«Өзін-өзі тану» пәніне кіріспе: Оқу құралы/ Әзірлеушілер: Б.Қ. Құдышева - педагогика ғылымдарының кандидаты; Г.Ж. Жұманова - философия ғылымдарының кандидаты, доцент; С.С.Нұркеева - педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент; Д.Е. Серовайская. - Алматы, 2007. - 140 бет.
ISBN 9965-828-08-3
Студенттерге арналған ««Өзін-өзі тану» пәніне кіріспе» көмекші оқу кұралында өзін-өзі тану мәселелерін пәнаралық байланыста қарастыра отырып, зерттеуге қадам жасалды. Оқу құралында адамның «қалыптануы» ретіндегі өзін-өзі танудың ерекше құбылыс ретіндегі түрлі қырларын көріп, түсіне білуге мүмкіндік беретін философиялық, психологиялық және педагогикалық көзқарастар сипатталды.
Кітап студенттерге, оқытушыларға, сонымен қатар өзін-өзі тану мәселелерімен айналысатын оқырмандар тобына арналған.
Алғы сөз
Қоғам дамуының күн сайын өзгеріп жатқан жаңа кезеңіне тән білім беру жүйесінде еліміздің экономикалық, мәдени өмірі салаларында гүлденуіне қол жеткізуге жаңа мүмкіндіктер ашатын айтарлықтай өзгерістер болып жатыр. Қазіргі заманғы білім беруде мамандарды функционалдық дайындау тұжырымдамасынан әрбір адамның жеке мүмкіндіктерін ескеруге және оның өзін-өзі жүзеге асыруы мен дамуына жол ашатын тұлғаны дамыту тұжырымдамасына өту қажеттілігі айқындалды.
Өзін-өзі тану - жаңа интегративті пән, оның мақсаты –жалпы адамзаттық құндылықтар мен адамгершілік мұраттарына сүйене отырып, студенттердің тұлғалық дамуын қамтамасыз ету. Бұл курс әрбір жас адамға, жеткіншекке өз өмірінің мәнін түсінуге және осы өмірдегі мақсаты мен мұраттарын анықтауға, шығармашылық қабілеттері мен бейімділіктерін ашуға, қоғамдағы өз орнын табуға, өзі мен өзгелерді, сонымен қатар, өзін қоршаған әлемді бағалай білуге үйретуді көздейді.
Өзін-өзі тану, қазіргі заманғы білім берудің мәні мен мақсатын анықтай отырып, адамды бүкіл өмір бойы белсенді жасампаздық әрекетке дайындайды. Өзін-өзі тану білім берудің мәні белгілі бір сала бойынша білімді жинақтау емес екендігін түсінуді, адамның өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп отыруын, тұлғалық дамуына ұмтылысын жүзеге асыруды, шығармашылық белсенділікке, өзімен және өзін қоршаған ортамен үйлесімдікке қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Бұл басылым аталған курс бойынша дәстүрлі стандартты оқулық емес, студенттердің өзін-өзі тану мәселелерін тарихи-философиялық, психологиялық және педагогикалық салаларда өзбетінше оқып-үйренуіне арналған көмекші құрал болып табылады.