Соматикалық портрет: Колхоз ұйымдасқалы бригадир, полевод болып екі аяғы салақтап үнемі ат үстінен түспей шапқылап жүретін ұзын тұра, қаз мойын Оспанды жұрт кеңірдек Оспан дейді. Кеңірдек десе кеңірдек. Мойнының рабайсыз ұзындығын былай қойғанда, қашан көрсең жұмыстағы адамдармен керісіп қызыл кеңірдек болып жатқаны(«Жапандағы жалғыз үй», 18 бет).
2. Мал жайлап келген соң Дика өзінің құтты орны –қазандық бөлменің қара көлеңке бұрышындағы темір құрсаулы тас диірменіне отырады. Табиғат қол диірменге лайықтап бергендей доғал біткен қамыт аяғын бауырына ып-ықшам жинап алады да, арпа мен бидайды диірменнің үңгісіне толтыра салып, жарма ғып түсіре береді. Анда-санда тамақ ішуге тұрғаны болмаса, бөлменің ішіне лық толған қою будың ішінде диірменнің әуенімен бірге ыңылдап әнге салып, қас қарайғанша ырғандайды да отырады(«Жапандағы жалғыз үй», 25 бет).
3. –Агафия Никаноровна, -деп буындары шұқырайған сүйріктей аппақ саусаған ұсынған, қырықтарға тақаған көрікті әйел, ұшы қайқиған әдемі кірпіктерін жиі қағып, көзін төңкеріп-төңкеріп тастаған. Егде әйел болғанымен әлі жып-жылтыр бетінде шар тартқан адамға тән әжім сызаты жоқ. Тек бөксе тұсы артық шодырайып, шымырлана толған мүсінінде ғана сәл мосқалдық сезілмесе, қыз күніндегі ойнақы қылығы да, келісті бәдені де таймаған(«Жапандағы жалғыз үй», 55 бет).
4. Әлден уақытта бөренеге қондырған вагонның биік баспалдағынан түсіп, 19-20-ға келген қыз осылай қарай беттеді. Жел өтінде теңселген шам жарығынан ба, әйтеуір, иірімге түскен қайықтай дөңгелей билеп келе жатқан тәрізді. Халел қасына келіп тоқтаған қызға ұрлана қарады. Өңі таныс: «Апыр-ау, қайдан көрдім? Аяғына жайпақ табан туфли киген, балтыры оқтаудай сымбатты қыздың қою ақ сары шашы толқынданып иығын жауып тұр. Айнала шеті ішке қарай шиыршықтала көмкерілген шаштың бір талы шашау шықпаған. Өңіріне ирек ақ жолақ салған, ашық жағалы қап-қара күртесінің қынама белі мықынға жабысып, уыздай қос анар сәл бұлтияды...»(«Жапандағы жалғыз үй», 79 бет).
Вестиалды портрет: Кебеже қарын қара биеге мінген төртбақ адам жай бүлкекпен жақындай берді. Қара санынан келетін саптама етік, сыртынан кеңірек қара барқытпен тыстаған түлкі тымақ киген адамның бетіндегі жалпақ қал анадайдан көрінеді(«Жапандағы жалғыз үй», 9 бет).
2. Жапырақ гүлді, көкшіл крепжоржет көйлегі мен басына тартқан ақ жібек орамал ақ маралдай көрікті әйелді одан сайын сұлуландыра түскен. Орамал астынан көрінген қою қалың шаштың бос өрген тоқпақтай бір бұрымы мойынға орала келіп, аққу төсті аймалап, толқынданып тұр(«Жапандағы жалғыз үй», 22 бет).
3. Үстіне киген қаракөл жағалы әлі міні құрымаған бір қаралық қара көк драп пальтосының етек-жеңіне шүңірек көзін бір жүгіртіп өтіп жымың етті. Қалың шапанының сыртынан тырсылдата зорлап киіп жатқанда пальтоның қолтығы айырылып, бырт-бырт сөгілген(«Жапандағы жалғыз үй», 24 бет).