51
Сұрақ. Өзiнiң негiзгi нысаны етiп адамды алғанда, әдебиет қандай
мақсат ұстанады? Әдебиеттiң нысаны мен мақсаты арасындағы байланыс
қалай iске асады?
Жауап. Тарихи даму барысында қалыптасып, жауһар туындыларда
көрiнiс тауып келе жатқан өзiнiң саналы мақсатын өнер мен әдебиет те
жүзеге асырады. Адамды, оның өмiрiн басты бейнелеу нысаны ете отырып,
ақиқат дүниедегi түрлi құбылыстар мен заттарды адамға қатысты көрсете
отырып, қаламгер адамтанушылық және адамгершiлiк мiндеттердi шешедi.
Әдебиеттiң тақырыптық нысанының өзiндiк ерекшелiгi оның алдындағы
мақсат ерекшелiгiмен де тығыз байланысты.
Сәл басқаша айтқанда, көркем
туындыдағы адам – әрi тақырыптық нысан, әрi мақсат.
Адам қай кезде де заттар әлемiнде өмiр сүрiп келедi. Бiздi қоршаған
сыртқы дүниенi суреттемейтiн ешқандай көркем туынды болуы мүмкiн емес.
Романда яки лирикалық өлеңде күрделi де терең толғаныстарды бейнелеген
кезде автор оқырманға қаһарманның кеңiстiктегi орны және ол орналасқан
“заттық” жағдай туралы айтпасқа еш мүмкiндiгi болмайды.
Қаламгер ойда жаңғыртып бейнелеген шынайы нәрселер әдеби
туындының көркемдiк әлемiн құрайды және көркемдiк кеңiстiкте орналасып,
көркемдiк уақытта өмiр сүредi де, көркемдiк заттар болып табылады. Бұл
заттар екiншi бiр өзiнше шындық өмiрдi құрайды. Көркемдiк зат бүге-
шiгесiне дейiн тәптiштей суреттелуi шарт емес. Үлкен суреткер бiр ғана
мәндi деталь арқылы тұтас затты таныта алады. Сондай-ақ, суреткерден
көркемдiк заттың шындықтан ауытқымауын талап ету де әбестiк. Ол
көркемдiк мақсатқа байланысты заттың шынайы өлшемiне, сәйкестiгiне
қиғаш келуi әбден мүмкiн. Тiптi нағыз реалистiк тұрғыдан суреттелген
көркемдiк заттың өзi шындықтағы
заттық прототиптiң көшiрмесi емес.
Өйткенi көркемдiк заттарды iрiктеуден
бастап-ақ қаламгер даралығы
танылады. Мұны бiз бiр-бiрiне ұқсас заттарды түрлi қаламгерлердiң
суреттеулерiн салыстырсақ, анық көремiз.
lрiктеу – заттық бейненi iске асырудың алғашқы сатысы ғана. Ал затты
жанды кейiпте бейнелеу барысында қаламгер түрлi тәсiлдер қолданады.
Мәселен, әдеттен тыс орыннан – аспаннан қарағандай суреттеуi мүмкiн.
Екiншi бiр тәсiл – белгiлi бiр көңiл-күй үстiндегi кейiпкер көзiмен бейнелеу.
Мәселен, кинода жылап отырған кейiпкердiң көзiмен қарағандағы зат тұман
арасынан бұлдырай көрiнгендей әсер қалдырады. Осы тәсiлге орай
әдебиеттанушы В.Б.Шкловский “остранение” терминiн енгiзген болатын.
Көркемдiк заттар
заттық символдарда тiптi күрделi мән иеленедi.
Символдық мән нақты заттан алшақ емес, алайда заттың нақ осы бейнесi
көркемдiк әлемнiң сан қилы идеялық-тақырыптық маңызын бойына ұялатқан
шексiз кеңiстiктi қамти алады. Сондай-ақ, зат тұтас қалпында бейнеленбеуi
де мүмкiн. Бұл орайда екi мүмкiндiк бар: 1) iрi, ауқымды детальдар арқылы
және 2) ұсақ бөлшектердi түгелдей жинақтау арқылы бейнелеу.
Заттардың проза мен поэзияда бейнеленуiнде де айырмашылық бар.
Мәселен, прозада затты бейнелеген сөздiң санада сақталып қалуы шарт емес,
52
сөздiң орнында сол сөздiк бейнелер арқылы жасалған көрiнiс қана қалады.
Ал өлеңде көркемдiк зат өзiн бейнелеген сөзбен ажырағысыз бiрлiкте, тек
сол сөз арқылы ғана өмiр кешедi. Мысалы, “Жас жүрек жайып саусағын…”,
яғни ”Алақан жайып жас жүрек” емес.
Сөз, сюжет, кейiпкер тәрiздi, көркемдiк зат та – автор мен оның
бейнелеген әлемiнен туындайтын әралуан күрделi шығармашылық
мүмкiндiктердiң тоғысар алаңы.
Сұрақ. Көркем туындыдағы адам –
әрi тақырыптық нысан, әрi мақсат
болып шығатынын аңдадық. Әдебиет адамтанушылық және адамгершiлiк
мiндеттердi шешедi дедiк. Аталмыш мiндеттер тек әдебиетке ғана тән
мiндеттер емес қой. Демек, бұл мiндеттерге байланысты да әдебиеттiң
өзiндiк белгiлерi болуы тиiс емес пе?
Жауап. Әрине, өнер мен әдебиеттiң басты мақсатына сәйкес, олар
шешуге тиiс мiндеттер де аз емес. Әдебиеттiң өзiндiк сипаттарынан өрбитiн
мiндеттердiң қатарында
танымдық және
тәрбиелеушiлiк мiндеттер де бар.
Көркем әдебиеттi оқу өмiрлiк тәжiрибе шеңберiн кеңейтiп, өз
заманымыз бен өткен дәуiрлердегi оқиғаларды ойда саралап, сезiм арқылы
бастан өткеруге мүмкiндiк бередi. Миллиондаған адам әлемдiк әдебиет
жауһарларында жасалған абзал идеалдардан жанға қуат дарытады, олардың
санасына ұлы мұраттар арқалаған әдеби қаһармандар өмiрдегi бар
адамдардай әсер етiп, елiктеу үлгiсiне, ақылшы досына айналады.
Әдебиет ақиқат болмысты шығармашылықпен жаңарта бейнелей
отырып, өмiр заңдылықтарын, құбылыстар мәнiн өзiнше түсiнiп,
бағамдаумен ғана шектелмейдi, сонымен бiрге оларға баға да бередi.
Қаламгер ой-толғаныстарының түйiнi оқырман алдында жадағай ақыл,
құрғақ қағида түрiнде емес, әдеби шығарма кейiпкерiнiң – адамдардың ой-
сезiмдерiн, iс-әрекеттерiн бейнелеу түрiнде көрiнедi. Шығарма идеясы
қаламгердiң iзгiлiк пен сұлулық, ар-намыс пен парыз, өмiрдiң мәнi мен
адамның орны жайындағы ой-тұжырымдарымен байланысты. Қаламгердiң
жан-дүниесiнде
әбден екшелiп, сарапталып барып, шығарманың өн бойына
дендей енедi.
Көркем бейнелермен көмкерiлген идея тәрбиелiк тұрғыдан орасан ықпал
етедi, көзiн жеткiзедi, қандай да бiр сезiмдi санаға сiңiредi. Жаратылыстың
заңдылықтары мен құбылыстардың мәнiн ашу арқылы әдебиет оқырманның
көзқарасын қалыптастырады, дүниетанымының негiзiн қалайды, идеал ой-
мұраттарды өмiрге енгiзудiң мақсаттары мен жолдарын нұсқайды. Әдебиет
ойды да, сезiмдi де тәрбиелейдi, мiнез-құлықты қалыптастырады, яғни адамға
тұтастай ықпал етедi.
Бiрiншi кезекте қоғамдық қарым-қатынастарға, адамның қоғамдағы
өмiрiне зейiн қоя отырып, әдебиет қоғам мүшесi ретiндегi адамға тән ойлар
мен сезiмдердi тәрбиелеуге, қоғам алдындағы парызын түсiнуге ықпал етедi.
Тәрбиелеушiлiк сипат әдебиеттегi елiктеуге лайықты жағымды
бейнелерге ғана тән нәрсе емес; келеңсiз құбылыстарды бейнелеу арқылы да
қаламгер оларды адамгершiлiк
тұрғыдан әшкерелеуге, бұл орайда айқын
53
позиция ұстануға үндейдi. Әдебиет өмiрлiк шындық заңдылықтарына
бейнелеудiң даусыз шындықтары нәтижесiнде көз жеткiзедi.
Бұл тұста назарда болуға тиiстi жәйттердiң бiрi – оқырманға
байланысты. Егер белгiлi бiр дәрежеде оқырманның өзi де суреткер болып,
қаламгер бейнелеген кейiпкерлердi өзiнiң қиял көзiмен жаңғыртып көру үшiн
қиялын жұмыс iстеуге мәжбүр етпесе, көркем шығармада жасалған көркем
әлемдi тереңдей түсiну мүмкiн болмайды. Оқырманды жазушының
шығармашылық әрiптесi ету арқылы әдебиет оның бойындағы көркемдiктi
тану қабiлетiн дамытады. Әдебиеттi оқу ойлау жүйесiнiң дамуына түрткi
болады, тiлдi байытып, жетiлдiре түседi. Әдебиет адамзаттың сан ғасырлық
мәдениетiн жинақтайды, бiлiмнiң аса маңызды қайнар көзi,
өзiн-өзi
тәрбиелеу құралы болып табылады. Әдебиет қоршаған дүниенi танып-бiлуге,
ой-сезiмдi, қажеттiлiктi, өмiрлiк жолды дұрыс таңдауға ықпал етедi. Басқа да
өнер түрлерiндегi сияқты, әдеби туынды құндылығының басты өлшемдерiнiң
қатарына оның
халықтығы мен
көркемдiгi де
қосылады.
Достарыңызбен бөлісу: