Сілекей бездері - glandula salivales - ауыз қуысына сілекей (секретін) бөліп шығарады. Сілкейдің негізгі қызметі қоректі заттарды шыландыру. Мысалы, ірі қара малда тәулігінде - 60 л, жылқыда - 40 л, шошқада - 15 л сілекей бөлетін көрінеді. Сілекей бездері орналасуы бойынша екі топқа бөлінеді - қабырғалық және ауыз қуысынан тыс жатқан сілекей бездері болып. Қабырғаның сілекей бездері көпшілікті, ұсақ ауыз қуысы мүшелерінің кілегей қабықтарында орналасады. Оларға ерін, таңдай, ұрт және тіл бездері жатады. Ауыз қуысынан тыс орналасқан сілекей бездері қос қомақты ірі бездер, оларға жататындар - құлақаумағының (шықшыт) сілекей безі, төменгі жақ, тіласты және ұрт сілекей бездері.
Құлақаумағының (шықшыт) сілекей безі - glandula (gl.) parotis - күрек-қызыл түсті үшбұрышты сыртқы есту жолының төменгі жағын ала жақ тармағымен атлант аралығында орналасқан ірі без. Құрлысы жағынан күрделі көпіршікті-түтікті бездерге жатады. Денесімен төменгі жақ безін және үлкен шәйнау бұлшықетін жауып тұрады. Шықшыт безінің жалпы өзегі (ductus parotideus) жақаралық кеңістіктің бойымен өтіп астыңғы жақтың қан тамыр ойығынан шығып, сүйектің латеральды беткейде 3-4-ші жоғарғы азу тістердің деңгейінде ұрттың кілегей қабығында ашылады.
Ірі қара малда шықшыт сілекей безі созыңқы келген үшбұрышқа ұқсайды түсі күрең-қызылға жақын. Жылқыда аталған сілекей безі төртбұрышты сопақша келген, түсі сұрғылт қызыл. Шошқада шықшыт сілекей безі үшбұрышты үлкен без, кең жағы төмен, ал ұшы жоғары қараған, түсі қызыл-қоңыр келеді. Итте шықшыт безінің пішіні үшбұрышты үлкен без.
Жақастының сілекей безі- gl.mandibularis - ірі қара малда сілекей бездерінің ішінде ең ірі без, созыңқы келген сарғылт түсті. Төменгі жақ аралығында атлант пен қан тамыр ойығының арасында орналасады. Артқы бөлігін шықшыт безі, қосқұрсақты және қанатша бұлшықеттері жауып жатады. Без өзегі астыңғы жақ бұлшықетінің бойымен, тіласты безінің медиальды беткейімен өтіп, тіласты сүйелшеге келіп ашылады.
Жылқыда аталған без ұзынша келеді. Шошқада, итте төменгі жақ безі дөңгелекше келген, қызғылт, ақшыл-сары түсі.
Тіласты безі - gl.sublingualis - ауыз қуысының түбіндегі қатпарының кілегейлі қабығында, тілдің екі бүйірінде орналасады. Ол екі бөлімге бөлінеді. Бір өзекті тіласты сілекей безі - өзегі ұзын тіласты сүйелшесіне келіп ашылады. Көп өзекті тіласты безі, өзектері қысқа тілдің бүйірлік бұлшықетінің медиальды бетінде және ауыз қуысының түбінде ашылады.