Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет59/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   107
АЛАШОРДАШЫЛАР
Жұрт Арапқа ұрысқанмен, Алашорда өз қаулысын орындауға кірісе
бастады, онысы 1918 жылдың көктемінен бастап, бұл жөнінде газеттерде
басылған мақалалардан көрінді. Мақалалардың түсіндіруінше «Большевик
қаупінен» құтылу үшін Алаштың милициясын құрып, елді солай қорғаудан
басқа жол жоқ...
Қызылжарда шығатын «Жас азамат» газетінің жаз ортасы ауа
хабарлауына қарағанда, шамасы август айларында, Ақмола облысының
Көкшетау жəне Қызылжар ояздарыдағы қазақ болыстарының жиналысы
өткізілмек, онда алаш милициясына қазақтан жігіт алу мəселесі қаралмақ.
Жиналысқа Орынбордан, Омбыдан, Қызылжардан Алашорда «үкіметінің»
басты адамдары келмек...
Июль айы аяқтала берген кезде жоғарыда аталған жиналыстың Аққусақ
болысында өткізілетіні мəлім болды. Болыс, — атақты миллионер, Əлтидің
баласы Садуақас. Білетін адамдардың айтуынша аталған екі оязда қазақ
болыстарының саны жиырма екі. Солардың бəрінен де жиналысқа адамдар
келу керек.
Мұнша көп адамды қалай күту мəселесі күн бұрын сөз болды. Ол
жөнінде құрылған кеңеске Торсанның үлкен баласы Шақан да шақырылды.
Оның айтып келуінше, Əлти хажы:
— Он болсын, жүз болсын, одан артық болсың оқыған азамат атаулының
бəрін мен өзім күтіп алам, ас-су да, төсек-орын да, ыдыс-аяқ та ешкімнен
сұрамаймын. Қалған көпшілікті өзге жұрт күтіп алыңдар, — депті.
Жиналғандар осыған келісіп, əрбір байларға сойыстық жөнінен де, өзге
тамақ жөнінен де, төсек-орын жөнінен де мөлшермен бөліс беріпті...
Кешікпей Алаш «азаматтары Қызылжардан шығыпты» деген хабар да
кеп қалды. «Қонақтардан бұрынырақ келсін» деген хабармен Торсанға
шапқын да келді... Тарантасқа Шақанның, көк ірсəгін жеккен ол божысын
ұстауға қолы бос мені алды.
Біз Əлтидің інісі Ақыш деген байдың үйіне түстік. Онда Керей, Уақ
руының Торсан құралыптас бірнеше байлары бар екен...
Бізге қызығы — өзіміз білетін Торсан сияқты ауыл байлары емес,
алашордашыл оқығандар. Сондықтан ат ағытылғаннан кейін отқа
қойылатын мезгіліне шейін мен Əлти үйіне кеттім. Екі ауылдың арасы
жақын.
«Қадірлі» қонақтарын алыстан тосып алуға Əлти бірнеше салт атты
адамдар даярлаған екен басқарушы, — біздің елде, бір жайда «Шоқынды


хажы», бір жайда «Тік аяқ хажы» аталатын, Мекеге үш барған, өзі
Алашорданың мүшесі — Абылай Рамазанов. Бұ кісіні менің бірінші
көруім, бірақ ол туралы естігенім көп. Көтермелеп айтушылардың сөзіне
қарағанда, ол «жеті жұрттың тілін біледі», «жүрегі таудан да, тастан да
қайтпайды», бұл арадағы Керей атаулының ғана емес, бүкіл қазақ
атаулының ер жүрегі...» Сонша көтермелейтін Абылайды Əлти хажының
үйінде көрсем: зор денелі, биік мұрынды, қалыңдау қара мұртын сақалына
тұтастырып, ұзарта түсірген сақалының иек тұсын тұтамдай ғана қып
қырыққан, дəу қара кісі екен.
Қонақтар көрінген кезде хабарлау үшің Əлти ауылынан бес-алты
шақырым жердегі Толыбай аталатын орыс поселкесіне жүйрік атты кісі
қойылыпты... Бір кезде сол жүйрік атты бар пəрменімен шауып кеп: «Уа,
келе жатыр!» деген хабар берді. Даяр тұрған салттыларды басқарып,
басында қара қалпағы, сыртында орысша пальтосы, аяғында фабрикалық
шегрен етігі бар Абылай тарта жөнелді... Біреулер Əлти аулына үйірілген
адамдарды:
— Уа, тараңдар жылдам!.. Ұятты кісілер келеді... Шоғарылып
тұрмаңдар! — деп қуалағанмен, «оқыған азаматтарды» көруге құмартып
келгендер тарай қоймады, солардың біреуі — менмін...
Бір кезде Толыбай жақтан жолдың бойында көтерілген, қою шаң
көрінді... Міне, шаң жақындап та қалды... Міне, парлап ат жеккен
пəуескелер де көріне бастады... Оларды жанапайлап салттылар да шауып
келеді... Міне, олар арналып тігілген екі-үш ақ үйге таянып та үлгірді...
Міне, қалаша киінген адамдар қатарланған пəуескелерден түсіп те жатыр...
Міне, оларды атынан өзгелерден бұрын қарғып түскен Абылай бастап,
үйлерге кіргізіп те жатыр... Біз таңырқап қарап тұрмыз... Бірақ көп тура
алған жоқпыз. Абылай кірген үйінен тез шықты да, даусын көтере
қазақшылап боқтап жіберіп:
— Қуыңдар, мыналарды, — деді шоғырланған бізді нұсқап. Біреулер:
— Қуғанға болмайды, — деп еді:
— Не оттап тұрсың. — деді Абылай ақырып, — сөз бе екен болмайды
деген?.. Алыңдар қамшының астына!.. Болар ма екен болмас па екен...
Əлекедей жаланған бірнеше жігіт аттылы-жаяулы қамшыларын көтере
ұмтылғанда, таңсық көрген топ бет-бетімен ыдырай қашты... Мен де
қаштым...
Ақыш аулының арғы бетіндегі дөңге, оқыған азаматтардан басқа
қонақтарды түсіруге арнаулы үйлер тігілген екен. Кешке қарай сол үйлерге
жан-жақтан арбалылар, салттылар ағыла бастады. Білетін адамдардың
айтуынша, Көкшетау мен Қызылжар ояздарындағы жиырма екі болыстан,
болыс басы бес-алтыдан ғана беделді адамдар келу керек. «Беделді»


дейтіндері, əрине, болыстар, атақты байлар, билер... Егер бұл мөлшерде
ғана кісі келсе, жиырма екі болыстан жүз елу, екі жүздей ғана адам жиналу
керек қой, ал, келіп жатқандардың мөлшеріне қарағанда бір емес, бірнеше
жүздеп болатын!..
Ол күнгі кеш келген қонақтарды қарсы алумен өтті. Бұл қарсы алу түн
бойына түгел созылып, аяғы ертеңгі таң атумен, күн шығумен, сəске түс
болумен күннің, қайта еңкейіп, батуымен тұтасып кетті... Сондықтан Алаш
азаматтары келген күннің кешінде де, ертеңінде де олар сөйлескелі келген
мəселе кеңес бола қойған жоқ...
Бізге, əрине, ауыл-ауылдардан келіп жатқан адамдар да таңсық, өйткені
білетін жұрттардың айтуынша, бұл жиналысқа бір шеті Омбыға
жақындайтын, бір шеті Ақмола мен Көкшетау ояздарының астасатын
жерлеріне баратын, батыс жақ шеті Обаған өзеніне тірелетін ауылдардан
ағылып келіп жатқан жұрт... Солардың ішінде біреулерді Атығай, Қарауыл
руының шонжарлары деп, енді біреулерді Қанжығалы, Күрлеуіттің
шонжарлары деп, тағы біреулерін Керей, Уақтың шонжарлары деп,
біреулерді 
пəленше 
болыстың 
тұқымы 
деп, 
біреулерді 
пəленше
даваяданнан, біреулердің, пəленше билердің тұқымы деп... біреулерді
ақсүйек ханзаданың тұқымы деп,... — əркімді əр түрлі қып дəріптеп
жатыр... Солардың бəрін көру жас жігіт біздер түгіл, тұрғын елдің сақалы
сапсиған үлкен кісілеріне де таңсық.
Келетін қонақтың мөлшері келесі күні «жүздептің» орнына, «мыңдап»
өсіп кетті. Енді сол тұстағы белестердің, де, ойлардың да, өн-бойына адам
симауға айналды... Басқарушылардың ойынша солардың бəрін ренжітпей,
қонағасысын беріп күту керек, əйтпесе жанжал шығуы мүмкін. «Мұның
шығыны бастан асатын болды» деп əркімдер ренжігенмен, болыстар мен
ауылнайлар жəне беделді билер мен байлар: «Жинамағай еді, жинаған соң,
күтпеуге амалың жоқ, ойда жоқта келген бір ауыртпалық бұл. Мұны енді ел
болып көтеруіміз керек» деп ауқаты бар адамдарға бір жағын өтініш, бір
жағын зорлықтау қылып салық салады...
Біздің естуімізше, Алаш оқығандарынан бастылары: бұл жұмысқа
Орынбордан əдейілеп келген, Алашорданың Орталық комитетінің мүшесі
Мыржақып Дулатов, Омбыдағы облыстық Алашорда комитетінен келген
Ережеп Итпаев, Айдархан Тұрлыбаев, Қызылжардың ояздық комитетінен
келген 
Салмақпай 
Күсемісов, 
Жұмагали 
Тілеулин, 
Көкшетау
Алашордасынан келген Ерқосай Мұқышев, тағы басқалар. Осылардың
ішінде Торсанның Қазиы да жүр. Алашордашыл оқығандардың жалпы
саны — шамасы жүздей адам...
Алашордашылар келген күннің ертеңіне:
— Азаматтар, елдің басты ақсақалдарыменен амандасамыз — депті, ру-
рудан бір-бір беделді ақсақал Əлти хажінікіне келсін — деген хабар келді.


Біздің Сибан атаулы рудан Торсан ғана бармақ болды. Əр рудан осындай
адамдар іріктеліп шыққанда, екі ояздан елу-алпыс шақты ғана адам бөлінді.
Олар — арбалы, салттылы Əлти үйіне аттанды... Алаш азаматтарына
кеткен ақсақалдар оралғанша, былайғы жұрт əртүрлі жобалар айтады.
— Амандыққа ғана шақырған жоқ оларды, — деседі біреулер, —
былайғы жұртпен кеңескенше, күн бұрын келісіп алуға шақырды...
Көрерсіңдер, олар уəделесіп қайтады.
— Неменеге?— деп біреулер ұнатпай сұрау қойса:
— Неменеге болушы еді, — дейді жауап беруші, құда түсерге кеп
жатқан жоқ қой Алаш азаматтары, солдат сұрауға кеп жатыр ғой.
— Таңдаулы ақсақалдар көнгенмен, біз көнеміз бе, — деседі көпшілік ду
ете түсіп. — Көнсе, өз балаларын берер. Бұрнағы — 1916 жылы бізді бір
сатқан, байлар мен болыстардың ендігі сатқанына көне қоймаспыз. Уəдесін
бере берсін, бізді бұл жолы көндіре алмас.
— Рас, — деп ду ете қалады жұрт...
Қай жердегі жиынға барсаң да, сөздері осы. Бəрінің де айтатыны:
«Алашорда түгіл оның əкесі келсе де, біздің берер солдатымыз жоқ. Не деп
береміз? Не жақсылық көрдік деп? Мекалай заманы жаман деп жүргенде,
Колчак пен Алашорда да жаман боп шықты. Баяғы үстемдер əлі үстем.
Рахатты өздері ғана көріп, оқтың алдына үнемі жоқ-жітіктерді тосуына енді
ешкім көнбес...»
«Түйелі кісі атты кісіден құдайға бір табан жуық» деп қазақ айтқандай,
Торсанға атқосшы боп келгендіктен мен үнемі оған жақын жерде болам.
Торсан — бұл жиындағы ең басты адамның біреуі. Үлкен кеңестердің, бəрі
үнемі соның маңайына үйіріледі, сондықтан өзге атшылардан көрі мен
кеңесті де көбірек тыңдаймын, жаңалықты да бұрынырақ естимін...
Келер күннің кешіне қарай менің естіген жаңалығым: əскерді не себепті
сұрауға келулері туралы, Алашорда адамдарының атынан Мыржақып
Дулатов баяндама жасайды. Ел атынан жауапты Құртайдың Мұқышы
береді...
Мұқышты мен бала күнімнен білем. Ол — шамасы жүзге тарта
жылқысы бар, екі-үш жүз қойы бар, қырық-елулеген сиыры бар,
үйлендірген балаларын тіккен үш ақ отауы бар, — ел ішінде «орташа бай»
саналатын адам. Жасы со кезде жетпістерді алқымдап, сақалы
буырылданып қалған кісі, көзі қылилау, сондықтан жұрт оны сырттай
«Соқыр Мұқыш» дейді. Елдің айтуынша Керей-Уақ аталатын бес болыс
елдің ең шешені — үш адам: біреуі — Самай руынан Есілбайдың
Шəймергені, біреуі — Уақ руынан Қостангелді, біреуі — біз атап отырған
Құртайдың Мұқышы. Бұл үшеуінің ең шешені — Шəймерген. Ал,


Мұқыштың анау екеуінен артықшылығы,— оның Ғабдолла дейтін орыс
жəне татар мектептерінде оқыған мұғалім баласы болған да, сол баласы
əкесін газет, журнал оқытуға үйретіп, замана жайын білуде, Мұқыш
ауылдағы қазақтың қара тоқпағына сүйенетін, шешендердің бəрінен,
анағұрлым ой-санаға озық болған. Мына жиында, Алашорда адамдарына
жауап беруге оны жұрттың ортасынан бөлетін себебі де осы екен...
Келер күннің кешіне ойдағы жоқ бір «қызық» боп қалды: «Мұқыш
жоғалды... Алаш адамдарына кеткен болар деп іздесе, — жоқ!.. Мұқышпен
күн бұрын сөйлесіп алғысы келе ме, немесе, — Алашорда адамдары
шақыртса, Мұқыш жоқ!.. «Қайда кетті?!» деген сұрауға, ешкім жауап бере
алмайды...
Жоғалған Мұқыш таң біліне табылды. Оны «ұрлаушылар» — далаға
симай жатқан қалың халық екен. Алашорда адамдарына жауап беруге
Мұқыштың ұйғарылғанын білген жұрт, бір ауылдан екінші ауылға салт
келе жатқанда атын жетектеп алып қашыпты да, даладағы көпшіліктің
арасына апарыпты, Жұрт: «Кəне, не дейсің, сонда?» дегенде, Мұқыш
жалтақтаған екен көпшілік оны қорқыта отырып шынын айтқызыпты.
Шыны былай екен: Ру басы ақсақалдар мен Алашорда бастықтарының
келісуі бойынша, Мұқыш жауап сөзін ел қамын көздеу сияқты қып бастап,
елдің көңілін ұйытып алғаннан кейін:
— Залым патша түсіп, жұрттың бəріне хұррият болғанда, Алаштың
оқыған азаматтары да өз алдына автономия болып, мемлекет Жасау
мəселесін көтерді. Ендеше, оған біз жəрдем беруіміз керек. Алашорда
бізден солдат сұрап отырған жоқ, милиция ғана сұрап отыр. Жəне көп кісі
сұрап отырған жоқ, бар сұрағаны — екі ояздан екі-ақ мың жігіт. Бұл
жігіттер соғысқа бармайды, тек қана Көкшетау, Қызылжар, Омбы сияқты
қалаларда тəртіп сақтау жұмысында болады. Милиция дегеніміз сол.
Сондықтан жан қиналмайтын бұл жұмысқа сұраған жігіттерің беру керек,
— деп бітірмек екен.
Осы шынын айттырып алғаннан кейін қалың көпшілік Мұқышқа
мынадай шарт қояды:
— Бұдан екі жыл бұрын, — дейді олар, — 1916 жылы, елдің үркердей аз
ғана байлары мен билері осы келген Алашорда оқығандарымен ауыз
біріктіріп, бізге «жігіттер солдатқа алынбайды, тек қана қара жұмысқа
алынады, жəне көп емес, азғантай ғана жігіт алынады» деп өтірік айтқан.
Бір рет қатты алданғанбыз. Кедей шаруаның балалары майданға мыңдап
кеткенде, байлардың, билердің балалары үйінде отырып қалған. Бұлардың
əлі де соны істегісі келеді.
«Аузы күйген үріп ішеді» депті, аузымыз бір күйген, енді күйдіре
алмаймыз. Егер керек десе, сол байлар мен билер өз балаларын тізімдеп
берсін, біз Алашордаға бір де кісі бермейміз!..


Көпшілік Мұқышқа «Ертең жауап бергенде, сен ақсақалдардың емес,
біздің сөзімізді айтасың», — деп шарт қояды. Мұқыш «айта алмаймын»
десе, көпшілік «неге айта алмайсың?» деп əуелі аздап дүрелеп алады да:
«Егер осы біз айтқан сөзді айтпасаң, басы өзің қып үй-ішіңді де,
Алашыңды да, түгел бауыздаймыз» дегенді айтады... Осы қалды айта кеп,
Мұқыш ақсақалдардан:
— Мына көпшілігіңнен қорқайын дедім, нандарына қарайып алған
сияқты. Айтқанын орындамасаң, ойына алғанын істейтін сияқты... «Көп
қорқытады, терең батырады» деп, мен расында қорқып келдім. Осы сөзге
өзге біреуді шығарып, мені босатсаңдар қайтеді! — деп өтінді.
Бұл жөнде көп көрісулер боп, ұзақ уақытқа дейін ақсақалдар тиянақ таба
алмаған соң, болған халді хабарлауға Алашорда адамдарына кісі жіберді.
Барып қайтқан адамның айтуынша, Алашорда адамдары қатты ренжіген
дегенмен, жиналысты өткізбек болып, Мұқыштан уəделескен сөздерді
айтуды өтінген...
Жиналыс биіктеу дөңнің қырқа жотасында ашылды. Жотаға Алашорда
адамдары жəне оларға тілектестердің біразы, — барлығы екі жүзге тарта
адам, — салт атқа мініп, əскерше он-оннан сапқа тұрып командирше
олардың алдында Дулатов оғаш отырып, «Арғы атар ер түрік» аталатын,
Алашорданың гимнін əндете қосылып айтып барды...
Алашордашылар дөңнің қырқа жонына барып, аттарынан түскенде, сол
дөңнің маңына құмырсқаның илеуіндей қайнаған көп халық, жан-жақтан
ақтарылып жинала бастады... Енді қарасаң, халықтың көпшілігі сондай, —
бұларды бір мыңдап емес, он мыңдап санарлықтай!.. Осы қалың халық,
дөңнің қырына үркердей ғана боп ошарылған Алаш азаматтарымен оларды
қолдайтын азғантай бай, билерді айнала қусырып кеп отырды. Сонда
алашордашылдар, телегей-теңіздің ортасында қалтылдаған кішкене қайық
сияқтанып қалды... Менің қасымда отырған білгіштеу бір жігіт,
«Алашорданың» бір бастығы Байтұрсынов:
«Қалтылдақ қайық мініп ескегі жоқ,
Дарияда жүрміз қалқып кешпегі жоқ,
Жел соқса, құйын қуса жылжи беру
Болғандай табан тіреу ешнəрсе жоқ», —
деп бұдан оң он бес жыл бұрын зарланып еді, сонда осындай боларын
білген екен — деп мұртынан күліп қойды...
Дулатов баяндамасың сол араға апарып қойған тарантастың үстіне
шығып жасады. Ол, əрине, ұзақ сөйледі жəне сөздерін дəлелді ғып айтуға,
оның үстіне шешен сөйлеуге тырысты. Сөзінің ара-арасында ол «уа,


осылай ма, жұрт?» деп сұрау бере сөйлейді. Оның бұл сұрауына
маңайындағы аз ғана ақсақалдардан бірен-саран ғана кісі «рас сөз» деп үн
қосқанмен, дауыл алдында тына қалған желдей қалып, көпшілік тым-
тырыс...
Дулатовтың артынан тағы біреулер оны жақтап қысқаша сөйлеп жатты.
Солардың бірі — Торсанның Казиы. Ол осы елді өзімсінген боп, сөзінің
аяғын:
— Уа, бес болыс Керей, Уақтың баласы, кіндіктес қарындастарым,
туған, туысқандарым, «төскей де мал, төсекте бас қосылған» ағайындарым,
мына, Алаш азаматтарына еріп, мен де кеп отырмын. Сонда мен өзгеден
бұрын Керей, Уақтың баласы саған сеніп келіп отырмын. Мұндайда
бастаушы керек. Ол табылса, қостаушы табылады. Бұл қонақтар, Керей,
Уақтың баласы, ең алдымен сенің қотаныңа кеп түсіп отыр. «Тас түскен
жеріне ауыр» депті аталарымыз. Келген құрметті қонақтарыңды қуантып не
ренжітіп қайтару тетігі, Керей, Уақтың баласы, ең алдымен сенде.
Алаштың азаматтарын да, олардың бірі — мені де жерге қаратпас деп
сенемін!.. деп бітірді.
Алаш адамдарынан тағы біреулер сөйлегеннен кейін бұл жиналысты
басқарып, əркімдерге сөз беріп таныстырып тұрған Абылай хажы:
— Ал, халық! — деді зор даусын көтере шығарып. — Оқыған азаматтар
сөздерін бітірді. Ұғатын құлақ болса, сөз жетті. Ендігі сөз, өздерің
орталарыңнан жауап берсін деп шығарған Мұқыш ақсақалға беріледі...
Мұқыш көңілсіздеу кескінмен түрегеп, Абылайға:
— Осы жерде тұрып сөйлесем де болады ғой, — деп
еді:
— Жоқ, болмайды, ақсақал, — деді Абылай, — көптің көзіне көрініп
сөйлеу керек, арбаға шықпай көрінбейсіз.
— Көрініп те оңайын деп тұрған жоқпын, — деді Мұқыш, — сонымен,
екі сөздің қайсысын бастап шығайын?
— Мұқыш ағай, өзіңіз неғып тұрсыз, былқылдап? — деді Абылай кейіп,
— сөз байланған жоқ па? Алыстан кеп жатқан қадірлі қонақтар — оқыған
азаматтардың, сөзін айтпай, қара қарғадай шулаған ылғи наданның сөзін
айтайын деп пе едіңіз? Айтыңыз, тапсырған сөзді.
— Айтармын-ау, егер айтқызса! — деп Мұқыш ауыр бір күрсініп алды
да, сұрланыңқыраған кескінмен, жадағай тарантастың, үстіне сүйретіліп
барып əрең шықты.
— У-а-а-оу, жұрт, — деп бастады Мұқыш сөзін — екі сөз бар жарысып


тұрған, соның қайсысынан бастарымды білмей де тұрмын...
Мұқыштың неге қиналып тұрғанын көпшілік сезе қалғандай:
«Көп ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болады» деген. Аздың сөзі қашан сөз
боп еді, көптің сөзін айт! — деп əр жерден ду ете түсті. Қалың жұрттың
ішіндегі күркіреген күндей боп тұтасқан үн жан-жаққа ыдырай, кең
жайылып барып біткен кезде, ақылды Мұқыш көп шешенсудің бұл арада
орны жоғын байқады да:
— Сөз екеу, көпшілік — деді, — біреуі: «Ел ағасыз, тон жағасыз
болмайды» дегендей, ел ағаларының сөздері... Олар...
— Ар жағын айтпа, — деп ду ете қалды жұрт, — арғы сөздер белгілі.
Сен мына көптің сөзін айт!..
Ду тағы да көтеріліп барып саябырлай берген кезде, Мұқыш қабағын
қаттырақ бір шытынып алды да:
— Уа, азаматтар, — деді Алашорда адамдарына қарап, — көпшіліктің
сөзі қысқа, олардың айтатыны: «Милиция десін, солдат десін, біз жігіт бере
алмаймыз» дейді...
— Рас!.. Солай!.. — деген тұтас дауыс манағыдан əлдеқайда күшті,
əлдеқайда қалың шықты...
— Азаматтар, — деді Мұқыш тағы да Алашорда адамдарына, — енді
мен айтатын сөз қалған жоқ, өзгесін өздеріңіз айтыңыздар!..
Мұқыш арбадан түсіп үлгермей, көпшілік: «Біздің сөзіміз бітті» деп
орындарынан ду көтеріле бастады...
Со кезде, былай да кескінсіздеу қара сұр Мыржақып бар кескінінен
айрылып қап, орнынан қалшылдап түрегелді де, жығыла-сүріне жадағай
арбаның үстіне көтеріле берді... Ол теңселген денемен, арбаға əрең шығып,
бар даусымен, аузынан көбігін шашырата «уа, Алаш!» деп айғай сала
бергенде, ду көтерілген жұрт аттылы, жаяулы жан-жақта ыдырай тартты.
Сол қалың қималдан көтерілген құрғақ жердің қою шаңы тұмандай қаптап,
жердің бетін бүркеп жіберді... Қалың шаң басқан алашордашылдар жерге
минут сайын батып бара жатқан сияқтанды...
Келген мақсатты істері орындалмай, талаптары тасқа шағылған
Алашорда адамдары, ақсақалдардың: «Күн кешкірді, қонып аттаныңдар!»
деген сөздеріне қарамай, өрт сөндіргендей əлем-тапырық кескінмен
қайтуға жиналысты. Со кезде Торсан өзінің баласы Қазиды шақырып ап:
— Шырағым, үйге барып қайтамысың? — деп еді:
— Не кескініммен барам үйге? Жердің үстімен кеп, астымен қайтпақ боп


тұрғанға ма? — деп, серіктерімен, кейін қайтып кетті.
Қази сол бетінен күз ішінде ғана оралды. Бұл кезде «байдың ауылы»
Аққусақ аталатын күздік ағашының ішінде отыр еді. Амандасқалы келген
адамдарға айтқан сөздеріне қарағанда, Қази бұл сапарында қазынаға, яғни
Колчак армиясының керегіне елден ат жинауға шыққан жəне аттарды
ақшаға сатып алу үшін емес, жылу ретінде жұрттан жай алуға шыққан.
Оңаша бір сөйлесіп қалғанда, Торсан бұл жөнде баласына ренішті сөздер
айтады:
— Осыларың не, — деді ол, — еп-естияр кісісіңдер, үкімет бастығы
боламыз деп талаптанып жүрсіңдер. Қылықтарыңа қарасам, баланыкі
сияқты. Өй демегенде не дейін: жаздыгүні солдат сұрап келдіңдер ме? —
Келдіңдер!.. Сеніп келген жұрт сендерді тақыр мұзға отырғызып қайтарды
ма?—Қайтарды!.. «Жығылған күреске тоймайды» деп, бұ не өзі, жығылған
сайын жарбаң-жарбаң күресе беретіндерің?!. Абыройсыз істерге қайта-
қайта белсеніп түсе беретін не ақылдарың бар? Сол дос боп отырған
Колчагіңнің өзі айтпай ма, ең алдымен, «солдат сұрап барсаң, елің
бермейді, жылу сұрап барсаң, елің бермейді!.. Бұл — не ел өзі?.. Елің
сендерді сыйламай ма, сендер еліңді сыйламайсыңдар ма» деп?.. Неге
шығасыңдар, осындай абыройсыз жұмысқа?..
Қази бұл сұраулардың ешқайсысына жауап бермей күмілжіп жер шұқи
берді де:
— Онда бірталай мəн бар, əке, кешке айтармын, — деді.
«Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» дегендей, Торсан үйінде сол күні
құпия болуға тиісті бір кеңесті, бала мінезді Арап маған күн бұрын
абайсызда сездіріп алды. Бұл ауылға мұғалім болғалы мен үнемі
Торсанның өз үйінде түнеп жүретінмін, өйткені бұл үйге мен мұғалім ғана
емеспін, 
реті 
келгенде 
Торсанның 
өзінің 
де, 
балаларының 
да
атқосшысымын. Үйдің шаруа жабдығына да мен көп араласам, əсіресе,
жылқыға байланысты шаруаға: жылқы таңертең өpicтен келгенде, сауын
биелерді желінің, басына жинасам, құлындарды ноқталасып байласам,
сауын кездерінде құлындардың басын ұстаймын, кешке сауын бие
ағытылғанда, жылқышы жиналып-терілгенше өріске шығарам, кейбір
күндері, жылқышы ауырып-сырқап қалса, күзетіне барысам. Торсан үйінің
қонақсыз болатын күндері жоқ. Со қонақтардың бəрінің аттарың ағытатын,
жайғастырын, отқа қойып, суаратын, ас алдында қонақтардың қолдарына
су құйып, орамал тастайтын, дастарқан жаятын, табақпен ет көтеріп
əкелетін, аяқпен қымыз үлестіретін, шəшкемен шай əперетін... қонақтарға
төсек жаятын, таңертең тұрғанда төсектерін жинайтын... — осының, көбін
істейтін — менмін...
Солай үйреншікті боп алған үйімнен, Қази келген күні кешке Арап мені
сырғытуға ойлады.


— Бала, бүгін сен байдың үйінен басқа жерге барып жат, — деді ол
маған.
— Е, неге, Арап ағай?
— Бүгін бұл үйде кісі болады.
— Бола берсін. Менің кісі көргенім осы ма?
— Бұл үйге Қази жатады ғой, — деді Арап, сөзін салмақтандыра түскісі
кеп.
— Е, жата берсін, менің оған жұғатын ештеңем жоқ...
Ақкөңіл Арап мені ауырлап қалды ма деп ойлады ма, немене:
— Көңіліңе алып қалдың ғой, шырағым, — деді қайпақтап. — Алыстан
келді ғой біздің Қази, көкесімен оңаша сөздері бар ма, немене...
Менің көңіліме қулық кірді. «Ризаласайын, — деп ойладым мен, —
бірақ кешке бақылайын, не сөйлесер екен...» Бұл ойымды сырласым —
Жүрімбиге айтып ем, ол да «тыңдайық» деді.
Түн ортасы жақындай Қазиға амандаса келген қонақтар тарады. Мен де
Араптың көзін алдап, басқа үйге кеткен болдым. Көп кешікпей Жүрімби
екеуміз табысып, Торсан үйін торыдық. Жұрт аяғы сиреп болған кезде ол
үйге Торсанның балалары: Шақаң Шери, Арап, Бəкен, — барлығы жинала
бастады. Олардан басқа бұл үйде Торсанның өзі жəне əйелі Жəуке бар.
Қази:
— Маңайда біреу тыңдап жүрмесің білу керек, — деп еді:
— Қай тыңшыға ие боласың, — деді тік мінезді Шери кейіп, — қаладағы
ағаш үй емес бұл, есік терезені қымтап тастайтын. Кигіз үйден сыртқа
сыбырлағаның естіледі. Жə» не қалың тоғайдың, ішінде отырмыз, кімнің
маңайлап жүргенін қайдан білеміз?
— Ешкім де жоқ, ешкім де тыңдамайды, — деді биязы мінез Шақан, —
сөзіңді бастай бер...
Жүрімби екеуміз Торсан үйінің іргесіне таяна, шөккен түйенің қасында
етбетімізден жатып, үйдегі дыбысқа құлақ түреміз. Дыбыс Қазидікі, ол
баяу, ақырын ғана сөйлегенмен, сол бір күнгі желі тымық түңде əрбір
дыбысы құлағымызға айқын естіледі. Оның баяндауынша: «Бөрі арығын
білгізбес, сыртқа жүнін қомпайтар» дегендей, Колчак та, Алашорда да,
«елді де, Еділді де» алғандай боп күпсінгенмен, Русияның бар күші
большевиктердің қолында...
— Олай дейтінім, — дейді Қази — завод, фабрикалардың көпшілігі ішкі


Русияда, ішкі Русия большевиктердің қолында. Русияның ең зор
астаналары Москва мен Петроград та соларда... Бұл заманда өндіріс кімнің
қолында болса, күш сонда... Ендеше большевиктер Колчактан əлдеқайда
күшті...
Сондай сөздерін айтып отырып, кеңесін тыңдаушыларды күйректікке
түсіріп алмайын дегендей, Қази бір жағынан:
— Колчак үкіметінің өзінде қуат аз болғанмен, жəрдемшісі көп, — деп
шет мемлекеттердің жəрдемдерін өсіре сөйлейді...
— Дегенмен, — дейді Қази, — Русияда большевиктерге қарсы күште
Колчактан мықтысы жоқ. Біздің Алашорданың да ендігі таянышы Колчак
қана.
— Ойын бір басқа, шын бір басқа, — дейді Қази, — большевиктер
келмес те, оларды біз келтірмеспіз де. Бірақ кім біледі, «жаман айтпай,
жақсы жоқ» дегендей, алда-жалда, басқа қара күн туа қалғанда, күн бұрын
даярлық керек. Осы бастан артық дүниені ақшаға айналдырып, денені
жинақы ұстау керек.
— Жиналғанда қайда бармақпыз? — деген сұрауға Қазидың айтар
жауабы:
— Русия шегінен шығып кетеміз де. Ар жағында қайда барарымызды
бір тəңірі біледі...
— «Бөденеде мекен жоқ, қайда барса бытпылдық» деген күнге кездеседі
екенбіз ғой, — дейді Арап ауыр күрсініп.
— Жоқты сөйлемеші! — деп Шақан кейіді...
— Жиналғанда не істейсің? — дейді үнсіз отырған
Торсан. — Əлтидің үйіндей сенде сандықтаған алтын жоқ, алтын былай
тұрсың расын айтқанда, осы үй шай-пұйлық ақшаны да зорға тауып отыр.
Нанды егін сап қана жеп отырмыз, əйтпесе, ол да бір құрдым дүние болар
еді. Мал дегенің, де ықшамдалып қалды. Күнделік тіршілікке жұмсаудан
асары аз. Аздап мүлік бары рас, ол да сатылуға келгенде қанша ақша
шығарып оңдырар дейсің.
— Тəйірі, дүниені сөз қылғаны несі? — дейді Жəуке кейіп, — үйде
отырған біз аштан өлмеспіз-ау!.. Ондай күн туа қалғанда, Қазижанды
айтсайшы... Бұнда тығылып жүріп қалай күн көреді... Одан да қайда кетсең
де, тірі кет, шырағым, бізге алақтама!..
Қази үйіне бір қонды да аттанды. Ол келерден бұрын мен «Сарыарқа»
газетінің бетінен «Омбыда ауылдық мұғалімдер даярлайтын қазақша екі
жылдық курс ашылады. Оқушыларға жатақ үй жəне стипендия беріледі,


оқу ноябрьде ашылады» деген хабарды оқығам. Қазимен бұл жөнде
ақылдасқанымда ол баруды мақұл көрді де: «Келе қалсаң мені табарсың,
өзім орналастырармын» деп Омбыдағы адресін берді.
Қази аттанарда азғантай ғана кісі жиналды, олар — Тиышбай хажы,
Əсірептің Бейсені, Күдерібектің Тасқожасы, Қуанышпайдың Боржағы
сияқты Торсанның көп заманнан тілектестері. Əкелік мейірі түсті де, əлде
Қазиды бұл сапардан, енді қайтып оралмайды деп ойлады ма, — баласы
аттанар алдында ол жылап отырды.
Қази ылаумен келген еді, пəуескені Омбыдан алып шығыпты. Оған
жегетін мықты үш ат Торсан үйінен табылмайтынын білген достары, бір-
бір тəуір жылқы əкепті. Пəуескеге аттар жегілген соң, Торсан баласының
сапарына арнап, достарымен екі бас намаз оқыды. Содан кейін бəрі далаға
шығып, Қазимен қоштасып, арбаға отырғызды. Тройка жүріп кетті...
Сол кезде, белін буынған, ескі сəлдесін басына орай салған Тиышпай
хажы: «Аллаһү акбар, аллаһү акбар, хайяғала ассала, ха.йяғала-əл-фалах»
деп бар айғаймен басып, азан шақырды.
Тірі кісі жолға шыққанда азан айтқанын менің бұл бірінші көруім еді.
Менің ұғымымда азанды: не жұртты намазға шақырғанда, не өлікке жаназа
оқығанда айтатын еді.
Қази жөнелген бетте — дөң басында Есенейдің, мешіті, оның қасында
Есенейдің жəне басқалардың ағаштан қиған бейіттері бар еді. Менің
сезіміме сол қабырға тройка өлік əкетіп бара жатқандай əсер пайда болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет