Атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары


ТЫНЫШТЫҚБЕК ӘБДІКӘКІМҰЛЫ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ДАРАЛЫҒЫ



Pdf көрінісі
бет58/204
Дата06.01.2022
өлшемі3,96 Mb.
#14830
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   204
asiusha_93@mail.ru
 
 
ТЫНЫШТЫҚБЕК ӘБДІКӘКІМҰЛЫ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ДАРАЛЫҒЫ 
 


148 
 
Аннотация:  мақалада  Тыныштықбек  ақынның  дара  стилі  қарастырылды.  Бүгінгі 
постмодерндік поэзияға ақынның өз бояуын қосқаны, ешкімге ұқсамайтын  суреткерлік 
бай қиялы дәлелденді. Қазақ әдебиетіне  Тыныштықбек Әбдікәкімұлы әкелген жаңалығы 
сөз  етілді.  Постмодерндік  поэзияға  тән  ерекшеліктер  аталды.  Мақалада  ақын 
поэзиясының әдебиеттану ғылымында әлі зерттеу қажетілігі айтылды. 
Тірек  сөздер:  постмодернизм,  постмодерндік  стиль,  мәтін  астары,  эмоцияны  ойнату 
тәсілі, транслиризм, психолиризм. 
 
Постмодернизм  кешегі модерндік  қазақ әдебиетінің  орнын басқан басты ағым  болып 
табылады. Ол ХХ ғасырдың соңында әдебиетке өзіне ғана тән ерекшеліктерімен енген, қыры 
мен  сыры  көп  құбылыс.  Постмодернизм  жөнінде  қазақ  әдебиеттанушыларының 
көзқарастары әр түрлі екендігі байқалады. Алайда бұл ағымның  қазіргі әдебиетте өріс алып 
бара  жатқандығын  жоққа  шығаруға  болмайды.  Әдебиеттанушы,  зерттеуші  Әбіл-Серік 
Әбілқасымұлы  «Постмодернист  қаламгерлер  батыстағыдай  эстетиканы  милеттік  этикадан 
аластатып  отырған  жоқ.  Қайта  постсоцреализмнен  өрбіген  модернизмді  ұлттық  жосықтағы 
постмодернмен жалғастырды. Постсоцреализм мен модернизм жетістіктерін өзіне қабылдап 
ала  білді,  алаш  эстетикалық  ортасында  лакундар  маркстік  идеология  тәрк  еткен  мәдени 
танымдық  тәжірибені  мансұқтайды.  Бұл  мансұқтау  оған  беріле  қызмет  еткен  әдебиетшілер 
тобының  кейбіріне  ұнамай,  постмодернге  әдеби  лағынет  айтқызуы  да  мүмкін»,  -  деген 
болатын [1, 1]. 
Постмодернистік  бағытта  біраз  ізденістер  мен  сынақтар  жасалынып  жатқанын  және 
олардың  бәрі  саналы  түрде  емес,  шығарманың  ішкі  көркемдік  тұтастығынан  туындап,  ішкі 
үндестігінен, табиғи заңдылығынан шығып отырғанын да көрсетеді [2,1]. Қазақ әдебиетінде 
осы  бағыттың  өкілдері    ретінде  Тыныштықбек  Әбдікәкімов,  Есенғали  Раушан,  Серік 
