Дәстүрлі ұлттық музыкалық аспаптары
Қазақ халқының дәстүрлі ұлттық музыкалық аспаптары осы күнге дейін пайда болып, қалыптасуы жағынан музыкалық ерекшеліктері мен дыбыстық мүмкіншілігі, сондай-ақ жасалу тәсілдері мен технологиясы, құрам-құрылымы тұрғысынан біршама зерттеліп, ғылыми бағасын алып келген болса да, бұл ұлттық феномен тілдік тұрғыдан, атап айтқанда, этнолингвистикалық, семасиологиялық қырынан аз қарастырылғаны белгілі.
Қазақ халқының ұлттық аспаптары этномәдени болмыспен біте қайнасқан этноменталитетік ерекшелік негізінде қазақ топырағында туындаған, яғни зауыттар мен арнайы шеберханаларда емес, қарапайым қазақ шеберлерінің өз қолымен жасалып, өз өнерінің өнімі ретінде дүниеге келіп, ат қойылып, айдар тағылған ұлттық рухани және материалдық құндылықтарымыздың бірегейі.
Яғни, қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары халқымыздың тұрмысы мен тіршілік қам-қарекетіндегі, салт-дәстүрі мен дүниетанымындағы, тарихы мен өнеріндегі, бірегей заттық мұрасы, рухани-мәдени байлығы болып табылады.
Ұлттық аспаптарға қатысты кездесетін көптеген сөздер мен сөз тіркестері қазақ тілінің сөздік қорының ең байырғы, әрі құнарлы құрамы болып табылады. Сондықтан да сөзқорының бұл құрамын саралап көрсетудің, мағынасы мен этимологиясын ашуға талпынудың өзі лексикология тарихынан да бірқатар мағлұматтар беруді талап етеді. Өйткені, бұл атаулардың көбі – көненің көзіндей болып сақталып, бізге жеткен тарихи мұра. Академик Ә.Т.Қайдар сөзімен айтсақ, «халық пен тілді бір тұтас құбылыс деп қарасақ, тіл – халық өмірінің материалдық және рухани байлықтарын бойына жинаған, оның наным-сенімдерін, дәстүрін көрсететін, ұрпақтан ұрпаққа беріп отыратын баға жетпес байлық» [Ә.Т. Қайдар, 7 б.].
Егер біз ұлттық тіліміздің тарихи даму барысында ұмыт болып, сыры ашылмай келе жатқан төлтума элементтер бар деп есептесек, солардың қатарына, домбыра, қобыз, жетіген, шертер, сырнай, шаңқобыз, дауылпаз, керней, шыңдауыл, ұран, кепшік сияқты көнеден келе жатқан дәстүрлі аспаптар атауларын жатқызуға болады. Тілдің бұл тәрізді деректерін белгілі бір тақырып ауқымында және нақтылы мақсатқа, яғни дәстүрлі ұлттық музыка аспаптарының табиғатын танып-білуге байланысты қарастыру оларды ұлт негізінде тереңнен тексеретін этнолингвистикалық көзқарастың нәтижесі болады.
Домбыра – қазақ музыка аспаптарының ең көне, әрі байырғы, ұлттық музыка өнерінің ұйытқысы, халықтың жан серігі, көңіл күйі болып саналатын бірегейлеріне жатады. Домбыра – қазақ халқының өзімен бірге дүниеге келіп, бірге қайнасып кеткен, музыка мәдениетінде басқаша қайталанбайтын феноменді құбылысы. Домбыра, қазақ халқы үшін көненің көзіндей, ертеден сақталып келе жатқан рухани өмірдің асылы, қасиетті де кәделі белгісі. Қазақ үшін домбыра әуездік төл мұра болуымен бірге, оның ұлт үшін рәміздік нышаны да айрықша. Домбыраны жан-жақты танып-білуге бағышталған арнайы зерттеулер мен әртүрлі (тарихи этнографиялық, аңыз-әңгіме т.б.) пікірлерге, домбыраның түрлеріне, домбыра атауының этнолингвистикалық, этимологиялық табиғатын саралаған жөн.
Ұлттық музыкалық аспаптар ішінде домбырадай кең тараған, халық жадында ертеден сақталып, оның жүрегіне етене жақын, оның мұңын мұңдап, жырын жырлаған аспап жоқтың қасы десек, артық айтқандық емес. Көшпелі ел салтына бұдан артық ыңғайлы, қарапайым да қолайлы аспапты табу қиын.
Домбыра аспабының қазақ халқымен бірге туып, біте қайнасып кеткен көне де байырғы дүние екендігінің бір айғағы – оның үлгі-нұсқалары мен атауларының көптігі.
Домбыра атауларының көп болуының басты себебі бір жағынан, оның жасалу нұсқа-үлгісіне байланысты болса, екінші жағынан, оның құрамдық бөлшектеріне (атрибуттарына), дыбыс шығару мүмкіншіліктеріне, сондай-ақ өз өрнегімен жасатып, өзінше баптап ұстаған қазақтың біртуар, әйгілі адамдары мен атақты домбырашы, әуесқой күйші, ақын-жырау сияқты ерекше адамдардың есімдеріне байланысты.
Ахмет Жұбанов домбыраның қазақ даласында соншама кең таралуын айта келе, оның үш себебін атап көрсетеді: «Біріншіден, кешегі көшпелі дәуірде, құрал-сайман жоққа жақын кезде жасауы қиынға түспейтін аспап керек болды. Екіншіден, біреуге біреу қадағалап, профессионалдық қалыпта үйретіп отыратын жағдай жоқта, өз бетімен талапкерлік дәрежеде үйренушілер үшін техникалық жағы оңай аспап керек болды. Үшіншіден, оңай аспап әнді, жырды сүйемелдегенде ұстауы жағынан тұрып та, отырып та тартуға ыңғайлы болды» - дейді [А. Жұбанов, 25 б.].
Қалай болғанда да, домбыра өнерінің ұзақ тарихында қазақы домбыра үлкен өзгерістерге ұшырады, тұлға, сырт көрінісі жағынан да, ішкі дыбыстық мүмкіншілігі жағынан да дамып, әсемделе, әспеттеле түсті. Домбыра бүгінде қазақ ұлттық музыка өнерінің ең басты тұлғасына айналып отыр. Алайда, домбыра 50-ге жуық дәстүрлі ұлттық аспаптардың ішінде «дара тұлғалы аспап» болып саналса да, жападан жалғыз тұрған аспап емес. Ол жеке өзі ғана емес, өз үйірімен дамыған, өз кіндігінен тараған ұялас аспаптардан тұрады. Олардың затына сәйкес өзіндік аттары бар және сол аттары бойынша аспаптар қорында қалыптасқан. Домбыра атауының біршамасы олардың материалдарына (ағаш домбыра, қарағай домбыра, шырша домбыра т.б.), жасалу үлгі-нұсқасына байланысты (қалақ домбыра, қос жақты домбыра, тұмар домбыра, қуыс мойын домбыра, үшем домбыра, бүркемелі//опырмалы домбыра, кең шанақты домбыра), ішегінің санына, түріне байланысты (екі қос ішекті домбыра, үш ішекті домбыра, шіңкілдек домбыра) қалыптасқан. Бұл топқа бас домбыра, прима домбыра атауларын да жатқызуға болады.
Домбыра түрлерін білдіретін атаулардың қатарына ертеректе әуесқой домбырашылар мен ел ішіндегі атақты адамдар ұстаған, не жеке аталықтар мен ру-тайпалар меншіктеген домбыра түрлері жатады. Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптар арасында мұндай атаулар, негізінен, домбыра мен қобыз атауларында ғана кездеседі. Ру-тайпалардың, жеке адамдардың, атымен аталған домбыраларға мыналар жатады: Керей домбырасы, Адай домбырасы, Абай домбырасы, Махамбет домбырасы, Әбікен домбырасы, Ахмет Жұбанов домбырасы, Жамбыл домбырасы, Балтағұл домбырасы, Сейтек домбырасы, Майлыбай домбырасы, Байжігіт домбырасы, Ділдә домбырасы, Күбірә домбырасы, Құрманғазы домбырасы, Дина домбырасы т.б.
Бұл дәстүрден аңғарылатын тарихи-әлеуметтік, тәрбиелік, моральдық мәні зор мәселенің бірі – домбыра аспабының қазақ мәдениетінде ең жоғарғы құндылықтарының қатарына жатқызылуында. Қазақ музыкалық аспаптар қорында атауы ресми және бейресми (халық дәстүрінде) қалыптасқан түрлері де біршама.
Достарыңызбен бөлісу: |