ҚАШҚын монодрама Қабырғада кітап сөрелері. Ортада жазу столы. Үстінде қалың кітап жатыр



бет1/9
Дата11.12.2023
өлшемі44,26 Kb.
#137169
  1   2   3   4   5   6   7   8   9



Ақылбек Шаяхмет


ҚАШҚЫН


монодрама


Қабырғада кітап сөрелері. Ортада жазу столы. Үстінде қалың кітап жатыр.
(Музыка ойнайды)


Сахна ортасында үлкен экран. Онда қашып бара жатқан баланың сұлбасы. Оның артынан жігіт жүгіріп келеді. Оның артынан орта жастағы кісі жүгіріп бара жатыр. Дабыр-дұбыр аяқ дыбысы естіледі.


Қашқын:
(қолына бір кітапты алып, үңіліп қарайды)


Мынау қандай кітап? Мұқабасына қарап тұрайын ба? Әлде мазмұнына үңілейін бе?
«Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам... Зытып келе жатқаным, қашып келемін. Артыма қарай беретінім, қорқып келемін...».
Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романын жасымда оқып едім. Соны оқығанда үрейім ұшқан. Қатты қорыққаным сондай, қалтырап-дірілдеп, өзімді өзім әзер ұстадым.
Әке-шешемнің тас қараңғы түнде қасқырдан қашқаны есіме түсті. Мен екіге толған болуым керек. Анамның жанында менен екі-үш жас үлкен қызбала бар еді. Ол менің апам. Есімі Айсұлу. Тігерге тұяқ қалмаған ауылдан ұзап шыққанымызға бірнеше күн болған. Алыстағы нағашыларымызға жол тартқанбыз. Әкемнің қабағы қатулы, арқасындағы дорбасы бос қалған. Шешемнің екі көзі жасқа толы. Жолға деп алып шыққан азын-аулақ қуырған бидай таусылған.Түнде жол бойында бір ағаштың жанында ұйықтап едік. Түн тыныштығын бұзып қасқырдың дауысы естілген. Қатты ұлыған.Төбе құйқаны шымырлатады.
Әкем мені қолына алды. Айсұлу ұйқысын аша алмай, аяғын баса алмай келеді.Біз бір қырды асқанда бізді өкшелеп келе жатқан бірнеше қасқыр көрінді. Көздері оттай жанып тұр. Артына қарайлаған ата-анам қанша жылдам жүрсе де қасқырлар таяп қалды.
«Таста қызды!» – деген әкемнің дауысы шықты.
Анам жылап жіберді.
«Қалай қиямын?» – деді жанұшырып.
«Таста! Әйтпесе бәріміз де өлеміз».
Әкем қатты айқайлады. Тым құрыса мына баланы аман алып қалайық! – деді.
Кішкентай болсам да сондағы естіген сөзім есімде қалып қойыпты.
Барар жерге бәрібір жете алмадық.
Қасқырдың жеміне қалдырған қыздың, менің бауырымның жылаған дауысы құлағымда әлі күмбірлеп тұр. Келесі күні тышқан ұстап ас қылдық. Жорғалаған жылан да, қыбырлаған жәндік те тамақтан өтіп кетті. Соны есіме алсам, жиіркеніп, құсқым келеді.
Көп ұзамай шешем ауырып, қатты құсып, талып жығылды. Оны ажал өзінің құшағына алған екен. Әкем анамды қайда жерлегенін де білмеймін, бірнеше күн өткенде әкемнен де көз жазып қалдым. Ол маған тамақ іздеп кетті ме, әлде өзін әлдебіреулер бауыздап кетті ме, білмеймін.
Жылап жатқан жерімде кездейсоқ кісілер тауып алып, Балалар үйіне өткізді. Тойып тамақ жемесем де, азын-аулақ ауқаттан ауыз тиіп, есім кіріп қалды. Қазір ойласам, ботқа ма, быламық па, сол тамақтың дәмі аузымнан кетпейді.
Одан да қаштым. Көзі көк, шашы сары екі бала мені жабылып ұрды. Орыс тілінде әлдеңе деген, түсінбедім. Қайта сұрағанша тепкінің астына алды. Мұрнымнан қан кетті. Бір қолым қөтертпей қойды. Тәрбиеші апай келіп: «Не болды, кім ұрды?» – деп сұраған. Сары шаштың біреуін көрсеттім. Оған не істегенін білмеймін, әлгі қайтып келген соң маған тағы тиісті. «Ты ешо получишь» деді. Получит деген алу екенін білемін.Түк те алмадым. Тағы таяқ жедім. Ертеңіне биік шарбаққа өрмелеп шығып, ар жағына топ ете түстім де, далаға безіп жоғалдым.
Зытып келем. Зытып келем.

  • Әй, бала қайда барасың? – деді біреу.

Қазақша айтты. Тоқтадым.
«Білмеймін!» – деп басымды шайқадым.
Үйің қайда? – деді.
Жоқ! – дедім.
«Кімнің баласысың?» – деп сұрады.
«Әке-шешем өліп қалған» – дедім.
– «Алда байғұс-ай!» Орта жастағы келіншек басымнан сипады.
– Менімен жүр! – деді.
Еріп жүре бердім. Тамақ берді. Жуындырып, төсекке жатқызды.
Ертеңіне тұрсам, мен қашқан жерден екі адам келіп тұр.
«Бұл бала біздің бала» – деді олар.
«Онда неге қашты?» – деп сұрады апай.

  • Бала болған соң ұрысады, төбелеседі. Соған шыдамай қашқан. Біз оны алып кетеміз деді.

Шынында да алып кетті.
Тағы қашуға шамам келмеді. Мұршамды келтірмеді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет