«Ел билеу және орданың ішкі жай-күйі туралы Кіші және Орта қырғыз-қайсақ [қазақ. - Қ.Ә.] ордаларының [жүздерінің. - Қ.Ә.] Ресей империясына, ал Ұлы жүздің Қытай мен Ташкент ханына тәуелді болғандарымен жалпы олар [қазақтар. - Қ.Ә.] ішкі істерін сыртқы араласуынсыз-ақ өз заңдарының негізінде дербес жүргізіп басқарады… Күштінің құқығы басым түспегенде, Қырғыз [Қазақ. - Қ.Ә.] ордаларының дербес билеуін феодалдық басқаруға жатқызуға болар еді. Қырғыздардың [қазақтардың. - Қ.Ә.] айтуынша, дау-шарлар мен қылмыстарды реттейтін заңдарды негізінен Тәуке хан шығарды, дегенмен, іс жүзінде бұлар [бұрынғы] заңның болмашы көлеңкесі ғана, осыған байланысты бұл халықтың қолданыстағы жарғылары өз сезімдерінің көрінісі болса керек. Халық судьяларын би деп атайды, бұл дегеніміз шешендігімен, байлығымен және пысықтығымен ерекшеленетін адамды білдіреді, неғұрлым пәлен биге қарайтындардың әлі күшті болса солғұрлым сол би шығарған үкім-шешімнің күші де болады; дауларды шешкенде әр би өзі білгенінше төрелік айтқандықтан тек білегі күшті оны жүзеге асыра алады. Жәбірленген жақ биге жүгініп келсе дереу жауапкерді де шақыртады, осылай болған оқиғаны ауызша қарап жарты сағаттың ішінде бітіре салады[67]; дегенмен, жауапкер басқа рудан болса би талапкерді балаларымен бірге талабын қанағаттандыруға сол рудың рубасы ақсақалына жібереді және талабы орындалмаған жағдайда ғана барымтаға аттануға, яғни талап еткенін күшпен тартып алуға пәрмен етеді. Бұдан кейін би мен талапкер айдалған малды тең бөліседі; бұны анық жүзеге асыру мүмкін болмаса жасырын түрде жауапкерді аңдып оның үйір-үйір малын айдап кетуге тырысады немесе жауапкердің өзіне бас салып қару-құралын, киімін және атын да тартып алады. Бұндай тонауға жеке қарым-қатынастардан туындайтын және әділетсіз талаптар жиі сылтау болғандықтан жәбірленуші жақтың кек алуына негіз болып осындай кекшілік ұрпақтан ұрпақкқа мұраға қалып руаралық қатынастарды ушықтырып ата-бабалардың кегін қайтару дегенді қырғыздар [қазақтар. - Қ.Ә.] арасында жаппай құбылысқа айналдырды; бұның салдарынан бұрынғы заманда барымтаға рубасының рұқсатымен және құрметті адамдардың басқаруымен тек үлкен талап шықса, яғни 100 не одан да көп жылқы басы ұрланса ғана аттанған болса, қазір бір қой басы, бір жәбір сөз ғана - бәрі барымтаға аяқ астынан негіз болып қалады…».