ОқУ Әдістемелік кешені пәні «Қыпшақтану»


Соңғы онжылдықта ірі ноғай диаспоралары Ресейдің басқа да аймағында –



бет68/79
Дата20.04.2022
өлшемі1,31 Mb.
#31662
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   79
Соңғы онжылдықта ірі ноғай диаспоралары Ресейдің басқа да аймағында – Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Ямало-Ненецк автономиялық округінде, Ханты-Мансий автономиялық округінде пайда болды.

Ноғай Ордасында (XIV-XVIII ғғ.) ноғай тілі дипломатиялық келіссөздер жүргізілген мемелекеттік тіл деңгейінде болғанын тарихи құжаттар дәлелдейді. ХІХ ғасырдың 80-жылдарына дейін ноғай тілі Солтүстік Кавказда ұлтаралық қарым-қатынас тілі қызметін атқарған. Кеңес Одағы кезінде ноғайларға өз мемлекеттілігіне және автономиялық мәртебе алуларына рұқсат етілмеді.

Ноғай халқының елеулі бөлігі 1957 жылы әкімшілікті түрде Дағыстан, Шешен-Ингуш және Ставрополь өлкесі аймағына бөлініп кеткен Ноғай даласында орналасқан. Ғалымдар ресейлік ноғайларды бірнеше этнографиялық топқа: қара ноғай, ақсай-сулақ, ащықұлақ, кубань, құм және астрахан ноғайлары деп бөледі.

Ноғай тілі түркі тілдері жүйесінің қыпшақ тобының қыпшақ-ноғай топшасына жатады. Ноғай тілі жазуы көне түркі, ұйғыр-найман жазуымен байланысты. XVIII ғасырдан 1928 жылға дейін ноғай әліпбиі – араб графикасына, 1928 жылдан – латын, 1938 жылдан орыс графикасына негізделген.

1928 жылға дейін қолданылған араб графикасына негізделген әліпбиде араб алфавитіндегі барлық әріптермен қатар, ноғай тіліне тән арнайы дыбыстардың қосымша белгілері болды: ڮ, ۇ, ۋ, پ, ںُ, چ, ژ , گ

1928 жылы жалпыодақтық латындастыру жобасы аясында латыншаға негізделген ноғай әліпбиі жасалды. Оның авторы Ащықұлақ орта мектебінің мұғалімі Абдулхамид Шершенбиевич Джанибеков болды. 1929 жылы бұл алфавитпен алғашқы ноғай әліппесі жарық көрді.

1930 жылдардың аяғында КСРО-да жазуды кириллшеге ауыстыру үдерісі басталды. 1937 жылы Дағыстан АКСР Орталық атқару комитеті «Дағыстан халықтары жазуын орыс графикасына көшіру туралы» қаулы қабылдады. 1938 жылы 20 ақпанда «Дагестанская правда» газетінде жаңа ноғай алфавиті жарық көрді. Ол орыс алфавитінің барлық әріптерін (Ё ё-ден басқа), сондай-ақ Гъ гъ, Къ къ, Нъ нъ диграфтарын қамтыды. Осы жылы әліпбиге Оь оь, Уь уь диграфтары қосылды.

1944 жылы ноғай зиялылары басқосуында Гъ гъ, Къ къ диграфтары алынып тасталынды. 1950 жылы ноғай алфавитіне соңғы өзгерістер енгізілді, яғни Аь аь және Ё ё әріптері қосылды. Қазіргі әліпби 33 орыс алфавитінің әріптерінен және 4 арнайы әріптен тұрады. Содан бері ноғай әліпбиі төмендегідей нұсқада қолданылып келеді: А а, Аь аь, Б б, В в, Г г, Д д, Е е, Ё ё, Ж ж, З з, И и, Й й, К к, Л л, М м, Н н, Нъ нъ, О о, Оь оь, П п, Р р, С с, Т т, У у, Уь уь, Ф ф, Х х, Ц ц, Ч ч, Ш ш, Щ щ, Ъ ъ, Ы ы, Ь ь, Э э, Ю ю, Я я.

Жазушы Иса Капаев өзінің «Бессмертная степь» атты тарихи эссесінде: «Кириллица – ноғай тілі үшін аса қолайлы алфавит емес. Барлығы латын алфавитінің артықшылығын атап көрсетеді. ...Балалар мектепте ана тілін үйрену барысында «В» әрпі кездесетін сөздерді дұрыс оқуда зор қиындыққа кезігуде. Дегенмен бұл жасы үлкен жұртшылыққа да қатысты. Мысалы, «авыл» деп жазылады, «ауыл» деп оқылады, «сав» деп жазылады, «сау» деп оқылады, «саьвле» деп жазылады, «сәуле» деп оқылады т.б. Түріктер қазіргі ноғай әдебиеті басылымдарына қызығушылық білдірсе, олар кітаптарды таңғала оқиды. Өз бетінше, түсіндірмесіз, ноғай тілін оқу тіпті де мүмкін емес. Қазіргі ноғай тілін ұғудан гөрі ежелгі шумерлердің тілі түсініктірек болар. Қазіргі түрколог-ғалымдар осы мәселемен айналысуда...» – деп атап көрсетті(Капаев И.С. Бессмертная степь. Исторические эссе. -Астана: Аударма, 2008).

Ноғай тілі туралы ғылыми-зерттеулер ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жарық көре бастады. Оларға мынадай еңбектерді жатқызуға болады: М.Османов «Ноғай және құмық мәтіндері» (араб әрпімен жарыққа шыққан) (1883); Профессор П.А. Фалев «Ақ-көбек туралы ноғай ертегісі» (Ресей Ғылым академиясы жанындағы Антропология және этнография мұражайының жинағы, Петроград, 1918); осы автордың «Ноғай эпосындағы араб новелласы» (Симферополь, 1915) мен «Ставрополь губерниясындағы ноғай халқы ауыз әдебиеті шығармаларының жазбалары» (Орыс археология қоғамы Шығыс бөлімшесінің жазбалары, 1916) және «Түркі әдебиеті мен тілін зерттеуге кіріспе» (Ташкент, 1922) еңбектері.

Ноғайтанудағы біршама жетістіктерге қарамастан, ноғай тілі – түркі тілдерінің ішіндегі аз зерттелген тілдердің бірі болып отыр. Ноғай тілін зерттеуге ғалымдар Н.А.Баскаков, С.А.Калмыкова елеулі үлес қосты.

Н.А.Баскаков ноғай тілінің үш диалектісін көрсетеді: ноғай (Ставрополь өлкесі), қара ноғай (Дағыстан) және ақ ноғай (Қарашай-Черкес). Ноғай тіліндегі еңбектер мен мәліметтерді фонетикалық, лексикалық, морфологиялық талдау тіл бойынша негізгі үш диалектінің кездесетіндігін көрсетеді: 1) ақ ноғай, бұл диалектіде сөйлейтіндер – Черкес өлкесінде тұратын, кубань ноғайлары; 2) ноғай диалектісінде (шартты түрде) сөйлейтіндер – Ащықұлақ және Қоясулы аудандары аумағында, 3) қара ноғай диалектісінде сөйлейтіндер – Қараноғай аудандық аумағында тұратын ноғайлар. Бұл диалектілердің өзара айырмашылықтары да, ұқсастықтары да жеткілікті. Дегенмен ақ ноғай диалектісіне қарағанда ноғай диалектісі мен қара ноғай диалектісі арасындағы ұқсастық көбірек.

Қазіргі әдеби ноғай тілі қазақ тілінен фонетикасымен (біршама жеңілдетілген және солтүстіккавказдық тілдерге тән ерекшеліктерімен), лексикасымен – парсы, араб және солтүстіккавказ тілдері мен орыс тілдерінен енген сөздерінің көптігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар қазақ тілінде жойылған кейбір ноғай-қыпшақ тілдеріне тән ерекшеліктерді сақтап қалған. Ноғай мен қазақтың түпкілікті ажырауына, салыстырмалы түрде алғанда, аса көп уақыт өте қоймаған, ол жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезеңіне сай келеді.

