Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді 1. Ағайынды алтау бола тұрып, бір-бірімен араз болса, өзара ұйымшылдығы жоқ болса, қолдағы барынан айырылады, ал саны аз болса да ұйымшыл, өзара тату туыстар істері алға басып, табысқа кенеледі, көздеген мақсаттарына жетеді. 2. Ауыс. Өзара ынтымағы, бірлігі татулығы жоқ халық, әлеуметтік топ қолдағы барынан айырылады, бар байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді демекші. Береке-бірлігі, татулығы күшті халықтың тілегі қабыл болып, күткен жақсылығы орындалады[«Халық даналығы», 190 бет].
«Көп түкірсе –көл» деген(«Жапандағы жалғыз үй», 205 бет).
Көп түкірсе –көл ауыс. Қауым болып бірлесіп, ұйымдасып істеген жұмыс нәтижелі, жемісті болмақшы. Көпшіліктің аты-көпшілік, тіпті әрқайсысы там-тұмдап үлес қосқанның өзінде-ақ үлкен істің үдесінен шығатыны айқын демекші[«Халық даналығы», 365 бет].
Жақсы лебіз –жарым ырыс(«Жапандағы жалғыз үй», 205 бет).
Жақсы сөз –жарым ырыс адамға не туралы болса да жақсы-жағымды сөз айтып, оң пікірін білдіріп, көңілін көтере сөйлеу –жартылай бақыт, зор қуаныш сыйлаумен барабар. Өйткені адам көңілі –сезімтал, әрі нәзік, ал сөз болса, адам жанына жарық сәуле беріп, жадырата түсетін құдіретті күш[«Халық даналығы», 306 бет].
Жақсы лебіз –жарым ырыс мақалындағы лебіз сөзі «сөйлеген сөз, үн» мағынасын білдіреді. Мұндағы лебіз «Жақсы сөз –жарым ырыс» мақалындағы сөз деген сөзбен орны ауысып тұрғанымен негізгі мағынасын сақтап тұр.
«Тұқыл ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылыпты» десіп, Қарабеттер мазақтап, табаласа керек(«Жапандағы жалғыз үй», 214 бет).
Тоқал ешкі құдайдан мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылыпты ауыс. Барға қанағат етпей, барынан айрылып, артық етемін деп жүріп, тыртық ететіндер, қолдан келмес іске ұмтылып, кейін опық жейтіндер жайында[«Халық даналығы», 499 бет].