Сөз түрлендіруші жұрнақтар. Өздігінен туынды түбір жасай алмайтын, сөзге грамматикалық мағына үстейтін жұрнақтарды сөз түрлендіруші жұрнақтар дейміз. Мысалы: көк-шіл, кел-ген, бар-а-тын, көр-ер, мек-теп-тікі т. б. Сөз түрлендіруші жұрнақтар да белгілі сөз табына қатысты болады. Сөз түрлендіруші жұрнақтар грамматикалық категориялардың (көсемшенің, шырайдың т. б.) морфологиялық көрсеткіші болып та қолданылады, грамматикалық категорияға байланыссыз да болады. Мысалы: әке-тай, бала-пан, дөң-ес, ал-ың-қы-ра т. б. Сөз түрлендіруші жұрнақтар сөз мағынасын құбылтып, оған түрлі мән береді.
Сарылау, сарырақ, сарғыш, сарғылт, сарғылтым дегенде бір түбірге жалғанған түрлі жұрңақтың мағынасы негізінен бір болғанымен, олардың әрқайсысының өзінше стильдік ерекшелігі бар.
Сөз түрлендіруші жұрнақ өзге эмоциялық-экспрессивтік мән береді. Әкетай-ау дегенде жалыну, қалсамшы дегенде өкіну мағыналары сөз түрлендіруші -шы,-тай жұрнақтары арқылы беріліп тұр.
39-жаттығу. Тексті оқып шығып, ондағы эмоциялық-экспрессивтік мәнде айтылған сөздерді теріп жазыңыздар да, оның қандай мән беріп тұрғанын түсіндіріңіздер, жасалу жолын көрсетіңіздер.
– 1. Темір! А, Теміржан! Кел, балапаным. 2. – Жеңешетай-ай! – деп барып, Балқияны құшақтай алды. 3. – Ағатай-ай мынау не адам? – деді Таусоғар, үрейленген пішінмен (Ә. Э.). 4. Жоқ, Ақа, рақмет (X. Ес.). 5. Балқияшпысың! Ойпырмай жеттің бе? (Т. Ахт). 6. – Не дейсің бикеш? – деп, Хакім сөз таба алмай қалды. 7. – Абайлашы, айнам-ау! – деді әйел. 8. Ат болғанда, қандай аттар десейші! 9. Батырлығы мен қайраттылығы жалындап тұрған жоқ па, айтшы, нағашы? (X. Ес.). 10. Жоқ, апатай, кетпе! (М. Ә.)
Сөз тудырушы жұрнақтар Сөздің бастапқы мағынасын өзгертіп, жаңа лексикалық мағына жасайтын жұрнақтарды сөз тудырушы жұрнақ дейміз. Мысалы: ек — ег-іс, ег-ін , егін-ші; же — же-міс; жеміс- тi; ақыл—ақыл-ды, ақыл-ды-лық .
40-жаттығу. Тексті көшіріп, сөз тудырушы жұрнақтардың қай сөз табына тән екенін табыңыздар.
1. Тұйық, ауыр мінезді адамның аузынан ештеңе шықпаса да, өңіндегі өзгерістер ішіндегі қуанышын сездіріп тұр (Ғ. Мүст.). 2. Жүзінің шырағы жанып тұрған адамдар осынша көптің ішінен некен-саяқ көрінеді (А. Мак.). 3.Келісімге келе алмас кезеңдерге келгенде, Ушаков құрбандыққа мектепті де шалып жіберді (Ғ. М.). 4. Осы тыныштықты ыңқыл-сыңқылмен бұза берген соң, бір жағынан оңашалықтың да бір керегі болар деп, қарақшылар Жамалдың төсегін бұрынғыдан да алыстата түсіпті (Ғ. М.). 5. Тамырлықтың аяғы шын мағынасындағы достыққа айналып, олар бір-біріне егін мәселесінде ғана емес, тіршіліктің барлық жағдайында да жәрдемдеседі (С. М.).