Ноғай тілі сөздік қорында, түркі тілі жүйесіне жататын байырғы сөздерден басқа, өзге тілдерден енген көптеген сөздер кездеседі. Біріншіден, ислам дінімен бірге келген араб-парсы, екіншіден, ұлтаралық-кеңестік, сондай-ақ орыс тілінен енген сөздердің үлесі көп. Сонымен бірге көршілес және түркі түбірлес сөздердің де жекелеген ноғай тілі диалектілеріне ықпалы байқалады. Мәселен, ақ ноғай диалектісіне – қарашай, черкес, ал қара ноғай диалектісіне құмық тілінің әсері елеулі деңгейде.

Ноғай тіліндегі ұлтаралық, кеңестік (орыс тілі арқылы енген), сондай-ақ орыс тілінен енген сөздер біршама. Бұл сөздер ноғай лексикасының барлық салаларында кездесетіндігімен ерекшеленеді.

Ноғай тілі диалектілерінің арасындағы лексикалық айырмашылықтарды келесідей топтарға бөлуге болады: 1) кейбір ұғымдар мен сөздердің бір диалектіде кездесіп, басқаларында кездеспеуі. Бұл топтағы сөздерге, негізінен, өсімдіктер, жануарлар мен жәндіктердің аттары жатады; 2) бір ұғымға түрлі диалектілерде әр түрлі сөздердің сәйкес келуі; 3) бір сөзге түрлі диалектілерде әр түрлі ұғымдардың сәйкес келуі; 4) сөздердің грамматикасындағы айырмашылықтар; 5) сөздердің фонетикасындағы ерекшеліктер.

Аталып отырған лексикалық, фонетикалық ерекшеліктер көрсетіліп отырған ноғайлар топтарының тарихи оқшаулануы, сондай-ақ бұл аудандардың экономикалық өзгешеліктері, соның нәтижесінде тұрмыс-тіршілігінде елеулі айырмашылықтар орын алғандығынан туындаған. Сонымен бірге жекелеген диалектілердің қалыптасуына басқа ұлт өкілдерімен (қарашай, черкес, құмық) қатар өмір сүру де айтарлықтай әсер еткен.

Қазіргі зерттеушілер ноғай тілінің екі диалектісін: қара ноғай және кубань диалектілерін көрсетуде. Ноғай әдеби тілі қара ноғай диалектісі мен ноғай говоры негізінде қалыптасқан.

Ноғай тілі түркі тілдерінің солтүстік-батыс (қыпшақ) тобының қыпшақ-ноғай тармағына жатады. Фонетикалық, лексикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілері бойынша ноғай тіліне ең жақын тілдер қазақ, қарақалпақ, қырым-татарларының солтүстік-далалық диалектісі мен өзбек тілінің кейбір диалектілері болып табылады.

Ноғай тілінің қазақ және қарақалпақ тілдерімен туыстық тамыры тереңде – оларға жалпы фольклордың көне түрлері: мақал-мәтелдер, сондай-ақ батырлар жыры мен өлеңдер ортақ. Бұл үш халықтың әдебиетінің түп тамырлары да бір, ежелгі ақындар да үш халыққа да ортақ. Ноғайлардың мәдени мұраларында музыкалы-поэтикалық өнер басты орын алады.

Ноғай тіліндегі алғашқы әдеби ескерткіштер ХIV ғасырға, ноғай мемлекетінің қалыптасу дәуіріне, жатады. ХХ ғасырға дейінгі ноғай әдебиетінің ерекше белгісі – поэзиялық шығармалар: өлеңдер, поэмалар, монологтер, одалар, элегиялар.

Ноғайлардың халық ауыз әдебиеті мұралары өте бай. Танымал эпостық шығармаларға «Копланлы батыр», «Орак», «Мамай», «Эр Косай», «Эр Шобан», «Эр Кокше», «Камбар», «Эр Саин», «Возйигит», «Кыз-Йибек», «Козы Корпеш-Баян-Сылув», «Тахир-Зухра», «Эдиге», «Шора батыр», «Эр Тарғын», «Адил Солтан» т.б. жатқызуға болады. Ортағасырлық ноғай ақындары Асан Кайгылы (XIV ғ.), Шал-Кийиз Тиленши улы (XV ғ.), Казы-Тувган Суйиниш улы, Досмамбет Азавлы (XVII ғ.) шығармалары ұлттық поэзия классиктері саналады, музыка мәдениетінде Коркут-Ата (VIII-IX ғ.), Кет-Буга Найманлы (XIII ғ.) туындылары белгілі.

Ноғай кеңестік әдебиетінің қалыптасуы А.Ш.Джанибеков және М.К.Курманалиевтердің ағартушылық қызметімен байланысты. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары олар ноғай фольклорын жинауды жалғастырды, жазуды латын графикасына көшірумен айналысты. Сонымен қатар олар ноғай әдеби тілін қалыптастырды. Зеид Кайбалиев, Басир Абдуллин тағы басқа жазушылардың шығармашылығы олардың қызметімен тығыз байланысты болды. Ноғай жазуын шығарған, тұңғыш ноғай әліппесі мен грамматикасының авторы, этнограф-ғалым Абдулхамид Джанибеков (1879-1955). Ноғай тілінде жазған ақындар мен жазушылар: Абдулжалилов Фазиль Апасович (1913-1974), Джанибеков Абдулхамид Шершенбиевич (1879-1955), Капаев Суюн Имамалиевич (1927-2001), Капаев Иса Суюнович (1949), Кумратова Келдихан Исаевна (1944), Темирбулатова Кадрия Оразбаевна (лақап аты – Кадрия) (1949-1979).

Дағыстан Республикасында, 2010 жылғы санақ бойынша, 40 407 ноғай тұрады, яғни барлық 2 910 249 республика халқының 1,4%-ын құрайды [1]. Ноғайлар – Дағыстанның 14 негізгі халқының бірі. Дағыстан Республикасының Конституциясына сәйкес, «Дағыстан Республикасында орыс тілі және Дағыстанның негізгі 14 халқының ана тілі мемлекеттік тіл болып табылады» [8]. Дағыстан Республикасының Ата заңының 1-тарау, 11-бабында: «Дағыстан Республикасының аумағында тұратын барлық халықтардың ана тілін сақтауға, оны оқып-үйренуге және дамыту құқықтарына кепілдік беріледі».

Дағыстанда тұратын ноғайлардың басым көпшілігі өздерінің ана тілі – ноғай тілін біледі. Сонымен қатар олардың арасында құмық тілі де кең тараған. 1136 ноғай құмық тілін ана тілі деп есептейді, себебі олар бірнеше ғасыр бойы құмықтармен көрші және олармен бірге өмір сүріп келеді.

Дағыстанда ноғай тілін оқыту деңгейі өте төмен. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде мүлде қамтылмаған, балабақшалар тек орыс тілінде жұмыс істейді. Бастауыш мектептік білім беру тек қана орыс тілінде жүзеге асырылады, жалпы білім беретін мектептің бірінші сыныбынан барлық пәндер орысша оқытылады. Ноғай тілі мектепте тек пән ретінде оқытылады, оны оқытуға бөлінген сағат саны мейлінше қысқартылуда. Бүгінгі таңда ана тіліне аптасына 2 сағат қана, ал әдебиет сабағына 1 сағат бөлінген.

Ноғай тілін жүйелі үйренуге, әрине, бұл сағат саны жеткіліксіз, мектептерде шетел тілін оқытуға ана тілін оқытудан гөрі көп сағат бөлінген. Сонымен қатар ата-аналар ана тілін оқытатын сыныптарға өз балаларын бермеуге құқылы, сондықтан көпшілігі ана тілін үйренуді қажетсіз, тіпті зиян деп санайды. Олардың пікірінше, бұл уақытты балаларына орыс не ағылшын тілдерін үйренуге бөлуді пайдалы деп есептейді.

50-жылдардың соңында Ставрополь өлкесі мен Шешен-Ингушетия басшылығы ноғай мектептерін жапты, ноғай тілінде газет шығару тоқтатылды. 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басында ноғай қоғамдық ұйымдар өкілдері ана тілін оқып үйрену мәселесін көтерді, олардың арасында «Бирлик» ұйымы өте белсенділік танытты. Осы ұйымның арқасында кеңес заманында ноғай тілін оқыту қысқартылған аудандарда қайтадан қолға алынды.

Ноғай тілі оқытушыларын дайындау үшін қоғамдық ұйымдар 1992 жылы Дағыстанның Ноғай ауданының орталығы – Терекли-Мектеб ауылында Хасавюрт педагогикалық коллдежі филиалын ашуға қол жеткізді. Бұл филиал 21 жыл бойы ноғай тілі оқытушыларын Дағыстан мемлекетіне ғана емес, Ставрополь өлкесі, Шешен Республикасы және Астрахань облысына да дайындады. Сондай-ақ ноғай тілі мұғалімдерін өз бетінше дайындаған Қарашай-Черкесияға да дайындады. Өкінішке орай, 2013 жылы филиалға оқушы жиналмағандықтан жабылды.

Мұндай жағдай ана тілін үйренушілер мен оқытушылар үшін нашар ықпал етуде. Дағыстан Республикасы астанасы – Махачқалада Дағыстан мемлекеттік университеті филиалы факультетінде ноғай тілі бөлімі бар. Өкінішке орай бұл бөлімде білім алушылар саны саусақпен санарлықтай.

Шешен Республикасында аз ұлттарға жеткілікті көңіл бөлінеді, ноғайларға, осы ұлт өкілдерінің айтуынша, ешқандай қысым көрсетілмейді. Ноғайлар, негізінен, Шелк ауданының төрт елді мекенінде, соның ішінде Сары-Су, Мирный т.б. тұрады. Ноғай этносының ерекшеліктерін сақтау үшін республикада 2002 жылдан Ноғай мәдени орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық ноғайлардың өз тілін, ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуларына ықпал етуде.

Ноғай тілі бүгінде Дағыстан Республикасының ақпарат кеңістігінде қолға алынған. Ноғай тілінде әдебиеттер баспасөз сапасы замануи талапқа сай болмаса да басылуда. Ноғай тіліндегі республикалық газет «Шьол тавысы» («Голос степи»), балалар журналы «Лашын» («Соколенок») шығарылады. Республикалық мемлекеттік телевидениеде ұлттық канал жұмыс істейді, радиохабар таратылады. Әйтсе де хабар тарату уақыты мардымсыз, мәселен, радио хабарларына аптасына 20 минут қана бөлінген.

Қарашай-Черкес Республикасында жалпы тұрғын саны – 477859, оның 15654-і – ноғай. Ноғайлар Қарашай-Черкесия тұрғындарының 3,3%-ын құрайды. Дағыстандағыдай ноғай тілі Қарашай-Черкес Республикасының мемлекеттік тілі болып саналады. Қарашай-Черкес Республикасы Конституциясының 11-бап, 1-тармағында: «Қарашай-Черкес Республикасында мемлекеттік тіл қарашай, абаз, ноғай және черкес тілдері болып табылады» [10], – деп көрсетілген. Республикадағы ноғайлардың басым көпшілігі өз ана тілдерін біледі, 2010 жылғы санақ мәліметтері бойынша, 15530 адам ноғай тілін ана тілі деп атаған.

Қарашай-Черкес Республикасында Дағыстандағыдай мәселелер орын алған: оқу сағатының саны қысқартылған, ана тілін мектепте оқығысы келмейтіндердің саны артқан, бастауыш мектепте ана тілі оқытылмайды. Сондай-ақ Қарашай-Черкес университетіндегі (Қарашай қаласы) филология факультетінің ноғай бөлімі «ноғай филологиясы» мамандығы бойынша білм алушылар өте аз. Талапкерлердің бұл мамандыққа қызығушылығы төмен.

Қарашай-Черкесияда республикалық газет «Ногай давысы» («Голос ногайцев») шығарылады, радио және телехабарлар таратылады. Черкесскіде бірнеше жылдан бері «Половецкая луна» атты қоғамдық-саяси және көркем-әдеби ноғай журналы жарық көруде.

Дағыстандағыдай ноғай тілі ақпараттық кеңістіктен ығыстырылуда, соңғы уақыттарда республикадан тыс жерлерге еңбек көші-қонының артуына байланысты тұрмыстық саладан да шеттелуде.

Оқулық және әдістемелік құралдардың шығарылуының азаюы онсыз да күрделі ахуалды шиеленістірді. Кеңес уақытында ноғай тілін оқытуға арналған барлық оқу құралдары Қарашай-Черкесияда жарық көретін. Дегенмен КСРО ыдырағаннан кейін республика басқа аймақтарды, бірінші кезекте Дағыстанды оқулықтармен қамтамасыз етуден бас тартты, тіпті 2000 жылдары өз тұрғындарының қажеті үшін де шығаруды тоқтатты. Нәтижесінде ноғай тілдері оқытылатын мектептерде оқулық-әдістемелік құралдар жетіспегендіктен, балалар ескі кітаптармен оқуда.

Ноғай тілін, тарихын, этнографиясын, мәдениетін зерттеудің орталығы – Черкесск пен Махачқала қалалары. Екі орталықтың (Черкеск, Махачкаланың) болуы ноғай әдеби тілінің дамуына кедергі келтіруде. Ноғай әдеби тілінің негізін қалаушы Абдулхамид Шаршембиевич Джанибеков, Астрахан ноғайларының өкілі, әдеби тілдің негізіне Дағыстан мен Шешенстан территориясына тараған қара ноғай диалектісін алған. Бүгінгі күні әдеби норманың екі нұсқасы бар деп есептеледі: Дағыстанда – қара ноғай диалектісі негізіндегі және Қарашай-Черкесияда кубань диалектісі негізіндегі әдеби тіл. Сондықтан оқушыларға ноғай тіліндегі әдеби норма қайсысы екендігін ажырату қиынға соғуда.

Дағыстанда және Қарашай-Черкесияда әдебиет мардымсыз жарық көруде. Қазіргі ноғай-орыс сөздігінің қажеттілігі айқын сезілуде. 15 мың сөз қамтылған соңғы басылым 1963 жылы жарық көрген. Сол кезеңнен бері бұл сөздік библиографиялық сирек кітапқа айналған және моральдық жағынан ескірген. Черкесск филологтері 40 мың сөзден тұратын сөздікті баспаға дайындағанымен, осы уақытқа дейін жарық көрмеген. Ол тек ноғайларға ғана емес, түркі тілдерін зерттеумен айналысып жүрген кәсіби филологтерге де өте қажет еңбек болар еді. Тілдік ассимиляция үдерісінің күшеюі – ноғайлар үшін өте алаңдатарлық жағдай. Орал мен Сібірдің мұнайлы аудандарына жұмыс бабымен мекен етіп жатқан ноғай отбасылары ана тілін ұмытып, орыс тілді болып қалыптасуда. Ноғайлардың өз арасында ноғай тілінде сөйлеспеуі, олардың өзара басқа тілдерде қарым-қатынас жасасуы сол тілдерге артықшылық беруде. Бұл қазіргі уақытта ноғай тілінің тұрмыстық салада ғана қолданылуына себеп болуда.

Ноғай тіліне мемлекеттік мәртебе берілген республикалардың өзінде іс жүзінде қоғамдық-саяси өмірде елеусіз тіл болып отыр. Тіпті ноғайлар тығыз орналасқан елді мекендердің өзінде ноғай тілінде ілінген жазулар кездеспейді. Ресми іс-шаралар орыс тілінде өткізіледі. Ноғай тіліндегі ресми республикалық газет, радио, телехабарлар тұрғындардың негізгі бөлігінің назарын аударуға қауқарсыз, хабар тарату уақыты да жеткіліксіз. Бастауыш сыныптарда білім беруде ноғай тілінің оқытылмауы тілдік ассимиляция үдерісін күшейте түсуде. Осылайша, ноғай тілінің болашағы бұлыңғыр, таяу болашақта тіпті тұрмыстық тіл болудан қалу қаупі де жоғары. Бұның басты себебі – ноғай этносының территориялық бытыраңқы орналасуы болып отыр. Қазіргі уақытта ноғай әдеби тілі Солтүстік Кавказдың күрделі этноәлеуметтік мәселелерінің бірі болып саналады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   79




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет