Таза су туралы бағдарламалар: 1. Таза судың сапасын арттыру үшін су
жүйесін жаңарту және дамыту; 2. Ағымдағы күрделі жөндеуден өткізу; 3. Суды
тазарту жұмыстарын қолға алу керек; 4. Суды үнемі хлорлау, озондау, фильтрлеу
керек. Біріншіден, суды фильтрлеп, одан кейін хлорлау тиімді. Фильтрдің алдында,
егер суда иіс болса (иіс жер асты суында күкіртті сутек көбейген жағдайда).
Екіншіден, су өсімдік шірінділермен балдырлардың органикалық заттардың
араласуынан болады. Одан құтылудың жолы белсенді көмір ұнтағын пайдалану,
себебі ол ұнтақ жағымсыз иісті сіңіру қасиетіне (адсорбция) ие.
Қорытынды. Ауылымның ауыз суының сапалық бактериологиялық құрамы
анықталды. Ауылым бойынша түрлі аурудың бар екені, соның алдын алу қажеттілігі
нақтыланды.
Топырақтың
тұздылығы
тексеріліп,
халық
игілігі
үшін
мақта
шаруашылықтарының өнімінің нашарлығы тағы да дәлелденді. Нақты деректерді
түйіндей келе мыналарды анықтадым. Осыдан сандаған ғасырлар бұрын шығыс
ғұламасы Ибн Сина адамға ауру ең алдымен астан жұғатынын, соның ішінде, әсіресе
ішкен суы арқылы келетінін, демек, суды тазартып пайдалану керектігін ескерткен.
Сондықтан су туралы пайдалы мәліметтерді білу біздер үшін, келешек ұрпақ үшін
өте маңызды. Қазіргі таңда ғылыми-техникалық өркениет тұрғысынан бас
айналдыратындай жетістіктер көп, ал ауыз сумен қамту мәселесі әлі де шешілмей
келе жатыр.
ХХI ғасырда табиғи ортаның, соның ішінде су көздерінің экологиялық
тұрғыдан ластануы жер бетіндегі, әсіресе менің ауылымның және мен сияқты кейбір
ауылдардың тіршілік иелерінің келешегіне қатер төндірмесе екен.
Су – біздің қазынамыз. Сол қазынамыздан айырылып қалмайықшы.
Әдебиеттер
1 Бірмағамбетов Ә., Мамырова К. Физикалық география.
2 Табиғаттың тепе-теңдік ғажаптары.
3 География және табиғат.
4 Жер қайнауына саяхат.
5 «Мақтаарал» газеті.
Zertteušì – Issledovatel’ – The Researcher ISSN 2307-0153
№№1-4(105-108), қаңтар-сәуір, январь-апрель, January-April, 2015
______________________________________________________________
121
ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР
АСАНҒАЗИЕВА Ақнұр Қайратқызы,
Б. Шалғынбаев атындағы №217 орта мектебінің 5 «Б» сынып оқушысы,
Қызылорда қаласы, Қызылорда облысы, Қазақстан Республикасы
Жетекшісі: РСЫМАМБЕТОВА Райхан Иманғалиқызы,
Б. Шалғынбаев атындағы №217 орта мектебінің мұғалімі,
Қызылорда қаласы, Қызылорда облысы, Қазақстан Республикасы
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ЖҰМБАҚ ӨНЕРІНІҢ ӘДЕБИЕТТЕГІ ТҮРЛЕРІ
Кіріспе. Жұмбақтар – қазақ халық ауыз әдебиеті ішінде атадан балаға мұра
ретінде беріліп, ерте заманнан бастап бүгінгі күнге дейін даму, өсу, толығу үстінде
келе жатқан асыл мұра. Жұмбақтардың асылдық қасиеті, оның дүниеге келуі сонау
ерте заман болса да, бүгінгі біздің дәуірімізде қажеттілігі күшейіп, мән-
мағынасының артып отырғандығында.
Жұмбақтар халық ауыз әдебиеті ішінде ұсақ жанрлар қатарына жатады.
Жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, т.б. сияқты ұсақ жанрлар деп аталғанымен,
жұмбақтар – халық ауыз әдебиетінің күрделі бір саласы.
Жұмбақтар жас ұрпақты тәрбиелеумен қатар, олардың бойына өз халқының
игілігін дарытып, ана тілінде ойлау және мәдениетті сөйлеуіне, сауатты жазу
дағдыларына барынша мол әсерін тигізеді. Сонымен қатар, жұмбақтарды пайдалану
оқушыларды қызықтырады, дұрыс сөйлеуге үйретеді, логикалық ойын жетілдіреді.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі замандағы жан-жақты тілдік тәрбие
аса маңызды. Осы орайда, жұмбақтар пайымдау мен ой-пікірдің тобықтай түйіні,
тамаша қорытындысы болып табылатын ұшқыр да ұтқыр сөз ретінде көзге түседі.
Осы жағынан алып қарағанда, жұмбақтар тілші, әдебиетші ғалымдардың ғылыми
Zertteušì – Issledovatel’ – The Researcher ISSN 2307-0153
№№1-4(105-108), қаңтар-сәуір, январь-апрель, January-April, 2015
______________________________________________________________
122
еңбектерінде қарастырылып, сөз өнері, халық ауыз әдебиеті үлгісі есебінде жан-
жақты зерттеуді қажет етеді.
Тақырыпты зерттеу әдістері. Тақырыпты зерттеу барысында халық ауыз
әдебиеттерінің мол мұрасын саралау, олардың мән-мағынасына, құрылымына және
топтастырылуына аса назар аударылды. Ертеден келе жатқан жұмбақтар үлгісі мен
қазіргі таңдағы ақын-жазушылардың жұмбақтары арасындағы ортақ мақсат-
міндеттерді айқындай отырып, жұмбақ түрлерін жүйелеу, топтастыру әдістері
жүргізілді. Әдебиетші ғалымдардың ғылыми еңбектері де қарастырылды.
Тақырыптың мақсат-міндеттері: жұмбақтардың мән-мағынасын ашу; жас
ұрпақ тәрбиесінде халқымыздың асыл мұрасының тигізер әсерін және қазіргі
заманда жұмбақтардың қолдану аясын анықтау; қазақ жұмбақтарының құрылысы,
айтылуы мен мазмұны жағынан және түрлеріне топтастыру.
Жұмбақ – адамның ой-өрісін, алғырлығын, білімін сынау мақсатында нақты бір
зат немесе құбылыс тұспалдап сипатталатын шағын әдеби жанр. Ол халық
шығармаларының ішіндегі ең ескі түрі және барлық жұрттың фольклорына
ортақ дүние саналады. Жұмбақ – халық шығармаларының ең ескі түрінің бірі және
барлық жұрттың фольклорының ортақ түрі. Әуелгі туысы арғы, ерте заманда
болғанымен, жұмбақ бертін келе, тіпті бүгінгі біздің дәуірімізде де өз керекті
қасиетін жойған жоқ.
Қай кезде алсақ та, жұмбақ өткір, ұшқыр сөз есебінде халық арасында бағалы
болған. Жұмбақты халықтың өзге тапқырлық сөздері қатарында саяси құрал есебінде
тап жауына қарсы қолданған орындар да аз емес. Жұмбақ қазақ халқының арасында
да және басқа халықтарда да әлі күнге тыңнан туып, молайып дамып келеді. Олай
болса, халықтың жұмбақ секілді фольклор қорын жинап басып, тексеріп тану
ғылымдық зор міндет болады.
«Алғашқы кезде адам баласына дүниедегі заттардың, құбылыстардың барлығы,
олардың сыры, неден жасалатындығы мәлім болмаған, жұмбақ болған. Бірақ адам
баласы сол жұмбақты шешуге тырысқан. Ол үшін айналаны қоршаған жаратылысты,
еңбек, кәсіп құралын, әр түрлі хайуанаттар жайын, бір затты екінші бір бейтаныс
затқа салыстыра отырып, ұқсас белгілеріне қарап, неден шыққанын, қандай зат
екенін анықтаған. Жұмбақтардың алғаш үлгілері осылай шыққан», - деп жазыпты
Мәлік Ғабдуллин.
Ғалымдар жұмбақтың әуелгі тегі тыйым сөздермен және табумен төркіндес деп
есептейді. Бағзы дәуірде адамдар айналадағы өктем күштерден сақтағандықтан,
өзара шартты сөздермен, астарлы тіркестермен тілдескен. Кейін жұмбақ табу мен
тыйым сөздерден бөлініп шыққан.
Қазақ жұмбақтарының алғаш жиналып, баспа бетіне түсуі XIX ғасырдың
екінші жартысынан басталады. 1842 жылы «Татар хрестоматиясын» құрастырып
бастырған М. Иванов оған қазақ жұмбақтарында енгізген.
Жұмбақ – адам баласының ой-өрісін көрсететін ұшқыр ойдың бір түрі.
Жұмбақты шешу адамның зеректігін, ақыл-парасатын, білімін байқатады. «Жалпы
алғанда, жұмбақ – адамның дүниетану жолындағы ойының, қиялының шамасын
білдіреді», - дейді Мұхтар Әуезов. Өйткені, жұмбақ өзге фольклорға қарағанда бітімі
бөлек, ерекше затты деректі сөз. Сол деректілікке сүйенетіндіктен жұмбақ әр заттың
жағдай, бөлім-бөлшектеріне көбірек көз салады. Дүниетану жолдарын еңбегіне
байланыстырып, осыдан барып қорытынды жасайтын халық, көп жұмбақты
нәрселердің неден пайда болғандығын айтуға арнайды. Ал бұның өзі адам танымын
тереңдетіп, ұрпақты ұлағатты, зерделі етіп тәрбиелейді.
Zertteušì – Issledovatel’ – The Researcher ISSN 2307-0153
№№1-4(105-108), қаңтар-сәуір, январь-апрель, January-April, 2015
______________________________________________________________
123
Жұмбақ жанырына тән ерекшелік – көлемі шағын, құрылымы жұп-жұмыр,
шымыр болып, аз сөзбен көп нәрсені айта білуге бейімділік. Жұмбақ сөйлемдері
көбіне қысқа, жинақы келеді.
Қазақ жалпы жұмбақты адамдардың білім деңгейін, парасатын аңғартатын
үлкен өнер деп есептеген, сондықтан ақындар, ел ішіндегі шешен, би, т.б. данагөй,
қадірменді адамдар бір-біріне жұмбақ жолдап, ақыл-ой сынасып, таным
салыстырған. Жұмбақ қара сөз түрінде де, өлең түрінде де, ақындық айтыс түрінде
де кездеседі. Осы жұмбақтардың қай-қайсысы болса да халықтың ғасырлар бойы
жинаған тәжірибесіне негізделіп, оның тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен,
ұлттық дәстүрімен тығыз байланысты туып, дамып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып
отырған.
Жұмбақпен толғап жыр айту Асанқайғы, Бұқар жырау, Базар жырау,
Шортанбай, Әубәкір сияқты қазақ ақындарының жырында, Сырым, Төле би,
Жиренше, т.б. шешендік сөздерінде жиі кездеседі. Шешендік сөзге құрылған
жұмбақтардағы ақыл-парасат, тапқырлық, терең логика жазу-сызу болмады,
сауатсыз еді деп күстәналап келген халқымыздың асқан даналығының көрінісіндей
көзге ұрады.
Қазақ жұмбақтарын өзінің құрылысы, айтылуы, мазмұны жағынан іріктеп
алғанда, негізінен жеті түрге бөлінеді.
Қара сөз түрінде айтылатын жұмбақтар алғашқы айтылатын жұмбақтар
алғашқы кезде қарапайым сөздерден басталған, соның өзінде де ақыл ойды
дамытуда зор рөл атқарған. Мысалы: «Жастық астында жарты күлше» (Бұл айдың
жартылаған кезі).
Қара сөзбен айтылатын жұмбақтар бірте-бірте күрделене түскен. Мысалы: «Бір
қыз бен жігіт жолаушы жүріп келе жатып, бір ауылдың тұсынан өтіп бара жатқанда,
алдынан біреу шығып:
- Мына жігіттің астындағы жорғасын-ай, қасындағы жолдасын-ай! – депті.
Сонда жігіттің қасындағы қыз:
- Бұл жігіттің шешесі менің шешемнің қайын енесі. Мен сонда бұл жігіттің кімі
боламын? – депті. Сонда қыз бен жігіттің жақындығы қандай болады?»
Міне, бұнда туыстықты жұмбақ еткен. Сөйтіп, қара сөзбен айтылған
жұмбақтар ғана жай сөйлем, күрделі құрмалас сөйлем, тіпті қысқа әңгіме түрінде де
кездеседі. Оған мысал ретінде «Ел аузында» кітабынан «Жұмбақтың шешілуі» деген
әңгімені алуға болады.
Жұмбақ ертегілер. Қара сөзбен айтылатын жұмбақтардың тағы бір түрі –
жұмбақты ертегілер. Жұмбақты ертегілер қызықты келеді. Оқиғасы қою, әрбір
айтылған сөздерінде үлкен мән-мағына жатады. Тыңдаушысын үлкен ойға
жетектейді. Өзінің барлық мазмұны жұмбаққа ғана құрылған ертегілер қазақта аз
емес. Оған «Жұмбақшыл патша», «Қыз бен қара құл», «Қарт пен тапқыр жігіт»,
«Қарттың ұлына айтқан өсиеті», «Аяз би», тағы басқа ертегілер жатады.
Бұрын қазақта күйеу таңдаған дана қыз жұмбағын шешкен кісіге тием деп серт
беретін. Оның мысалы ретінде «Аяз би» ертегісіндегі Меңді қыздың сертінен айқын
танылады. Бір қарт өзімен бірге жүріп келген жас жігіт туралы: «Сөзінде кесапаты
зор жігіт», - дейді. Қызы: «Қандай кесапат көрдіңіз?» - дегенде, қарт: «Ойбай,
шырағым, оның күні бойы сөйлеген сөзінде кесапатсыз бір сөз жоқ. Әуелі ол: «Жол
қысқартайық», - деді. Мен: «Жол қалай қысқарады?» - деп едім. Ол: «Бір-бірімізді
кезек арқалап отырайық», - деді. Мен оған: «Біз бір-бірімізді қалай
арқаламақшымыз?» - дедім.
Zertteušì – Issledovatel’ – The Researcher ISSN 2307-0153
№№1-4(105-108), қаңтар-сәуір, январь-апрель, January-April, 2015
______________________________________________________________
124
Мұнысы былай тұрсын. Бір кезде пісіп тұрған егінге кез келіп едік: «Ата, мына
егін желініп қойған ба, желінбеген бе?» - деп сұрады. «Орылмай тұрған егінді кім
жеп қояды?» - дедім мен. Бұл мұнымен тұрсын. Бір кісі өліп, оны табытқа салып
қойғалы апара жатыр екен, соны көре сала: «Ата, мына адам шын өлген бе, өтірік
өлген бе?» - дейді. Онан шығып келе жатыр едік: «Ата, жаңағы адам өлмеген екен», -
дейді. Міне, мен оның осындай төрт кесапатты сөзін естідім», - дейді.
«Әке, бұл сөздерге түсінбеген екенсіз. Оның бірінші: «Кезек арқаласып
отыралық», - дегені: «Кезекпе-кезек әңгіме айтып отырайық, жол қысқарғандай
болып, тез жетіп қаламыз», - дегені. Екінші: «Мына егін желінген бе?» - дегені:
«Байдікі ме, кедейдікі ме?» - дегені екен. Байдікі болса, кісі жалдап, өз көлігімен
жыртып, өз тұқымын себеді, өнімін ертең өзі алады. Ал бұл желінбеген болып
саналады. Кедейдікі болса, ол сорлы тұқымды несиеге сатып алады, жерді көлік
жалдап жыртады да, түскен өнімі борыштан аспайды. Сондықтан ол шикідей жеп
қойғанмен бір есеп болады. Үшінші, ана өлікті: «Өтірік өлген бе, шын өлген бе?» -
деп сұрағаны: «Баласы бар ма?» - дегені. Ол адамды қабірге салғанда, оның
балалары қабірдің басында барлығы білініп, жылап тұрған шығар, «Өлмеген адам
екен» дегені – сол болу керек. Артында қалған баласы бар адамның аты
жойылмайды, сондықтан ол өлмеген», - деген екен. Сіз сол арасының жұмбағын
шеше алмаған екенсіз», - деген соң, қарт өзінің қате ойлағанын сезеді де, жігіттің
қолын алып: «Мен сенің айтқан сөздеріңе түсіне алмай, ішімнен соған қатты ренжіп
едім. Олай емес, сен ақылды жігіт екенсің, мына менің қызыммен екеуіңнің ақылың
тең, екеуің бірге өмір сүріңдер», - деп қызын соған беріпті.
Міне, бұдан біз жұмбақ ертегілер даналыққа құралғанын байқаймыз. Жұмбақ
ертегілер жай ертегілерден гөрі анағұрлым кең толғаныста болатын
ерекшеліктерімен танылады.
Өлеңмен айтылатын жұмбақтар. Жұмбақтың көпшілігі өлеңмен айтылады.
Мұндай жұмбақтарды жаттап алуға қолайлы. Бұл жұмбақтардың шешімдері кейде
өлеңмен, кейде жай сөзбен шешіледі. Жұмбақ өлеңдердің көркемдік шеберлігі –
терең мазмұнды мен аллегориялық суреттеуінде. Қара сөзбен айтылатын
жұмбақтарға қарағанда, өлеңмен айтылатын жұмбақтар жаттауға жеңіл, көркем де,
әуенді болып келеді. Мысалы:
Аяғы жоқ жүреді,
Шөпті, жемді жемеді.
Жер астына енеді,
Тамағы ылай жегені.
Қармаққа нені іледі?
Оны қалай біледі?
Қармаққа оны ілгенін,
Сезеді – балық келеді.
Айтшы аты не еді? (Шұбалшаң).
Күнде есебін жаттайды,
Ешбір тыным таппайды.
Алмайды бір тағат,
Оның аты … (сағат).
Үрлесең іші кебеді,
Босатсаң ұшып кетеді.
Жұп-жұқа қарын домалақ,
Оны жару оңай-ақ. (Шар).
Көк жүзінде көк доға,
Zertteušì – Issledovatel’ – The Researcher ISSN 2307-0153
№№1-4(105-108), қаңтар-сәуір, январь-апрель, January-April, 2015
______________________________________________________________
125
Жер жүзінде жоқ доға.
Көзбен көріп болжайды,
Қолмен ұстауға болмайды. (Бұлт).
Бір жұмбағым бар менің ауалаған,
Бірі қашып, біреуі қуалаған.
Табар болсаң табақтай жұмбағым бар,
Аяғы жоқ, бас жоқ домаланған. (Домаланған деген ай менен күн. Күн батқан
соң болады қараңғы түн).
Жұмбақ айтыстар. Өлеңмен айтылып, өлеңмен шешілетін жұмбақтардың
қамтыған тақырыптары біріне-бірі байланыс жоқ жеке заттар төңірегінде ғана болса,
жұмбақ айтыстардың қамтитын тақырыптары біріне бірі жалғасып, байланысып
жатқан, өресі кең, мол дүниеге айналып кетеді.
Жұмбақ айтыстарда бірнеше жұмбақтарды төгіліп бірден айтады да, соның
шешімін табанда тауып, өлеңмен қайтаруды талап етеді. «Жұмбақ – ақындықтың
ұрығы, дәні тәрізді», - деген М. Әуезов. Айтыс – аяқ астынан жауап беру үшін өте
ұшқырлықты, шеберлікті, зеректікті қажет етеді. Жұмбақ қазақ ақындарының айтыс
өлеңінен ерекше орын алатын болған. Мәселен, Әсет пен Рысжанның, Нұржан мен
Сапарғалидың айтыстары жұмбақтау түрінде жырланған.
Жұмбақпен айтылатын шешендік сөздер. Қаз дауысты Қазыбек ел аралап
жүріп, бір үйге түсіпті. Ерінің үйде жоғына қарамастан, әйелі қонақтарды жақсы
күтіпті. Сонда Қазыбек: «Әйелі мұндай, мұның ері қандай екен?» - деп тамашалап,
жүре қоймай отырғанда үйіне ері келеді. Қараса, ері ұя бөріктеу ғана адам екен.
Қазыбек әзілдеп, жолдастарына қарап былай депті:
Жарандар, бұл сөзімнің мәнісі бар,
Мәнсіздің мәндіменен не ісі бар?
Құданың құдіретіне қарап тұрсам,
Жапалақ үйрек алған бір ісі бар.
Сонда әйел Қазыбектің сөзіне түсініп қалып:
Биеке, ол сөзіңнің мәнісі бар,
Мәнсіздің мәндіменен көп ісі бар.
Жапалақ ілген құсын місе тұтпай,
Ол да қоңыр қаздан дәмесі бар, - депті.
Сонда Қазыбек әйелге риза болып:
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы емес пе!
Атың жаман болса,
Шыбын жанның азабы емес пе!
Қатын жаман болса,
Бұл жалғанның тозағы емес пе!
Туған балаң жақсы болса,
Тән мен жанның шырағы емес пе!
Мінген атың жақсы болса,
Бұл дүниенің пырағы емес пе!
Алған жарың жақсы болса,
Жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе! - депті.
Есеп жұмбақтар. Қанша жаңғақ?
Портфелімде әуелі он үш жаңғақ бар еді.
Науат пен Маратқа,
Самат пен Сағатқа,
Zertteušì – Issledovatel’ – The Researcher ISSN 2307-0153
№№1-4(105-108), қаңтар-сәуір, январь-апрель, January-April, 2015
______________________________________________________________
126
Апасына Қанаттың,
Екі-екіден тараттым.
Қанша жаңғақ қалғанын,
Айта қойшы ал, жаным! (С. Қалиев).
Неше алма?
«Бес» алған Асанға – бес алма,
«Төрт» алған Досанға – төрт алма.
«Үш» алған Хасанға – үш алма,
«Екі» алған Бошанға – неше алма? (Қ. Жұмағалиев).
Неше алма?
Бес бұтақты қайыңда –
Бұтақ сайын бес алма.
Біреуін бер Сайынға,
Сонда қалмақ неше алма? (С. Қалиев)
(Қайыңда алма өспейді).
Диалогқа құрылған сұрақ-жауап жұмбақтар. Мұндай жұмбақтарды көргені
мен, білгені мол, білімді, зерек адамдар ғана тез шеше алады. Мысал ретінде Шоқан
мен Саққұлақ шешеннің әңгімесін алуға болады.
«Дидарласа отырып Шоқан Саққұлақ шешенге тосын сұрақ қойып:
- Ақсақал, біреу жолдан адасса, кімнен ақыл сұрайды? - дейді.
- Шырағым, көнеден сұрайды, - дейді шешен.
- Көне адасса, кімнен сұрайды?
- Көне адасса, көргендіден сұрайды.
- Көргенді адасса, кімнен сұрайды?
- Көргенді адасса, көптен сұрайды.
- Көп адасса, кімнен сұрайды?
- Көп адасса, көп оқығаннан сұрайды.
- Көп оқыған, кімнен сұрайды?
- Көп оқыған неге адассын! Әлгінде ғана Сатыбалдының Жаманқұлына
күдіктеніп, оның Үмбеталы жырау туралы дастанын өзің де менен сұрап анықтап
алған жоқпысың? – дейді шешен».
Жұмбақтарды адамның жас ерекшеліктеріне байланысты саралайтын болсақ,
оны мектепке дейінгі кезең, мектептегі кезең, жалпы ересек жандарға арналған
кезең деп бөлуге болады.
Бүлдіршіндердің ой-өрісін дамытуға арналған жұмбақтар жазып, балалар
әдебиетіне сүбелі үлес қосып келген қазіргі заманғы ақын-жазушыларымыз да аз
емес. Жасөспірімдерге арналған өлең жаңылтпаш, жұмбақ, мысалдардан ондаған
жинақтар шығарып, балалар әдебиетін дамытуға да үлкен үлес қосқан Қадыр
Мырзалиев былай дейді: «Дүниенің ең басты жұмбағы – адам». Ендеше,
жұмбақтарды топтастырып, төмендегідей топтаманы назарларыңызға ұсынамын:
Дос үйіне түстің бе? –
Түгел соның үстінде. (Дастарқан).
Алдынды бір нәрсе әкеп берсе, тегі,
Оның сол, солын оң ғып көрсетеді. (Айна).
Апам үшін қам жеген,
Тозаң жұтып, шаң жеген.
Жатыр үйде айдаһар,
Ондай мешкей қайда бар? (Шаңсорғыш).
Құйрығы інге кірсе,
Zertteušì – Issledovatel’ – The Researcher ISSN 2307-0153
№№1-4(105-108), қаңтар-сәуір, январь-апрель, January-April, 2015
______________________________________________________________
127
Беті өртенген.
Ішегіне тисе,
Қатер төнген. (Электр пеш).
Көліксіз өмір сүрмейді,
Ғұмыры жаяу жүрмейді. (Ер-тоқым).
Жылға дер ем – ақпайды,
Жылан дер ем – шақпайды. (Арқан).
Ағаш арық, тұйық арық:
Жылқылар жүр жиі барып. (Науа).
Жалпақ желке, сопақ бетті,
Орманымды отап кетті. (Балта).
Екі езуі құлағына жетеді,
Тамақ жесе, ызың-ызың етеді. (Ара).
Төбесінде өмір бақи төбелес,
Төзіміне оның ешкім тең емес. (Темір төс).
Жұмбақтар мен жұмбақ айтыстар баланың ойын, қиялын шарықтатып,
қисындық пайымдау қабілетін дамытады, оны тапқырлыққа баулиды. Академик М.
Әуезов: «Жұмбақ – өткір, ұшқыр ой түйінін топшылаған, поэтикалық қасиеті күшті,
тәрбиенің тамаша құралы. Ол бүгінгі біздің дәуірімізде де өзінің керектілік қасиетін
жойған жоқ», - деген болатын. Жұмбақ адам баласы санасының даму процесінде әр
алуан құбылыстарды түсініп, білуге жетектеу, талпындыру, баланың ой-өрісін,
қиялын кеңейтуді көздеу мақсатынан туған.
Жұмбақтардың әсемдік дүниесі көзге бірден шалынады. Олардың сыртқы
құрылысы ойнақы, тілге жеңіл, оңтайлы, оқушылардың рухани қабілеттерін, бәрінен
бұрын эстетикалық сезімін дамытады. Сөйтіп, адамдардың эстетикалық қажеттілік,
яғни шындыққа, жақсылыққа және әділеттілікке ұмтылу сияқты ең биік рухани
қажеттілік пайда болады. Мысалы, «Ақ сандығым ашылды, ішінен жібек шашылды»
(Күннің көзі) деген жұмбақтағы басты мағына – күн шапағын жұқа жібек матамен
салыстыру, өрнектелген сандықтың әшекейлігін насихаттау ғана, олардың адам
өміріне қажеттілігін түсіндіру.
Қорытынды. Жұмбақтардың танымдық мәнін Мұхтар Әуезов былайша
талдайды: 1) ол бір нәрсені анықтай алады; 2) қайдан шыққан нәсілін айтады; 3)
оның атқаратын міндетін айтады, болмысын диалектикасын баяндайды және жұмбақ
нәрселерді қосып, жұптап бір-біріне жасайтын қарым-қатынас арқылы суреттейді.
Міне, осындай танымдық мәні бар жұмбақтар балалардың ойын дамытады,
қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың ішкі сырына үңіліп, оны жан-жақты
тануға итермелейді. Ал жұмбақты шешу, әсіресе, балалардың ой-өрісін дамытып,
ақылын жетілдіріп, әр нәрседен жан-жақты хабардар болуға ұмтылдырады.
Өтпелі кезеңдерде біздің рухани дүниеміз сан алуан кедергілерді,
қиындықтарды бастан кешіргені белгілі. Бірақ, соған қарамастан жас ұрпақ
тәрбиесін терең ойлаған әрбір қазақ елі, жері, суы, ата-тегі, төрт түлік мал, жан-
жануарлар мен табиғаттың сан алуан құбылыстары жөнінде баланың түсінігіне
лайық, қысқа да нұсқа, жүйелі мағлұматтарды әр түрлі әдіспен жеткізіп отырған.
Мәселен, ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесіне қатысты жайттарда топтастырғанда да
ғылым үшін аса маңызды жүйелілік дәстүрге мән беріпті. Ұрпақ тәрбиесіндегі
халықтық тәрбиенің басты міндеті – баланы ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке баулу.
Былдырлай тілі шыға бастаған бүлдіршіндер ең әуелі өз ана тілінде сөйлеуге, ата-
анасы, тәрбиешісі, туған-туысымен қазақша сөйлеуі керек.
Zertteušì – Issledovatel’ – The Researcher ISSN 2307-0153
№№1-4(105-108), қаңтар-сәуір, январь-апрель, January-April, 2015
______________________________________________________________
128
Балаға жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтел жаттатқызып, ұлттық салт-дәстүрге
бейімдейтін ата-ана да азайып бара жатқаны рас. Қазір ортамыздан бесік жырын
айтатын келінді, ертегі айтып, баланы тәтті ұйқыға жатқызатын әжені көрсек
қуанатын болдық қой. Осыдан кейін ертең қандай ұрпақ тәрбиеленеді деген сұрақ
тууы мүмкін. Неге әр қазаққа туған баласын өз халқының игілігін дарытып, ана
тілінде ойлау және мәдениетті сөйлеуіне, сауатты жазу дағдыларына барынша мол
әсерін тигізетін ауыз әдебиетінің барынша бай мұраларымен, соның ішінде жұмбақ
арқылы тәрбиелемеске?
Достарыңызбен бөлісу: |