С. Ə. Тортаев орта ғасырлардағы азия жəне африка тарихы алматы 2009



жүктеу 7.55 Mb.
Pdf просмотр
бет17/25
Дата22.12.2016
өлшемі7.55 Mb.
түріОқулық
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   25
§ 24.  ХV—ХVІІ ғасырдың бірінші 
жартысындағы Жапония
1. Экономикалық жағдайы.
2. Еуропалықтардың Жапонияға енуі.
3. Жапонияны біріктіру үшін күрес.
4.  ХVІІ ғасырдағы Токугава режимі. «Жабық есік» саясаты.
5. Капиталистік қатынастардың  қалыптаса бастауы.
6. Кейінгі  орта ғасырлардағы Жапон мəдениеті.
ХV ғасырдың ІІ-жартысында қалалар тез қарқынмен дами түсті. 
Олардағы қолөнері мен сауда жедел дамыды. Ескі қалалар өсе түсті, 

256
257
жаңа қалалар пайда болды. Жапон көпестері өз тауарларын  Тайвань 
мен Филиппиніге, Үндіқытай жағалауына апарып жүрді. Онда ХV 
ғасырдың аяғында Жапон сауда факторийлері мен елді мекендері 
орын тепті. Бұл кезде жапондықтардың географиялық мəліметтері 
кеңейіп, кеме жасау ісі  дамыды, суда жүзу өнерін, тау-кен ісін, алтын, 
күміс, мыс өндіруді жетілдіре түсті. Өндірістің бұл салаларының 
дамуы сыртқы жəне ішкі  саясатқа байланысты болды.
Ірі феодалдарға көп қару-жарақ  керек болды, соғыстар  мен 
феодалдардың  баюға  ұмтылуы  алтын    мен    күмістің    көптеп 
өндірілуін қажет етті. Жапондықтар мысты Қытайға тасыды. Ол 
жақтан мыс  тиындар алып отырды. Өз тиындарын жапондықтар 
тек ХVІ ғасырдың соңынан  шығара  бастады. Қытайға мыстан 
басқа семсер, желдеткіш, кермелер апарып тұрды. Еуропалықтарды 
бəрінен  бұрын жапондықтардың  алтыны мен күмісі  қызықтырды. 
Сыртқы сауданың  дамуы кеме жасауды ұлғайтты.
Елдің  экономикалық дамуы жедел қарқынмен жүріп  жатты. 
Бірақ бұл даму біржақты болды. Олай дейтін  себебіміз өнеркəсіпке 
қарағанда ауыл шаруашылығы өте баяу дамыды, ал халық тұтынатын 
тауарлар өндіру тау-кен өндірісінен, қару-жарақ  жасаудан əлдеқайда 
артта қалды. Өндірістің кейбір салаларын ірі феодалдар-даймелер өз 
қол астына алып алды. Тау-кен  рудниктері, кеме жасау, қару-жарақ 
өндірісі солардың қолында болды.
Сыртқы саудадағы сияқты, бұл істерге даймелер көпестерді де 
араластырды. Кейбір қалаларда /феодалдарға бағыныштылығы 
 
шамалы/ қару-жарақ жасау, мата тоқу өндірістерін өздері 
ұйымдастырды. Теңіз арқылы алыстағы елдермен саудадан көп 
табыс тауып отырды. Мысалы, Комигая Содзин деген көпес ХVІ 
ғасырдың екінші жартысында Кореямен, Қытаймен, Сиаммен, 
Люсонмен /Филиппин/ сауда жасады. Ол өз отаны Кюсю аралында 
бояу  шығаруды  кеңінен  жолға  қойды,    атақты  «Хаката»  матасын 
шығаруды қолға алды. Хонсю аралының оңтүстігіндегі күміс 
руднигін іске қосты, құрылыспен де айналысты. Накояда диктатор 
Хидэесидің лагерін салды. Хидэесидің іс жүзіндегі банкирі ретінде 
сол кездегі саяси өмірге белсене араласты.
Симай Сосицу деген тағы бір ірі көпестің Кореяда, Люсонда /
Филиппин/, Сиамда сауда агенттері болды. Шексіз байлық иесі 
бола тұрып, ол іс жүзінде Кюсю аралының  даймелерін өз қолында 
ұстады. 1592 жылы ол Хидэесидің Корея мен Қытайға жорығын 
дайындауға белсене араласты.
Жапондық қарақшы кемелер ХVІ ғасырда Қытайға шабуылдарын 
қайталады. 1523ж. олар ірі портты Қытай қаласы  Нинбоны талан-
таржға  салып,  өртеді.  1555  ж.  жапон  кемелері  Янцызы  өзенімен 
Нанкинге дейін жетті. Тек 60- жылдары ғана олар талқандалды. 
Жапондықтар  Қытаймен  1593  жəне  1597  жж.  соғысып,  жеңіліс 
тапты.
ХVІ ғасыр ортасында Жапонияның еуропалықтармен сауда 
қатынасы орнады. 1543 ж. Жапонияға португалдықтар келсе, 1580 
ж. испандықтар келіп жетті. Еуропа көпестері, қарақшылары мен 
миссионерлері Жапонияға Қытай мен Индиядан, Үнді қытайдан 
негізінен жібек маталарын, т.б. бұйымдар əкеліп тұрды.
Сондай-ақ Еуропада жасалған қару-жарақтар көптеп сатыла 
бастады. Көп кешікпей ондай қаруды Жапония өзі шығара бастады. 
Жапониядан еуропалықтар алтын, күміс жəне еркінен айырылған 
адамдарды алып келіп отырды. Өзара соғыстарда қолға түскен 
тұтқындарын жапон феодалдары да сатып отырды. Оқпен атылатын 
қару-жарақ енді жетік меңгерген маман-жауынгерлерді қажет етті.
Князьдар енді тек самурайлардан ғана құрылған қарулы 
күштермен қанағаттанбай, шаруалар отрядтарын да қаруландыра 
бастады. Жаңа замоктар саяси-əкімшілік орталықтарына, олардың 
төңірегі нағыз қалаға айнала бастады. Өз замоктарында даймелер 
самурайлардың басым көпшілігін ұстады. Оларға шаруалардан  
жинап алынатын натуралдық рентаның есебінен  күріштен  паек 
беріп  отырды. 
Португалдық, кейін — испандық көпестермен бірге келе бастаған 
иезуиттер Жапонияда католик дінін уағыздады. Алғаш бұл уағыз 
табысты болды: Кюсю аралының даймелері иезуиттерді қабылдап, 
уағыздарына рұқсат беріп, мектептер мен шіркеулер  ашуға 
 
мүмкіндік  жасады. Өздері  де  христиан дінін
қабылдап, ол дінге вассалдарын да тартып отырды. Даймелер 
сол діннің көмегімен өз порттарына сауда кемелерін көптеп 
тартуға, сөйтіп  көбірек пайда табуға, ең бастысы — оқ-дəрімен 
атылатын қару-жарақ қорын байытуға тырысты. Сонымен қатар 
Еуропалықтарды өз қарсыластарына қарсы күресте де пайдалануды 
ойлады. Еуропалықтардың келуі Жапониядағы феодалдардың өзара 
қырқысуын  шиеленістіре түсті.
Сонымен қатар теңіз саудасын дамытты, сөйтіп, портты қала-
лардың  көпестерін  байытты.  Еуропалықтардың  мұндай  пайда-
сымен қатар, Жапонияның отарға айналу қаупі туды. Бұл қауіпті 
испандықтардың Филиппиныны басып алуынан айрықша көруге 
болатын еді. Бірақ феодалдар үшін басты қауіп шаруалар көтері-
лістері  сияқты  болып  көрінді.  Осындай  жағдайда феодалдар мен

258
259
ХІV- ХVІІ ғасырлардағы Жапония.
1. 1485—1493 жж. шаруалар көтерілістерінің аудандары; 
2. 1428—1580 жж. шаруалар көтерілістері мен феодалдық қырқысулар 
ауданы; 3. Токугава үйінің 1600 жылға қарай үстемдік жүргізген 
аудандары; 4. 1637 ж. көтеріліс; 5. ХІІІ ғ. 70—80 жылдарындағы Монғол 
шапқыншылығына қарсы тұрғызылған бекіністер.
 
ауқатты қала тұрғындары арасында Жапонияны біріктіруге, бір 
орталыққа бағынған күшті мемлекетке айналдыру ниеті күшейе 
түсті. Бұл біріктіру бастамасын белсенді түрде қолға алғандар 
еуропалықтармен байланысы нығая қоймаған, оңтүстіктегі 
даймелердің күшеюінен қауіптенген орталық арал Хонсюдің орта-
ша  жəне  ұсақ  феодалдары  болды.  Сонымен  қатар  Жапонияның 
бір орталыққа бағынған күшті мемлекетке айналуына, феодалдық 
құрылысты  нығайтуға ықпалды феодалдар да мүдделі болды. 
Олар мұндай үкімет өзара қырқысуды, шаруалар көтерілістерін 
тоқтатады, сауда-ростовщиктік капиталдың өсіп бара жатқан 
өктемдігін шектейді деп үміттенді.
1568—1582 жж. ең бірінші рет елді біріктіру ісін кедейлеу фео-
дал Ода Нобунага басқарды. Аз ғана уақыттың ішінде ол орталық 
Хонсю ауданының көптеген даймелерін өзіне бағындырып алды. 
Ол Асикага əулетінің ең соңғы сегунын биліктен тайдырып /1573/, 
өзара қырқысуға қатысқан бірнеше  буддалық  монастырларды  
талқандады. 1580 жылға қарай Ода Нобунага Жапонияның жар-
тысына жуығын өз қол астына біріктірді. Өзіне қаратқан жерлер-
де  Нобунага  ішкі  кедендерді  жойып  отырды.  Жолдар  салынды. 
Нобунага Орталық үкіметке ХV—ХVІ ғғ. феодалдардан тəуелсіз-
дігін жеңіп алған, Жапонияның ең бай қаласы Сакаиды /Осака 
маңында/ бағындырып алды. 
Нобунага елді толық біріктіріп үлгере алмады. Оны қапыда өзінің  
бір вассалы өлтірді. Жапонияны біріктіруді оның жақын серігінің 
бірі Тоетоми Хидэеси /1583—1598/ аяғына жеткізді. Хидэеси елде 
қатаң тəртіп орнатты, шаруалардың қару-жарағын жинап алды. Ол 
шаруаларды жерге бекітетін, басы ауған жаққа кетуіне тыйым сала-
тын жаңа жер кадастрын /реестр тізімі/ енгізді. Жерді пайдаланғаны 
үшін шаруа түсімінің 2/3 бөлігін салық ретінде феодалға өткізетін.
Хидэесидің сыртқы саясаты басқыншылық саясат болды. 1592-
1597 жж.  Хидэеси Кореяға екі үлкен жорық жасап, оның оңтүстігінен 
солтүстігіне дейін жетті. Бірақ аяғында жеңіліп, Кореядан кету-
ге  мəжбүр  болды.  Бұл  жеңілістен  кейін  Хидэесидің  отаршылдық 
саясатын белсенді түрде қолдаушы сауда буржуазиясы өзінің сая-
сат пен экономикадағы бұрынғы ықпалынан айырылды. Дегенмен, 
елдің бірігіуі, өзара қырқысулардың тоқтауы ішкі сауданың жедел 
қарқынмен дамуына мүмкіндік жасады.
1598 ж. Хидэеси өлген соң елдің үшінші біріктірушісі рөлін 
Хидэесидің қолбасшыларының бірі, Канто ауданының даймесі 
Токугава Иэясу атқарды /1598—1616/. Токугава 1600 ж. Хидэесидің 

260
261
баласын жақтаған қарсыластарын Сэкигахара түбіндегі шайқаста 
жеңіп, 1603 ж. билікті ресми түрде баласы Хидэтадаға берді. Бірақ  іс 
жүзінде өзі басқара берді. Токугава əулетінің  сегундері Жапонияны 
1867-1869 жж. буржуазиялық революцияға дейін, яғни 265 жыл 
биледі. Үкімет 1637 ж. Кюсю аралындағы Симабара қаласындағы 
көтерілісті басты. Бұл көтеріліске қатысушылардың көпшілігі хри-
стиан дініндегі самурайлар мен қала тұрғындары болғандықтан 
оны «Христиан көтерілісі» деп те атады. 1633, 1636, 1639 жж. үш 
жарлығымен үшінші сегун Иэмицу өлім жазасын қолдана отырып 
жапондықтардың өз елінен кетуіне, алысқа жүзе алатын үлкен кеме-
лер жасауына тыйым салды.
Елге шетелдіктердің келуіне де тыйым салынды. Тек қытайлық-
тар мен голландықтарға рұқсат етілді. Дэсима аралындағы Нага-
саки қаласында өткізіліп тұратын жəрмеңкеге Қытай, голланд сау-
да кемелерінің келуіне болатын еді. ХVІ ғасырда жапондықтар тек 
Корея, Қытай, Сиам, Филипинымен ғана емес, Еуропа елдерімен де 
байланыс жасап тұрды. Мысалы, 1582-1590 жж. Римде Кюсю ара-
лында христиан князьдықтарының елшілігі болды.
1587 ж. ең бірінші рет христиан дінін насихаттауға тежеу са-
лынды, бірақ еуропалықтармен қатынас үзілген жоқ.  Кезінде 
Хидэеси еуропалықтардың кемелері мен қаруын Кореяға жо-
рығында пайдалануға тырысқан еді. Токугава Иэясу да сол саясат-
ты ұстанды. Ол ағылшындар мен голландықтарға кеңшілік білдіре 
отырып, оларды испандықтар мен португалдықтарға қарсы айдап 
салып отырды. Токугава  Иэясу 1610 ж. Мексикаға, 1613 ж. Еуропаға 
елшіліктер жіберді. Бірақ оның билігінің соңына қарай жəне баласы 
басшылыққа келген соң еуропалықтардың Жапониядағы істеріне 
үзілді-кесілді шек қойылды.
Бұл Жапонияның басқа елдермен қатынасын жасанды түрде 
үзіп тастау 2,5 ғасыр бойы сақталды. Мұндай шаралар феодалдық 
құрылысты тұрақтандыру мақсатын көздеді. ХV—ХVІ ғғ. сыртқы 
сауданың дамуы теңіз порттарындағы пысық қала тұрғындарының 
баюына мүмкіндік жасады. Мұндай бай қала тұрғындарының 
қатары көбейе түсті. Күшейіп алған қала буржуазиясы феодалдық 
құрылысқа қауіп төндірді. Сондықтан да Жапонияның жаңа үкімет 
басшылары сыртқы саудаға тыйым салып, бұл күшейіп келе жатқан 
сауда буржуазиясына соққы беруге тырысты. Тек голланд жəне 
Қытай саудагерлеріне ғана Жапонияға келіп-кетіп тұруға рұқсат 
етілді.
Шет елдермен сауда, одан түсетін табыс үкімет пен оның 
өкілдерінің пайдасына түсіп отырды. Бұл шара саудагерлердің 
де, оңтүстік феодалдарының да баю көзіне үлкен зиян келтірді. 
Сонымен қатар жапон феодалдарына өз билігін Қытай мен Кореяны 
бағындырып алған манчжурлар тарапынан зор қауіп төнді. 
Дегенмен елді басқа əлемнен бөліп тастаудың басты себебі елдің 
ішкі жағдайына байланысты болды. Елде шаруалар көтерілісі кең 
өріс алды. Ол көтерілістер христиан дінінің туы астында өткізілді. 
Сондықтан христиан дінін уағыздау жапон феодалдарына ерекше 
қауіп төндірді. 1630 ж. Еуропа кітаптарын  əкелуге тыйым салынды. 
Христиан діні туралы мағлұматтары бар қытай кітаптарын əкелуге 
де шек қойылды.
Жер феодалдардың /дайме/ меншігі ретінде бекітілді. Жер 
иесінің табысы дəл есептеліп отыратын. Табыс күріш дақылымен 
есептелетін. Барлық қаражат есеп-қисаптары күрішке аударылды. 
Күріштің басты өлшемі-коку — 1,8 гекто литр /180 литр/ — барлық 
құнның негізігі өлшемі болып табылды. Сол себепті феодалдардың 
табысы күріш кокумен есептелді.
Жер иесі — дайме өзі басқаратын шаруашылықтағы тұр-
ғындардың үстінен əкімшілік билігін, сот билігін бірге атқарды.  
Оның қол астында көмекші вассалдары-самурайлар шаруашылық 
жұмыстарынан қол үзіп, бақылаушы, есепші, дайменің шабарма-
ны қызметін атқарды. Үкімет феодалдардың өзара қырқысуларына, 
үкіметке қарсы бас көтерулеріне тыйым салды.
ХVІ  ғ.  аяғы  ХVІІ  ғ.  басында  қалалар  қатары  көбейіп,  оның 
халқының саны өсе түсті. Ең үлкен  қалалар — Эдо, Киото, Осака 
болды.  Ол  қалалардың  тұрғындарының  саны  300  мыңнан  асты. 
Онан кейінгі Нагоя, Нагасаки, Сакаи, Канадзава қалаларында 60 
мыңнан астам адам тұрды. Хиросима, Окаяма, Хаката, Кумамота, 
Акида сияқты қалалардың халқының саны 20—30 мың аралығында 
болды. Ірі-ірі 17 қаладағы  сауда мен қолөнері феодалдар  биілігінен 
алынып, тікелей орталық өкімет қарауына берілді.
Қолөнершілер бірлестіктері «дза» деп аталды. Əр деревня   бес 
үйден тұратын аулаға бөлінді. Ол ауланың өз бастығы болды. Ол 
бастық сол 5 үйдің ішіндегі ең пысығынан тағайындалды. Оның 
міндеті — қарауындағы 5 үйдің мүшелерінің үкімет жарлықтары мен 
тапсырмаларын, нұсқауларын бұлжытпай орындауларын қадағалау 
болды.  Шаруалардың  бекітілген  жерден  кетуге  құқы  болмады.   
Қашып кетсе оның міндетін қалған үйлердің шаруалары бірлесіп 
атқарды, қарызын да,  салығын да бірлесіп  төледі. Қашқан шаруа 
қатаң жазаланатын. Саудагерлер мен қолөнершілердің қызметтері 
де  шектеулі  болды.  Бірақ  ол  шектеу  шаруалардың  тұрмысы  мен 

