыру 35 — 
40%-ға жетсе, Қазақстанның, әсiресе орыс шаруалары 
көбiрек қоныстанған далалық аудандарында онан да жоға-
ры болды. Жұмысқа жарамдыларды әскер қатарына шақы-
ру зардаптары соғыстың алғашқы айларында-ақ байқалды.
Соғыстың ауыр зардаптары шаруашылықтың басқа да 
салаларында айқын көрінді. Әсiресе кен өндiрiсi, Қазақ-
станның орталық аудандарындағы көмiр, батыста мұнай 
өндiру құлдырап кеттi. Ембi (Жем) экономикалық өңiрiнде 
мұнай өндiру соғыстың бiрiншi жылының өзiнде 265 560 
тоннадан 1915 жылы 80 мың тоннаға дейiн кемiп кеттi.
Еске алатын бiр жағдай, соғыстың қанды шайқастары 
мыңдаған адамдарды жалмап, аз да болса өндiрiстiк маман-
дығы бар онсыз да саны аз маман жұмысшылардың майданға 
аттануын қажет еттi. Бұл жағдай дамып келе жатқан өндi-
рiс орындарында кәсiпқой жұмысшылар үлесiнiң күрт 
төмендеуiне себепшi болды.
Соғыстың тауқыметi еңбекшiлердiң хал-ахуалынан ерек-
ше байқалды. Әсiресе XIX ғасырдың аяғы — XX ғасырдың 
басында шетелдiк капиталистердiң бақылауында болған 
өнеркәсiп орындарында, жұмысшылардың жағдайы мейлiн-
ше ауырлады. Ешқандай бақылау болмаған, әсiресе ауыр 
қара жұмысқа пайдаланылатын өндiрiс орындарында жұ-
мыс мерзiмiнiң ұзақтығы 12 — 14 сағатқа созылды. 12 — 14 
жастағы жеткiншектердiң еңбегiн қанау үйреншiктi iске 
айналды. Күнiне еңбегi үшiн төленетiн 20 тиын, олардың не 
тамағын немесе басқа қажетiн қанағаттандыруға жетпей-
тiн.
Соғыс кезiндегi қымбатшылықтың артуы, әсiресе қала-
дағы өндiрiс орындары жұмыскерлерiнiң хал-жағдайын тым 
төмендетiп жiбердi: ұн бағасының 70%-ға, қанттың 50%-ға, 
сабынның 200%-ға, сонымен бiрге күнделiктi өмiр қажетiн 
өтейтiн басқа да бұйымдардың қымбаттауы еңбекшiлердiң 
наразылығын туғызды. Қоғамдық дағдарыс бiртiндеп әлеу-
мет тiк тартысты тереңдеттi.
Қазақстандағы әскери тұтқындар. Қазақстандағы қо-
ғам дық саяси ахуалға Австрия-Венгрия және Германия 
тұт қындарының әкелiнуi бiршама әсерiн тигiздi. Бiрiншi 
дүниежүзiлiк соғыс майданындағы қантөгiс шайқаста әскери 

222
тұтқындар Қазақстанның солтүстiк-шығыс және оңтүстiк 
аудандарына көптеп жiберiлдi. 1914 жылдың тамыз айында 
бiр ғана Омбы қаласында шоғырланған әскери тұтқындар 
саны 20 000-ға дейiн жеттi. Омбы, Ақмола, Семей, Павлодар, 
Қазалы және басқа қалалар Австрия-Венгрия және Германия 
әскери тұтқындарды қабылдаған басты ошақтарға айналды. 
Тұтқындар арасында, сонымен қатар Кавказ майданында 
орыс тұтқынына түскен түрiктер және басқа да үштiк одақ 
жағында соғысқан мемлекеттердiң жауынгерлерi кезде-
сетiн.
Әскери тұтқындардың алғашқы топтары 1914 жылдың 
тамыз айындағы батыс майдандағы шайқастардан кейiн 
өлкеге әкелiне бастаған. Әскери тұтқындардың басым көп-
шiлiгiнiң 97,8%-ының қатардағы әлеуметтiк топтан шығуы 
отаршылдық жергiлiктi әкiмшiлiктi қауiптендiрдi.
Әскери тұтқындардың ұлттық құрамы да әртүрлi едi. 
Қа зақстан қалаларындағы әскери тұтқындар арасында, не-
гi зiнен, славян тектес тұтқындар басым болғаны анық. Со-
нымен қатар түрiк, румын, итальян, немiс, венгр (мадьяр), 
басқа этностық топ өкiлдерi, тұтқындар тобының әртектiлiгiн 
көрсетедi.
Полицейлiк бақылау әскери тұтқындарды жергiлiктi ха-
лықтан мейлiнше жекелеп ұстауға тырысса да, жергiлiк тi 
тұрғындар — тұтқындар арқылы майдандағы жаңалықтарды 
бiлуге тырысты. Бiртiндеп саяси жағдайдың революциялық 
бағытта дамуымен әскери тұтқындар мен жергiлiктi тұр-
ғындар арасындағы қарым-қатынас та сенiмдi бағыт ала 
бастады. Осындай ахуалдың тереңдеуiне әскери тұтқын-
дардың шаруашылық салаларына тартыла бастауы әсер 
еттi.
Қазақ өлкесiнде негiзгi еңбек күшi еркектердiң басты 
бөлiгiнiң майданға шақырылуы, шаруашылық жағдайын 
дағдарысқа ұшыратты. Семей, Ақмола сияқты далалық 
облыстарда тiптi жұмысшылардың 50%-ына дейiн май-
данға тартылды. Орынбор өлкесiнде 40%-ға жуық, Жетiсу 
облысында еңбек адамдарының үштен бiрiнiң әскерге шақы-
рылуы жалпы өлкедегi дәстүрлi экономикалық салаларға 
ауыр тидi. Әсiресе жер шаруашылығымен айналысқан кулак 
өндiрiсiне нұқсан келтiрдi. Дегенмен, әскери тұтқындарды 
арзан жұмысшы күшi ретiнде пайдалану шаруашылықтың 
ахуалын бiршама қалпына келтiруге себiн тигiздi.

223
Үкiмет белгiлеген әскери тұтқындарды шаруашылықта 
пайдалану туралы ережелерде, олардың еңбегiне жалдамалы 
жұмысшы ретiнде ақы төленуге тиiстi болды. 1916 жылы 
бiр ғана Ақмола облысының Петропавл уезi бойынша 
жалдама жұмысқа тартылған Австрия-Венгрия және Гер-
ма ния ода ғы тұтқындарының саны көбейе түстi. Ақмола 
облысында 14 мың тұтқын тек ауыл шаруашылығында пай-
даланылды.
Әскери тұтқындар, сонымен қатар мемлекеттiк қорға-
ныс, өндiрiс орындарында, жеке отбасы шаруашылығын  да, 
қолөнерлiк шеберханаларда, етiкшiлiк, ұсталық, музы-
канттық және басқа да мамандықтар бойынша жұмысқа 
тартылды. Алайда, жалпы алғанда, әскери тұтқындардың 
Қазақстандағы жағдайы жеңiл болмады. Отаршылдық-
әкiмшiлiктiң қыспағы, күнделiктi бақылаудың ауырлығы, 
олардың тұрмыс жағдайын қиындатты. 1915 жылғы мамыр 
айында Риддер кен байыту орнында, сол жылдың қазан 
айында әскери тұтқындар лагерiндегi Австрия-Венгрия 
тұт  қындарының ауыр тұрмыс жағдайына қарсы ереуiлi — 
осыған айқын дәлел.
Австрия-Венгрия және Германия әскери тұтқындарының 
бiрқатары қазақ өлкесiнде жергiлiктi тұрғындармен тiл 
табысып, кейiн жергiлiктi оқиғаларға, яғни азамат соғысына 
қатысты. Қазақ жерi дүниежүзiлiк соғыс зардаптарынан 
ерiксiз келгендердiң бiрқатары үшiн екiншi Отан болды.
сұрақтар мен тапсырмалар
1. Революцияның өрлеу жылдарында таптық тартыстың шиеленiсуiнiң 
қандай көрiнiсiн бiлесiңдер?
2. А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының қоғамдық қызметiне си-
паттама берiңдер.
3. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс Қазақстандағы жағдайға қалай әсер 
еттi?
4.  Әскери тұтқындардың Қазақстандағы өмiрi қалай қалыптасты?
Құжаттар
Омбы жандарм басқармасына
14 мамыр, 1908 жыл.
“Социалист-революцияшылдар немесе Павлодар қаласының 
социал-демократиялық ұйымы атынан қалада белгiсiз, күдікті 

224
адамдар гектографиялық үндеулер таратып жүргенi байқалады. 
Үндеулер түнде таратылады, ал партиялардың басшылары полицияға 
белгiлi. Мазмұн жағынан осындай қағаздар Павлодар тұрғындарын 
тәртiпке қарсы итермелейдi, үкiметке де қарсы айдап салады”. 
Орынбор жандарм басқармасына
9 қараша, 1911 жыл.
“Сiзге Торғай уездiк әкiмiнiң 1911 жылғы қараша айының 28-
iндегi рапортын жiберiп отырмын. Онда қырғыз тұрғындарының 
арасында таралған үкiметке қарсы мазмұндағы “Оян, қазақ!” кiтабы 
туралы айтылған. Сiзден осы кiтаптың шығуына және таралуына 
кiнәлi адамдарды (М.Дулатұлының. — Ж.Қ.) жауапқа тартуды талап 
етуiңiздi өтiнемiн”.
Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттiк  
мұрағаты. 25-қор. 1-тiзiм. 306-iс. 2-парақ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет