Жұлынның құрылымдық үйлесуі. Жұлынның қызметтері .
Бұл омыртқа бағанының каналында орналасқан жуан арқан тәрізді орталық жүйке жүйесінің бір бөлімі. Жұлын ақ және сұр заттардан тұрады. Жұлынның ортасында сұр заты (substantio grisea), шетiнде ақ заты (alba) жатады. Ақ заты төменгi бөлiгiне қарағанда жоғары бөлiгiнде көп болады. Сұр заты көлденең кесiндісінде көбелек тәрiздi, а) қос алдыңғы, б) артқы, в) бүйiрлiк ашалардан (cornu ventrale, dorsale, laterale) тұрады. Жұлынның тең екi бөлiгiндегi сұр заттың ашалары бiр-бiрiмен орталық сұр комиссуральды жабыспа аймағында қосылады. Ақ зат жүйке талшықтарынан, сұр заттар нейрондар. Нейрон денелерiнiң арасында жүйке талшықтары мен глия жасушалары өсiндiлерiнен құралған тор - нейропиль орналасады. Жұлынның сұр затында айқын шектелген нейрондар тобын көру қиын. Адамның жұлынында 13,5 млн-ға жуық нейрондар болады. Олардың 97%-ы сезгіш және аралық, 3%-ы қозғалтқыш нейрондар. Жұлын ганглийлерінің нейрондары қарапайым униполярлы немесе жалған униполярлы нейрондарға жатады. Олай аталу себебі алғашқы афферентті нейрондар эмбриондық даму кезінде биополярлы жасуша-лардан пайда болады. Сұр зат рефлекстік, ақ зат қозу өткізу қызметін атқарады. Жұлын ганглийлерінің нейрондарын үлкен(диаметрі 60-120 мкм) және кіші мөлшерлі(14-30 мкм) жасушаларға бөлуге болады. Жұлынның сезгіш нейрондарына афферентік жүйкелер тері, ет, сіңір, ішкі ағзалар қабылдағыштарынан серпіністер әкеледі. Сезгіш және қозғалтқыш нейрондар, аралық нейрондар арқылы немесе бір-бірімен тікелей байланысып рефлекстік доға құрады. Жұлын мидың қатысынсыз-ақ өзінің жұлын рефлекстерін атқара алады, бірақ бәрібір қызметі миға бағынышты болады.
Сезгіш нейрондар жұлын ганглийінде топталған. Бұл жасушалардың талшығы ганглийден шыға берісте 2-ге бөлінеді. Оның бірі қабылдағыштарда туған қозуды сезгіш нейронның денесіне жеткізеді. Ал 2-ші талшығы сезгіш нейронның серпіністерін жұлын мен ми қыртысы нейрондарына апарады. Қозғалтқыш нейрондардың альфа және гамма екі түрі сұр заттың алдыңғы ашасында орналасады. Альфа -мотонейрон ең үлкен жасуша, аксондары адамның бет еттерінен басқа барлық қаңқа еттерімен байланысқан. Тұтас бір бұлшықеттің барлық миоциттерімен байланысатын нейрондар тобын нейрондық пул деп атайды. Бұлар тұтас қозбауы мүмкін. Гамма мотонейрон альфа мотонейронының тонусын тежейді. Мотонейрон қозғанда ет ішіндегі қабылдағыш- ет ұршығы (интрафузалық ет) жиырылады. Одан гамма-мотонейронға барған серпіністер экстрафузальдық етті жиырылатын немесе босататын әсерлерге сезімталдығын күшейтеді. Аралық нейрондар басқа нейрондармен қоздыратын не тежейтін синапстар құрады. Яғни, олар қозу мен тежелу үрдістерін реттейді және белгілі бір сегменттін ішіндегі көршілес сегменттер арасындағы байланысты іске асырады. Аралық нейрондар қатарына Реншоу жасушалары да жатады (аралық тежегіш нейрондар). Аралық жасушалар арқылы ми бағанының торлы құрылымдары жұлында пайда болатын қозу, тежелу үрдістерін реттейді. Рефлекстік қызметі: жұлынның әр жерінде жүйке орталығы бар. Жүйке орталығы деп жұлынның түрлі бөлімінде орналасқан қандай да болмасын мүшенің жұмысын реттейтін жүйке жасушаларының жиынтығын айтады. Мысалы, тізе рефлексі орталығы жұлынның бел бөлімінде; зәр шығару орталығы сегізкөз бөлімінде және т.б. Өткізгіштік қызметі орталыққа тебетін (өрлеу, қозуды миға жеткізу) және орталықтан тебетін (қозуды мидан жұлын арқылы мүшелерге жеткізу) өткізгіш жолдардан тұрады. Орталыққа тебетін өткізгіш жолдармен қозу миға беріледі. Орталықтан тебетін өткізгіш жолдар арқылы қозу мидан жұлынның төменгі бөлімдеріне, одан мүшелерге өтеді.