262
263
қызметіндегі  шектеу  сияқты  өте  қатаң  болмады.  Іс  жүзінде  бұл 
шектеулер өне бойы сақтала да бермейтін. Қолөнершілер мен 
саудагерлердің жеке топқа бөлінуінің өзі олардың күшейгендігін 
көрсетті. Бұрын Жапон хұқы тек «самурайлар» /жауынгерлер/ 
мен  «халықты» мойындайтын да, саудагерлер мен қолөнершілерді 
елемейтін.
Токугава шектеушілігі дворяндар сословиесінің ішіне де өзге-
рістер енгізді. Барлық дворяндар тобының басында жоғары сюзерен 
тұрды. Ол бұрынғыша «сегун» деп аталды. Оның жақын уəзірлері 
«фудайлар» болды. Олардан кейін бөгде князьдар — «тодзамалар» 
тұрды. Бүкіл самурайлар бұқарасы осы бөгде князьдардың қол 
астында олардың вассалы ретінде болды. Сегун қарамағындағы са-
мурайлар «хатомото» деп аталып, ерекше жағдайда болды. Əрбір 
дайменің  самурайлар  отряды  болды.  Барлық  басқару  аппаратын 
бақылайтын арнаулы топ «мэцукэ» деп аталды. Бұл топқа сегунның 
бақылаушылары кірді.
Токугава шаралары ХVІ ғасырдың ортасынан басталған 
феодалдық құрылыстың ыдырауын аз уақытқа болса да кідіртті. 
Феодалық өзара қырқысулардың тоқтауы экономиканың дамуына 
қолайлы жағдай туғызды. Ауыл шаруашылығында жаңа техникалық 
құрал-саймандар пайда болды. Дəнді дақылдардан басқа қағаз жəне 
лак ағаштары, шай жəне цитрус өсіру өркендеді; тəтті картофель, 
қарбыз, темекі, мақта өсімдіктері əкелініп, өсіріле бастады.
Мұның бəрі халық санының өсуіне ықпал етті: ХVІ ғасырдың 
аяғында 16 млн. халық болса, ХVІІ ғасырдың аяғына қарай оның 
саны  25  миллионға  жетті.  ХVІІ  ғасырдың  30  жылдарындағы  шет 
елдермен араласуға тыйым салынғаннан кейін жəне көпестерді пай-
да  табудың  көзі — сыртқы саудадан айырған соң ақша — тауар 
қатынастарының жапон деревнясына ағылуы басталды. Бұл ағылыс 
натуралдық шаруашылықты тез ыдыратты. Дайме, самурайлар, ша-
руалар көбірек сауда өсімқор капиталының  ықпалына түсіп қалып 
отырды. 
Капиталистік өнеркəсіптің алғашқы түрлері — үйдегі өнеркəсіп 
пен мануфактура өмірге келді. Мұндай өнеркəсіп алдымен мақта иіру 
саласында орын алды. Аудандар матаның түр-түріне маманданды: 
бір аудан тек жібек матамен айналысса, енді бір аудан жəй ғана  мата 
тоқумен шұғылданды. Саудагерлер бұл өнеркəсіптерді бірте-бірте 
өз қол астына бағындыра берді. Тапсырысты да солар беріп отырды. 
Капиталистік кооперациялар мен орталықтандырылған мануфак-
туралар елдің өнеркəсібінде елеулі рөл атқара қойған жоқ. Мұндай 
өнеркəсіп сакэ жасау ісінде, тоқыма өндірісінде бірлі-жарымды ғана 
орын алды.
Үкіметтік жəне əулеттік мануфактуралар металл өңдеу, фарфор-
фаянс өндірісінде кеңірек орын алды. Ондай мануфактураларда 
жергілікті шаруалармен қатар жан-жақтан қашқан шаруалар да 
істеді.
Сөйтіп, жапон деревнясына тауар-ақша қатынасының енуі, 
капиталистік өндірістің алғашқы түрлерінің тууы, шаруалардың 
мүлік жағынан жікке бөлінуі, қалалардың өсуі, айырбастың жетілуі 
елде үстемдік еткен натуралдық шаруашылықты ыдырата бастады.
Мəдениет. Кейінгі орта ғасырлардағы Жапон мəдениеті 
Хэнандық сарай ақсүйектері мен əскери-феодалдық  дворяндар 
мəдениеттерінің элементтерін біріктірді. Жапондықтардың сана-
сезімдерін, эстетикалық талғамдарын қалыптастыруға сондай-
ақ Қытай мəдениеті мен дзэн сектасы да ықпал етті. Адамдардың 
əсемдікке, сəн-салтанатқа деген ынта-ықыласы арта түсті. 
Жаңа талғам, көзқарас, əсіресе сəулет өнері мен бақтарды 
безендіруде айқын көрініс тапты. Оған Киотода сақталған Нан-
дзэндзи, Дейтокудзи, Токуфукудзи монастырлары мен ХІV ғасыр-
дың аяғы — ХV ғасырдың ортасында салынған Асикага сегундары 
Кинкакудзи мен Гинкакудзидің резиденцияларынан көз жеткізуге 
болады. Бұл кезде икэбана деп аталған гүл шоғын құрастыру өнері 
кеңінен дамып, жетіле түсті.
Кейінгі орта ғасырлардағы бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдері 
Сэссю (1420—1506), Кано Масанобу (1434—1530), Кано Мотонобу  
(1476—1559) болды. Ғылым дамып, білім беру ісі де жетіле түсті. 
1633 ж. Эдо қаласында өкімет қызметкерлерін даярлайтын Ака-
демия ашылды.
Театр өнері де жаңа табыстарға қол жеткізді. ХІV ғасырда 
қалыптасқан Ноо театры ХV ғасырдан бастап сегундардың 
қамқорлығына алынды. Тез қарқынмен дамып келе жатқан қала-
лардың қарапайым халқының мүддесін білдіретін Кабуки деген 
тірі əртістің театры мен Нинге дзерури деген марионеткалар театры 
мəдени өмірде үлкен рөл атқарды. ХVІІ ғасырдың басында ашылған 
Кабуки театрының негізін храмдық биші, əнші Окуни қалады. 
Алғаш Кабукидың труппасында тек əйелдер ойнады. 1629 ж. өкімет 
əйелдердің ойнауына тыйым салды. Енді театр сахнасында тек жас 
ұлдар мен жігіттердің ойнауына ғана рұқсат етілді. Бірақ 1652 ж. 
өкімет бұл театрды да арсыздар деп таратып жіберді.

264
265
Ə д е б и е т т е р:
1.  История  Востока.  Т.  ІІІ.  Восток  на  рубеже  средневековья  и 
нового времени. ХVІ—ХVІІІ вв.— М: Восточная литература РАН, 
1999.— 363—374, 626—630 бб.
2.  Кузнецов  Ю.  Д.,  Навлицкая  Г.  Б.,  Сырицын  И.  М.  История 
Японий.— М: Высшая школа, 1988.— 89—140, 268—301 бб.       
  
          
§ 25. Кейінгі Орта ғасырлардағы Корея
1. ХVІ ғасырдағы Кореяның əлеуметтік экономикалық дамуы,  
    саяси жағдайы.
2. Корей халқының жапон басқыншыларына қарсы күресі.
3. ХVІІ ғасырдың бірінші жартысындағы Корея. Маньчжур 
    шапқыншлығы.
4. Сауда, аграрлық қатынастар,  салық жүйесі.
5. ХV—ХVІІ ғасырлардағы Корея мəдениеті.
ХV ғасырдың аяғында орталықтандырылған Чосон мемлекеті 
əлсірей бастады. Елде натуралдық шаруашылық үстемдік құрды. 
Жеке аудандардың экономикалық байланысы нашар  болды. 
 
Осындай жағдайда орталықтандырудың бірден-бір негізі жерге 
мемлекеттің меншігі болды. Бірақ жерге феодалдық жеке меншіктің 
дамуы жекелеген феодалдардың күшеюіне мүмкіндік туғызды. 
Кореяның ескі ақсүйек жер иелерінің орнына жаңа Ли əулетінің 
туыстары немесе жақтастары келе бастады. ХV ғасырда басталған ірі 
жер иеліктерінің өсуі ХVІ ғасырда онан əрі жалғасты. Ірі феодалдар 
арасындағы бақталастық күшейе түсті. Олар билік үшін, жер үшін 
қақтығысты. Əр топ үкімет басына өз өкілін отырғызу үшін күресті. 
Бұл күресте ақсүйектер, феодалдар халықты жікке бөліп, əрқайсысы 
көпшілікті өз жағына тартуға тырысты. 1504 жылы жəне 1548 жылы 
астанада осындай қақтығыстар халық толқуларын туғызды.
ХVІ ғасырдың екінші жартысында өзара күресуші феодалдық 
кликалар «таң» /партия/ деп аталған саяси топтарға біріге бастады. 
1575 жылы сарай əкімдерінің арасындағы жікке бөлінушілік батыс 
жəне шығыс тандарының құрылуына себеп болды. Кейінірек бұл 
тандар ыдырап,  солтүстік жəне оңтүстік тандар құрылды. Өкімет 
билігін қолға алу тандардың басты мақсаты болды.
Күшті тұрақты армия болмады. Шаруалар əскери міндет-
керлік өтеудің орнына салық төлеп отырды. Əскерге арналған 
қаржыны əкімдер талан-таражға салды. Шекаралардағы, теңіз 
жағалауларындағы қамал-қорғандар қирады, тозды. Осындай 
жағдайда Корея жапон басқыншылығына ұшырады.
Жапонияны біріктіргеннен кейін, 1580 жылдары Хидэеси Қиыр 
Шығыста басып алушылық саясатын жүргізе бастады. Корей 
жағалауын жапон қарақшы кемелері мазалай бастады. Корей 
үкіметі Пусанда тұратын жапон саудагерлерінің санын қысқартып, 
екі ел арасындағы сауданы шектеуге,  кейінірек мемлекетаралық 
байланыстарды үзіп, сауда порттарын жабуға мəжбүр болды.
1583 жылы Хидэеси сёгун Кореяға Татибан деген елшісін 
жіберіп, сый-сыбаға жіберіп тұруды талап етті. Кəрістер ол талапты 
орындаудан бас тартты.
Қытай мен Кореяға шабуылды бастаудың алдында Хидэеси 
Кореямен келіссөз жүргізді. Ол Кореядан жапон əскерін өз аумағы 
арқылы Қытайға өткізуді, Қытайға бірлесіп жорық жасауды талап 
етті. Корей үкіметі бұл талапты орындаудан бас тартты. Олар: “Біз 
бақытты болсақ, Қытай қуанады. Кытай көмектеседі... Қалайша 
біз өз император əкемізді тастап, сендерге қосыламыз”,— деп Мин 
империясына адалдығын көрсетті.
Бұл кезде жапондықтар Кореяға жақын порттарға тек суық 
қарумен ғана емес, сондай-ақ еуропалықтардан алған оқ пен 
атылатын қарумен жабдықталған əскерін үйіп-төге бастады.
1592 жылы — имичжин жылы
1
 — мамырда (қытай-кəріс ка-
лендары бойынша — сəуірде) Укита Хидэиэ басқарған 200 мыңдық 
жапон əскері Пусан маңына келіп түсе бастады. Бұл соғыс имичжин 
соғысы деп аталды. Олар Пусан мен Тоннэ қамалының тұрғындары 
тарапынан айбынды қарсылыққа тап болды. Бірақ жапон əскерінің 
сан жағынан көп болуына байланысты жəне корей əскері тара-  
пынан қолдау-көмек болмағандықтан бұл қамалдарды жапондық-
тар басып алды.
Кенсандо провинциясындағы Корё əскерінің басшылары көмек 
көрсету орнына кемелерін суға батырып, өздері қашып кетті.
Енді жапон əскері үш колоннаға бөлініп, Пусаннан Сеулге қарай 
бет алды. Корей үкіметі жəне əскер басшылары қашты. Кореяның 
құрылықтағы  қолбасшысы  Син  Иб  аз  күшпен  қамал  қорғанысын 
ұйымдастырудың орнына Чжунчжу жазығында саны жағынан 
əлдеқайда басым жапон əскеріне карсы шайқасқа шығып, толық 
талқандалды. Король мен сарай ақсүйектері асығыс түрде Сеулден 
солтүстікке қарай қашты. Кореяға келіп түскен соң 20 күннен 
1
 Əр 60 жылдық цикл бойынша жаңа алпысыншы жылдың басы.

266
267
кейін жапон əскері астананы алды. Маусым айында жапондықтар 
Когурёнің астанасы Пхеньянды алды. Ал солтүстік шығыста 
Туманган өзеніне жетті. Елдің басым көпшілік жерін жапондықтар 
басып  алып,  халықты  аяусыз қырды. Жапондықтар Киото қала-
сында өздері өлтірген 30 мың кəрістердің құлақтарын жерге көмді.
Кəріс   халқы  жапондықтарға  қарсы  партизандық  күреске  
шықты. Халық жасақшыларының əділеттілік армиясы — Ыйбён 
құрылды. Кёнсандағы партизан отрядын конфуциандық оқымысты 
Квак Чэ У басқарды. Ол халық арасында «Қызыл киімді қолбасшы» 
деген атпен белгілі болды. Чолла провинциясында құрылған 
отрядты Ко Гён Мён басқарды. Чхунчхон провинциясында  Чо  Хён  
басқарған  отрядта  700  адам   болды.
Олар Кеңсан тауында саны 10 есе басым жапон əскерімен 
ең соңғы жауынгері қаза тапқанға дейін шайқасты. Халық 
жасақшыларының қимылына Ли Сун Син (1545—1598) басқарған 
кəріс флотының ерлік шайқастары дем беріп отырды. Ли Сун Син 
1545 жылы 5 мамырда Сеулдегі орташа бақуатты янбан отбасында 
туған.  1576  жылы  ол  корольдың  əскери  училищесін  өте    жақсы  
бағалармен  тамамдап шықты.  Сонан кейін əскери-теңіз қызметінің 
барлық сатыларынан өтті. Кəріс-жапон соғысы қарсаңында ол 
Чолла провинциясындағы флоттың қолбасшысы болатын.
1592 жылы жазда Ли Сун Син кемелері жапон кемелерін 
талқандады. Тамызда Хонсандо аралында Ли Сун Син жапон 
кемелерінен қорқып қашқандай боп, ашық теңізге алдап шығарып, 
жасырын тұрған кемелермен жапондықтарды талқандады. Кейін 
Анголъихо портында тағы да жеңіске жетті. Осы екі шайқаста Ли 
Сун Син жаудың 100-ге жуық кемесін, 9 мыңға жуық теңіз əскерінің 
жауынгерлерін жойып жіберді.
1592 жылғы қазанда үкімет əскері мен Кенсандо провинция-
сының  партизандары  Кореяның  ежелгі  астанасы  Кенчжуды  азат 
еттті.  Осы  қала  үшін  шайқас  кезінде  кəрістер  Ли  Чан  Сон  ойлап 
тапқан жаңа қару-жарылғыш снарядтармен атылатын зеңбіректі 
қолданды. Оның оғы 500-600 қадам қашықтықтағы нысанаға 
жететін.  1592  жылғы  қарашада  30  мыңдай  жапон  əскері  Чинджу 
қамалын басып алуға тырысты. Бірақ Ким Сим Ин басқарған төрт 
мындық кəріс қорғанысшыларының ерлігі жапондықтардың бұл 
ойын жүзеге асырмады.
1592 жылдың аяғына қарай Кореяға көмекке Қытайдың 50 мың-
дық əскері келіп жетті. 1593 жылғы ақпанда қытай-кəріс əскерлері 
жапондықтардан Пхеньянды азат етті. Мамыр айында жау Сеул 
қаласынан да қуылды. Жапон əскерлері Кореяның қиыр оңтүстік-
шығысында, Пусан мен Ульсан аймақтарын ғана ұстап қалды. 
Олардың толық қуылуына қытай мен кəріс билеуші топтарының, 
əскерлерінің арасындағы алауыздықтар кедергі болды.
Хидэеси келісімге келуге шақырып, уақыт ұтуға тырысты. Бұл 
уақытты ол соғысты қайта бастауға дайындалу үшін пайдаланды. 
Кəрістер де қарап жатпады, олар да соғысқа дайындық жүргізді. 
Сарай маңында соғыс барысы туралы айтыс-тартыстар болып, 
Ли Сун Син оның құрбаны болды: ол басшылықтан тайдырылып, 
қатардағы матросқа төмендетілді.
1597 жылы сəуірде жапондықтар соғысты қайта бастап, Корея 
флотын жеңді. Сөйтіп, Жапония теңіз арқылы Кореяға үлкен əскер 
жеткізді. Корея бұл жолы соғысқа бұрынғыдан гөрі жақсырақ 
дайындалған болатын. Ескі халық жасақтары қалпына келтіріліп, 
жана жасақтар құрылды. Тұрақты əскер де ширақ жəне шебер 
қимылдады. Король Ли Сун Синді қайтадан флоттың қолбасшысы 
етіп тағайындауға мəжбүр болды. Ол небəрі 10 кемемен 1597 жылғы 
қазанда жапон флотына ойсырата соққы берді. Чикосан маңында 
қазан айында жеңіліске ұшыраған жапон əскері оңтүстікке қарай 
шегінді. Кореяға Қытайдан жаңадан құрылықтағы əскер, флот 
көмекке келді. 1598 жылы қарашада Норянчжинде Ли Сун Син 
басқарған Корея флоты жапон флотын толық талқандады. Осы 
шайқаста Ли Сун Син қаза тапты. Осы шайқаспен соғыс аяқталды. 
Жапондықтар Кореядан толық қуылды. ХVІІ ғасырдың басында 
Корея мен Жапония арасында бітім шарты жасалды.
Жапон басқыншылығы кəріс халқына орасан зор шығын əкелді. 
Алты жыл бойы ең құнарлы жəне халқы көп жерлер қызу шайқастар 
алаңы болып, бүліншілікке ұшырады. Егістік жер көлемі үш есе 
қысқарды. Елде ашаршылық орын алды. Халық саны екі есе азай-
ды.
1608  жылы  таққа  солтүстіктік  принц  Кванхэ  отырды.  Ол  өз 
қарсыластарын қудалауға салды. 1623 жылы Батыстық партия 
Кванхэны тақтан қуып, орнына король Инджоны /1623—1648/ 
отырғызды.  Жаңа  ел  басшысы  да  халықтың  тұрмыс  жағдайын 
жақсарта алмады. Осындай қиын-қыстау кезде елге манъчжурлар 
қаупі төнді.
1618 жылы маньчжурлар каупі төнген кезде Қытай Кореядан 
көмек сұраған болатын. Корея 13 мыңдық армия жіберді. Бірақ бұл 
көмек қытайлықтардың жауға қарсы күресіне елеулі үлес қоса ал-
мады. Қытаймен соғыса тұрып, манъчжурлықтар Кореяны да басып 

268
269
алуды,    сөйтіп    өз    шекарасын    қауіпсіздендіруді    ойлады,    Ко-
реяны Қытайдан бөліп тастағысы келді.
1627 жылдың басында 30 мындық маньчжур армиясы Кореяға 
басып кірді. Ыйджу, Квансон, Анджу т.б. қалаларын басып алды. 
Корея үкіметі Канхва аралына қашты. Сол жерден маньчжурлармен 
келіссөз жүргізе бастады. Келісім бойынша Корея мен Маньчжур 
мемлекеттерінің басшылары бірін-бірі туыс тұтуға міндеттенді. 
Корея маньчжурлар мен Қытай арасындағы соғыста бейтараптық 
сақтауға  тиіс  болды.  Манъчжурлар  Кореядан  əскерін  əкетуге 
міндеттенді.
Бұл келісім маньчжурлардың келесі шабуылына дайындық үшін 
ғана қажет болып еді.  1636 жылы маньчжурлық Цин империясы-
ның құрылуын жариялау дəстүріне Корей үкіметі қатысудан бас 
тартты. Сол үшін маньчжурлар Кореяға тағы да соғыс ашты.
1636 жылдың аяғында маньчжурлар Кореяға басып кіріп, аста-
наны алды,  Сеулдің оңтүстігінде орналасқан Намсан қамалын 
қоршады. Король сонда қашып барып тығылған болатын. Сонан 
кейін  Канхва  аралына  шабуыл  жасап,    корольдің  отбасын,  өкімет 
басшыларын тұтқынға алды.  1637 жылдың басында бітім жасалды. 
Ол бойынша Корея маньчжурлар сюзеренитетін /үстемдігін/ мой-
ындады, маньчжурлардың Кытайға қарсы соғысын қолдауға, көп 
алым-салық төлеп тұруға міндеттенді.
Жапон жəне манъчжур шапқыншылықтары Кореяны эконо-
микалық күйзеліске ұшыратты. Бұл күйзелістен шығу үшін оған 
бірнеше  он  жылдықтар  қажет  болды.  1637  жылы  король  сыртқы 
қатынастарды үзуге бағытталған жарлықтар шығарды. Ол бойын-
ша кəрістердің елден кетуіне, шет елдіктермен рұқсатсыз қарым-
қатынас жасауына тыйым салынды. Бұл жарлықты орындамаған 
адам  өлім  жазасына  дейін  кесілетін  болды.  Мысалы,  1653  жылы 
Чечжудо аралында апатқа ұшыраған «Коршун» кемесінің иесі 
голландық Гендрик Гамелъ мен оның жолдастары 13 жыл кəрістер 
түрмесінде отырып шықты.
Шет елдермен байланыстың үзілуі ірі кемелер тұрғызу ісін 
құлдыратты. Сыртқы сауда тек Кытаймен жəне Жапониямен алдын-
ала белгіленген кезде, рұқсат етілген көлемде ғана жүргізілді. Кəріс-
қытай саудасы шекаралық Фынхуанчэн қаласында /Амнокан өзені 
жақта/, Хвэрен мен Кэнвон қалаларында жылына 4—5 рет өткізіліп 
тұрды.  Қытай  көпестері  Кореядан  мал,  ауыл  шаруашылық  құрал-
саймандарын, тұз, мата,  қағаз, фарфор ыдыстарын сатып алып от-
ырды. Кореядан алтын мен күміс те көптеп əкетілді Кəрістер асыл 
тастар,  бас киімдер мен киімдер, дəрі-дəрмек пен жазу құралдарын 
т.б. қытай қолөнері бұйымдарын сатып алатын.
1609 жылы Корея Жапониямен сауда қатынасын қайта қалпына 
келтірді. Сауда Пусанда жылына алты рет өткізіліп отырды. Кəрістер 
жапондықтарға женьшень, күріш, бұршақ, мата сатса, өздері жапо-
ниядан мыс, күкірт, фарфор, қалайы сатып алып отырды.
Аграрлық қатынастар. Шаруашылыққа орны толмас зиян 
келтірген соғыстар аяқталған соң халықтың ерлік еңбегімен ауыл 
шаруашылығы қалпына келтіріліп, қолөнері мен сауда жандана ба-
стады.
ХVІІ ғасырдың ортасына таман ауыл шаруашылығындағы 
жетістіктер анық көрінді. Егістік көлемі өсті, жаңа каналдар мен 
суару жүйелері салынды, Қытайдан тəтті картоп əкелініп, өсіріле 
бастады. Кейбір жерлерде күріштен жылына екі рет өнім алы-
нып отырды. Шаруалар иесіз қалған жерлерді қайта қолға алып, 
өртенген елді мекендерді, суару жүйелерін қалпына келтірді. Егер 
1611 жылы есепке алынған егістік көлемі 541 мың кёл болса, ол 1639 
жылы 1,3 млн-ға жетті. Темекі, келімдəрі, женьшень сияқты ауыл 
шаруашылық дақылдары кең тарай бастады. Темекі мен женьшеньді 
ішкі жəне сыртқы рыноктағы сауда үшін өсірді. Əсіресе оларды 
Қытайға көптеп шығарды. Тауарлы егіншіліктің дамуы тауар-ақша 
қатынасының дамуын тездетті.
ХVІІ ғасырда жер иелену жүйесі елеулі өзгерістерге ұшырады. 
Мемлекет жердің сөз жүзіндегі иесі ғана болды, себебі оның көп 
бөлігі жекелеген тұлғалардың меншігіне айналып кеткен еді. 
Корольдің  өзі  ірі  жер  иесі  болды.  Оның  меншігіндегі  жерлер  «са-
рай жері» деп есептелді. Сонау Коре заманынан бері чиновниктерге 
ерен еңбектері үшін сыйға беріліп келе жатқан жерлер енді олардың 
феодалдық поместьелеріне айналып кетті. Жерге жеке меншіктің 
өсуі қазынаны қаңсытты. Себебі бұл жерлер салықтан босатыла-
тын. Үкімет бұл процесті тоқтатуға тырысып, əр 20 жыл сайын жер 
қайта есепке алынатындығын жариялады.
1608 жылы біркелкі күріш салығы енгізілді. Ол «тэдонми» деп 
аталды.  Əр  кёлден  16  ту  /1  ту  —  16  кг.—  бір  пұт/  күріш  салығы 
өткізілетін болды. Сондай-ақ қосымша салықтар да болды. Ол: 
əскер ұстау үшін төленетін салық, аңшылық салығы, сауда салығы, 
дəрі өсімдіктерін жинағаны үшін, іс-қағаздарын толтыру үшін т.б. 
салықтар болды. Шаруалар əртүрлі жұмыстарға да қатысулары ке-
рек болды. Мысалы, қала қорғанысын тұрғызу, жол, көпір салу, суа-
ру жүйесін тұрғызу сияқты істерге қатысуы міндетті болды.

270
271
Салықтарды жинау, міндеткерлікті өтеуді бақылау арнаулы 
адамдарға тапсырылатын. Бұл қызметті олар сатып алатын да, 
салықты тиісті мөлшерден тыс көбірек жинауға тырысатын. Жерге 
мемлекеттік меншіктің жойылуы біртіндеп феодалдық рентаны ша-
руаларды қанаудың негізгі түріне айналдырды.
ХVІІ ғасырдан бастап Кореяда ақша жасау дамыды. Ол күміс 
рудниктерін көбейтті. Күміс тиындар жасалды. 1619 жылы барлық 
есеп-ажырасуды күміс ақшамен жүргізу туралы жарлық шықты. 
1626 жылдан бастап металдан монета жасау қолға алынды. Көптеген 
аудандардағы күріш салықтары мен жан басына салынатын 
салықтарының едəуір бөлігі ақшамен алмастырыла бастады.
1643 жылы Кэсон мен көрші аудандарда үй, жер, отын, көкөніс 
сатып алу ақша арқылы жүргізіле бастады. 1678 жылы үкімет 
жаңа металл тиындар шығарды. Олар бұрынғы күміс ақшаларды 
ығыстыра бастады, 1687 жылы күміс кеніштері қаражат палатасының 
қарамағына берілді. Күміс өндіру елдің 68 уездерінде қолға алын-
ды.
Мəдениет. ХV ғасырда Кореяда тарих жəне география саласын-
дағы ең алғашқы ірі еңбектер жазылды. Ұлттық алфавит жаса-
лып, кітап басу ісі дамыды. Агрономия, астрономия, метеороло-
гия дамыды. Жаңбыр өлшегіш, су сағаттары, жұлдыздарға қарап 
географиялық координатты анықтайтын прибор ойлап табылды. 
500—600 кадамға дейінгі нысанаға жететін жарылғыш снарядпен 
ататын зеңбірек, оқ дарымайтын металлмен қапталған «тасбақа-
кемелер» жасалды.
ХVІ ғасырдағы гуманитарлық ғылымдардың дамуы елдегі сая-
си күреске сай болды. Конфуциандық философияны өзара күресуші 
топтар əрқилы түсіндіріп, уағыздады. ХVІ ғасырдың бірінші 
жартысындағы ірі конфуциандық философтың бірі — Чо Гван Чжо 
болды. Ол салиқалы-ойлы мемлекеттік билікті уағыздады.
Конфуциандық идеалист философтардың ішіндегі көрнектісі 
Ли  И  болды.  Өз  шығармаларында  ол  мемлекетті  басқару,  қарулы 
күштерді нығайту, партиялар күресін бəсеңдету,  салық жүйесін 
реттеу мəселелеріне көп көңіл бөлді.
ХVІ ғасырда конфуциандықтың негізін сынаған философтар 
да болды. Олар өз көзқарастарында феодалдық қоғамдағы таптық 
қайшылықтардың шиеленісуін білдірді. Олардың қатарына Кэ-
сондық кедейленген дворян Со Ген Докты /1489—1546/ жатқызуға 
болады. Ол ХІІ ғасырда өмір сүрген философ Чжу Сидің көзқара-
сын материализм тұрғысынан сынады. Əдебиет саласында да жаңа 
көзқарастар орын алды. ХV ғасырдың ортасында корей тіліндегі 
əдебиет өмірге келді. Корей тілінде жазылған «Мысықтар зында-
ны» деген шығарманың авторы Лим Чже ХVІ ғасырдағы феодалдық 
қоғамның келеңсіз жақтарын сынады.
ХVІ ғасырда кəріс поэзиясында Хван Чжин, Ли Ок Пон сияқты 
ақын əйелдер атағы шықты. Олар кəріс қоғамындағы əйелдердің 
ауыр үлесін жырлады.
1592—1598 жылдардағы  азаттық  соғысына  байланысты  əде-
биетке дворян емес, қарапайым халықтан шыққан жазушылар 
ене  бастады.  Ли  Сун  Син,  Лю  Сон  Ен  сияқты  қолбасшылардың 
соғыс  туралы  мемуарлары  патриоттық  сезімдерді  насихатта-
ды.  Соғыс тарихының негізгі кездерін дəл бейнелеген халықтық 
шығармашылықтың жарқын туындысы — «Имичжин соғысы тура-
лы жазбалар» болды.
Халық əдебиетінде феодалдық езгіге қарсы наразылық білдірген 
шығармалар да елеулі орын алды. ХVІІ ғасырдағы сондай 
шығармалардың қатарына «Хон Гильтон туралы повесть» жата-
ды. Бұл шығармада көтерілісшілер күресі, ойдан шығарылған, езгі 
дегенді білмейтін, ең əділетті мемлекет туралы баяндалады.
ХVІ—ХVІІ  ғасырлардағы  кəрістің  бейнелеу  өнерінде  пор-
треттер мен табиғат көріністері /пейзаждар/ кең орын алды. Олар 
конфуциандық идеямен рухтанған туындылар болды. Дегенмен 
бұл кезде Ли Сан Чва, Ким Син жəне Ли Сон сияқты суретшілердің 
шығармаларында алғаш рет реалистік бағыт байқала бастады.
Кəріс мəдениетіндегі ХVІ—ХVІІ ғасырлардағы жаңа ағымдар ке-
лешекте онан əрі дамып, нығая түсті.
Ə д е б и е т т е р:
1. История Кореи (с древнейших времен до нашх дней).— Сеул, 
1995.
2.  История  Востока.  Т  ІІІ.  Восток  на  рубеже  средневековья  и 
нового времени. ХVІ—ХVІІІ вв.— М.: Восточная литература РАН, 
1999.— 315—337 бб.
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   25


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет