Xxii республикалық студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми конференция материалдары


АБАЙТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ М.МЫРЗАХМЕТҰЛЫ ЗЕРТТЕУІНДЕ



Pdf көрінісі
бет194/267
Дата18.10.2023
өлшемі8,13 Mb.
#117865
1   ...   190   191   192   193   194   195   196   197   ...   267
Байланысты:
Сборник материалов конференции (продолжение)

АБАЙТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ М.МЫРЗАХМЕТҰЛЫ ЗЕРТТЕУІНДЕ 
 
Серікқызы Н., Бекмағанбетова Г.Ш. 
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
 
 
М.Әуезовтен кейін қаншама уақыттар өрнегі көз алдымызға тізбектеліп, мерзім 
желі өз бағытымен соқты. Сол кезеңнің сұрапыл сағаттары солақай саясат шеңберімен 
ғана соғып, ащы ақиқаттарды, батыл қадамдарды жасауға мүмкіндік бермеді. Академик-
жазушы сол кесірлі кезеңнің қат-қабат қиындықтарын басынан өткеріп, идеологиялық тар 
шеңберден шыға алмады. Оған дауылды жылдардың тұманды күндері де ерік беріп, 
оңтайлы, ұрымтал сәт тудырмады. Сондықтан академик-жазушыға дейін бір кезең болды, 
кемеңгер ғалым дүниеден озғаннан соң абайтану саласы біразға толастады. Кейіннен 
академик Қ.Жұмалиев кадрлар даярлай бастаған-ды. Солардың ішінде талапты, ғылымға 
бейім шәкірттердің бірі – ғалым Мекемтес Мырзахметұлы болды. Ұстазының берген 
бағытымен басталған абайтану әлеміндегі соқпағы бүгінде даңғыл жолға айналғаны 
ақиқат. Ғалымның абайтану тарихына, Абай әлемінің сан қилы жұмбаққа толы күрделі 
мәселелеріне қатысты ғылыми еңбектерінің мәні зор. 30-жылдардың соңына дейін 
Абайдың әдеби мұрасы жайлы болып келген пікір айтысындағы басты талас Абай 
дүниетанымы маңына үйірілді. Мұның дұрыс бағытта шешілуіне сол дәуірдегі біздің 
әдебиетімізде кеңінен орын тепкен тұрпайы социологиялық, формалистік, компартивистік 
сияқты түрліше жат көзқарастардың зардабы аз тиген жоқ. Сондай-ақ зерттеуге даярлығы 
бар дарынды ғылыми мамандар жетіспеді, яғни барының өзі саналы түрде қуғындалып, 
өмірден аластатылып жатты. Айтылмыш себептерге байланысты соғысқа дейінгі дәуірде 


415 
Абайдың дүниеге көзқарасы арнайы ғылыми зерттеудің нысанасына алынбай, ат үсті сөз 
етіліп келді. Ойшыл ақынның дүниетанымын танып-білу, ақын нәр алған рухани бұлақ 
көздерін зерттеу ісі, ақынның 100-жылдық мерейтойы қарсаңында кең өріс ала бастады.
М.Әуезов Абай шығармаларының нәр алған қайнар көздерінің үш арнасы 
жайындағы өзекті мәселені отызыншы жылдардың ортасында көтергені белгілі. 
Академик-жазушының бұл еңбегі жайында пікір айтқан М.Мырзахметұлының: “Абайдың 
әдеби мұрасының рухани нәр алған үш бұлағы жайлы тұңғыш рет тың пікірді М.Әуезов 
Абайдың ғылыми өмірбаянына арналған еңбегінің алғашқы нұсқасында айтса, кейіннен 
1934 жылы көп даярлықпен келіп жазған “Абай ақындығының айналасы” деген ғылыми-
теориялық мақаласында бұл ой-толғамдарын нақтылы әрі кең тұрғыдан тұжырымдаған 
еді” [1,5],– деген тұжырымының мәні зор.
Ал профессор Н.Сауранбаев «Абай көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен 
құбылыстардың тарихи екі негізі бар» деп көрсетсе ( бірі – қазақ халқының мәдени-рухани 
халін терең талдап зерттеуден туған; екіншісі – Батыс пен Шығыстық дүние ғылымымен 
танысудан туған), Ә.Қоңыратбаев, Ә.Жиреншин, Т.Елеуовтер өз пікірлерін ортаға 
салғанымен, бұл дүниелерді арнаулы зерттеу жұмысы деп қарастыруға келмейді. Себебі 
үшеуі де өздерінен бұрын айтылған пікірлер мазмұнымен шектелген. Мәселен, Т.Елеуов 
Абай дүниетанымының нәр алған саласын: а) XIX ғасырдың 2-ші жартысындағы қазақ 
қоғамының материалдық болмысы мен б) озық ойлы орыс мәдениетінен іздеу керек деген. 
Осы арқылы өзге зерттеушілер пікірін қайталаған. Бұндай олқылықтар Ә.Жиреншин мен 
Қ.Бейсенбиевтің монографияларында тағы да қайталанады. Бұл зерттеулер Абай 
дүниетанымының қалыптасуында үлкен мәні бар халқымыздың рухани қазынасын 
ескермейді. М.Мырзахметұлы көзқарасынша: “Өйткені қандай дарынды өнер иесі болса 
да халық даналығынан нәр алмай, оны табиғи жолмен сіңірмей, үйренбей өнер тұғырына 
шыға алмайды, яғни бұл саладан аттап өтуге болмайды”[2,45]. Сондықтан сол кезеңдегі 
социалогизмнің ықпалындағы бір ғана бағытты ұстаған зерттеушілер, Абайдың дүниеге 
көзқарасының қалыптасуында белгілі деңгейде ықпалы болған Шығыстың рухани қазына 
көздерін мүлдемге атаусыз қалдырды.
Аталмыш ой бедері көрнекті ғалым Р.Бердібайдың мағыналы пікірлерімен 
анықтала түседі. “Жылдар бойында үзіліссіз зерттелініп келген Абай мұрасының әлі күнге 
дейін “басы ашылмаған” немесе атүсті біржақты баяндалған тұстары аз емес. Солардың 
қатарында ақынның шығыс поэзиясынан алған тағылымының орны мен мәні, діни 
көзқарасы секілді күрделі мәселелер бар. Рас, соңғы жылдарда ақын мұрасының шығыс 
көркемдік мәдениет дәстүрімен сан қырлы байланысы сөз бола бастады, кейбір 
еңбектерде арнаулы тараулар да орын алып келеді. Мұның бәрі, әрине, игі ұмтылыстар, 
бірақ оларды алдағы кезде жүйелі концептуальды түрде тексеруге болмайды. Біз бұл 
күнге дейін шығыс поэзиясы дегенді тұтасымен ғана жалпылама алып келеміз”[3,83]. 
Абайдың шығыспен байланысы жүйелі зерттеуді қажет ететін келелі мәселелердің бірі.
М.Мырзахметұлында зерттеуші әрі ғалым ретінде осы ерекше дүниелердің біразы 
тоғысқан” [4,83]– деп жоғары баға берген болатын. М.Мырзахметұлы өз халқының 
патриоты, шындық пен әділет жолында табаны таймаған, турашыл, иманды, ғылымға 
берілген адал азамат. Абай армандаған “толық адам – инсани кемел адам” үлгісін берік 
ұстанған тұлға. Өз халқын, өз ұлтын ыстық ықыласпен, нұрлы көңілмен иманигүл (үш 
сүю) деңгейінде сүйе алмаған адамнан нағыз ұлтын ұлықтайтын, халқының мақтанышына 
айналар ғалым да, көсем де шықпақ емес. Ғалым не жазса да өз ұлтының рухани 
құндылықтарын байытуға бағыштап, еліне оның мүддесіне не керек екенін, ненің зиянды, 
кесапатты екенін біліп барып жазды. М.Мырзахметұлы абайтануға әуезовтану арқылы 
барып зор табысқа жетті. Профессор Абайды танудың, танытудың ендігі жолы 
М.Әуезовтің ақын жайлы еңбектерін танудан, соларды зерлеп, зерттеп білуден, қысқасы, 
әуезовтанудан басталуы тиіс екендігін тілге тиек етеді. Әдебиет зерттеушісі М.Әуезов 
тануындағы абайтанудың көкейтесті мәселелерін айқындап берді. 


416 
Олар: Бірінші, М.Әуезовті танытуындағы абайтану тәрізді ғылым саласының қалай 
басталып, қалай дамуын, оның қалай дараланып қалыптасып шығуын тиянақтау арқылы 
абайтанудың кемел тарихын жасап берді. Екінші, М.Әуезов салған соны сүрлеуді даңғыл 
жолға айналдыру үшін Абай мұрасының Шығысқа қатысын анықтап, дәлелдеп беруге 
барша күш-жігерін, ақылпарасатын жұмсады.
“Абай шығармаларының нәр алған бір қайнары – Абай мұрасының шығысқа 
қатысын өзінің зерттеу еңбектерінде М.Әуезов негізінен үш салаға топтастыра, олар 
жайлы танымның өзекті желілеріне жеке-жеке тоқтай отырып, нақтылы түрде анықтама 
беруге әрекет еткені байқалып тұр. Бұларды бас-басына атап өтер болсақ былайша болып 
шықпақ: а) Абай және Шығыс классиктері, ә) Абайдың исламиятқа қатысы, б) Шығыс 
хакімдерінің, ойшыл даналарының ортасында ғасырлар бойы мол сөз болған мораль 
философиясы жайлы мәселелерге қатысы”[1, 25],– деп Абай мен Шығыс арасындағы 
сабақтастықты зерделеген М.Әуезовтің тамаша тұжырымын тілге тиек етеді. Ойшылдың 
Шығысқа қатысы дегеніміз, мыңжылдықтарды көктей өтіп жатқан қат-қабат ислам 
негіздері қаланған Құран Кәрім мен Хадис Шәріптің, мұсылман ғұламаларының том-том 
тәпсірлері мен философиялық трактаттарының, сондай-ақ, Шығыстың жеті жұлдызы 
бастаған ақындарының жауһарларынан Абай нені үйренді, нені игерді, оны өз 
шығармаларында қалай пайдаланды дегенге саятын аса күрделі тақырып. Ақын нені 
үйренді, нені игерді деген мәселеге белгілі 220 мұхтартанушы ғалым Т.Жұртбайдың: 
“Абайдың шығыс классикасынан дәріс алуы үш бағытта өтті. Біріншісі – таза шығыстың 
классикалық поэзиясынан үйренуі.... Шығыс ғұламаларынан сусындаған екінші қайнары – 
дүниетаным, жаратылыстаным, араб, иран, түркі, ислам тарихы, ахлах (этика), мантих 
(логика), фихих (право), хадистер түсінігі, діни таным, діни философия, діни поэзия 
ағымдары, инсандық (адамгершілік) негіздері, діни және батырлық дастандар, 
пайғамбарлық тарихы туралы ғұламалық еңбектер.... Шығыс әдебиеттерінің үшінші көзі 
діни философия болды. Бұл ретте Абай өзінің “Он алтыншы”, “Он жетінші”, “Он 
сегізінші”, “Жиырма сегізінші”, “Отыз екінші”, “Қырық үшінші”, “ Қырық төртінші” 
сөздерінде және өлеңдерінде өз пікірлерін білдірді”[5,17],– деп айтқан тұжырымы жақсы 
жауап бола алады. Шығыс жұлдыздарынан алған тәлімі, білімі ойшылдың 
дүниетанымының кеңеюіне үлкен ықпалын тигізген құбылыс болды. Сонымен қатар Абай 
шығыс ғұламаларымен ой жарыстырып, пікір тудырып отырады. Оған ойшылдың 
философиялық мазмұндағы өлеңдері мен осы бағыттағы қара сөздері дәлел.
Профессордың абайтану мен әуезовтану жөніндегі жазғандарымен жүйелі 
танысқан адам Абай шығармаларында кездесетін әрбір атаулар мен термин сөздерге 
анықтама беру үшін қаншама ізденгенін көре алады. Ол үшін арысы Аристотель мен Әл-
Фарабиден бастап, күллі Шығыс ғұламаларының оған қатысты еңбектерін ерінбей 
ақтарып, оны қазақтың арғы-бергі ақындары мен ойшылдарының шығармаларымен 
салыстыра зерттегеніне әркімнің таңданары хақ. Әдебиет зерттеушілеріне сыры беймәлім 
жәуанмәртілік пен имангүл, хауас сәлимге қатысты зерттеулерінде келтірілген 
дәлелдерінің көптігі мен нақтылығына қарап нағыз ғалымның қалай еңбектенетіне көзің 
қаныға түседі. Осы орайда: “М.Мырзахметовтың... табысы сол: ол – Мұхаңның ендігі өмір 
жолында іске асырар ұлы ойларының кіші жоспарын тауып, осы “жол-жоспар” негізінде 
“Абай мұрасының Шығысқа қатысы” деген үлкен бір еңбек жазған. Бұл – автордың анық 
табысы, елеулі табысы”[4,85-б.],– деп ғалым және оның еңбегі жайында айтылған пікірді 
келтіре кетуді жөн санаймыз. Сонымен қатар М.Мырзахметұлының М.Әуезов пікірлерін 
негізге ала отырып, ақын шығысы жайлы өте тың топшылаулар жасағанын тілге тиек 
етеді. Профессор Абайдың Шығысқа қатысын мынадай тақырыптар бойынша 
қарастырған:
а) Абайдың адамгершілік мұраттары; 
ә) Абай мұрасының рухани көздері (Абайдың ақындық кітапханасы жайында).
Аталмыш тақырыптарды жан-жақты зерделей келе ғалым мынадай қорытындыға 
келеді: “Абай осылайша өзінің адамгершілік ойлары жайлы ойларында бір жағынан 


