«Экономика және қаржы» кафедрасы «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнінен университеттің барлық мамандықтарының студенттері үшін


Бизнес-жоспар және оны әзірлеу әдістемесі, оның негізгі тарауларының мазмұны мен сипаттамасы



бет13/55
Дата05.04.2022
өлшемі361,63 Kb.
#29996
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   55
4.2 Бизнес-жоспар және оны әзірлеу әдістемесі, оның негізгі тарауларының мазмұны мен сипаттамасы

Кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру мен жүзеге асыру кезінде жоспарлау жетекші орынға ие болады. Ал, бизнес-жоспар фирма ішіндегі жоспарлаудың негізі болып табылады және ол ағымдағы немесе болашақтағы жағдайды (бизнес жасауға немесе кеңейтуге арналған жағдайлардың болуы) талдауға мүмкіндік береді.

Бизнес-жоспар – жоспарланған істің (жобаның) нақты іске асатындығын көрсететін экономикалық тұрғыда негізделген аналитикалық құжат. Оны бизнестің жаңа сферасын меңгеруге қажетті кәсіпорынның даму жоспары деп атауға болады. Тәжірибеде бизнес-жоспардың мынадай түрлері бар: ұйымның бизнес-жоспары, несие алуға арналған жоспар, инвестициялық жобаның бизнес-жоспары, құрылымдық бөлімшенің бизнес-жоспары, грантқа арналған бизнес-жоспар, аймақты дамытудың бизнес-жоспары, мекеменің бизнес-жоспары және т.б.

Бизнес – жоспар әлеуетті әріптестердің, инвесторлардың, банкирлердің назарын аудартатындай сауатты түрде жасалуы қажет. Бизнес-жоспар қарапайым, түсінікті, сауатты және пайдалануға қолайлы болуы керек.

Бизнес-жоспардың құрамы, құрылымы мен көлемі оның мақсатына, кәсіпорынның мөлшеріне, қызмет түрінің өзгешелігіне байланысты анықталады. Бизнес-жоспар белгілі бір бөлімдерден тұрады.

Бизнес-жоспардың құрылымы шартты түрде келесі бөлімдерден тұруы мүмкін:



  • Резюме

  • Кәсіпорынның сипаттамасы

  • Өнімнің (жұмыстың, қызметтің) сипаттамасы

  • Нарықты талдау

  • Ұйымдастырушылық жоспар. Персонал және басқару

  • Өндірістік жоспар

  • Маркетинг жоспары

  • Тәуекелді бағалау

  • Қаржылық жоспар

  • Қосымшалар.

Бизнес-жоспарды дайындау оның сыртқы (титульдік) бетін дұрыс рәсімдеуден басталады және ол бетте мынандай мәліметтер көрсетілуі керек:

  • Фирманың толық ресми атауы. Егер фирмалық белгісі бар болса, фирманың атауына кейін орналастырылуы керек;

  • Фирманың ұйымдық-құқықтық нысаны;

  • Заңды мекен-жайы, яғни, кәсіпорынның тіркеу құжатында көрсетілген мекен-жайы;

  • Нақты пошталық мекен-жайы;

  • Телекоммуникациялық реквизиттер: электрондық пошта, телефон, факс нөмірлері;

  • Жобаға жетекшілік ететін фирма қызметкерінің аты-жөні және лауызымы;

Осыдан кейін резюме немесе қысқаша шолу бөлімі дайындалады. Резюме бизнес-жоспардың мәнін ашатын, бірнеше пунктен тұратын қысқыша нысанда сипатталады, оның көлемі 1-2 беттен аспағаны дұрыс. Резюмеде мынадай мәселелер қамтылуы тиіс:

  • Жобаның қысқаша сипаттамасы, оның мақсаты мен міндеттері;

  • Ресурстық қамтамасыз ету;

  • Жүзеге асыру механизмі;

  • Өнімнің (қызметтің, жұмыстың) бәсекеге қабілеттілігі;

  • Сырттан қаржыландыруды қажет ететін көлем;

  • Меншікті салымының (қаражатының) көлемі;

  • Күтілетін таза пайда, табыстылық деңгейі және шығындардың қайтымдылық мерзімі.

Кәсіпорынның сипаттамасы. Бұл бөлімде бизнестің таңдалған сферасында қалыптасқан жағдайды сипаттай отырып өз кәсіпорынының қазіргі кездегі немесе болашақтағы жағдайы сипатталады және ұсынылатын жобаның нақты іске асатындығы көрсетіледі. Осы бөлімде бизнес жүргізілетін саланың ағымдағы жағдайы талданып, оның даму тенденциясы және нақты болжамдар келтіріледі.

Өнімнің (жұмыстың, қызметтің) сипаттамасы. Бұл бөлімде әзірленген (ұсынылған) жоба шеңберінде өндірілетін өнімнің немесе қызметтің толық сипаттамасы келтіріледі, оны бәсекелестердің өнімдерімен салыстырады және өндірісті дамыту жоспарларына талдау жасалады.

Нақты талдау. Бұл бөлім нарықты зерттеуге арналған. Мұнда ұсынылып отырған бизнес жоба нарыққа және ондағы қалыптасқан жағдайға қалай әсер ететіндігі, нарықтағы әлеуетті үлесінің мөлшері т.б. қарастырылады.

Ұйымдастырушылық жоспар. Персонал және басқару. Осы бөлімде жұмыс күшіне жалпы қажеттілік, ұйымдастыру, іріктеу және арнайы даярлау, еңбек жағдайы мен оған ақы төлеу, материалдық және моральдық ынталандыру туралы мәліметтер қарастырылады.

Маркетинг жоспары. Бұл бөлімде маркетингтің мақсаты, міндеттері мен стратегиясы, баға белгілеу, өнімді өткізу және оны ынталандыру әдістері, клиентерге (тұтынушыларға) сатудан кейінгі қызмет көрсетуді ұйымдастыру, кәсіпорын және оның өнімдері туралы жақсы қоғамдық пікірді қалыптастыру сияқты мәселелер қарастырылады.

Өндірістік жоспар

Бұл бөлімде барлық өндірістік және өзге де үрдістер сипатталады. Оның негізгі міндеті әлеуетті әріптестерге және инвесторларға кәсіпорынның белгіленген мерзімде белгілі бір сапада және қажетті көлемде өнім өндіре алатындығын көрсету болып табылады.

Тәуекелді бағалау. Кез-келген жаңа жобаны жүзеге асыру кезінде белгілі бір қиындықтарға ұшырауы мүмкін. Кәсіпкерлер үшін осындай қиындықтарды алдын-ала көре білу және оларды жою жөнінде алдын-ала стратегиялар әзірлей алу өте маңызды. Осыған байланысты бизнесті іске асыру кезінде кездесуі мүмкін проблемаларды анықтап, тәуекел дәрежесін бағалау қажет.

Қаржылық жоспар. Бұл бөлім бизнес жоспардың соңғы және кәсіпорын қызметінің нәтижесін қортындылаушы бөлім болып табылады. Ол ұсынылып отырған жобаны іске асыру үшін жеткілікті көлемде ақша қаражаттарының түсуін қамтамасыз ету және әрі қарай оның өзін-өзі қаржыландыра алу қабілетін бағалауға мүмкіндік беруі керек.

Қосымшалар. Қосымшада бизнес жоспарда келтірілген мәліметтерді кеңінен түсіндіретін немесе нақтылайтын құжаттар көрсетіледі. Олардың қатарына жатқызылатындар:



  • Өнімдер бойынша техникалық мәліметтер;

  • Келісім-шарттар, лицензиялар көшірмелері;

  • Маркетингтік зерттеулер нәтижелері;

  • Кәсіпорын және жоба басшыларының анкеталық мәліметтері;

  • Патенттер, авторлық куәлік көшірмелері және т.б.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   55




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет