[Ру таңбалары туралы] «От стороны чиктынского жилища беспрерывное было приращение неприятелей. Они стекались с визгом и со многими значками, показывающими различные их колена».[90] «Шектілер тұрып жатқан жерден дұшпандарымыз үздіксіз үймелеп келе берді. Өз руының түрлі тармақтарын (бөлімшелерін) көрсетіп білдіретін көптеген белгішелермен олар шырылдап ағылып жинала берді».[91] Атақты құқықтанушы А.Н. Тәукелев (1927-2003) сұхбаттарының бірінде жас кезінде (студент болу керек) онымен болған бір оқиға туралы маған айтып берді. Сол кісінің айтуынша, ол Алматының трамвайында бір қарт кісімен отырғанда, қарсы алдына тағы бір бейтаныс ер кісі келіп отырады. Қыс мезгілі болғандықтан басында қазақтың қарапайым бөрігі. Сонда әлгі қарт қарсы алдында жайғасып отырған қазаққа қадалып қарап: «Әй, сен осы пәленше руынан боласың ғой?!» депті. Айтқаны тура болып шықты. Басында жас Тәукелев таң қалды. Кейін ақсақалдан: «Руын қалай біліп алдыңыз?» деп сұраса, ол кісінің руын бөріктегі ою-өрнектерінен, яғни бөріктегі ру белгісінен (таңбасынан) таныпты. Демек, дәстүрлі қазақ қоғамында қарапайым қазақтар ру және ру бөлімшелерінің белгілерін, яғни таңбаларын, тек малға салынатын меншік белгісі ретінде ғана емес, басқа мақсатта да кең пайдаланған деп болжауға болады, оның ішінде киім-кешекте де әр-түрлі әдіспен көрсеткен. Соңғы жағдай, яғни киім-кешекте ру не ру бөлімшесінің (тармағының) таңбасын түрлі амалмен көрсету, кезінде күнделікті дағды болғаны таңсық болмаған сияқты. Бұл түсінікті болу керек, өйткені осылай кең-байтақ Қазақ даласында кездескен бейтаныс адамдар киімдегі таңбасына қарап, кімнің кім екенің тіл қатпай-ақ ұғатын болған. Бұны сол кездегі дәстүрлі алғашқы идентификация амалы, яғни адамды тану, не құжат түрі десек те болады. Тәукелевтің куәлігіне қарағанда, бұл дәстүр (киім-кешекте ру таңбасын көрсету) Қазақстанда 1940-жж. соңы мен 1950-жж. басына дейін сақталған. Бұл саналы түрде сақталған ба әлде сол дәстүрдің сарқыншағы ғана болды ма деген сұраққа, бұл мәселе арнайы зерттелмей, әзірше жауап беру мүмкін емес.