Антонимдердің грамматикалық сипаты. Антонимдер түбір сөздерден де, туынды сөздерден де, күрделі сөздерден де жасала береді: А) түбір сөздерден: аз-көп, ақ-қара, бас-аяқ, жөн-теріс, ұшу-қону, ерте-кеш, іш-сырт т.б. Ә) туынды сөздерден: азаттық-құлдық, алашақ-берешек, ақтаушы-жазалаушы, алғы-кейінгі, азық-тозық, үйрену-жирену т.б. Б) түбір сөздер мен туынды сөздерден: асығыс-сабыр, білімді-надан, добалдай-нәзік, жеңіл-салмақты, қиянат-әділдік т.б. В) түбір сөздер мен күрделі сөздерден: ақ көңіл-арамза, ар жақ-бер жақ, кішіпейіл-менмен, кішіпейіл-тәкаппар, тыныш – у-шу т.б. Туынды антонимдер жасауға –ла, -ле, -та, –те, –да,–де; -дық, –дік, -тық, –тік, -лық, -лік, -ғы, -гі, -қы, -кі; -ыс,-іс, -с, -ақ, -ек,-қ, -к ; -іш, -шылық, -шілік, -дылық,-ділік; -дай,-дей,-тай,-тей; -лы,-лі,-ты, -ті,-ды,-ді жұрнақтары жиі жұмсалады. Антонимдік жұптардың ең үлкен бөлігі сын есімдерден түзеледі.Зат есімдер мен етістіктерден жасалған топтар одан әлдеқайда аз.Үстеулер мен есімдіктерден бірен-саран антонимдік жұптар пайда болды. Антонимдерді зерттеумен шұғылданған қырғыз ғалымы М.Үсіпбалиев өзінің кандитаттық диссертациясының авторефератында былай деп жазады: « Бірқатар ғалымдар ақылды-ақымақ жұбын антоним деп таниды. Дәл сондай мағына беретін ақылды-ақылсыз жұбын неге антоним деп танымасқа?!». Қазақ тілінің маманы Ж.Мусин бұған мынадай жауап береді: « Қосымшалар арқылы жасалған сөздердегі мағына қарама-қарсылығы антонимдік қарама-қарсылықтан мүлдем басқаша.Дәлірек айтқанда, бұл жұрнақтар антонимдік мағына туғыза алмайды.Өйткені, -лы,-лі жұрнағы заттаяки құбылыста сол сапаның жоқ екендігі білдіреді». Осы екі пікірдің соңғысы салмақтырақ екені көрініп тұр. Оның үстіне « Ақылды мақтанса, істы тындырар, Ақымақ мақтанса, аяғын сындырар» деген мақалдағы ақылды-ақымақ антонимдік жұбын халық жасағандығы көрініп тұр. 42.Қазақ тіліндегі фразеологизмдерге сипаттама беріңіз. Фразеологизмдердің түрлеріне тоқталыңыз. Фразеология деген термин негiзiнен екi түрлi мағынада қолданылады. Бiрiншi мағынасы тілдегі тұрақты тіркестерді зерттейтiн тiл бiлiмiнiң саласы деген ұғымда қолданылады. Екiншiсi бiр тiлдегi фразеологизмдердiн тұтас жиынтығы дегенді білдіреді. Фразеология жеріне жеткiзе зерттелiп бiткен ғылым деп айтуға болмайды. Мұның шешілмеген даулы мәселелері өте көп. Сондықтан да соңғы жылдарға дейiн мұны жеке пән ретінде арнайы зерттеушiлер тым аз болды. Көбінесе лексикалық қор ретiнде сөз байлығы деген топқа жатқызып, лексиканың көлемiнде тексерумен шектеліп келгендiгi мәлім. Соңғы 30-40 жыл көлемінде түркi тiлдерiнде фразеология проблемалары әжептәуір зерттелiп, бiрқатар еңбектер жарық көрді. Әсіресе, академик І. Кеңесбаевтың «ҚазаҚ тiлiнiң фразеологиялық сөздiгi» атты көлемді еңбегiн тек қазақ тiлiнде ғана емес, бүкіл түркітануға қосылған елеулі үлес деп қарауға болады. Автор аталған сөздiктiң «Қазақ тілінің фразеологизмдері туралы бөлімінде қазақ тіліндегі фразеологизмдердің теориялық мәселелерін жан-жақты қарастырып, біраз ілгері дамытқан. Фразеологизмдердiң өз алдына дербес лингвистика саласы екендiгiн танытатын негiзiнен үш түрлi басты белгiсi бар. Олар: 1) даяр қалпында жұмсалу белгісі, 2) мағына тұтастығы, 3) тіркес тиянақтылығы. Осы үш белгiнi түсiну үшiн әрқайсысын жеке-жеке алып қарайық. Фразеологизмдердiң даяр қалпында жұмсалу белгiсi еркiн сөз тiркесiмен салыстырғанда айқын байқалады. Мәселен, Дәурен қалаға жүрейiн деп отыр деген бiр сөйлемді әркiм неше саққа жүгіртіп өзгерте беруіне болады. Мысалы: Дәурен қалаға жүрмекші, Дәурен жақын арада қалаға бармақшы, Дәурен қалаға барам ба деген ойда, Дәуреннің қалаға жүрем бе деген ойы бар т. б. Бұл сияқты еркiн сөз тіркестерi қатынас жасау процесiнде әркiмнің өз қалауы бойынша жасалады. Белгiлi бiр ойды кім қалай етiп жеткізсе де өз еркi деген сөз. Ал тiлдегi фразеологизмдер бұлай етуге, құбылтуға көнбейді. Мәселен, төбесі көкке жетті дегенді төбесі көкке жетейін деп тұр, төбесі көкке жетпекшi деп өзгертуге болмайды. Оның сыртқы құрылым-құрылысы еркін тіркеске ұқсағанымен сөйлем ішінде қолданғанда бiртұтас даяр күйінде жұмсалады. Ешкiмнiң ырқына көнбей, даяр тұрған құрылыс материалы ретiнде қызмет етедi де, сол қалпында сөйлемнің құрамына енеді. Еркін сөз тiркесiнiң әрбiр сыңары мағыналық дербестiгiн сақтап, сөйлемде әр баска мүше ретiнде жұмсалады. Синтаксистік сөз тiркесi белгiлi бiр үлгiлер (модельдер), ережелер бойынша сөйлеу кезiнде жасалады. Демек, фразеологизмдердiн даяр қалпын сақтай отырып қолданылуы оның еркін сөз тіркестерiнен ерекшелiгiн бiлдiретiн белгiлердiн бiрi екенiн көреміз. Еркін тіркес пен фразалық тiркестi бiр-бiрiнен ажыратудың түрлi амалдары болады. Мысалы: Ерке магазиннен 40 пышақ сатып алды. Қырық пышақпен қыржаңдап тұрған түлкі. О да осал жау емес қыран паңға (Абай). Осы екі сөйлемдегі қырық пышақ деген тiркестiң алғашқысы еркiн тiркес те, соңғысы фразалық тіркес. Алғашқы сөйлемде қырық деген сан есім өзiнiң төрт оннан құралған сандық ұғымын тiкелей бiлдiредi. Мұндағы қырық деген сөз пышақтың сан мөлшерiн көрсетiп тұр. Соңғы сөйлемде бұл сөз (40) өзiнiң сандық ұғымынан бiржола қол үзіп, фразеологиялық байлаулы мағынаға ауысқан. Еркiн тiркестегі сөздер арасына басқадай сөз салып, өзгертіп айтуға, я болмаса, түрлiше сұрау қоюга көнеді. Мәселен, алғашқы сөйлемдегі қырық пышақдеген тіркес қырық күміс пышақ деп өзгертуге, пышақтың санына қарап, қанша? Деп сұрау қоюға болады. Ал соңғы сөйлемдегі қырық пышақ деген тіркес мұндай өзгерістің ешқайсысына көнбейді, оның есесіне фразалық тіркестің белгілі бір синонимдік баламасы болады. Мәселен, соңғы сөйлемдегі қырық пышақ деген тұрақты тіркесті қырқысу, аңдысу дегендермен алмастыруға болса, алғашқы сөйлемдегі еркін тіркесті мұндай балама атымен алмастыруға болмайды. Тура мағына сөз шындықпен тікелей байланысты болады да, контексте тұрса да, тұрамаса да өзінің заттық логикалық қатынасымен белгіленеді. Ал, фразалық байлаулы мағынадағы сөздер әрдайым белгілі бір контекстке телінеді, бағынышты болып тұрады. Фразеологизмдердiң өзiндiк екiншi белгiсi мағына тұтастығы. Фразеологизм біткеннiң бәрiнде де белгілі бір меншiктi мағынасы болады. Ол мағына тұрақты тiркестi құрастырушы сыңарлардың мағыналарына сәйкеспейді, оларға тәуелсiз, өздiгiнен өмір сүреді. Мәселен, жерден жетi коян тапқандай дегеннен қатты қуанды, шаттанды дегенді түсінеміз. Бұл мағынада жер, жетi, қоян, табу деген төрт сөздің бiр де бiреуiмен байланыспайды, бiрак сол төрт сөздің қаз-қатар жұптасып қолдануы арқылы пайда болады. Фразеологизмдер бір бүтін единица ретiнде қолданылып қана қоймайды, мағыналық жағынан да бiртұтас единица ретiнде көрінеді. Мысалы: кір жуып, кіндік кескен жер, (атамекен. туған жер),екі аяғын бір етікке тықты( тықсырды, састы), инемен құдық қазғандай ( бейнеті көп, өте ауыр), шеш етектен (көп, мол), аттың жалы, түйенің қомында ( асығыста ,қарбаласта) дегендердің бәрі де құрылымы-құрылыс жағынан түрлі-түрлі болғанымен, әрқайсысы мағына тұтастығымен сипатталады. Тіркес тиянақтылығы дда фразеологизмдердің ең негізгі белгілерінің біріне жатады. Тиянақты сөз тізбегіндегі сөздер әркімнің қалауынша емес, қалыптасқан белгілі жүйемен орналасқан. Өзара тығыз жымдасып орналасқан сөздердің жігі ажыратылмай тұрады. Олар бір-бірімен иін тіресіп, өзге сөзбен алмастыруға я болмаса, тұрықты орын тәрітібін өзгертуге келмейді. Мәселен, мұрнын көкке көтерді дегеннің орнына қолын көкке көтерді десек, мән-мағынасын бүтіндей өзгертіп жібереді. Тұрақты тіркес еркін тіркеске айналып кетеді.