Ежелгі таптық ҚОҒамдар мен мемлекеттер I тарау ежелгі қОСӨзен мемлекеттері тақырып шумер және аккад



бет1/22
Дата21.09.2023
өлшемі92,77 Kb.
#109335
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22
Байланысты:
Дәріс (2) (1)


ЕЖЕЛГІ ТАПТЫҚ ҚОҒАМДАР МЕН МЕМЛЕКЕТТЕР


I ТАРАУ ЕЖЕЛГІ ҚОСӨЗЕН МЕМЛЕКЕТТЕРІ
1.ТАҚЫРЫП ШУМЕР ЖӘНЕ АККАД
Қосөзеннің төменгі ағысы бойының табиғаты және оның алғашқы тұрғындары. Азияның оңтүстік-батысындағы құдіретті қатарласа ағатын екі өзен – Евфрат пен Тигр өзендері Кавказ тауларының оңтүстік сілемдерінен басталып, Парсы шығанағына құяды. Бұл екі өзенді көбінесе Қосөзен деп атайды.
Қолайлы ауа райы, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің молдығы мұнда адамдардың өте ерте кездерден-ақ өмір сүріп, тіршілік етуіне әсер етті. Ең алғашқы тұрғындары аңшылық пен балық аулау арқылы өмір сүрді. Батпақты да жұмсақ әрі құнарлы топырақты жерлерді де біртіндеп игере бастады. Батпақтарды арықтар қазу арқылы құрғатты, суын ағызып жіберіп, егін егуді үйренді. Әр түрлі көкөністерді – пияз, қияр, т.б. өсіре бастады. Жеміс беретін құрма ағашын, май шығаруға болатын күнжұт өсіруді білді.
Үй жануарларын өсіруге қолайлы ауа райы, шөптесін өсімдіктердің жеткілікті болуы, жалпы мал шаруашылығының ерте дамуына мүмкіндік берді. Қой, ешкі, шошқа, сиыр, есек сияқты жануарлар өсірілді. Егіншілікті кең түрде жүргізу мүмкіндігі соқаның да ертерек дүниеге келуіне әсер етті. Соқаны есекке, өгізге жегу арқылы егістік көлемін ұлғайтып, көбірек өнім ала бастады.
Бірақ мұнда құрылысқа қажетті тастар мен ағаштар өте аз болды. Сондықтан да үй-жай салу үшін балшық пен қамыс кең түрде пайдаланылды. Үйлер көбінесе қамыстан тұрғызылып, сырты балшықпен сыланды. Қамыс отын үшін де пайдаланылды. Саз балшық бұл аумақтағы халықтар өмірінде ерекше орын алды. Кейінірек балшықтан кірпіш жасауды үйренді. Бұл құрылыс ісінің дамуына ықпал етті.
Оңтүстік Қосөзен бойын алғаш мекендегендер шумер және аккад халықтары деп аталады. Шумерліктер Қосөзенге оның шығыс жағынан келіп қоныстанған. Ал аккадтықтар болса, оңтүстік-батыс өлкелерден келіп орналасқан. Міне, осы екі топ Қосөзеннің оңтүстік жақ аймағындағы халықтың негізін құрды және адамзаттың ең ежелгі өркениет орталықтарының бірін негіздеді.
Қала-мемлекеттердің қалыптасуы. Қосөзендегі өркениетті негіздеушілер шумерліктер болды. Ғалымдар шумерліктер тілінде егістік, бау-бақша, шабындық, жүзімдік, жер жыртушы, бақшашы атауларының болғандығын анықтады. Сол негізде Қосөзенде, шумерлер кезінде егіншілік, бау-бақша біршама дамыған деп есептеледі. Шумерлер кезеңінде жер шаруашылығымен қатар қолөнер де жақсы дамыған. Әсіресе алтыннан жасалған заттар ерекше көзге түседі.
Қосөзендегі жер шаруашылығы үлкен арықтар мен каналдар қазуды қажет етті. Оны ұйымдастыру мен жер бөліктері үшін тартысты реттеп отыру үлкен мәселе болды. Бұл басқару жүйесінің қалыптасуына әкелді. Шумерліктер басшыларын – «нубанда» деп атады. Ал салық жинаушылар – «машки», қоймашылар – «дуггур», әскербасылар – «галуку», сауда-саттық басшысы – «дамкар» деп аталды. Осылайша шағын мемлекеттер қалыптасты.
Б.з.б.IV мыңжылдықта Қосөзенде қалалар пайда болды. Олар шағын мемлекеттердің орталығына айналды. Бұл шумерлік Ур, Урук, Лагаш және Ниппур қалалары еді. Солардың негізінде қала-мемлекеттер пайда болды.
Шумер мемлекеті. Шумерлік қала-мемлекеттердің ішінде алғаш ерекшеленгендерінің бірі Лагаш болды. Ол б.з.б. III мыңжылдықтың ортасында бірнеше көрші қаланы өзіне бағындырды. Урнанше атты билеуші тұсында Лагаш күшейе түсті. Әсіресе құрылыс жұмыстары кең түрде жүргізілді. Ол өз жазбаларында храмдар мен мұнара, каналдар салуды жазады.
Ал тастағы бедерлі суретте патша кірпіш салынған себетті басына қойып көтеріп барады. Оның соңынан балалары, шенеуніктер мен қызыметшілері еріп келеді. Бұл храмның негізін қалау салтанаты еді.
Әсіресе Эанату патша кезінде Лагаш қуатты мемлекетке айналды. Ол Қосөзеннің оңтүстік бөлігін толық бағындырды. Ур, Урук қалаларын өзіне қосты. Тегеурінді қарсылық көрсеткен Умма қаласын талқандады. Өзінің бұл жеңісін арнайы тас бағанаға бейнелеттірді. Онда жаулары жайрап жатқан ұрыс даласы. Оның үстіне айнала ұшып жүрген құзғындар. Өлгендерді жерлеу. Тұтқындарды құрбандыққа шалу. Ауыр қаруланған шумерлік жауынгерлер. Оларды дөңгелекті арбамен бастап бара жатқан жеңімпаз патша. Умманың тұрғындары Лагашпен соғыспауға, алым-салық төлеп отыруға ант берді. Бұл ескерткіште шынайы оқиға бейнеленген. Келесі бір жазбаларда Эанатудың Киш қаласының және Эламның билеушілерін жеңгендігі баяндалған. Шумер мемлекетінің құдіретті патшаларының бірі Лугал-заггиси болды. Ол шумерлердің діни орталығы Ниппурды бағындырды. Өзін Урук пен Урдың патшасы деп атады. Сөйтіп, біріккен Шумер мемлекетінің астаналары ретінде осы екі қаланы жариялады. Шумерлік қалалардың гүлдене түсуіне мүмкіндіктер жасады. Бірақ осы кезде Шумердің солтүстігінде ірі Аккад мемлекеті пайда болды. Сөйтіп, екі ірі мемлекеттің арасында күрес басталды.
Аккад мемлекеті. Б.з.б. XXIV ғасырда Қосөзенде орталығы Аккад қаласы болған ірі мемлекет құрылды. Оның Шаруккин (Саргон) есімді патшасы Шумер жерін қосты. Сөйтіп, Шумер – Аккад патшалығын құрды. Қосөзен жері енді өзара қырқысу соғыстарын тоқтатып, бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алды. Бұрын шағын мемлекеттердің әрқайсысы өздеріне лайық қажетті каналдарды өздері қазатын. Енді әрі үлкен, әрі ұзын каналдар жасалды. Бұл жер шаруашылығын кеңейтіп, одан көп өнім алуға көмектесті.

Енді адамдардың көпшілігі егіншілікпен айналысты. Бұрын шағын қала-мемлекеттер кезінде саудагерлердің бір қаладан екінші қалаға баруы қиын болса, енді олар бүкіл елді еркін аралай алады. Сөйтіп, сауда дамыды. Шаруккин біріккен Қосөзен халықтарынан қуатты әскери күш жасақтады. Сол күшпен батыста «Күміс таулар» деп аталған Сирия жерлеріндегі тауларға дейін жорық жасады. Ол мықты патшалық билік орнатты. Оны, тіпті «әлемнің төрт құбылысының билеушісі» деп те атайды.
Қосөзендегі ірі Аккад мемлекетінің гүлденуі Нарамсин атты билеушінің тұсында болды. Оның билігінің алғашқы жылында бірнеше қала-мемлекеттер көтеріліске шықты. Ол көтерілістерді басқан соң Нарамсин жаңа жерлерді жаулап алуға кірісті. Батыстағы Сирия жерін басып алып, Жерорта теңізіне дейін жетті. Солтүстікте Урарту жеріне дейін әскерін бастап алып барып, Тигрдың бойын тұтастай бағындырды. Оңтүстікке де жорықтар жасап, алыстағы Египетке жол ашты. Ол жақтан асыл тастар мен алтын алдырып тұрды. Шығысындағы Элам жеріне шабуылға шығып, оның билеушісімен келісімшарт жасады. Осылайша елдің төрт құбыласындағы ірі елдерді өзіне бағынышты етті. Оның бұл әрекеті ел ішіндегі және көрші елдердегі беделін арттырды. Сыртқы елдермен сауда байланыстары күшейе түсті.
Урдың III әулетінің билігі. Б.з.б. 2200 жылдар шамасында Аккад мемлекетіне шығыс жағынан тау халықтары шабуыл жасайды. Бұл гутеиліктер деп аталынған халық еді. Оларды шумерліктер « тау аждаһалары» деп атаған екен. Міне осындай жауынгер гутейліктер Аккад мемлекетін басып алды. Бірақ гутейліктердің өктемдігіне қарсы жергілікті халықтардың күресі тоқтамады. Ақыры б.з.б. 2109 жылы елде шумерлік Ур қаласы билеушілерінің үшінші әулеті билік ете бастады. Олар бүкіл Қосөзенді қайта біріктірді. Бізге жеткен жазбаша мәліметтер Урдың III әулеті тұсында патшалық биліктің күшейе түскенін көрсетеді. Патшаларды құдайға теңеді. Бұрынғы қала-мемлекеттің билеушілері – патесилер енді патшаның аймақтық әкімдеріне айналды. Патша енді оларды бір қаладан екінші қалаға ауыстыра берді. Сондықтан ендігі патесилер патшаның бұйрығын іске асырушылар болып шықты. Бұл жағдай патша билігін нығайта түсті. Сондықтан Урдың III әулетінің өкілдері Қосөзеннің Батысы мен Шығысына жорықтар жасады. Тіпті, солтүстігіндегі Ассирия жеріне де шабуылға шықты. Сөйтіп, Қосөзенде мықты мемлекет құрды. Қолдан еңбек құралдары мен қарулар жасалынды. Бұл егіншіліктің бұрынғыдан да көлемді, әрі кең түрде жүргізілуіне мүмкіндік берді. Мал шаруашылығы мен бау-бақша өсіру ісі де дами түсті. Қолөнер шеберханалары үлкейді. Оларда мыс пен қоладан, жүннен, теріден, ағаштан, қамыстан әр түрлі заттар жасалды. Айырбас кең дамыды. Тіптен, күміс және мыс ақшалар пайдаланыла бастады. Шумер жерінде әлемдегі алғашқы жазулардың бірі пайда болды. О.Сүлейменов шумер жазуын түркі тілдерімен салыстырып, өзара ұқсас сөздердің бар екенін анықтады. Мәселен, ада – ата, од – от, уш – үш т.б.
Шаруашылығының дамуы барысында күшейген Урдың III әулетінің билеушілері батыл басқыншылық саясатын жүргізуге көшті. Бұл саясат өзінің жоғары шыңына Шульги атты патшаның тұсында көтерілді. Ол шығыстағы таулы өлкенің тайпаларына қарсы 9 рет жорық жасады. Элам жеріне басып кіріп, оның бір бөлігін өзіне бағындырды. Бұдан соң солтүстікке аттанып, Тигр өзенінің жоғарғы ағысы бойын жаулап алды. Батыстағы Сирияны бағындырып, Кіші Азияның шығыс бөлігіне енді. Сөйтіп, бұрынғы Аккадтың қуатын қайта тірілткен ірі мемлекет құрды. Шульги өзіне құдай тәрізді табынуды талап етеді. Оның құрметіне храмдар салынып, мүсіндік ескерткішіне құрбандықтар шалынады.
Осындай жаңа серпін бір ғасырдан астам уақыт өмір сүрді. Б.з.б. XXI ғасырдың аяғында Қосөзенге батыстан көшпелі тайпалар, шығыстан эламдықтар шабуыл жасады. Урдың III әулеті тақтан түсті. Ел тағы да ұсақ мемлекеттерге ыдырап кетті.

1. Қосөзен деп қандай өзендерді айтады? Картадан көрсетіңдер.


2. Қосөзенді алғаш кімдер мекендеген?
3. Қосөзен өркеиетін негіздеген кімдер?
4. Қала-мемлекеттер деген не? Олар қалай қалыптасты?
5. Шумер билеушілерінің аттарын ата?
6. Олар Қосөзеннің қандай қалаларын бағындырды?
7. Аккад мемлекеті қай билеушінің кезінде гүлденді?
8. Урдың III әулетінің билігі қалай орнады? Оның билеушілері кезінде қандай
өзгерістер болды?



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет