Би Темірге айтқан бірінші толғауы Аспанды бұлт құрсайды -
Күн жауарға ұқсайды,
Көлдерде қулар шулайды -
Көкшіліден ол айуан
Соққы жегенге ұқсайды,
Көп ішінде бір жалғыз
Көп мұңайып жылайды -
Күйбендескен көп жаман
Сөзі тигенге ұқсайды!
Алп, алп басқан, алп басқан
Арабы торым өзіңсің,
Жазылы, алтын, қол кескен
Алдаспаным өзіңсің!
Білерді білмес не демес,
Сұлтан ием, сен менің
Бармай тапқан қағбамсың!
Алтынды кесе сары бел
Алсам мен саған ұсынармын,
Тал мойыныма қол артсаң,
Күліктен бек ұнармын.
Көбең семіз торыңмын,
Көп құлыңның бірімін,-
Жақсыңнан мені кем көрдің,
Жаманыңмен тең көрдің.
Жақсыңнан мені кем көрсең,
Жаманыңмен тең көрсең,
Ұялы берікке қос артып,
Сен есенде, мен сауда
Ырысымды сындайын,
Сегіз қиыр шартараптан іздермін!
Еділден аққан сызашық
Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді-
Телегейдей сайқалтып,
Жарқыраған беренді
Теңіз етсе тәңірі етті;
Жағасына қыршын біткен тал еді -
Жапырағын жайқалтып,
Терек етсе тәңірі етті;
Тебінгінің астынан
Ала балта суырысып,
Тепсінісіп келгенде
Тең атаның ұлы едің,
Дәрежеңді артық етсе тәңірі етті!
Тобылғының берегі
Иіл болып беріш бітсе,
Айбар болар терегі,
Атаның ұлы жақсыға
Малыңды бер де басың қос,
Бір күні болар керегі.
Бостаны бар-ды беректің,
Тұсыңдағы болған нартың қорлама,
Тұсыңдағы болған нартың қорласаң,
Табылмас-ты керекте.
Айдын шүйсең тарлан шүй,
Көтерілген сона құтылмас,
Жауға кисең берен ки,
Егеулеген болат өте алмас,
Есендікте малыңды бер де батыр жи,
Басыңа қыстау іс түссе
Дұспанның қолы жете алмас!
Бар күшіңді сынамай
Балуандармен күреспе,
Таң боларсың әлемге,
Сөз боларсың күлемге.
Ақылсыз достыдан
Ақылды дұспан артық-ты,
Дұспаныңнан бір сақын,
Ел ішінде айқасып,
Ойнап жүрген достарыңнан мың сақын.
Жоғары қарап оқ атпа,
Жуық түсер қасыңа,
Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа,
Күндердің күні болғанда
Сол жаман айғақ болар басыңа.
Жақсы да келер бұ көпке,
Жаман да келер бұ көпке,
Түгел іс қойып болмас бір кепке.
Сен алтынсың - мен пұлмын,
Сен жібексің - мен жүнмін,
Сен сұлтансың - мен құлмын,
Сен сұңқарсың - мен қумын.
Жемсауыңа келгенде,
Сұлтан ием, сом жүрегім аяман,
Саған дұспан - маған жау,
Керекті күні алдыңда
Ғазизлеген сұлтан жаным аяман!