417 
Шығыс ойшылдарымен көбірек табысып жатса, қоғамдық-әлеуметтік тақырыптарға 
жазған шығармаларында оқу-білімді, еңбекті үндеген сөздерінде, көбіне көп Белинский 
бастаған революцияшыл – демократтардың идеяларымен, Салтыков-Щедрин сияқты 
шыншыл суреткерлердің дәстүрімен өзектес келеді”[1,189-190]. Бұл ойдан түйеріміз, 
Шығыстың исламдық ақыл-ойының “мұсылмандық адамгершілік – жәуанмәрттік 
иманигүл, хауас ілімдерімен қаруланып барып Батысқа бет бұрып, оны сыншыл ой 
елегінен өткізе қабыладаған болатын. Бұл абайтану ғылымы жеткен үлкен жетістік 
ретінде қазақ әдебиеттануында нық орнықты.
Зерттеуші өзінің ұзақ жылдық табанды ізденістері арқылы Абайдың исламдық 
Шығысқа қатысын ашқанда ол жауаптылығын бүгінгі күнге қызмет еттіруді басты мақсат 
еткен. “Толық адам” – ғылым таппай мақтанбайтын, оны шын махаббатпен көксеп, 
меңгеруге талпынған адам. Ғалым бүгінгі қазақ халқының алдына Абайша, теологиялық 
ғылымды (Алланың ғылымы), қоғамдық ғылымды (өзінтану), табиғи ғылымды (дүниелік 
ғылым) меңгеру қажеттігін көлденең тартады. Өйткені біздегі бүгінгі тәрбие мен білім 
беру жүйесінің еуропалық үлгіге қазақ еліктеуінің апаты зардаптарға ұрындырып 
отырғаны өмірдің шындығы. Әсіресе, “Алланың ғылымынан” хабарсыз қалудың зардабы 
бәрінен ауыр. Алла Тағаланың ғылымының ең басты мазмұнының бірі “жәуанмәртілік” 
(әділет, рақым, ақыл) пен оған қарама-қарсы бағытта тұрған адам баласының бойындағы 
үш жағымысз зиянды (надандық, еріншектік, залымдық) сипаттарын танып-білу еді. 
Абайтанудың өзекті мәселелерін зерттеумен жүйелі түрде айналысқан профессор ендігі 
кезекте дана ақынның академиялық жинағын шығару қажеттілігін басты орынға қояды. 
Бұған дейін әр кезеңде шыққан толық жинақтарға көңілі толмайтынын дәлелді 
зерттеулермен айтып та жүр. Абай Шығыс мәдениетінің қайраткері, нақтырақ айтсақ, 
мұсылмандық Шығыстың аса көрнекті ойшыларының бірі. Мұхтар Әуезовтің 
тұжырымдауынша, Абай гуманизмінің бастауында шығыстық классикалық дәстүр 
жатыр[6,164].
Шығыстық кітапханасын аңғармай, хакім Абайдың “Шығыстық белгісін” табу 
қиынға түсері хақ. М.Мырзахметұлы осы турасында:“Ал, шындыққа келетін болсақ, 
Абайдың ғылым жайындағы танымының басым жағы мұсылмандық шығыстың рухани 
қазына көздерімен терең тамырласқан”[7, 44-45],– дейді. Ғалым Абай шығармаларында 
орын алған шығыстық белгілер жайындағы күрделі мәселені ғылыми тұрғыдан толығырақ 
аша түседі. М.Әуезов өз зерттеулерінде Абайдың ақындық кітапханасының көлемі мен 
жайын анықтай түсудің жолдарын және берілу тәсілдерін қарастырған. М.Мырзахметұлы 
ақынның қай кезде не алғанын яғни шығыс жұлдыздарының әсерін, ақын 
шығармаларында тікелей аты аталатын деректер көзін пайдалану барысында жүйелі 
зерттеу жұмысын жүргізеді. “Тарихи шындықты батыл айту, сол туралы жазу бүгінгі 
өміріміздің ең басты талабы”[8,9],– дегендей М.Мырзахметұлы Абайдың Шығыс 
әлемімен байланысының ақиқатын тарихи, ғылыми негізде таратып береді.
М.Мырзахметұлы 
М.Әуезов 
байламдары 
негізінде 
Шығыс 
әлемінің 
қатпарқатпарларына бір-бірден дендей етіп, жұмбақ жанның құпиясын табуға тырысады, 
әрі бұл ғылыми ізденісіне үлкен жеңіске, таптырмас қазынаға айналды. Өйткені, өзі 
көрсеткеніндей: “М.Әуезов Абай шығармаларындағы ақын дүниетанымына сүйене 
отырып, абайтану саласында ұзақ жылдар бойы іздену, ой қорыту арқылы Абайдың 
исламиятқа қатысын анықтауға, ол жайлы танымдарының негізін білуге ұмтылып келді. 
Өйткені абайтану саласында бұл тақырып өз шешімін таппады, арнайы нақтылы 
зерттеулер бой көтермеді. М.Әуезовтің өзі де сол кезең жағдайына байланысты Абайдың 
исламиятқа қатысын арнайы зерттеулер арқылы ашпайды, осы саладағы ұзақ жылғы 
зерттеуден туған ойларын қорыту, келешек зерттеулерге адастырмас бағыт берер тезистік 
ой-пікірлер жемісін ұсынумен шектеледі”[1,42].
Ғалым Абай мен Шығыс арасындағы сабақтастықты және осы келелі мәселелерді 
ғылыми айналымға түсірген М.Әуезов еңбектерін зерделеу арқылы абайтану, мұхтартану 
салаларының биік деңгейге көтерілуіне үлкен үлес қосты. “Абайтану мен мұхтартануды 


418 
ХХI ғасыр көгіне алып шығу үшін ендігі ізденушілер бұл салада профессор Мекемтас 
ашқан жаңалықтарды зерделеуі, араб, парсы тіліндегі түпнұсқаларды еркін оқып, ұлы 
Абайдың Исламдық Шығысқа қатысын, түркілік тек-тамырын жеріне жеткізе зерттеу 
арқылы қазақ әдебиеттану ғылымының көкжиегін одан әрі кеңейтуге ат салысуы 
керек”[9,133].
Қорыта айтқанда, М.Мырзахметұлы Абайдың Шығыс дүниесіне қатысты ғылыми 
зерттеулерінде бүгінгі күнге дейін бізге жұмбақ болған, күңгірттеу болып келген келелі 
мәселелердің ғылыми шешімін тапты.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 
1. Мырзахметов М. Абай және Шығыс. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 208 б.
2. Мырзахмет М. Абайтану тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1994. – 192 б.
3. Бердібай Р. Сенімі кәміл кемеңгер // Абай. – 1995. – № 1-2. – Б.80-87. 222
4. Мұхамадиев Д. Абайтанушы. – Алматы: Evo Press, 2013. –234 б.
5. Жұртбай Т. Кемеңгердің кітапханасы // Парасат. – 1995. – № 8. – Б. 17.
6. Әуезов M. Әр жылдар ойлары. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1959. – 556 б.
7. Мырзахметұлы М. Түркістан Тараз арасы... – Астана: Білге, 2002. –432 б.
8. Молдаханов Ә. Төл әдебиетімізде ақтаңдақтар бар ма? // Қазақ тілі мен әдебиеті. 
– 1992. – № 10. – Б. 10-15.
9. Мұхамадиев Д. Сан қырлы ғалым. – Алматы: Дәстүр, 2014. – 288 б. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   190   191   192   193   194   195   196   197   ...   267




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет