15) Билік өкiлiнiң нысанды киiмiн немесе құжаттарын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасау.Билікөкiлi болып табылмайтын адамның белгiлi бiр қылмыстық нəтижеге жету үшiн, билік өкiлiнiң нысанды киiмiн немесе құжатын заңсыз пайдалану арқылы жеке азаматтардың, қоғам мен мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға бағытталған əрекеттерi. Билік өкілінің түсінігі ҚК-тің 3-бабының 1-бөлігінің 9-тармағында берілген, онда:билік өкілі - мемлекеттiк қызметте жүрген, қызмет бабымен өзіне тәуелді емес адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен билік ету өкілеттіктері берілген адам, оның ішінде құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органның, әскери полиция органының қызметкері, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын әскери қызметші – делінген. 16) Құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, судьяның өзінің қызмет бабын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасауы.Құқық қорғау қызметкерлеріне ішкі істер органдары, прокуратура, әділет органының қызметкерлері, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлеріне – ұлттық қауіпсіздік органдары, басқа да арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері жатады. Судья – ол арнайы ҚР Президентінің жарлығымен тағайындалатын ҚР азаматы. Мұндай адамдардың қызмет бабын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасауы өте қауіпті, сол себепті қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайға жатады. Жоғарыда талданған қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын жағдайдың кез келгенi, егер ол ҚК-тiң Ерекше бөлiгiнiң белгiлi бiр бабында ауырлататын белгi ретiнде көрсетiлген болса, нақты қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жаза тағайындау кезiнде қайталап ауырлатушы жағдай ретiнде ескерiлмеуi тиiс.
Жауаптылық пен жазаны ауырлататын жағдайлардың жоғарыда аталған тiзiмi түпкiлiктi, яғни, жаза тағайындау кезiнде осы тiзiмде көрсетiлмеген қандай да бiр жағдайды, ауырлатушы жағдай ретiнде қайталап тануға жəне олардың қатарын кеңейтуге болмайды деген сөз. Солай бола тұра, сот кiнəлiнi немесе ол жасаған қылмыстық құқық бұзушылықты жағымсыз жағынан сипаттайтын, жоғарыдағы тiзiмге кiрмейтiн жағдайларды анықтаған жағдайда, сот жаза тағайындау кезiнде үкiмде көрсетуге құқылы.