Досмағамбет:
Кезекпенен сөйлелік,
Сөзімді тосқын, Жамбылым.
Дабысты жүйрік, Жамбылым,
Алпысқа жасың келгенде,
Төгілген тасып дариядай,
Басылып қалған, Жамбылым.
Молдалығым айып па,
Үйреткен саған Құдайды.
Құран сөзін ұқпаған,
Сендей надан оңбайды.
45
Айтыс II том
Зекет алса молдалар,
Ұжмаққа жұртты жолдайды.
Молда өтірік айтпайды,
Оны Құдай қолдайды.
Елеуретіп сөйлейсің,
Алақтатып көзіңді.
Әзәзілден сабақ ап,
Бүлдіріпсің сөзіңді.
Құранға тіл тигізсең,
Күпір деймін өзіңді.
Мен де асқақтап сөйлейін,
Жалайырдың бегінен,
Белгілі ата тегінен.
Айтуға тура кеп отыр
Абақ-Тарақ шегінен –
Ноқта ағасы, қол басы.
Дулаттан бізге не пайда,
Құмырсқадай көбінен.
Теріп айтып келемін,
Меркіден – арғы еліңнен.
Әулие-Ата, Шымкенттен,
Бозадан басқа асы жоқ.
Жар-жатақтың астында,
Күнге күйіп түскендей,
Қыздарыңның шашы жоқ,
Бірін-бірі көптескен,
Бозақормен ептескен.
Жақыннан басқа қасы жоқ,
Меркіден бергі туғаның
Салған қыстақ, қаланы.
Үй басына бес тауық,
Кірсян боп қарады.
Қыстыгүні болғанда,
Таудан бұта алады,
Базарға әкеп салады.
Бес тиыннан ақша алса,
46
Қазақ өнерінің антологиясы
Жерден алтын тапқандай,
Қуанып, үйіне барады.
Енді айтайын, Жамбылым,
Меркіден бергі еліңді.
Өткенде айтып, менменсіп,
Көтересің көңіліңді.
Ол күндегі батырлар,
Бәрі жерге көмілді.
Елді, міне, бүлдіріп,
Жайлады жау жеріңді.
Айта бермей өткенді,
Шығармай құмар шеріңді.
Айтсайшы, Жамбыл, тағы да,
Абақтан енді ұл бар ма,
Құтқаратын еліңді?
Сенен қорқып қайтпаспын,
Қорқып, бұғып қалмаспын.
Егер, қырсық шалмаса,
Алдыма жүйрік салмаспын.
Шапқан жерін қиятын,
Күшін қолға жиятын,
Өткір қылыш – алмаспын,
Тарлан тартып қалыпсың,
Азуыңнан шалыпсың.
Буыныңды бекітіп,
Аяғыңды дәл басқын.
Құмар болса айтысу,
Жыққанымыз алуға,
Жұртқа олжа салуға,
Бәйгіге тігіп мал, басты.
Айтысам деген ойда жоқ,
Келе-ақ өзің жармастың.
Сендей-сендей көп ақын,
Көргенде мені өтінген.
Меркіден бергі туғаның,
Он-он үйің бірігіп,
Әрбір тауға бекінген.
47
Айтыс II том
Шекаралас болған соң,
Қырғыз тиген шетіңнен.
Сенің тиіп кесірің,
Көштерің басып жыл сайын,
Берекемді кетірген.
Сия салдым сауытқа,
Ақыным, Жамбыл, ауытпа.
Елің кедей болған соң,
Қызыңды саттың зайыпқа.
Ақыным, Жамбыл, талықпа,
Асығып өлең айтам деп,
Бір киеге жолықпа.
Мал таба алмай, қыз сатқан,
Менің жеген балығым,
Мұнан жаман болып па?
Асқан жүйрік емессің,
Бұл арадан біз көрген.
Менменсінген сендейді,
Біз де ақынбыз дүз көрген.
Үйіңнен жылан қуғандай,
Жаз кетсе, қаңғып күз көрген,
Байлығың сенің қайда бар,
Мал орнына қыз берген.
Бір жарамды жігітің
Дулаттағы Алпысбай,
Күнде арақ ішкені,
Төренің үйі түскені.
Жегені жасық қирадан,
Алдында тақтай үстелі.
Сен – Абақтың жүйрігі,
Мен – тұлпары Тарақтың,
Бәрекелді, Жамбылым,
Салты осы ма еліңнің?!
Қаскелеңнің жігіті,
Босатпас алдын қабақтың.
Арақ десе, жымыңдар,
Құлқыны құрып, қылмыңдар.
48
Қазақ өнерінің антологиясы
Ішпесе, басы ауырар,
Еліңнің басшы адамы,
Қалаға жақын қонысы.
Күнде салып салықты,
Зар қақтырып халықты,
Мойнынан түспес борышы.
Жеріңді сатып ұлыққа,
Тарылған жұрттың өрісі.
Оразалы дегенің,
Қарындасын өзі алып,
Естімеген жол салып.
Бір тентектің кесірінен,
Шулады Дулат қозғалып,
Көп ұзартып созбалық.
Бұл да жетер басыңа,
Әділдіктен озбалық.
Жамбыл:
Албырт жиен Жалайыр,
Еліңде бұзық жоқ болса.
Қожақан ішті неге арақ,
Әулие, сопы көп болса.
Көпке тиер кесірің,
Қожа мен молда бек болса,
Дәулетті ата тек болса,
Бойында арам кек болса.
Молда емес, ол – әзәзіл,
Сүйкімсіз, жұртқа жек болса.
Сол Қожақан болысың,
Меккеге барды қажы боп.
Боза, арақ ішкен соң,
Айтады несін қажы деп?
Пара тағы жейді екен,
Ел ішінде қазы боп.
Арамтамақ, ақ білек,
Қол астын жемей, қолдай ма?
Басшы әділ болмаса,
Жұртқа әділдік орнай ма?
|