3. Криминологияның жүйесі . Криминология құқық саласы емес. Бірақ құқық салаларына тән
қасиет мұнда да бар, ол - жалпы және ерекше бөлімдерден тұру. Криминологияның жалпы бөлімі (немесе жалпы
криминология) жоғарыда аталған өз пәнін (қылмыстылық, оның себептері тағы басқалары) жалпылама
қарастырады, яғни онда ешқандай да қылмыстылық түрі туралы әңгіме қозғалмайды. Ал ерекше бөлімде болса
(немесе ерекше криминология) нақты қылмыстылықтың түрлері алынып, жалпы бөлімде алынған білімдер нақты
қолданылады. Мысалға, кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы алынып, тек қана соның деңгейі,
қарқындылығы, динамикасы (жалпы бөлімде барлық қылмыстылықтың осындай көрсеткіштері зерттеледі), тек
қана соның себептері (жалпы бөлімде барлық қылмыстылықтікі), тек қана кәмелетке толмағандардың жасаған
қылмысын жәбір шегетіндердің мінез-құлқы мен тұлғасы, тек қана кәмелетке толмаған қылмыскердің тұлғасы,
тек қана осы қылмыстылықтың түрінің алдын алу мен болжау сөз болады. Дәл осы сияқты әйелдердің
қылмыстылығы, рецидивистік қылмыстылық, кеден қылмыстылығы, коррупциялық қылмыстылық т.б. жөнінде
де осылай айтуға болады.
4. Криминологияның міндеттері. Криминология ғылымының мынандай үш түрлі міндетін атауға
болады:
1.
Аналитикалық, яғни зерттеу міндеті. Қылмыстылықты, оның себептерін, қылмыскердің
тұлғасын, жәбірленушінің мінез-құлқы мен тұлғасын (виктимологиялық аспектілерді) зерделеп, талдау.
2.
Болжау міндеті - криминогендік құбылыстардың болашақтағы өзгерістері туралы негізді
ұсыныстар жасау.
3.
Әр түрлі жолмен тәжірибелендіру. Бұл қылмыстылықтың алдын алуға келеді, сол сияқты
виктимологиялық профилактиканы да қолдануды көздейді.
2-тақырып. Қылмыстың алдын алуды зерттеулердің методологиясы мен методикасы.
Түйінді сөздер: әдіс, әдіснама, жалпы ғылымдық әдістер, нақты социологиялық әдістер,
нақты статистикалық әдістер.