Морфологиялық варианттар. Морфологиялық құрылысы әртүрлі болғанымен, семантикалық айырмашылығы болмайтын сөздер морфологиялық варианттар деп аталады. Бір түбірге әртүрлі жұрнақтар қосылып, сөз варианттарын жасайды: жиылыс-жиналыс, кемшілік-кемістік, қыдырғыш-қыдырымпаз. -шы,-ші, -кеш жұрнақтары: насыбайшы-насыбайкеш, көкпаршы-көкпаркеш, түйеші-түйекеш, т.б. -қой, -қор, -кер: намысқой-намысқор-намыскер, айлакер-айлақор, еңбеккер- еңбекқор, т.б. -кер,-шы,-ші, -паз: себепкер-себепші, қызметкер-қызметші, аспаз-асшы, т.б. Сөздердің толық түрі мен қысқарған түрі де вариант жасауға себепші: көргенмін-көргем, айтқанмын-айтқам, қойғанмын-қойғам, т.б. Синтаксистік варианттар. Мағынасы тепе-тең сөз тіркестері немесе сөйлем бір-біріне синтаксистік вариант болып есептелінеді. Сөз тіркестері бір-біріне вариант болып жұмсалады: бал ашу- құмалақ ашу- карта ашу. Сөз тіркестеріні әртүрлі құрамда қолданылуы да синтаксистік варианттар жасайды: бірі боп саналады- бірінен саналады. Сөйлемдегі сөздердің орындарын ауысып келуі арқылы да вариант жасалады: оны ескерген ағасы жоқ- ағасы оны ескерген жоқ. Табыс септігі жалғауының орнына шығыс, брыс септіктерінің жалғаулары қолданыла береді: белесті өтті- белестен өтті, машинаны мінді- машинаға мінді. Тым, еш деген сөздер болмаса сөзімен тіркеседі: тым болмаса- еш болмаса. Жатыс септігі жалғауындағы сөз барыс септік жалғауындағы сөзбен алмасып қолданыла береді: қақ төр алдында- қақ төр алдына. Тұйық етістіктің -у жұрнағы мен есімшенің -с – мен алмасып, үшін шылауымен тіркесіп, синтаксистік вариант құрайды. Мысалы, ұмытпау үшін- ұмытпас үшін, жаңылмау үшін-жаңылмас үшін.
54. Лексикалық мағына, терминдік мағына, бейтарап мағына, поэтикалық мағына анықтамаларын түсіндіріңіз. Лексикалық мағына – сөздерді бір-бірінен ажыратып танудағы ең негізгі мағына, ол арқылы сөз жеке даралық қасиетіне ие болады. Ол- сөздің басқа мағыналарының тууына негіз болады, сондықтан сөз мағыналарын саралағанда ең алдымен оның лексикалық мағынасына көңіл аударылады. Қазақ тіліндегі сөздердің лексикалық мағыналарының типтік топтары төрт негізгі белгіге байланысты қалыптасқан. Олар: 1) сөздердің шындық болмыстағы заттар мен құбылыстарға қатыстылығы; 2) сөздердің тарихи шығу тегі; 3) сөздердің өзара тіркесімділігі; 4) сөздердің стилистикалық қызметі. Сөздің стилистикалық қызметіне байланысты туған лексикалық мағыналары. Оларға сөздердің бейтарап және бейнелі мағыналары, терминдік мағыналары жатады. Бұл топқа кіретін лексикалық мағыналар сөздердің әр түрлі стилистикалық қызметіне байланысты болғандықтан, олардың бұдан бұрын талданған лексикалық мағыналардың сипаты мүлде бөлек. Бейтарап мағына зат, құбылыстар мен сапалық белгілерді, әрекет-қимылды атап білдіретін жалпылама лексикаға тән. Мысалы, дала, орман, адам, мемлекет, қазына, жақсы,үлкен, кіші, жату, намыс, оқу, тоғыз, бүгін, т.б. Зат, құбылыстарды жағымды-жағымсыз түрде бағалау, сезімнен туған бейнелі түсініктер бейтарап мағынаға жатпайды. Бірақ сөздің кейінгі қолданылу барысында ондай қасиеттер пайда болуы мүмкін. Мысалы, құс қанатымен ұшады, ұшақтың сол қанаты дегенде қанат сөзі өзінің атауыштық бейтарап мағынасында қолданылып тұр. Ал ұшарға қанатым жоқ, неғылайын, қанатты сөздер дегендегі қанат сөзінде бейнелі мағына бар. Бейнелі мағына. Бұған адамның сезімі мен көңіл күйіне байланысты айтылатын эмоционалды сөздердің мағыналары жатады. Олар стилистикалық бояма мағына деп те аталады. Зат, құбылыстарды жағымды-жағымсыз түрде бағалау, сезім, көңіл күйінің әсері онда айқын байқалып тұрады. Ср. Тамаша, шіркін, ғажап, сорлы, сүмелек, зұлмат, ойбай, т.б. Мысалы, Неткен мойын, неткен көз. Осыдан артық дейсің бе. Ертегі қылып айтқан сөз дегендегі неткен сөзінде кекесін, әжуа, мазақ қылу мағыналары бар. Терминдік мағына ғылым, техника, өнер саласында қолданылатын арнаулы сөздердің лексикалық мағынасы. Мысалы, объект, предикат, диалект, екпін, үстеу, қаратпа сөз, дирижер, спонсор, инвестиция, холестерин, вольт сияқты сөздердің терминдік мағыналары. Терминдік мағына ғылым, техника, өнер саласындағы таза ұғымдармен сәйкес келіп, соларды білдірумен шектеледі. Онда ауыс мағына, эмоционалды- экспрессивті реңк сияқты үстеме мағыналық жүк, яғни күрделенген мағына болмайды. Сол себепті терминдік мағына әр терминге тән дара және тұрақты мағына болады. Халықтық тілдегі кәсіби сөздер мен терминдердің лексикалық мағыналарында ұқсастық бар. Кәсіби сөздердің де мағыналары тұрақты және оларға бейнелік тән емес. Мысалы, шоқыр- теңізде жүретін ұзын тұмсықты үлкен балық. Собық- жүгерінің дәні алынған басы. Шығыр- егістікке су жіберу үшін жасалған құрал. Жым- аңның ізі, жүретін жолы. Сөздердің стилистикалық қызметінен туатын мағыналарына көркем әдебиеттегі поэтикалық мағына ұштасып жатады. Халықтық тілде бір-бірімен қиыспайтын сөздерден жаңа тіркестер, соны сөз өрнегін жасау, сөздің үйреншікті мағынасын бейнелеп, поэтикалық көтеріңкі сипатта қолдану көркем әдебиетте жиі кездеседі. Содан барып поэтикалық мағына қалыптасады. Поэтикалық мағына- троп, фигураның түрлері сияқты поэтикалық тәсілдерді қолдану арқылы сөздің айырықша көркем, ерекше әсермен, мәнермен көтеріңкі айтылуынан туатын мағынасы. Мысалы: Абайдың «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Сөзімде жаз бар шыбынсыз», «Өзім де басқа шауып, төске өрледім», Н.Байғаниннің «Жер көбесін төңкеріп, Келтірген сәнін даланың», «Сөз тиегін ағытсам, Тәккаббар ескен желдеймін» өлең жолдарында немесе мұртын балта кеспеу; от ауызды, орақ тілді; араларынан қыл өтпеу; ине шаншар жер болмау; т.б. халықтық тіркестерде поэтикалық мағына айқын байқалады. Поэтикалық мағынаны сөздің әдеттегі ауыс немесе бейнелі мағыасымен шатастыруға болмайды. Мысалы, кітаптың беті дегендегі бет- адамның беті дегеннің атауыштық сипат алған ауыс мағынасы; тамаша, ғажап- таңғалуды; тылтию, қылтию- жаратпауды, менсінбеуді білдіретін сөздердің бейнелі лексикалық мағыналары ретінде беріліп отыр. Ал поэтикалық мағына сөздің лексикалық мағынасы емес, поэтикаландырылған, көтеріңкі стильдік мағынасы.