Жұмабек кенжалин қалам қанаты



Pdf көрінісі
бет8/22
Дата12.02.2017
өлшемі2,9 Mb.
#3983
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   22

ҚАЙЫҢДЫЛЫҚТАРҒА ҚАЙЫРЫМ 
ҚОЛЫН СОЗДЫ
«Ақиқат»  журналының 2008 жылдың  желтоқсан 
айындағы  нөмірінде  «Баспасөзге  жазылу  жеке  адамның 
ғана ісі ме?» деген тақырыпта мақала жаздық. Онда қазақ 
руханиятының өзекті бір саласы болып табылатын мəселені 
тереңнен қозғауды ниет қылып, əлі де найқалып, шайқалып 
жүрген іс басындағы азаматтарға қарата сөз арнадық.
Əдіптей  айтылған  сөз  далаға  кетпепті.  Соған  қуандық. 
Арнау хатымызға бірінші болып қазақ руханиятының шын 
жанашырлары үн қосты.
Солардың  бірі – Бауыржан  Ибраев. «Кең  дала» kz 
жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры бо-
лып қызмет атқаратын  бұл азамат Қостанай жəне Оңтүстік 
Қазақстан  облыстарының  шалғайда  жатқан  ауылдары 
тұрғындары  үшін  демеушілік  көмегін  көрсетті.  Мəселен, 
ол  əкімшілік  аумақтық  бағыныштығы  жағынан  Арқалық 
қаласына қарайтын Қайыңды жəне Қызылжұлдыз ауылдық 
округінің  оқырмандарына  «Ақиқат»  ұлттық  қоғамдық-
саяси журналын тегін жаздыртып берді.

130
Қоғамдық  экономикалық  дамудың  қай  кезеңде  бол-
сын  үнемі  шөміштен  қағылып  келе  жатқан  осы  екі  ауыл 
тұрғындары  үшін  іс  басындағы  азаматтың  бұл  ірілігі 
үлкен  қамқорлықтың  бір  белгісіндей  болды.  Ел  іші  Ба-
уыржан  Мұхтарханұлының  бұл  қадамына  қуанысып 
қалды.  Өйтпегенде  ше?  Қаржылық  дағдарыстың    əңгімесі 
шыққалы  бері  қолдағы  барын  там-тұмдап  ұқсатып 
жұмсауға  талап  қылып  отырған  халық  үшін  үлкен  демеу. 
Енді  қайыңдылықтар    облыстық,  аудандық  газеттермен 
қоса «Ақиқаттың» да əр нөмірін қалт жібермей оқитын бол-
ды.
Ал  енді  шындығына  келсек,  осы  Қайыңды  өңірі 
кезінде  аудан  бойынша  баспасөзді  ең  көп  оқитындардың 
қатарынан  санатын-ды.  Айтып-айтпай  не  керек,  əні  бір  за-
мандарда  бұл ауылдардың  тұрғындары еңбекқорлығымен,  
бейнетқорлығымен бүкіл облысқа аты шыққан азаматтар еді. 
«Қайыңды» кеңшарына  Игілік Абзуллин, Байжігіт Сей-
далин,  Райыс  Қаражігітов,  Бауыржан  Жанақов,  Мұхтар 
Шайкамалов  сынды  басшылар  жетекшілік  еткен  жылдар 
бұл елдің əлі есінде. Даңқы сонау Мəскеудегі Бүкілодақтық 
халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне дейін жеткен 
қайыңдылықтардың  əр  таңы  арайланып  атып,  төскейінде 
төрт түлік  маңғырған заман еді ол. Мал шаруашылығы мен 
егін шаруашылығын қатар өркендеткен ауыл еңбекшілерінің 
мəртебесі биіктеп, олар ұдайы абырой биігінен көрінген бо-
латын. Қайыңды өңірінің мəдени-рухани салада да жеткен 
жетістіктері аз емес-ті. Спортшылары аудандық, облыстық 
спартакиада да  жүлделі орындарға ие болып жатса, өнерпаз 
өрендері  бүтіндей  Торғай  өңірін  əн-күйге  бөлеп  жүреді. 
Бұл, əрине, кешегі күннің ақиқаты.
Өткен 
ғасырдың 90-ыншы 
жылдары 
нарықты 
экономиканың жойдасыз қақпақылы қайыңдылықтарды да 
есеңгіретіп  кеткен.  Ел  ішіндегі  шолақ  белсенділер  сүттей 
ұйыған  шаруашылықты  ақ  пен  қызылға  бөлінгендей  етіп, 
үй ішінен үй тікті. Сөйтіп, бұрынғы  бір кеңшардың ішінде 
екі  билік  орнады.  Мұның  залалын  қарапайым  бейнетқор 

131
халық  тартты.  Ақырысында  ырыс-несібе  шайқатылып, 
жылдар  бойы  жиып-терген  дүние-мүлік  ысырап  болып, 
шаруашылықтың  қиюы  қашты.  Басшысымақтар  бас  пай-
дасын  ойлап,  пайға  алынған  темір-терсекті,  мал-мүлікті 
шашып-төгуден  алдарына  жан  салмады...  сөйтіп,  көбісі 
сөгілген  елдімекеннің  аяғы  жеткендері  күнкөріс  қамымен 
жан-жаққа ыдырай бастады...
Басшылар бас сауғалап, қала асты. Ал осы өңірдің оты-
мен кіріп, күлімен шыққан байырғы тұрғындары ешкімнен 
қайырым болмасына көзі жеткендіктен тағдырдың тайтала-
сына білек сыбана кірісті. Алғашқы кезеңдегі  есеңгіреуден 
тез  айыққан  қайыңдылықтар  нарықты  экономиканың 
заңдылықтарына  бейімделе  бастады.  Қазір  елге  ие  болар 
азаматтар  түтін түтетіп отыр, ешкімнен кем емес.
Ал бірақ осы елдің кезек күттірмес мəселелері  əлі де шаш 
етектен.  Ол  туралы  белгілі  ақын  Жұма-Назар  Сомжүрек 
«Қазақ əдебиеті» газетінде (22-тамыз, 2008 ж.) мақала жа-
риялап, толғауы тоқсан шаруаның шешімінің бір қайнары 
туралы ойын ортаға салды. Автор осы мақаласында туған 
елге,  өскен  өңірге  деген  перзенттік    парызы  тұрғысынан 
ой толғап, өңірдің ендігі даму келешегі төңірегінде нақты 
ұсыныстарын білдірді.
Жұмекең  ауыл  адамдарымен  əңгімелесіп,  пікір 
алмасқаннан соң халықтың қауымдық шаруашылық құруға 
құлшынысы  зор  екендігін  қуана  жазады.  Алайда  осы  бір 
игілікті, бастамалы іске кедергі болып отырған қауымдық 
шаруашылықтың  шаңырақ  көтеруі  үшін 15 млн.  теңгелік 
жарғылық  қордың  талап  етілуінде  екен.  Қайыңды  да 
мұншама қаржы қайдан болсын... Кезінде бірақ осыншама 
қаржы  болса  болған-ақ  шығар,  бірақ  ол  «прихватизация» 
дейтін науқан кезінде ұстағанның қолында, тістегеннің ау-
зында кеткені кəміл.  Жұмекең осы мəселемен талай беделді 
табалдырықты  тоздырып,  билік  орындарының  есігін 
қаққан... Амал қанша, əңгіме сиырқұймышақтанып осымен 
тəмам болған.
Дегенмен, «Үмітсіз шайтан» деген. Ғаламды шайқалтқан 

132
қаржы  дағдарысы  алқымдап  жатқан  кезеңдері  ел  ішінде 
пайда  болған  игі    бастамаларға    кеңдік  беріп,  қолдап, 
қорғап,  қауымдық  шаруашылық  құру    үшін  шарт  болып 
отырған əлгі 15 млн-дық жарғылық қор туралы бапты алып 
тастаса  қайтер  еді  деген  ой  туады.  Ақыл-парасатқа  салып 
қарасақ, Жұмекеңнің  бұл пікірі республикамыздың Ауыл 
шаруашылығы  министрлігіндегі  іс  басында  отырған  аза-
маттар тарапынан түсіністік табуы тиіс-ақ.
Міне,  өтпелі,  өлара  кезеңде  осындай  қиындықтармен 
бетпе-бет келіп отырған қайыңдылықтарға өз есебінен жур-
нал  жаздырып  беріп  отырған  Бауыржан  Ибраев  мырзаға 
ауыл тұрғындары разы болмағанда қайтеді?!.
Əлеуметтік  жағынан  қолдауға  ділгер  көмек  қолын 
созғандар  қатарында    журналымыздың  ежелден  бергі  жа-
нашыры «Kazgor» жобалау  академиясының  президенті, 
академик    Əбдісағит  Тəтіғұловтың  да  есімі  айрықша  ата-
лады.  Əбекең  тек  қана  «Ақиқат»  журналына  емес,  қазақ 
басылымдарының  біразын  оқырмандарға  көп  жылдардан 
бері жаздыртып беріп жүрген қайраткер азамат.
Осы  қатарда  «Фармация»  акционерлік  қоғамының 
президенті  Кеңес  Үшбаевтың, «АСЭМ»  жауапкершілігі 
шектеулі 
серіктестігінің 
бас 
директоры 
Хазрат 
Кадыровтың 
есімдеріне 
ілтипатымызды 
білдіреміз. 
Мұндай  құрметке  Маңғыстау  облысындағы  Жаңаөзен 
қаласының əкімі Жалғас Бабаханов, Маңғыстау облыстық 
Ішкі істер департаментінің бастығы Мақсұтхан Əблязимов, 
Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Сəкен Абдуллаев, 
Солтүстік  Қазақстан  облыстық  сотының  төрағасы  Бекет 
Тұрғараев,  Қарағанды  облысы,  Ұлытау  ауданының  əкімі 
Жаңбырбай Дəрібаев лайық деп білеміз.
Мұның  да  себебі  бар.  Өйткені  талайлы  тарихымыздың 
өткеніне көз салсақ, баспасөзге жазылу мəселесі қоғамдық 
дамуымыздың  қай  кезеңінде  де  ең  маңызды,  мəнді 
мəселелердің  қатарына  саналып  келген.  Айталық,  өткен 
ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында  осы бір мəртебелі 
де  қиямет-қайымы  мол  жұмыспен  Ахмет  Байтұрсынов, 

133
Міржақып  Дулатов,  Əлихан  Бөкейханов  сынды  Алаш 
тұлғалары  білек  сыбана  айналысса,  Кеңес  дəуірінде  де 
шын  қайраткерлігімен  халқының  мұңын  мұңдап,  жоғын 
жоқтаған  азаматтар  баспасөз  шаруасынан  бойын  аулақ 
салмаған.  Сəкен  Сейфуллин  мен  Тұрар  Рысқұловтың, 
Смағұл  Сəдуақасов  пен  Темірбек  Жүргеновтің,  Ілияс 
Омаров  пен  Өзбекəлі  Жəнібековтің  қаламынан  туған 
көсемсөздік желілерден ұлт рухын ұлықтайтын баспасөзге 
жанашырлықтың үлгісін байқау қиын емес.
Біз  елін  сүйген  ағалардың  ой-толғамдарын  жыл  бойы-
на  «Заманхат»  айдарымен  жариялап  отыруға  тырыстық. 
Ондағымыз  «Жақсының  аты  өлмейді,  ғалымның  хаты 
өшпейді»  деген  даналықты  ұдайы  қаперде  ұстай  жүру  
керектігін аңғартқымыз келгендігі.
Қасиетті  қазақ  баспасөзінің  қам-қарекеті  оларды 
ешқашан бейжай қалдыра алмаған.
Қазақ баспасөзінің жай-күйі, тағдыр-талайы бір сəт те 
ағалардың қаперінен шықпаған. Мəселен, Сəкен Сейфул-
лин 1923 жылы  «Баспасөз  қазақ  еңбекшілеріне  қызмет 
қылсын»  деп  ұран  тастап,  бармағын  бүгіп  тұрып,  жеті 
міндетті  атап  көрсеткен («Ақиқат»,  №1, 2009 ж.).  Бір 
ғажабы  сол  жеті  міндеттің  дəл  бүгінгі  таңда  ешқайсысы 
да  өз  маңызын  жойған  жоқ.  Ал  Тұрар  Рысқұлов    бол-
са,  өзінің  əріптестеріне,  сөмке  ұстап,  атқа  мінгендерге  
айрықша  жауапкершілік  жүктейді.  Онысы  жөн. «Біздің  
белсенділеріміз қазақ газеттерін жаздырып алмайды, неге 
олай  деп  сұрасаңыз,  бұл  газеттер  қызық  емес,  одан  да 
мазмұны  анағұрлым тереңірек  басылымдарды оқығанды 
жөн    көретіндіктерін  уəж  етеді.  Сондықтан  олар  орыс 
тіліндегі «Правданы» оқиды. Əрине, «Правданы» оқыған 
жөн, алайда қазақ ауылында  болып жатқан тіршілікке де 
көз салу керек қой, – деп ой салады ол. – Іс басындағы əрбір  
қазақ  қызметкерінің  тағдыры  осы  ауыл  өңіріне  тікелей 
қатысы бар емес пе? Осыған назар аудара отырып, өлкелік 
мекемелердегі  жауапты  қазақ  қызметкерлерінен  бастап, 
олар  баспасөзге  көмектесу  жөнінен  губерниялық  уездік 

134
қызметкерлерге  үлгі  көрсетуін  қалар  едім». («Ақиқат», 
№10, 2008ж.).
Қазақтың  біртуар  қайраткерлерінің  алдыңғы  сапы-
нан  саналатын  Смағұл  Сəдуақасов  «Еңбекші  қазақ» 
газетін басқарып тұрған жылдарында, тіпті   одан кейінгі 
кезеңдерде де баспасөзге  жазылу мəселесіне арнап бірнеше 
мақала жазған. «Қазақ газеттері жаңа-жаңа жұртшылықтың 
тілі болып келеді, – деп жазады ол. – Біздің істегелі жүрген 
ісіміз  көптің  құлағына  естілсін,  жаңа  пікіріміз  болса,  оны 
біреуге əңгіме ретінде сөйлемей, я болмаса, (ол тіпті жаман) 
біреуге жасырын айтпай, газет жүзінде  талқыға салайық. 
Əрине, бұл сөзден ойыңа не келсе, соның бəрін газетке сыза 
бер деген мағына шықпайды. («Ақиқат», №11, 2008ж.)
Наурыз – жыл басы. Наурыз – адам жан-жүрегіне наз бен 
нақыш өрнектетіп жататын ай. Қолға қалам алып алмағайып 
заманда  əр  сөзі  алмас  қылыштай  жарқылдаған  асыл 
ағалардың сөзіне жүгініп жатқандығымыз да сондықтан.
Иненің  жасуындай  болса  да  жақсылықтың  нұрын  се-
белеген  замандас  азаматтардың  аттарын  атап,  ризашылық 
білдіріп отырғандығымыз да, міне, сондықтан.
Наурыз құт əкелсін!
2009 ж.
КӨСЕМСӨЗ ТУРАЛЫ КӨШЕЛІ СӨЗ
Жуырда  «Білім»  баспасы  кітапқұмар  қауымға  тама-
ша  бір  тарту  жасады.  Талантты  қаламгер,  филология 
ғылымдарының  кандидаты  Бауыржан  Жақыптың  жаңа 
туындысы  оқырман  қолына  тиді.  Кітап  аты – «Қазақ 
публицистикасының қалыптасу, даму жолдары».
Осы кітапқа айрықша мəн беріп отыруымыздың не сыры 
бар? Енді соған тоқталайық. Қазақ баспасөзі туралы, оның 
тағдыр-талайы  хақында  аз  жазылды,  зерттеу  жеткіліксіз 
болды десек, күпірлік болар еді.
Төл баспасөзіміздің қаз тұрып, қадам басуы туралы небір 

135
ғалымдар көз майын тауыса отырып сарғайған газет-журнал 
тігінділерін  түгендеді.  Ақиқатқа  жету  жолында  қисапсыз 
құжаттарды  парақтады.  Сөйтіп,  олар  ғылыми  айналымға 
тың деректердің, мол мəліметтердің қосылуына жол ашты. 
Осы  тұрғыдан  келгенде  басы  Қ.Бекхожин,  Б.Кенжебаев, 
Т.Қожакеев,  Ү.Субханбердиналардың  есімімен  басталатын 
ғалымдар шоғырының өлшеусіз еңбегін атап өтпеу мүмкін 
емес.
Алдыңғы  толқын  ағалар  қазақ  баспасөзінің  даму 
тарихының  кезеңдік  мəселелерін  зерттесе,  кейінгі  толқын 
ғалымдар  оның  қоғамдық  ой-санаға  əсер-ықпалы, 
əлеуметтік  саяси  құрылымдағы  алар  орны,  сөйтіп  Қазақ 
мемлекеттігін қалыптастырудағы атқарар рөліне назар ау-
дарып  келеді.  Бұл  тұрғыдан  алып  қарағанда  Б.Жақыптың 
кітабы оқырман олжасына айналып отырған еңбек деп атап 
өту орынды. 
Кітап  төрт  бөлімнен  тұрады.  Олар: «Публицистика 
табиғаты», «Қазақ  публицистикасының  тарихи  негіздері», 
«Қазақ публицистикасының баспасөз бетінде қалыптасуы», 
«Қазак  публицистикасының  шығармашылық  түрі  ретінде 
дамуы»  деп  аталады.  Бөлімдердің  атауынан  аңғарылып-
ақ  тұрғанындай,  қазақ  рухани  əлемінде  көсемсөздің, 
публицистиканың пайда болуы мен дамуы, оның болашағы 
туралы  орамды  ой  өрнегін  тапқан.  Бұл  ретте,  қаламгер 
публицистиканың    пайда      болу      қайнар      көзіне  үңіледі 
де, оның бастауы саналатын шешендік сөз өнерінің эволю-
циясын тарқата баяндайды. Мұнан соң журналистика мен 
көркем  əдебиеттің,  публицистиканың  аражігіне  қатысты 
өзінің  ой-толғамын  нақты  дəлелдермен  тиянақтауға 
тырысқан.
Журналистиканы 
əлеуметтік 
институт 
ретінде 
қарастырған  автор  публицистиканы  шығармашылық  түрі 
деген қорытынды жасайды.
Ғалымның  ой-тұжырымдары  нақты  негіздемелермен 
назар  аудартады.  Бұл  ретте,  оның  публицистиканың  ба-
стаулары – көне  жазба  ескерткіштері  деген  тұжырымы 

136
ой  саларлық.  Автордың  «Күлтегін»  мен  «Тоныкөкті»  төл 
публицистикамыздың  бастауы  деп  шешімді  қорытынды 
жасауы  үшін  осы  ыңғайда  қыруар  құжатты  тапжылмай 
зерттеп,  нақты  дəлдестірулер  жасағаны  анық  байқалады. 
Осы  үрдісте  Б.  Жақыптың  батырлар  жырынан,  жыраулар 
поэзиясынан  көсемсөзге  үндестік  іздеуі  сəтті  шыққан  деп 
ойлаймыз.
Соңғы  он-он  үш  жыл  көлемінде  қазақ  руханиятында 
өзіндік  орынға  ие  болған  «Түркістан  уəлаятының  газеті», 
«Дала  уəлаятының  газеті», «Қазақ»  газеті  жəне  «Айқап» 
журналы хақында аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ. Ав-
тор  осы  басылымдардың  публицистиканы  қалыптастыру 
бағытында атқарған рөлін сыдырта баяндап шықпаған.
Ол  өзі  зерттеп  отырған  мəселеге  орайлас  жарияланған 
материалдарды  шебер  талдай  білген.  Нақты  деректерге 
сүйене  отырып,  мерзімді  басылымдардың  қазақ  қоғамы 
өміріндегі атқарған рөліне баға береді. Оның озық тұстары 
мен  кемшін  жақтары  сараланып,  бұдан  қандай  тағылым 
түюге болады деген сауалға жауап іздейді.
Б.Жақып  кеңес  дəуіріндегі  публицистиканың  даму 
бағыттары,  типологиясы  жəне  тəуелсіз  Қазақстанның 
публицистикасындағы 
тақырыптык, 
проблемалық 
ізденістер  хақында  біліктілікпен  қалам  тербеген.  Олай 
дейтініміз  аталмыш  кезеңдердегі  қаламгерлердің  ізденіс 
мұраты  төңірегінде  автор  мерзімді  баспасөз  беттерінде 
ауық-ауық  ой  толғап,  шəкірттер  алдында  дəрістер  оқып 
жүргені белгілі. Сондықтан болу керек бұл кезеңдердегі аға 
буын журналистердің, сондай-ақ бүгінгі өз тұстастарының 
қабілет-қарымын  айқындайтын  көсемсөздік  желілер 
білгірлікпен  талданған.  Бұл  ретте,  ол  материалдарды 
шығармашылық  талдаудың  əртүрлі  əдіс-тəсілдерін  шебер 
пайдаланған.
Публицистика – дəуір  үні.  Аға  буын  зерттеуші  ғалым-
дардың  аузынан  айтылған  осы  бір  ұғым  бүгінде  қанатты 
қағидаға  айналып  кетті.  Өйткені,  қазіргі  қоғамның  бол-
мысы туралы ой толғаған кісінің қолтумасына осы өлшем 

137
тұрғысынан қарайтынымыз шындық. Олай болса, кемелді 
ойға  құрылады  дейтін  көсемсөзіміздің  өзі  Уақыт  атты 
əміршінің ырқында екендігін мойындауымыз керек.
Мəселені осы тұрғыдан қарастырғанда зерттеуші ғалым 
Б.Жақыптың  публицистиканың  принципті  өлшемдерін 
Адам – Қоғам – Уақыт  ұғымдары  төңірегінен  өрбітуі, 
оны  ақиқат  жағдайларымен  дəлдестіріп  отыруы  көкейге 
қонымды.
Қорыта  айтқанда,  зиялы  əлеумет  үшін  ғана  емес, 
жалпы  білмекке  кұштар  кісілердің  рухани  сұранысын 
қанағаттандыратын  көсемсөз  туралы  көшелі  сөз  толғаған 
кітап оқырмандарға жол тартты деп есептеуіміз қажет.
2006 ж.
АРМАН ҚУЫП, АРҒЫМАҚ 
ОЙНАТҚАН
Əңгімеміздің  тақырыбындағы  образды  тiркес  кiмдерге 
арналған, кiмдердi меңзейдi деген заңды сұрақ туады. «Ар-
ман қуып,  арғымақ ойнатқан!» Апыр-ау, кiмдер екен олар?!
Таңғалатын түгi жоқ! Бұл – бiздермiз!
ҚазҰУ-дың 81-жылғы түлектерi – Бiздермiз. Бiз өзiмiздi 
өзiмiз  осылай  мадақтамасақ,  осылай  асқақтатпасақ,  басқа 
кiм айтпақ?! «Өсер елдiң баласы бiрiн-бiрi батыр дейдi» де-
ген  қанатты қағида,  сiрə, осындайда айтылған болар! 
1976  жылдың  қоңыр  күзiнде  ҚазҰУ-ға  пəленбай   
абитуриенттiң iшiнен маңдайына бақ қонған 50 жас студент  
атанды. 
Мұның қатарында Шарханның лексиконымен айтқанда 
«рабфактан келген» бiздер де бар едiк. 
Бес  жыл  бес    күндей  болмай  өте  шықты.  Көздi  ашып-
жұмғанша.  Бүгiнде  көз  алдыңызда    кинолентасындай 
сырғыған сол күндер мен жылдар елесi жүректi елжiретiп, 

138
сағыныштың  қыл  пернелерiн  шертiп-шертiп өтедi-ай кеп. 
Қайран, бұла дəурен! 
Осыдан 30 жыл  бұрын  комсомол-жастар  бригадасын-
да жүрiп Ақсуаттың ақ түтегiмен арпалысқан, Сарысудың 
сағымды  даласын  кезген,  содан  серт  алған,  Жуалының 
жаңбырлы  күндерiнде  жасын  болып  жарқылдаған, 
бесiктен  белi  шықпай  жатып  «Аралдағы  жеңеше-айды» 
аңыратқан,  өзiм  дегенде  Торғайдың  суы  тобығынан  кел-
меген,  Оңтүстiктiң  iнжу-маржанына  шөлi  бiр  қанбай  ар-
манын  Алатаудың  ұшар  басына  байлаған,  Атыраудың 
ақшулан теңiзiне бiрде əн салдырып сызылтқан, ендi бiрде 
күмбiрлетiп  күй  ойнатып  көбiк  шаштырған,  Алтайдағы 
азуын  айға  бiлеген  арландармен  арпалысқан  менiң 
қанаттастарым  бiр  сəт  ҚазҰУ  дейтiн  киелi  мекенде  төс 
қағыстырып, оның қалашығында бас тоғыстырды!
Бiлiм 
Меккесiне 
махаббатын 
арнаған 
менiң 
курстастарымның қай-қайсысы да сөзiне берiк, қиналғанға 
серiк, мəрттiктiң мəйегiне қанған марқасқалар болды! 
Олардың əрқайсысы бiр-бiр əлем едi. Ал оның сырына, 
шынына қанығу үшiн солардың əлемiмен өмiр сүру керек, 
тыныстау керек. Ал мен бақытыма қарай осындай олжалы 
жанның бiрi болдым. 
Бiз оқу бiтiргелi 30 жыл өтiптi. 30 жыл! Бiр азамат ердiң 
жасы! Орда бұзар шағы. Осынау 30 жылда ауылдан арман 
қуып  Алматыға  келiп,  тағдыр  тiзгiнiн  тартып,  арғымақ 
ойнатқан  бұла дəурен иелерi кең өрiстiң кемесiне мiндi. 
Менiң курстастарымның бақыты – екi дəуiрдiң қызығы 
мен  шыжығын  көргендiгi.  Өтпелi  кезеңнiң,  өлара  шақтың 
қиындығын  қайыспай  көтерiп,  елдiк  мұрат  жолындағы 
ұлан-асыр iстерге бiлек сыбана араласқандығы. 
Менiң  курстастарымның  бақыты – елiмiздiң  егемендiк 
жолындағы  күреске  бiлек  сыбана  кiрiскендiгi,  жас 
мемлекетiмiздiң  буыны  бекiп,  қаз  тұрып  қадам  басуына 
əрқайсысы  өз  шама-шарқынша  үлес  қосқандығы.  Бұл  жай 
əншейiн мақтан сөз емес. Əңгiменiң ашығы, ақиқаты осы. 
Тағдыр  талайымыздан  шығар,  екi  ғасырдың  тоғысында 

139
ата  тарихты  таңбалаған  уақиғалар  үрдiсiне  куə  болдық, 
бастан  өткердiк.  Жоқшылық  пен  тоқшылық,  жақсылық 
пен  жамандық, iзгiлiк  пен  аярлық  таразы  басына  түскен 
сəттердiң  ең  ортасында  болдық.  Осының  бəрiн  көзбен 
көрiп,  жүректен  өткiзуiмге  бiздiң  о  баста  өзiмiз  қалаған 
мамандығымызға  адалдығымыз  басты  өлшем  болғанын 
атап айтқым келедi.
Ежелден белгiлi қағида: «Өлi разы болмай, тiрi байымай-
ды». Ауызға алуға қанша жерден ауыр болса-дағы осы бiр 
нақылды айтпасқа тағы болмайды. Сол  елудiң iшiнде қазiр 
арамызда  жоқ,  ал  бiрақ  соңынан  өшпестей  iз  қалдырған 
курстастарымыз бар едi. 
Қатар  құрбылардың  алдынан  көрiнiп,  ел  дамуының 
өркендеуiне,  руханиятының  қанат  жаюына  үлес  қосқан 
достарымыздың  атқарған  iсi  бiздер  үшiн  мақтаныш!  Ақ 
жарқын,  ақиық  Қалдыбай  десе – мəрт  мiнез,  қызу  қанды, 
үстiндегiсiн  досына  шешiп  беретiн  азамат  тұлғасы  көз 
алдымызға  тұра  қалады.  Курсқа  шынашақтай  болып 
келiп,  республикамыздың  бiрқатар  газет-журналын-
да  шарболаттай  шыңдалған  Əмiр,  өтпелi  кезеңде  Қазақ 
телевизиясының  бүкiл  ауыртпалығын  мойымай  көтерiп, 
телепублицистиканың  дамуына  үлес  қосқан  Абдолла, 
Торғай  өңiрiнiң  қияндағы  түкпiрiнде  жатып  алып  респу-
блика  тарихнамасына  талмай  қызмет  еткен  Мылтықбай, 
тəржiманың  түбiн  түсiре  қызмет  қылған,  Елордамызға 
алғашқылардың  бiрi  болып  аттанып,  қазақ  зиялы 
қауымының қалыптасуына үлес қосқан Болатбек, театрта-
ну  бойынша  маманданып,  табанды  еңбек  еткен  Жұмабай, 
сырбаз  қалыпты  Сапар,  қолға  алған  шаруаны  тиянақты 
шешудiң  шеберi  болған  Мəншүк  есiмдерiн    мақтанышпен 
қалайша айтсақ та жарасымды. 
Олардың соңында iзiн жалғастырар ұрпағы қалды, жан 
иiрiмдерiн əлдилеген шығармашылық мұралары қалды. 
Оқу бiтiрiсiмен Ақтөбеге аттанып, аудандық, облыстық 
газеттердiң барлық қызмет сатыларынан өткен Əмiр Орал-
бай  салиқалы,  салмақты  басшы  бола  бiлдi. «Жас  Алаш» 

140
газетiнiң меншiктi тiлшiсi ретiнде де бiр мектептен абырой-
лы өттi. 
Облыста шығатын екi тiлдегi облыстық газеттiң басын 
қосып,  бiр жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк құрған ол 
сол  мекеменiң  бас  директоры  қызметiне  тағайындалды. 
Бұл  жауапты  орында  да  ол  əрiптестерiнiң  iлтипатына 
бөленiп жүрдi. Ал «Егемен Қазақстан» газетiнiң облыстағы 
меншiктi тiлшiсi қызметiнде жүргенде оның бүкiл қабiлет-
қарымы, қаламгерлiк таланты бар қырынан ашылды. 
Журналисттiк  жолдағы  жемiстi  еңбегiн  ол  ғылыми-
зерттеушiлiк салада да сынап көрдi. Қ. Жұбанов атындағы 
Ақтөбе  мемлекеттiк  университетiнiң  шəкiрттерi  алдында 
лекция  оқып,  кейiн  филология  ғылымдарының  кандида-
ты  дəрежесiне  жеттi.Əттең,  не  керек,  кандидаттық  дис-
сертацияны  қорғағанымен,  оның  дипломын  көре  алмай 
кеттi  Əмiрiмiз.  Əмiрдiң  соңында  батыр  қызымыз  Əлия 
Молдағұлова  ғұмырнамасына  арналған  кiтабы,  очерктерi 
мен сұхбаттары, көсемсөздiк желiлерi қалды. 
Абдолла  туралы  тебiренбей  жазу  мүмкiн  емес.  ҚазҰУ-
дың  дайындық  бөлiмiнде  бiрге  оқып,  журналисти-
ка  факультетiн  бiрге  бiтiрген  досымыздың  қаламгерлiк 
шалымдылығы  бiрден  байқалған.  Диплом  алғаннан 
кейiнгi  оның  тағдыр-талайы,  шығармашылық  соқпағы 
Қазақ телерадио компаниясымен тiкелей байланысты бол-
ды.  Абдолла  Қазақ  радиосының  насихат  редакциясында 
жүргенде  оның  дайындаған  хабарларының  ерекше  сапа-
лы екендiгiн əрiптестерi əрдайым бiзге айтып жүрушi едi. 
Ал  Қазақ  телевизиясына  жұмысқа  ауысқаннан  кейiнгi 
шығармашылық  iзденiсi  жаңа  өрiстерге  бет  алды.  Əбекең 
қазақ қаламгерлерiнiң алғашқыларының бiрi болып, Семей 
ядролық  сынақ  аймағынан  арнайы  материалдар  циклын 
дайындады. Көрермендердiң көкейiндегi мəселенi қозғаған 
бұл  хабарлар  тележурналистиканың  алтын  қорынан  орын 
алуға əбден лайық деп бiлемiз. Өмiрiнiң соңғы жылдарын-
да «Қазақ газеттерi» жабық акционерлiк қоғамының бiлiктi 
бiр маманы болып қызмет атқарған Абдолла осы мекеменiң 

141
елiмiздiң  ақпараттық  кеңестiгiнен  лайықты  орын  алуына 
үлкен үлес қосты. 
Торғайдың сонау бiр түпкiрiнде жатып, елiмiздiң тарих-
намасына, əлеуметтiк-экономикалық дамуына қатысты са-
раптамалар жазатын Мылтықбайымыздың жөнi бiр бөлек. 
Оқу  бiтiрiсiмен-ақ  жолдаманы  елге  алған  Мылтықбай  аз 
уақыттың iшiнде-ақ аудандық газеттi, оның баспаханасын 
майлышекше айналдырып, өзiн көрсете бiлдi. Мұнысымен 
қоса  облыстық  газеттiң  меншiктi  тiлшiсi  қызметiн  қоса 
атқарды.  Мылтықбайдың  мықтылығын  бiрден  байқаған 
республикалық  газеттер  мен  телевизия  басшылары  та-
лай  рет  оны  қызметке  шақырды.  Қазақстан  Республика-
сы  Телевизия  жəне  радио  хабарларын  тарату  жөнiндегi 
мемлекеттiк  комитет  төрағасының  бiрiншi  орынбасары 
Мақсұт Əубəкiров ағамыз Мылтықбайға деп бiр қызмет ор-
нын алты ай бойы бос ұстағанын бiлетiн едiк. 
Студент  кезiнен-ақ  топты  ортаның  көшбасшысы  бола 
бiлген Болатбек досымыз туралы қалай айтсақ та жарасым-
ды. Студент кезiнен деймiз-ау, Бөкең бұл шақты қоя тұрып, 
тiптi  пионер  кезiнен-ақ  бүкiл  республика  оқырмандарына 
танылған  едi. «Қазақстан  пионерi»  газетiнiң  ең  белсендi 
тiлшiсi ретiнде «Артекте» болды. Бұл ол кезең үшiн үлкен 
абырой, зор биiк саналатын. Студенттiк шағында қоғамдық 
ұйымдардың басшысы болып курстастарының iлтипатына 
бөленген  Болатбек  кейiн  мемлекеттiк  мекемелерде  тiл 
саясатын  жүзеге  асыруда  қыруар  күш  жұмсады.  Ол  қай 
министрлiкте жұмыс iстесе де өз ортасының құрметiне ие 
болды. Елордамыз Арқаға қоныс аударғанда алғашқылардың 
бiрi  болып  Бөкең  де  аттың  басын  Астанаға  бұрды.  Соның  
тұрғылықты азаматы атанды. Жаңадан қалыптаса бастаған 
зиялы  ортаның  қатарынан  көрiне  бiлдi.  Жас  қала  жаңа 
Астананың əр қадамына өзiнiң төл перзентiндей қуана бiлiп, 
мен  iссапарға  келген  сайын  қуанышын  бөлiсуге  асығатын 
едi. «Жазып-сызғандарым жетерлiк, солардың басын құрап 
бiр жинақ шығарсам деп едiм. Оның аты «Қоңыр күз едi» 
деп аталса».  Бөкең осы сөздi соңғы кездерi  жиi айтатын. 

142
Бiрақ  сұм  тағдыр  оның  бұл  арманды  шаққа  жетер  жолын 
келте қылды...
Оқу  бiтiргеннен  соң 90-жылдардың  аяғына  таман 
Жұмабаймен кездесiп қалудың сəтi түстi. Ол кез Жұмекеңнiң 
кандидаттық  дипломды  қалтаға  басып,  ендi  докторлыққа 
құлаш  ұрып  жүрген  кезi  екен.  Монографиясына  пiкiр 
ұйымдастырып беру керек болды. Қали досымыз сөзге кел-
ген  жоқ,  Жұмабайдың  кiтабына  деген  жылы  лебiздi «Жас 
Алашта» жарқ еткiздi.  Кейiн Жұмабай докторлық қорғады. 
Х.А.Яссауи атындағы Қазақ-Түрiк университетiнiң профес-
соры  болды.  Бұл  бiздiң  курстасымыз  бағындырған  үлкен 
бiр белес едi. 
Сапардың  қаламынан  туған  дүниелер  Оңтүстiктiң 
аудандық, облыстық газеттерiнде жиi жарияланып тұрды. 
Ежелгi  əдетiмiзше  орталық  кiтапханаға  барған  сайын 
мерзiмдi басылымдар бөлiмiне бас сұқпай кетпеймiз. Сон-
дай кездерi Сапардың жазған мақалаларын  газет-журнал-
дардан  оқығанда  бiр  марқайып  қалатын  едiк.  Ал  Мəншүк 
қал-қадерiнше  сүрiнгенге  сүйеу  болсам  деген  мақсат  жо-
лында жүретiн. Жазу-сызуы да бiр кiсiден кем емес едi.   
Қатарымыздан  ерте  кеткен  қурстастарымыздың  рухы 
пейiште  шалқысын,  жатқан  жерi  жайлы,  топырағы  торқа 
болсын деген тiркестердi жүрегiмiзден қан жылай отырып 
жазамыз.  Алла  тағала  оларға  рақымы  түсiп,  жұмақтың 
төрiнен орын бергей. Олардың аруағы кейiнгi ұрпақтарын 
желеп-жебеп жүрсiн. 
Сөз басында iстеген iстерi айтуға тұрарлық ел игiлiгiне 
қызмет қылған азаматтар қатары бiздiң курстан да сəн түзеп 
шықты дедiк. 
Ол – рас. 
Желтоқсан  дүмпуi  бүтiндей  алып  империяның 
шаңырағын  шайқалтқаны  белгiлi.  Ғаламға  Қазақ  деген 
ұлттың  қаһармандығы  мəлiм  болды.  Ал  осы  желтоқсан 
жаңғырығының  алғашқы  шежiрешiсi  бiздiң  курстасымыз 
Талғат екенiн бар дауыспен мақтанышпен айтуға хақымыз 
бар. Осы тақырыпта сүбелi кiтап жазып, есiмi Алты Алашқа 

143
асқан Қайым-Мұнар досымыздың қаламгерлiк шеберлiгiне 
таңдай қақпағандар кемде-кем! 
Осыдан  соң    тəуелсiз  ел  тарихнамасына  бiздiң 
курс  ерекше  үлес  қоспады  деп  кiм  айтады?!  Ал  Қазақ 
журналистикасының  өлара  кезеңде  қатпар-қатпар  шару-
асына  жегiлiп,  бар  қиындығын  көтерiп,  оған  қалтқысыз 
қызмет қылғандар есiмi аталғанда бiздiң жiгiттердiң еңбегi 
туралы сөз қозғамай тұра алмаймыз. Дүрəлi, Өтеген, Мей-
рамбек,  Кəрiбай,  Еркiн,  Шархан,  Ғазиз,  Қали,  Қайнар, 
Дəуiтəлi,  Уəлихан,  Азат,  Самат,  Əндiржан,  Ержан,  Сəбит, 
Иса,  Мырзағали,  Бауырғали,  Мұрат,  Ерболат,  Қайыржан, 
Батырбек,  Серғазылардың  ел  руханиятына  сiңiрген  еңбегi 
аз емес. Бұл қатарда осы жолдарды жазып отырған Жұмабек 
есiмдi курстастарыңыздың да бар екенiн айта кетсек артық 
болмас.
О бастан-ақ курс ағалары атанған Əшiрбай, Жайлаубай, 
Жаппарлар  күнi  бүгiнге  дейiн  сол  дəстүр  иесi  қалпынан 
танған емес. Елге шыққаныңда құрақ ұшып қарсы алады, 
ауыл  абыздарының  қалпымен  бар  дəмдiсiн  дастарқанына 
қояды, ағыл-тегiл əңгiменiң тиегiн ағытады.
Қыздар  да  қабырғалы  iстерге  бiлек  сыбана  кiрiсуден 
шет  қалған  емес.  Бұл  фəниде  ұрпақ  өсiру,  ұлт  ертеңiн  да-
ярлау  секiлдi  миссиядан  асқан  абыройлы  мiндет  жоқ 
шығар?! Кешегi жабайы нарықтың жойдасыз қиындығына 
да төтеп бергендердiң қатарында бiздiң қыздарымыз болды. 
Сəтен, Оңлагүл, Күлəш, Балқия, Алма, Салтанат, Гүлмира, 
Гүлбану,  Тұрар,  Қалдыгүл,  Несiбелi,  Əтiркүл,  Шолпан, 
Шара, Роза, Бақыткүл, Бағдат, Светалар бiр қолымен мақала 
жазып,  өлең  өрнектей  бiлсе,  екiншi  қолымен  «сары  бала, 
қара қазанның» қарекетiн күйттей бiлдi.  Сөйтiп жүрiп-ақ 
журналистика көшiне үлкен үлес қосты.
Қалтқысыз  еңбек  қашаннан  қайтарымсыз  қалмаған. 
Сол  себептi  де  осы  достарымыздың  бiрқатары  жоғары 
мемлекеттiк  марапаттауларға  ие  болды.  Президент 
сыйлығының  лауреаттарын,  грант  иегерлерiн,  түрлi 
деңгейдегi  атаулы  сыйлықтың  жеңiмпаздарын  бiздiң 

144
қатарымыздан  табуға  болады.  Ендi  бiр  тобымыздың 
кеудемiзде бүгiнде орден-медальдар жарқырайды. Осының 
бəрi  айтуға  ғана  жеңiл.  Ал  ақиқатында,  бұның  астарында 
тапжылмай  атқарылған  тiрлiктiң,  үздiксiз  iзденiстiң,  ақ-
адал маңдай тердiң қалыбын жазбай тануға болады.
Курстастардың 
студенттiк 
жылдардан 
кейiнгi 
өмiрбаянына  көз  жүгiртсеңiз,  көңiл  тояды.  Марқаясың, 
мақтанасың!  Бəрi  де  үлкендi-кiшiлi  бiр-бiр  басылымның 
тұтқасын 
ұстаған 
қаламгер-қайраткерлер 
атанды. 
Мемлекеттiк  қызметке  араласып,  ел  өмiрiндегi  тағдырлы 
мəселелердiң  шешiлуiне  үлес  қосып  отыр.  Бүгiнгi  заман 
талабына  сай  кəсiпкерлiкпен  шұғылданып  жүргендерi  де 
баршылық! 
Арғымақ мiнiп, ат ойнатқан деген, мiне, осы!
Тəңiрiм курстастар керуенiнiң сапарын ұзақ етсiн, қолға 
алған  қарекеттiң  шырайын  кiргiзiп,  мақсатымызға  жете 
берейiк! 
2011 ж.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет