ЕКІНШІ КӨРІНІС
Қазақ пен шүршіттердің қолы майдан даласында кездесіп, қиян- кескі ұрыс жүріп жатыр. Абылай шатырында соғыстың барысын сырттай бақылап тұрады. Қасында Жолбарыс сұлтан. Күн бесінге таянғанда шүршіттердің тауы шағылып, маңдайлары тасқа соғылып, біртіндеп шегіне бастайды.
АБЫЛАЙ.
Айтпадым ба, ерлерім, ерледіңдер! Біз жеңдік! Құдай бұйыртса, жеңіс тойын тойлаймыз!
ЖОЛБАРЫС. Хан ием, Шың елінің елшісі келіп тұр. АБЫЛАЙ. Оларға тағы не керек екен?
ЖОЛБАРЫС. Өзіңізбен бетпе-бет сөйлескісі келеді. АБЫЛАЙ. Кірсін!
Шың елінің елшісі На-Ванг кіреді.
АБЫЛАЙ.
Иә, не шаруамен келдіңіз? Айта беріңіз!
НА-ВАНГ
Қалың қолымыз сіздің елге тек Әмірсананы ұстау үшін ғана келген болатын. Әскерімізге қарсылық көрсеттіңдер, сол үшін қанды шайқас болды. Қазір күн суытып келеді, жасағымыздың бұдан әріге мүмкіндігі жоқ, амалсыздан атымыздың басын кері бұрғалы тұрмыз. Бірақ келер жылы қайта келеді. Әмірсана қолға түспесе, әскеріміз қазақ жеріне келуін тоқтатпайды. Ендеше елдеріңізде тыныштық бола ма? Ұлы мәртебелі патшамыз сізге дұғай сәлем жол- дады. Егер Әмірсананы ұстап берсе, бүкіл талап-тілектеріңізді орындаймыз деп уәде беріп отыр. Ұлы империямызға қарсы қару көтерген бүлікшіге ешқандай кешірім мен аяушылыболмайды. Біз оны қалайда тауып, қатаң жазалаймыз. Ол бізден қашып құтыла алмайды. АБЫЛАЙ.
Әмірсананы ұстап бермекші ек, ол соны сезіп қойып, қашып кетіпті. Егер ол жерімізге қайта аяқ басса, қалайда ұстап беруге тырысамыз.
НА-ВАНГ. Сіздер сонымен қоса ұранқайлар мен торғауыттарға шабуыл жасап, жерлеріне басып кіріпсіздер. Көп адамды тұтқындап, малдарын айдап кетіпсіздер. Соларды шып-шырғасын шығармай қайтарыңыздар!
АБЫЛАЙ.
Біз ешқандай да ұранқайлар мен торғауыттардың жеріне басып кіргеміз жоқ. Тек кезінде солар иеленіп кеткен қазақ жерлерін өзімізге қайтарып алдық. Тарбағатай өлкесі, Ертістің жоғарғы ағысындағы алқаптар, Іленің бойы қазақтардың ежелгі мекені. Біз ол жерлерге қазақтарды қоныстандырамыз. Осыны императордың назарына жеткізіңіз.
НА-ВАНГ.
Мынаны ұғынуыңыз ләзім: жоңғарлар жайлаған жер- лердің барлығы да – біздің иелігіміз. Ал сіздер өз елдеріңіздің топырағын қапысыз қорғаңыздар! Біздің иелігімізге бей-берекет тиісуші болмаңыздар. Қазақтың жері онсыз да аса кең, сондықтан сол бұрыңғы шекараларыңды сақтағандарың жөн. Ұлы мәртебелі патша- мыз ұранқайлар мен торғауыттардың ауылын әдейі шапқызғаныңыз- ды біліп отыр. Бұндай қастықтарыңызды дереу доғарыңыздар! Сөз- бұйдаға салсаңыздар, ұлы патшамыздың қаһарына ұшырайсыздар!
АБЫЛАЙ.
Шың империясы өзін Жоңғар хандығының құқық мұрагері санайды. Ол жерлер ежелден қазақтың атамекені екенін, бір кезде қалмақтар күшпен басып алып, иемденіп келгенін мойындағысы келмейді. Біздің көңілімізге кірбің ұялатар жайт осы. Қандай күші асқан мемлекет болса да, егер бізге қоқан-лоққы жаса- са, табандап қарсы тұрамыз! Алтай мен Атыраудың, Ертiс пен Едiлдiң, Арқа мен Алатаудын арасындағы ұланғайыр атырап – көшпелі қазақ жұртының бағзыдан бергi iрге тепкен атақонысы, алтын бесiк ата жұрты. Агараки, кiмде-кiм осынау касиеттi жерiмiзге көз алартып, шырқымызды бұзар болса, өз қанына өзiн тұншықтырарымызды бiлiп койғаны абзал. Төсекте басымыз қосылмаса да, төскейде малы- мыз қосылған қай көршiмiзге де айтарымыз осы. Дос болғанға құшағы ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз. Ал сіздер айтып отырған тұтқындағы ұранқайлар мен торғауыттар толықтай босаты- лып, елдеріне қайтарылады. Олардың есебін алып, анықтап, Жолба- рыс сұлтан арқылы хабардар етерміз!
Достарыңызбен бөлісу: |