Ақсұңқарұлы, Маралтай Райымбекұлы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Ұларбек Нұрғалым, 
Ырысбек  Дәбей,  Азамат  Тасқараұлы,    Гүлнар  Салықбай  және  т.б.  қаламгерлерді  атауға 
болады.  
Постмодерндік  сарындағы  қазақ  поэзиясынында  өзіндік  дара  стилі  бар  ақын  –
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Оның поэзиядағы үлесі, шығармашылығы, стильдік ерекшелігі 
жайлы қазақ ақын-жазушыларының пікірлері әртүрлі.  
Белгілі  әдебиет  теоретигі,  сыншы  Бақытжан  Майтанов:  «Қазіргі  қазақ  ақындарынан 
постмодерндік  ағымға  мейлінше  жақын  тұрған  –  Тыныштықбек  Әбдікәкімов.  Оған  өлең 
құрылымы мен поэтикалық жүйе, өзіне ғана ұқсас ойлау жүйесі куәгер», – деп бағалайды [3, 
4].  Тыныштықбек  ақынды  қазақтың  заңғар  жазушысы  Әбіш  Кекілбайұлы  Төлеужан 
Ысмайылов,  Мұқағали  Мақатаев,  Тоқаш  Бердияров,  Төлеген  Айбергенов,  Жұмекен 
Нәжімеденов,  Өтежан  Нұрғалиев  сынды  алдыңғы  буындағы  тума  таланттардың  ізбасары 
ретінде әспеттей отырып:  «Бұл әлгілердің ешқайсысын сол қалпында қайталамайтын, қазақ 
өлеңінде  ара-тұра  ұшырасып  қалып  жүрген  талай-талай  соны  соқпақтарды  соңына  дейін 
жеткізіп,  айдын  жолға  айналдыра  алған  аршынды,  сонысымен  де  көзіңе  сойқан  елестейтін 
айбынды ақын. Бұрын-соңды болмаған ақын… Қазақша айтқанда, біртүрлі  ақын» [4, 21],  – 
деп  Тыныштықбек  Әбдікәкімұлының  ақындық  тұтас  болмысындағы  айрықша  өзгешелікті 
даралап айтады. Бұл даралық – ақынның өлең өрісі мен өресіндегі стилінде. 
Филология  ғылымдарының  докторы  Амантай  Шәріп  «Алқоныр  дүние  аңсары» 
мақаласында ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Алқоңыр дүние» кітабын Мемлекеттік 
сыйлыққа әбден лайық деп санап:  «Тыныштықбектің жырлары ХХ ғасырдағы  урбанды тір-
шіліктен аулақта жатқан қиян түкпірдің қаймағы бұзылмаған қалпын тамылжыта суреттеген 
пасторалды-идиллиялық  өрнектерден  бастап,  ХХІ  ғасыр  табалдырығында  өрістеген 
постмодерндік  идеялармен  суарылған  күрделі  ассоциативті  толғамдарға  дейінгі  аралықты 
зор шапшаңдықпен бойлап өтті.  Ол өзінің тосын дүниетанымы мен жаңа көркемдік жүйесі 
арқылы  әдебиет  әлемінде  бұрыннан  бар  дағдылы  стереотиптерді,  үйреншікті  шаблондарды 
тас-талқан  етіп,  тыңнан  түрен  салды.  Мұнысына  біреу  таңырқады,  біреу  тамсанды,  біреу 


149 
 
тосырқады  –  әйтеуір  бей-жай  қараған  ешкім  жоқ.  Оны  «біртүрлі»  ақын  деп  қоя  салған 
жарамайды – шама-шарқыңша түсініп, талдап көрген абзал», - дейді [5, 3]. 
Нағашыбай Қабылбек  «Тыныштықбек  – өлеңде әулие  ме?» мақаласында  «Талай ақын 
таптауырын қылған, езіп-жаншыған тақырыптарға басқа қырынан келіп, мүлде бөлек ой айта 
білу  нағыз  ақынға  ғана  тән  мінез  Тыныштықбекте»  [7,  1],  -  деп  қаламгердің  екі-үш  өлеңің 
дәстүрлі  түрде  талдап  «ақынның  жақсылығын»  асырады  да  «...алайда  керемет  өлеңдердің 
ішінен іргелі ақынның қаламынан шықты деуге келмейтін шумақтар да кездесіп қалады» [7, 
1], - деп мына өлеңдерді көрсетеді. 
Мысалы: 
Отқа күйген, нұрға күйген, жарыққа… 
Пәруана… бойындағы шалық па? 
От пен Оттың, Нұр мен Нұрдың сүйісі – ол! 
“Жынды көбелек” – түк ұқпайтын халыққа. 
Жанымды жеп қоймас үшін күйе-мұң, 
Күн Нұрының етегінен сүйемін… 
Жерлеймін мен пәруананың да сүйегін, 
Саумалына шомылдырып биенің. 
Ынтығысып пәруана-Ойлар Басыма, 
Қош үстеуде Ақылымның қошына… 
Сүйегімді жерлеп ертең халайық
“Жындыкөбелек” деп, жазып қояр тасыма. 
Осы жырдан не түсінуге болады? Айтар ой да, алдыға қойған мақсат–мұратта көмескі. 
Тағылымдық  ешнәрсе  көрінбейді»,  -  деп  жазады  [6,1].  Алайда  бұл  өлең  астарында 
постмодернизмге тән мәтін ішіндегі ой бар. Ақын қазіргі қоғамдағы сөз иелерінің қадірінің 
кеткендігі,  ойлы  сөзді  тыңдайтын  жұрттың  жоқтығын  айтып  қынжылады.  «Отқа  күйген, 
нұрға  күйген,  жарыққа  пәруана»,  «От  пен  Оттың,  Нұр  мен  Нұрдың  сүйісі», 
«Жындыкөбелек»,  «Күн Нұрының етегінен»,  «Саумалына шомылдырып биенің»,  «пәруана-
Ойлар» сынды сөз өрнектері тек Тыныштықбектің  көркемдік әлеміне тән.  
Сондай-ақ: 
«Бұл – Құдайдың жоғы ма, бары ма: 
Елім деген, Жерім деген Жаныма 
(тұтас болмысы жарадан көрінбейтін) 
Шыбын екеш шыбын да тышып кетуден ерінбейді! 
Әй, ызылдақ ұғынық-Ой!.. 
Тышса, тышып-ақ кетсінші, 
Ол да – Елім мен Жерімнің шыбыны ғой! 
Тағы да: 
Жалған Дүние – ұрғашы? Ол – ашына?.. 
Жұмбақ па ғұмыр мәні? 
Сенбеймін мен адамның баласына. 
Бәрі де – құбылмалы. 
Берер деп те тоспаймын Жұмақ аян. 
Бар менің бөлек дінім. 
Сайтанымның пиғылынан біле қоям, 
Не істемеу керектігін [6, 1], -  
деген  сияқты  өлеңдерін  «түсініксіз,  күңгірт  дүниелер»,  -  деп  байлам  жасайды.  Бірақ 
постмодернизмнің  ерекшелігін  қабылдаған  адам  ақынның  айтқысы  келген  мәтін 
астарындағы  ақпаратты  ұғынады.  Қаламгер  түсініксіздік,  барлық  конвенсиялық  беделдерге 
қарсылық,  бөгделену,  сұрықсыздық  сияқты  постмодерндік  амал-тәсілдерді  мақсатты  түрде 
пайдаланған. Ақын өлең өруде, шындықты жеткізуде әсерлей оқырманын жирендіре отырып 
суреттеу,  эмоцияны  ойнату  тәрізді  тәсілдерді  қолданып,  өзіне  ғана  тән  авторлық  штампты 
қалыптастырады.   


150 
 
«Постмодернистік  сезімталдық»  маңызды  ережесі  көркемдіктің  аздығы,  оның  ішінде 
теориялық ойдың поэтикалығы туралы тезис болады. Тиімділік принципін постмодернистер 
«парасат  империализмінің»  көрінісі  ретінде  қарастырады.  Жазушы  постмодернистер  үшін 
барлығынан  тәртіп  пен  мағына  табуға  талпынудан  артық  жат  нәрсе  жоқ.  Олардың  басты 
құндылықтарының бірі интерпретацияланған еркін ойын болып саналады.  
Тыныштықбектің  астарлы  мағынаға  құрылған  өлеңдері  таптаурын  түсініктерге 
түңілгеннен  туындаған.  Ақын  поэзиясының  айырықша  қасиеті  де  –  өмір  шындығын 
бейнелеуде кең мүмкіндіктерінің барында. Мысалы: 
Ай, осы мінезім-ай!.. 
Толғақ қысқандай ышқына толғанып отырғанымда, 
Кенеттен, 
Санам ішінде аяғы ауыр Ой Періштесі босанып!.. 
Бұрқырай жөнеледі әулиеге тән қош анық!.. 
Ғайыптан, 
Жаз жапырақтары да жайқалта шұғыла тоқысып Күн асты, 
Ұмай қаздары алты құбылаға көркем сермелеп құлашты!.. 
Заматта, 
Шамдары да адасып жүрген Түнге енем!..  
Ай ернінен де сүйген жын көрем!.. 
Әлдеқайда алып ұшып өзімді, ажалға да көнбейтін мұңлы Өлең
Күзге де өтіп үлгерем!.. 
Топ ете түсем, топырақ пен аяз қызыл ұйыққан Қысқа да! 
Айналып та кетем, 
Көмейінен Көктем тыныстаған алып Құсқа да! 
Көңілге жарқ-жұрқ елестеп тәңірлік Маусым да Бесінші!.. 
Гүлдер де жұпарына дейін шешінсін!.. 
Со кезде... 
Құдайды да тыңдай қалам, не сөз айтар екен деп! 
Сайтаныма да ымдай қалам, қайтер екен деп... 
Солайша ышқына толғанып отырғанымда,  
Кенеттен, 
Санам ішінде удай мәй ішіп,  
Қойнынан алма алып бере қойғысы келеді маған
Жайнаңкөз бір қыз, майысып...[7, 1]. 
Тыныштықбек  ақынның  шығармашылығындағы  айырмашылық  идеялар  мен 
шындықтардың  қаншалықты  бірігуімен  анықталады.  Сөздерден  үйреншікті,  жалған, 
қалыптасқан мәндерді бөліп, оларға көп мәнді жаңа және толық мағыналық береді. Ақынның 
алдыңғы  өлеңіндегі  //толғақ  қысқандай  ышқына  толғану//,  //санам  ішінде  аяғы  ауыр  Ой 
Періштесі  босанып//,  //жаз  жапырақтары  да  жайқалта  шұғыла  тоқысып  Күн  асты//,  
//Ұмай  қаздары//,    //адасып  жүрген  Түн//,  //ай  ернінен  де  сүйген  жын  көрем//,  //ажалға  да 
көнбейтін  мұңлы  Өлең//,  //топырақ  пен  аяз  қызыл  ұйыққан  Қыс//,  //көмейінен  Көктем 
тыныстаған алып Құс//, //гүлдердің жұпарына дейін шешіну//, //Санам ішінде удай мәй ішіп//  
сияқты үйреншікті мәндегі сөздерге, сөз тіркестеріне әсерлілік,  образдылық беру үшін жаңа 
мағына, жаңа қолданыс береді.  
Голландиялық зерттеуші Доуве Фоккем: «Постмодернистер қандай да бір иерархиялық 
(сатылық)  тәртіпті  немесе  өмірдегі  қандай  да  бір  басымдықтар  жүйесін  орнатуға  тырысу 
мүмкін  емес  және  пайдасыз  деп  есептейді,  —  деп  жазады  [8,  617].  Тыныштықбек 
Әбдікәкімов  поэзиясынан  шығармашылық  еркіндік,  мәтін  астарындағы  түсінуге  қиын  ой, 
фрагменттілік  арқылы  ащы  шыңдықтың  берілуі,  сурет  ішіндегі  сурет,  транслиризм, 
психолиризм  сияқты  әдіс-тәсілдер  аңғарылады.  Ақын  эстетикалық  және  этикалық 
қағидалардың  бұзылуына  кескіндеме  концептуализм  құбылысын  көбіне  пайдаланады.  Ол 


151 
 
ескі әлемнен жаңа әлем құрастыруға, ескі мәннен жаңа мағына тудыруға, жаңа құндылықтар 
ойлап табуға ұмтылады. Ақынның мына өлеңі бұған мысал бола алады:  
Жалпы, маған, құс үнінен қымыз ішу ұнаған...  
Жанталасып, болашақты жақындатпақ бұл ағаң:  
кеше көрген түстерімді экраннан қызықтап, 
Бастың ішін нұрландырса түйірлер мен сызықтар... 
түнек тұнған түкпірлерге дұғалардан шам жағып,  
біразырақ тыңдаймын да еріккендер қалжағын,..  
уақытқа бағынуды қойып алып мен мүлде, нәпсілерде  
пайда болған ашкөз жұмбақ теңбілге жылан мыйы 
сәулесінің сазын ойнап...  
Расында,  
қара әуен құбылулы табыттардың қасында,Мәңгі Ғұмыр  
формуласын шоқпен қарып тәніме, бұл әлемнің  
топастығын дәлелдеймін әлі Мен [4, 141]! 
Шын  мәнінде  өлеңнің  нағыз  тұтастығында  барлық  тәсілдер  өзара  байланыста  болып, 
бірыңғай  көркемдік  құнға  бағынып  тұрғандығын  аңғару  қиын  емес.  Ақын  классикалық 
сюжеттерді  қайта  қарап,  өңдеп  барып,  өзіне  тән  авторлық  таңбаны  жасайды. 
Тыныштықбектің  //құс  үнінен  қымыз  ішу//,  //Бастың  ішін  нұрландырса  түйірлер  мен 
сызықтар//,  //дұғалардан  шам  жағып//,  //ашкөз  жұмбақ  теңбілге  жылан  мыйы  сәулесінің 
сазын  ойнап//,  //қара  әуен  құбылулы  табыттардың  қасындағы  Мәңгі  Ғұмыр  формуласы// 
сынды сөз қолданыстарынан арпалысқан сезімінің жарқылын байқауға болады.   
Ақын  өлеңдеріне  тән  ерекшеліктер:  философиялық  тереңдікке  құрылып,  тосын  ой, 
ұғым, соны образдар мен метафораларда, ұлттық таным ерекшелігіндегі елең еткізерлік дара 
сөз өрнектерінде, мәтін астарындағы «идея ішіндегі идея» оқырманның қабылдауына күрделі 
келуінде және ол күрделелік қазақы ұғымдардың көркем үлгілерімен өрілуінде.  
Қазақ постмодернизмінің манифесіндей болған Тыныштықбек Әбдікәкімовтің «Өмір  - 
өгіз,  Уақыт  -  доңыз,  доңыз  боғын  домалатқан  мен  осырақ  қоңыз»  дегендейін  өмірді 
бейдәстүри бағалау үрдісі қазақ әдебиетіне ХХІ ғасырда дендеп енді. 
Қазақ әдебиетіне өзіне тән үнімен, ырғағымен, биязы қалпымен келген Тыныштықбек 
Әбдікәкімовтың  шығармалары  жастарды  қазақ  халқының  құнды  дәстүріне  негізделген 
белсенді  өмірлік  ұстанымына  ықпалын  тигізері  сөзсіз.  Мұндай  шығармалар  бүгінгі  күні 
еліміздің  болашағы,  жас  мемлекетіміздің тірегі  болатын  қазақстандықтардың  жаңа  буынын 
тәрбиелеуде таптырмас құрал бола алады. 
 
Пайдаланылған әдебиеттер: 

Ә.Әбілқасымұлы. Постмодернизм – бізді арбаған бір сиқыр //
https://adebiportal.kz/kz/news/view/1998
 

https://lektsii.org/14-26829.html
 

Майтанов Б. Қазіргі қазақ поэзиясы және постмодернизм//Қазақ әдебиеті. – Алматы: -№41, 2011. – Б.16 

ӘбдікәкімовТ. Шығармалары. Ырауан. Т. 1. – Астана: Фолиант, 2013. – Б.344 бет.  

ШәріпА. Алқоңыр дүие аңсары// Астана ақшамы. - 2018. - №101 - 25 тамыз. - 8 б.  

ҚабылбекН. Тыныштықбек – өлеңде әулие ме? //https://adebiportal.kz/kz/news/view/19076 

Әбдікәкімұлы Т. Күйініп жүрсем де, күрсінбеуге тырысам ...//
http://alashainasy.kz/
  

Постмодернизм: Энциклопедия / Сост. А.А.Грицанов, М.А.Можайко. – Минск: Интерпрессервис; 
Книжный дом, 2001. -Б.767. 
 
ӘОЖ:  821.512.122 
МҰРАЛБЕК МЕЙІРГҮЛ 
Шәкәрім атындағы Семей университеті 
 Семей, Қазақстан 
  
merei_96_kamet@mail.ru
  


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   204




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет