Кеңес өкіметі жылдарындағы қазақ тіл білімінің зерттелу дәрежесі іштей біркелкі емес. Сол себепті оны бірнеше кезеңге бөліп қарастыру қажеттігі туады. 1920 жылдардағы қазақ тіл білімі. Оқулық, оқу құралдарын жасау, жазу жүйесін ретке келтіру, терминдерді қалыптастыру- 1920 жылдардағы қазақ тіл білімінің ең басты міндеті болды. Бұл міндетті жүзеге асыруда А. Байтұрсынұлының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол ерте заманнан бері қолданылып келе жатқан араб жазуын қазақ тілінің дыбыс заңына икемдеп, оның емлесін жасады. Жаппай сауат ашуға қажетті әліппе, шағын анықтама, грамматикалық, әдістемелік құралдар, сөздіктер жасауға, тіл мәселелерін зерттеуге Халел Досмұхамедов, Телжан Шонанов, Жүсіпбек Аймауытов, Қошқе Кемеңгеров, Әбдірахман Байдилдин, Нәзір Төреқұлов, т.б. қазақ зиялылары атсалысты. 1930 жылдардағы тіл білімінің дамуы. 1930 жылдарда қазақ тілінің ғылыми тұрғыда зерттеле бастауы профессор Қ. Жұбановтың есімімен байланысты. Оның қаламынан туған «Қазақ сөйлеміндегі сөздердің орын тәртібі тарихынан», «Көмекші етістіктер», «Абай- қазақ әдебиетінің классигі» сонымен бірге қазақ тілі фонетикасының тарихы, буын, шылау, қос сөз, біріккен сөз жайындағы еңбектер бүгінге дейін құнды. Мектепке арналған оқулықтар жазуда Сәрсен Аманжолов нәтижелі еңбек етті. («Қазақ тілі грамматикасы»). 1940 жылдардағы білімнің дамуы. Бұл кездің жаңалығы- орыс графикасына негізделген қазақ жазуын қабылдауға байланысты. Жаңа қазақ әліппесі 41 әріптен тұрады, оның 32-сі орыс тілінікі, 9-ы қазақ тілінің ерекшелігін білдіретін таңбалар. Екінші жаңалығы- қазақ тіл білімінің теориялық мәселелеріне көңіл бөлінгендігінде. Бұл жылдары фонетика саласында- І.Кеңесбаевтың қазақ тіліндегі дауысты, дауыссыз дыбыстар, екпін туралы ғылыми мақалалары, грамматика саласында Н. Сауранбаевтың қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесін, көсемшенің семантикасы мен қызметі, С. Аманжоловтың қазақ тілінің ғылыми синтаксисі, С. Жиенбаевтың синтаксис мәселелері, А. Ысқақовтың үстеу, Ғ. Мұсабаевтың сын есімі, Ы. Мамановтың етістік, М.Балақаевтың жай сөйлем синтаксисі туралы зерттеулері жарық көрді. Тіліміздің бұрын зерттелмей келген саласы лексика жайында алғашқы зерттеу еңбектері пайда болды. І. Кеңесбаев қазақ тілінің тұрақты сөз тіркесі, С. Аманжолов, Ғ. Мұсабаев, Қ. Шәріпов, Ә. Ермеков, т.б. лексикология мәселелері жайында мақалалар жариялады. Қазақ тіл білімінің буыны қатып, бұғанасы бекіген, ірі табыстарға жеткен шағы 1950 жылдардан басталады. 1954 ж. қазақ тілінің тұңғыш ғылыми курсы- «Қазіргі қазақ тілі» (лексика, фонетика, грамматика салаларынан тұрады, авторлары: М. Балақаев, Н. Сауранбаев, І. Кеңесбаев, А. Ысқақов, Ғ. Мұсабаев). 1950 жылдан бергі кезеңде қазақ тілінің тарихын, қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеуге көп көңіл бөлінді. (Көлемді еңбек- С. Аманжоловтың 1959 ж. жарияланған «Вопросы диалектологии и истории казахского языка»). Бұл кезде қазақ тілінің тарихын түсіну үшін бұрыннан қалған ескерткіштерді зерттеуге көбірек мән берілді. Бұл жұмыс екі бағытта жүргізілді. Бірінші- қазақ тілінің тарихын көне түркі ескерткіштерімен байланыстыра, салыстыра зерттеу бағыты. Бұған С. Е. Маловтың 1951 ж. шыққан « Памятники древнетюркской письменности» деген еңбегі жетекші болды. Қазақ тіл білімінде Орхон-Енисей ескерткіштерінің тілін, көне түркі жазуын зерттеген еңбектер пайда болды. 7 ғасырдағы Орхон ескерткіштерінің тілі жайында Ғ. Айдаровтың, көне түркі жазбаларының шығу тарихы туралы А. Аманжоловтың, Қазақстан жеріндегі эпиграфикалық мұралар жайында Ғ. Мұсабаев пен А. Махмұтовтың, көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қосымшалар туралы А. Есенғұловтың т.б. еңбектері жарық көрді. Екінші бағыт- қазақ тілінің тарихын ортағасырлық жазба түркі ескерткіштерімен байланыстыра зерттеу. Олардың көпшілігі қазақ тіліне тікелей қатысы болмағанымен, тіліміздің тарихи лексикалогиясының, фонетикасын, грамматикасын жазуда тигізер пайдасы мол еді. Бұл ретте көне қыпшақ тілнің ескерткіші « Кодекс куманикустың» тілін зерттеген Ә. Нәжіп, А. Ибатов, М. Мәженова, Б. Сағындықовтың 16 ғ. Соңы мен 17 ғ. Басына тән Қ. Жалаирдің «Жәми ат-тауарих» шығармасының тілін зерттеген Р. Сыздықованың еңбектерін айтуға болады.