1. Анатомия пәні мен оның міндеттері, зерттеу әдісі, түрлері


Жатыр, жатыр түтігінің құрылысы, қызметі



бет42/72
Дата24.04.2023
өлшемі0,49 Mb.
#86134
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   72
Байланысты:
1. Анатомия пәні мен оның міндеттері, зерттеу әдісі, түрлері-melimde.com

45.Жатыр, жатыр түтігінің құрылысы, қызметі.
Жатыр түтігі (Фаллопиев түтігі)— жатырдың екі жағынан басталып көлденең созылып жатады. Оның бір жағы жіңішкеріп келіп жатырға ашылса, екінші жағы құйғыш тәрізді кеңейіп келіп құрсақ қуысына ашылады. Осы құйғыш тәрізденген аузы жалбыршақтанып фолликуладан бөлініп шыққан жұмыртқа клеткасын өзінің кірпікше эпителийлерінің толқынды қимылы аркылы жатыр ішіне тартады.
Жатыр түтігінің ұзындығы 10—12 см, ені 0,5 см, сырты сір қабықшамен толығынан оралған. Жатыр түтігінің қабырғасы ішкі органдар тәрізді үш қабаттан түзілген. Олардың сыртқы қабаты жатырдың жалпақ шандыр байламына жалғаса жатады. Ортаңғы ет қабаты ет талшықтарынан түзілген. Ішкі қабаты кірпікше эпителиймен жабылған кілегейлі қабаттан тұрады. Жатыр түтігіне енген жұмыртқа (аналық) клеткасы ет талшықтарының жиырылуымен және кірпікше эпителийдің толқынды қимылымен жатыр ішіне қарай жылжиды. Ұрықтану (аталық клеткасымен кездесу) процесі тек қана осы жатыр түтігінде өтеді. Жатыр түтігі жалпы жатырға келетін қан тамырлары және нерв талшықтарымен жабдықталған.
Жатыр (матка)— алмұрт тәрізді бірыңғай салалы ет талшықтарынан түзілген қуысты мүше. Жатыр кіші жамбас қуысында, қуық пен тік ішек аралығында орналасқан. Ұрықтанған жұмыртқа клеткасы жатырға жатыр түтігі арқылы енгеннен бастап босанғанға дейін өсіп дамиды. Жатырдың жоғарғы түп бөлігіне екі жатыр түтігі ашылады. Оның үшбұрышты пішінде келген денесі төмен қарай сүйірленіп мойнына көшеді. Сол себептен, жатыр мойны жіңішкеріп келген жатыр денесінің жалғасы болып саналады. Жатыр мойнының төменгі қынап ішіне түсе жатқан бөлігін қынап бөлігі деп атайды. Жатыр қуысы фронтальды жағдайда жатқан үш бұрышты саңылау тәрізді. Жоғарғы жағынан бұл қуыстыққа екі жатыр түтікшелері ашылса, төменгі жағында жатыр мойнының каналына жалғасады. Жатыр ішін астарлаған кілегейлі қабықша жазық келеді, ал мойын бөлігі керісінше қыртысты келеді.
Жатыр қабырғасы негізінде үш қабаттан түзілген. Сыртқы периметриум жатырдың сыртын айнала жауып жатқан сір қабаты болып саналады. Периметриум қабаты қорғаныспен қатар жатырды жамбас қабырғасымен байланыстырып қимылды бекемдеп отырады.
Ортаңғы қабат — миометриум өте қалың жетілген жатырдың ет қабаты. Әр түрлі бағытта жатқан бірыңғай салалы ет талшықтарынан түзілген, миометриум бөлігі қан тамырлы келеді,
Ішкі қабат—эндометриум жатырдың іш жағын астарлап жатқан кілегейлі қабаты. Бұл жай түтікше бездерге бай келген әрі беті кірпікше эпителиймен жабылған. Жатырдың мойын бөлігінде түтікше бездерден басқа кілегейлі бездер де бар. Олар қою кілегей шығарып мойын бөлігінде кілегей тығынын түзіп, жатыр ішіне микробтар мен вирустар өтуінен қорғап тұрады. Екі қабат болған әйел адамда жатырдың салмағы да, пішіні де өзгереді. Босанар кезде жатыр салмағы 2 кг-ға дейін барады, жалпы сыйымдылығы 60 есе ұлғаяды. Босанғаннан кейін жатырдың көлемі жинақталып бұрынғы қалпына жақындайды. Жатыр көлемі қартайған сайын тығыздалып кішірейе бастайды. Оның кіші жамбас қуысында бекіп, орналасуына себеп болатын екі жұмыр байламы, екі жалпақ шандыр байламы болады. Сонымен бірге айнала жатқан мүшелермен байламдар арқылы жамбас қабырғасына, шат және сегізкөз сүйектеріне бекіп, өз орнында қалыптасып жатады. Бұл байламдар жатырдың көлемінің екіқабат кезіндегі ұлғаюына байланысты созылып, жағдайын өзгертіп отыруға мүмкіндік береді. Жатырдың жұмыр байламы жатырдың жоғарғы екі жағынан басталып, төмен қарай жүріп отырып шат каналынан өтіп, үлкен жыныс еріннің астыңғы жағынан шат сүйегіне бекиді. Осы байлам бойымен жыныстық қан тамырлары мен нерв талшықтары жыныс мүшелеріне келеді. Жатырдың жалпақ байламы деп жатырдың алдыңғы және артқы бетін жауып, екі бүйірінен қабатталып келіп жамбас қабырғасына тіркелген шандырын айтады. Бұл байламның жоғарғы жағында жатыр түтігі, ал сырт жағында ілініп аналық без жатады. Осы жалпақ байлам арқылы жамбас қуысы алдыңғы және артқы бөліктерге бөлінеді, Тік ішек байламы жатырдың мойын бөлігін орап алып, жамбастың арт жақ қабырғасына тіркейді. Ал сегізкөз байламы да осыған ұқсас келеді. Осы айтылған байламдар арқылы жатыр өз орнына қозғалмалы орналасқан. Жамбас қуысы ішіндегі мүшелердің (қуықтың, тік ішектің) толуына байланысты, не болмаса жатыр ішіндегі ұрықтың дамуына байланысты жатырдың жатқан жағдайы, көлемі өзгеріп отырады. Соған байланысты алға, артқа, оңға, солға ығысып тұрады. Бұл ұрықтың да еркін дамуына өте қажетті жағдай болып табылады. Жас ерекшеліктеріне және атқаратын жұмысына байланысты жатырдың көлемі де, пішіні де өзгеріп отырады. Қыз баланың жатыр мойны денесіне қарағанда ұзындау келеді, 14—15 жаста жалпы жыныстық жетілуіне байланысты өзінің көлеміне жетеді. Мосқал әйелдерде кері даму процесі жүретіндіктен оның жалпы көлемі кішірейіп, жатыр мойны қысқарады.
Қынап (влагалище)— алдынан артына қарай қысыңқы келген, ұзындығы 9—10 см саңылау қуыстық. Оның жоғарғы жағы жатыр мойнымен, төменгі жағы сыртқы жыныс мүшелерімен шектес келген. Қынаптың сыртқа ашылар тесігін кіреберіс деп атайды. Оның жоғарғы жағы жатыр мойнынан айнала қалталана жатады. Оларды қынаптың алдыңғы (тайыз) және артқы (терең) күмбездері дейді. Қынап түбі төменгі бөлігіне қарағанда кеңдеу келеді. Оның алдыңғы жағында қуықтан бөліп тұратын май тканьдері бар.
Қынап қабырғасы ішкі — кілегейлі, ортаңғы — бірыңғай салалы ет тканінен, сыртқы — дәнекер тканьді қабаттардан түзілген.
Ішкі кілегейлі қабаты өте қалың, көптеген көлденең қыртыстар жасап жатады. Ортаңғы ет қабаты әр түрлі бағытта жатқан ет талшықтарынан түзілген. Олардың ішкі жағында сақиналы талшықтар, сырт жағында ұзына бой талшықтар жатқанын байқауға болады. Қынаптың кілегейлі қабатында бездері болмайды, тек әр жерінде лимфатикалық түйіндер кездеседі. Қілегейлі қабықшаның беті көп қабатты қан тамырлары жақсы жетілген қызғылт эпителиймен жабылған.
Кынап қабырғасының серпімді болуы әйел адамның босануын оңайлатады, босанғаннан кейін орнына қайтып келеді. Босанған әйелдерде кілегей қабаты қатпарлы келеді. Қыз балалардың қынап кіреберісі кілегейлі кабаттың жалғасы болып саналатын кынап пердесімен (қыздық перде) жабылып тұрады., Олардың пішіні дөңгелек, жарты айшық тәрізді болып келеді, тұтас пердемен жабылуы өте сирек кездеседі.
Сыртқы аналық жыныс мүшелеріне — үлкен, кіші жыныс еріндері, клитор, қынап кіреберісі жатады. Үлкен жыныс еріндері қынаптың кіреберісін және несеп каналының ашылар жерін қоршап жатады. Үлкен жыныстық еріннің ұзындығы 8 см, ені 2—3 см болады. Бұл еріндер құрылысында пигмент клеткаларының көп болуымен байланысты түсі қоңыр келеді, май және тер бездері көп болады. Бұл еріндердің іш жағында параллельді кіші еріндер жатады. Олардың іш жағында несеп каналының ашылар жері мен қынап кіреберісі орналасқан, ал жоғарғы жағында клитор жатады. Клитор — ер адамның жыныс мүшесінің кеуекті денесіне сәйкес келеді. Сонымен байланысты мұның да үлкейіп, қатаю қасиеті бар. Мұның өзі — басы, денесі және екі аяқшасынан тұрады, екі аяқшасы арқылы шат сүйегіне бекиді.
Сүт бездері — жыныс мүшелеріне жатады. Олар көкірек клеткасының алдыңғы жағын алып жатқан күрделі безді орган. Оның әрқайсысы 15—20 шақты бөліктерден түзілген. Әрбір бөліктерінің сүт шығаратын түтікшелер емшек ұшында ашылып емізікше жасайды. Сүт бездерінің дамуы жалпы жыныстық жетілуге байланысты келеді.
Әйел адамның аяғы ауыр кезінде без ткані дамиды да босанғаннан кейін сүт шығара бастайды.




  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   72




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет